No Result
View All Result
Орналасқан жері: Панфилов ауданы, Бірлік ауылдық округіне қарасты Шежін ауылының іргесіне орналасқан.
Зерттелуі: «Жетісу» өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің өлкетанушы-зерттеушілері зерделеу жұмысын жүргізуде.
Сипаттамасы: Шежін қорымы Жетісу Алатауының бөктеріндегі дөңестің үстіне орналасқан. Жер жағдайына қарағанда қорым тұрған жерден астырыттағы барлық елді мекен алақандағыдай көрінеді. Өлкетанушылардың пайымынша, осы маңдағы Жібек жолы екі желімен тартылған. Бірі жазды күні жазықтағы Жаркент қаласын басып өтетін жол, енді бірі қысты күні тау бөктерлей жүретін жол. Қорым осы тау бөктерлей жүретін жолдың сілемінде жатыр.
Қорымдағы мазарларға талдау жасай келе мөлшермен XVIII, XIX, XX ғасырлардағы жерлеу салты сақталған деген қорытынды шығаруға болады. Қазіргі таңда 10-нан астам күмбезді мазар орташа деңгейде сақталған. Ал жел, жауын-шашын, басқа да табиғат өзгерістеріне шыдас бермей құлап қалған мазарлардың да орны анық байқалады.
Бұл маңда ежелден қазақ өнерінің сабақтастығы мықты өркендеген. Өйткені, кесенелердегі сәулеттік белгілер соның дәлелі. Айта кетерлігі, қазақтың әйгілі кескіндемешісі, график-суретші, қазақ бейнелеу өнерінің негізін салушылардың бірі Әбілхан Қастеевтің осы өңірден шыққаны да тегін дүние емес. Өкінішке орай, әйгілі суретшінің 100 жылдығына орай Шежін қорымының шығыс жағынан Қастеевке арнап ескерткіш тұрғызылып, саябақ жасалғанмен бүгінде оны қорғау, сақтау, өркендету ісіне көңіл толмайды.
Аңыз-әңгіме: Шежін қорымы қазақ киноөнерінің тағы бір асыл мұрасы «Атаманның ақыры» атты фильмнің кейбір эпизоттары Шежін қорымында түсірілгенімен де маңызды. «Атаманның ақыры» — толық метражды, екі бөлімнен құралған көркем фильм. 1970 ж. Қазақфильм студиясы шығарған. Фильмнің негізгі тақырыбы – отаншылдық.
Фильмді қойған – кинорежиссер Шәкен аға Айманов. Операторы – Асхат Ашрапов. Ал композиторы – Еркеғали Рахмадиев. Ұмытпай тұрғанда айта кетейін, мұндай екі сериялы, кең панорамалы, түрлі-түсті кинотуындыда тағы бір режиссер болады. Ол жұмысты Қуат Әбусейітов атқарды. Сондай-ақ шығарманы қажет жерінде музыкамен сүйемелдеп отыруды дирижер Ғазиз Дугашев жетекшілік ететін Абай атындағы академиялық опера және балет театрының оркестрі мойнына алса, монтаж жасау Роза Жанғозинаға жүктелді. Киноны дыбыстауға Лина Додонованың қатысып, сурет-безендіру жұмыстарына Валентин Перелетов тартылды. 1972 жылы осы фильм үшін Михалков-Кончаловскийге, Тропининге және Асанәлі Әшімовке Қазақстан мемлекеттік сыйлығы берілді.
Сілтеме: 1. https://kaz.inform.kz/news/atamannyn-akyry-kalay-tusirildi-asanali-ashimov_a2947169/
⦁ https://kk.wikipedia.org/wiki/%D0%90%D1%82%D0%B0%D0%BC%D0%B0%D0%BD%D0%BD%D1%8B%D2%A3_%D0%B0%D2%9B%D1%8B%D1%80%D1%8B_(%D1%84%D0%B8%D0%BB%D1%8C%D0%BC)
Қаралым 71