Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Шалғай ауыл

Ауылын көріп, азаматын танисың

admin
2026/06/03
Шалғай ауыл
0
Ауылын көріп, азаматын танисың

Басши дегенде көз алдымызға ең алдымен Алтынемелдің асқақ табиғаты, Айғайқұмның ғажайып үні, Ақтау тауларының ақ шағыл кереметі, тарих пен табиғат тоғысқан киелі мекен келеді. Бірақ Басши тек туристер келіп кететін ауыл ғана емес. Бұл елдің жадына шежіресі, көнекөз қариялардың әңгімесі, еңбек адамдарының тағдыры, ауылды көркейтуге күш салған азаматтардың ісімен жазылған құтты қоныс.

Ауыл тарихы

Ауылдың тарихын таразылағанда, оның бүгінгі келбетін бір күнде қалыптасқан құбылыс деп қарауға болмайды. Басшидың әр кезеңінде елге қызмет еткен, шаруашылықтың іргесін бекіткен, ауылдың болашағына жол ашқан тұлғалар болды. Солардың еңбегі бүгінгі ұрпаққа аманат болып жетті. Ал бүгінгі Басши сол аманатты жалғап, жаңа заман талабына бейімделіп, туризмге, кәсіпкерлікке, әлеуметтік инфрақұрылымға, ұлттық құндылыққа қатар бет бұрып отырған ауылдардың бірі.

Басши ауылының ақсақалы Өкен Әбілмәжінұлының айтуынша, бұл өңірдің әр сайы мен асуының өз тарихы бар. Бүгінде жұрт Алтынемел деп атайтын асу кезінде Жаманның асуы аталған. Ел аузындағы дерек бойынша, Жаман найман елінің байы болған. Тезек төре осы өңірді билеп тұрған тұста Жаман осы жерді сұрап алып, қоныстанған деседі. Содан бері бұл маң ел ішінде Жаманның асуы деген атаумен белгілі болған.

Өкен ақсақал Басшидың орналасқан жерін ерекше ықыласпен сипаттайды. Айналасын тау қоршаған, жазық далаға орныққан ауылдың табиғаты да, тағдыры да бөлек. Алтынемел атауының өзі қалмақ тіліндегі “алтын ер” деген мағынамен байланыстырылып айтылады. Оның маңындағы Түлкілі асуы, Қойтас жайлауы, Шоқан бастауы, Мыңбұлақ, Найзатапқан арасаны, жартас суреттері мен қарағайлы алқаптар осы өңірдің тарихи және табиғи байлығын айғақтайды.

Ауыл тарихы туралы сөз қозғағанда, Өкен Әбілмәжінұлы әкесі туралы да тебірене еске алады. Әкесі Әбілмәжін ескіше хат таныған, діни сауаты бар, көкірегі ояу адам болған. Ол кісі 1916 жылы Қойтас жайлауындағы тасқа араб әрпімен “Құрманбай Ғабдімәжін Құрманбайұлы” деп қашап жазып қалдырған. Бұл бір әулеттің ғана белгісі емес, тұтас өңір тарихының куәсі іспетті. Соғыс жылдарында майданға аттанып, елге оралмаған талай азаматтың тағдыры Басши шежіресіне осылайша сіңіп кеткен.

Басши ауылының қалыптасуына Дәулет Шалдыбайұлы, Әсембек Әмірбаев, Шайполла Нұрғазин, Сайдолла Шарипов, Ғалым Тұрғанбаев сияқты азаматтардың қосқан үлесі зор. Әсіресе Ғалым Тұрғанбаевтың есімі ауыл тұрғындарының жадында ерекше сақталған. Ол Басши ауылын өркендетуге, Алтынемел ұлттық паркін құру ісіне мұрындық болған тұлғалардың бірі ретінде аталады. Кезінде ұлттық парк құру бастамасына күмәнмен қарағандар да болған. Сондай шақта Ғалым Тұрғанбаевтың “Бұл жердің қызығын ертең ұрпақтарың көреді” деген сөзі ел аузында қалып қойды. Уақыт сол сөздің ақиқатын дәлелдеді.

Бүгінде Басши атауы Алтынемелмен қатар аталады. Ұлттық парк аумағындағы туристік нысандар ауылдың дамуына жаңа мүмкіндік ашты. Бірақ мүмкіндік өздігінен игілікке айналмайды. Оны ұйымдастыратын, халықтың мүддесімен ұштастыратын, инфрақұрылыммен бекітетін, болашаққа бағыттайтын іскерлік керек. Осы тұрғыдан келгенде, бүгінгі ауыл әкімі Мұхит Несіпбайұлының өмір жолы мен қызметі Басшидың қазіргі даму бағытымен табиғи түрде сабақтасып жатыр.

Ауыл әкімінің еңбек жолы

 

Мұхит Несіпбайұлы асши ауылының тумасы, осы ауылдағы орта мектепте оқуын аяқтайды. Бір шаңырақта жеті бала тәрбиеленген отбасындағы кенже ұл ретінде оның мойнына ерте жастан жауапкершілік жүктелді. Алдындағы аға әпкелері жоғары оқу орындарын бітіріп, жан жаққа кеткен соң, қара шаңыраққа ие болу міндеті Мұхитқа бұйырды.

Орта мектепті бітірген жас жігіттің де өз арманы болды. Ол да қалаға барып білім алуды, жаңа орта көруді қалағаны анық. Алайда ата анасының аманаты оның өмір жолын ауылмен байланыстырды. Әке шешесінің сөзін жерге тастамаған ол ауылда қалып, еңбекке араласты. Алғашқы еңбек жолы қарапайым тракторшылықтан басталды. Сырт көзге қатардағы жұмыс болып көрінгенімен, бұл оның мінезін шыңдаған үлкен өмір мектебі еді.

Трактор тізгінінде жүрген жылдары ол жердің қадірін, судың құнын, егіннің жайын, техниканың тілін, ауыл адамының бейнетін терең түсінді. Ерте тұру, күннің ыстығы мен суығына қарамай еңбек ету, істі уақытында аяқтау, ортақ шаруаның жауапкершілігін сезіну оның бойындағы табандылықты қалыптастырды. Ауыл басқару ісінде бүгін көрініп жүрген шаруақорлық, есеппен жұмыс істеу, әр істің түбіне жетуге ұмтылу сол еңбек мектебінен бастау алады.

Жас Мұхиттың қалыптасуына білікті басшы Ғалым Тұрғанбаевтың да ықпалы аз болған жоқ. Тәжірибелі азаматтың жанында жүріп, ол тек жұмыс істеуді ғана емес, істі ұйымдастыруды, адамдармен тіл табысуды, шаруаның көзін табуды үйренді. Ауыл өмірін сырттай емес, ішінен көрген, қара жұмыстан өткен, үлкендерден тәлім алған адамның кейін ел ісіне келгенде мәселені қағаздан емес, өмірден танып тұратыны да сондықтан.

1983-1985 жылдары Германияда әскери борышын өтеп келген соң, Мұхит Несіпбайұлы Алматыдағы малдәрігерлік институтында мал шаруашылығын ұйымдастырушы мамандығы бойынша білім алды. Жоғары оқу орнынан алған білімі кейінгі шаруашылық жұмысына да, ел басқару ісіне де берік негіз болды. Ауылға оралған соң сол тұста ашылған “Даму” кооперативін басқарды. 1996 жылы ұжымшар тарағаннан кейін Алтынемел ұлттық паркінде еңбек етті. 1997 жылы Нұрым ауылында құрылған кооперативте орынбасар болып жұмыс істеді.

2001 жыл оның өміріндегі маңызды белестердің бірі болды. Сол жылы жеке шаруа қожалығын құрып, өз алдына еңбек етуге бел буды. Бұл кезде қолында бар болғаны 14 қой, 4-5 ешкі, 2-3 сиыр ғана бар еді. Көпшілік оның бұл қадамына күмәнмен қараған. Бірақ еңбекке сенген адамды күмән тоқтата алмайды. Ол күндіз түні тынбай жұмыс істеп, қолдағы азын көбейтті. Жылдар өте 14 қойды 1000 басқа жеткізді. Үш үйір жылқы, 100 бас ірі қара ұстаған іргелі шаруашылыққа айналдырды. Малдыбастау жерінен жайлау мен қыстау сатып алып, еңбегінің жемісін көрді.

Бұл табыстың артында жай ғана мал өсіру емес, нақты білім, тәжірибе, есеп, төзім және табандылық жатты. Ол мал азығын өзі дайындады. Ауыл шаруашылығы техникасы тапшы кезеңде жүгері мен арпаны қолмен орып, қолмен бастырған кездері де болды. Техника жиі бұзылатын қиын уақытта қажетті бөлшектерді тауып әкеліп, ауылдастарына тегін беріп, ауыл тіршілігінің тоқтап қалмауына септесті. Мұндай іс адамның шаруақорлығын ғана емес, елге деген жанашырлығын да танытады.

Іскер азамат үшін байлықтың өлшемі мал басымен ғана шектелген жоқ. Ол балаларын оқытып, ел қатарлы азамат етуге күш салды. 2020 жылы балалары өсіп, өз мамандықтары бойынша еңбек жолын бастаған соң, қолындағы малын сатып, оларға қаладан баспана әперді. Бұл әкенің отбасы алдындағы парызын терең түсінгенін көрсететін азаматтық іс еді.

Сол жылдан бастап ол ауылды дамыту ісіне де белсене араласа бастады. Ауыл әкімі Бақытәлі Әлібекұлының көмекшісі ретінде Басшидағы нақты шаруалардың қасында жүрді. Сол кезеңде ауылдағы екі су қоймасының жұмысы аяқталмай тұрған еді. Мұхит Несіпбайұлы жоғары мен төменге шапқылап, осы су қоймаларының бітуіне атсалысты. Құжат, ұйымдастыру, жауапты орындармен байланыс, мәселені қайта қайта көтеру сияқты көзге көп көріне бермейтін жұмыстың бәрі ауыл үшін қажет болатын.

2022 жылы аудандық мәслихаттың депутаты болып сайланды. Депутаттық қызметінде де ауыл мен өңір мүддесін алға қойды. Әсіресе Алтынемел асуының жолын жасатуға қосқан еңбегін жұрт жақсы біледі. Сонымен қатар Сарыөзек аумағында салынған қытайлық “Алецем” цемент зауытының экологиялық мәселелерін реттеу бағытында да белсенділік танытты. Бұл оның тек ауыл ішіндегі күнделікті шаруамен ғана шектелмей, өңірлік деңгейдегі өзекті мәселелерге де бейжай қарамайтынын көрсетеді.

Ауыл әкімі зейнетке шыққаннан кейін, 2023 жылы Басши тұрғындарының ұсынысымен сайлауға қатысып, 2024 жылы ауыл әкімі болып сайланды. Халықтың оған сенім артуы бекер емес. Ел адамды сөзіне қарап емес, ісіне қарап бағалайды. Ал Мұхит Несіпбайұлының өмір жолы еңбекпен, табандылықпен, нақты нәтижемен өрілген. Қолдағы 14 қойды мың басқа жеткізген адам ауылдың да мүмкіндігін дұрыс бағалап, әр істің есебін таба білетінін дәлелдеді.

Нақты атқарылған жұмыстар

 

Ауыл әкімі болып сайланғаннан кейін Мұхит Несіпбайұлы ең алдымен елдің тұрмыс сапасын жақсартуға, әлеуметтік инфрақұрылымды нығайтуға және тұрғындарға қажетті нысандарды көбейтуге баса назар аударды. Себебі ауылдың дамуы ең әуелі халықтың денсаулығынан, баспанасынан, жолынан, жарығынан, ауызсуынан, тазалығынан басталады. Басши секілді туристік әлеуеті зор ауыл үшін бұл мәселелердің маңызы тіпті бөлек.

Әрине, ауылда атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар бір адамның ғана еңбегімен жүзеге асады деу дұрыс емес. Мұндай игілікті істердің артында мемлекет саясаты, облыс пен аудан басшыларының қолдауы, тиісті мекемелердің үйлесімді жұмысы және ауыл әкімінің табанды ізденісі жатыр. Ауыл әкімі елдің мұқтажын жоғарыға жеткізіп, жобалардың маңызын дәлелдеп, құжаттық және ұйымдастыру жұмыстарын жүйелесе, облыс пен аудан басшылары сол бастамаларға қолдау білдіріп, нақты нәтиженің жүзеге асуына мүмкіндік жасап келеді.

2024 жылы Кербұлақ ауданы бойынша 17 амбулатория салу жоспары бекітілгенде, бастапқыда Басши ауылына бір ғана амбулатория қарастырылған еді. Алайда ауыл әкімі елді мекендегі тұрғындар санының артып келе жатқанын, сонымен бірге Басшиға келетін туристер легінің көбейгенін алға тартып, бұл мәселені жоғары деңгейде көтерді. Ауылдың нақты жағдайы облыс және аудан басшыларына жеткізілді. Нәтижесінде жауапты басшылардың қолдауымен ауылдық округте бір емес, үш амбулатория салынды.

Бұл ауыл үшін үлкен жетістік болды. Өйткені амбулатория жай ғана ғимарат емес. Ол халықтың денсаулығына деген қамқорлықтың, ауыл болашағына деген сенімнің көрінісі. Әсіресе туристік аймаққа айналып келе жатқан Басши үшін алғашқы медициналық қызметтің қолжетімді болуы өте маңызды. Тұрғындарға да, сырттан келетін қонақтарға да дер кезінде медициналық көмек көрсету ауылдың өркениетті дамуының бір белгісі.

Ауыл әкімінің іскерлігін айқын көрсететін тағы бір бағыт тұрғын үй құрылысы. Кейінгі жылдары Басши ауылында әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға арнап тұрғын үйлер салынып, ел игілігіне берілді. 2024 жылы 7 тұрғын үйдің салынуы, 2025 жылы тағы 23 үйдің пайдалануға тапсырылуы ауылдағы баспана мәселесін кезең кезеңімен шешуге бағытталған нақты қадам болды. Бұл тек үй салу емес, ауылда қалғысы келетін азаматтарға, жас отбасыларға, әлеуметтік қолдауға мұқтаж жандарға ертеңгі күнге сенім беру.

Мұндай әлеуметтік нысандардың бой көтеруі де облыс пен аудан деңгейіндегі қолдаудың нақты көрінісі. Ауыл әкімі тұрғындардың сұранысын жеткізіп, қажеттілікті дәлелдеп отырса, жоғары тұрған басшылық тарапынан тиісті шешімдер қабылданып, ауылдағы маңызды жобалар іске асып келеді. Сондықтан Басшидағы әрбір жаңа үй, әрбір жаңа әлеуметтік нысан елге жақын басқарудың, жергілікті бастаманы қолдай білудің нәтижесі деуге болады.

Басши ауылдық округінде 2446 тұрғын тұрады. Бұл аз ауыл емес. Оның үстіне туристік маңызы жылдан жылға артып келеді. Мұндай ауылда тұрғын үй, жол, жарық, су, медициналық қызмет, кәсіпкерлік, тазалық, қоғамдық тәртіп бір бірімен тығыз байланысты. Бір саладағы олқылық екінші саланың дамуына да әсер етеді. Сондықтан ауыл әкімінің жұмысы жеке жеке науқан ретінде емес, тұтас даму жүйесі ретінде көрініп отыр.

Соңғы жылдары ауылдық округке қарасты елді мекендерде де нақты жұмыстар атқарылды. Ақтөбе ауылының көшелеріне толықтай асфальт төселді. Бұл тұрғындардың күнделікті қатынасына ғана емес, ауылдың сыртқы келбетіне де оң әсер етті. Басши, Ақтөбе және Нұрым ауылдарының көшелерін жарықтандыру жұмыстары да қолға алынуда. Көше жарығы ауыл қауіпсіздігі үшін де, тұрғындардың жайлылығы үшін де, елді мекеннің мәдени келбеті үшін де қажет.

Ауызсу мәселесі де ауыл тіршілігінің негізгі өзегінің бірі. Басши өңірінде шаруашылықтың дамуы, мал мен егіннің жайы, тұрғындардың күнкөрісі суға тікелей байланысты. Осы тұрғыдан алғанда, ауыл аумағындағы екі су қоймасына жүргізілген күрделі жөндеу жұмыстары ел үшін аса маңызды іс болды. Бұл жұмыстың аяқталуына облыс және аудан басшыларының қолдауы ықпал етсе, ауыл әкімі осы мәселенің шешілуі үшін табандылық танытып, ұйымдастыру жұмыстарын қадағалап, елге қажетті істің аяқсыз қалмауына күш салды.

Бүгінде сол еңбектің нақты игілігін 80-ге тарта шаруашылық көріп отыр. Су қоймалары мал шаруашылығымен және егіншілікпен айналысатын азаматтардың жұмысын жүйелеуге, жерді тиімді пайдалануға, өнім көлемін арттыруға мүмкіндік береді. Демек, ауыл әкімінің бұл бағыттағы еңбегі қағаздағы есеппен емес, шаруаның күнделікті тіршілігімен өлшенеді.

Ауыл ақсақалы Өкен Әбілмәжінұлы да соңғы жылдары атқарылған жұмыстарға ризашылығын білдіреді. Оның айтуынша, Басшида ауызсу мәселесі шешілген, ауылішілік жолдар жөнделген, тазалық жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Әсіресе ауылдың аудан бойынша тазалық жағынан алдыңғы қатарда тұруы көпшіліктің ортақ жауапкершілігін көрсетеді. Бұл Басши үшін аса маңызды. Өйткені ауылға кейінгі жылдары отандық қана емес, шетелдік туристер де көптеп келе бастады.

– Басшиға келген қонақ ең алдымен ауылдың тазалығын, жолын, тұрғындардың ықыласын көреді. Сондықтан ауылдың көркі мен тәртібі бәрімізге ортақ іс. Әкімнің атқарып жатқан жұмысы көзге көрініп тұр. Туризм дамыған сайын осы салаға бет бұрған тұрғындар да көбейіп келеді. Қонақүй салып, келушілерге сапалы қызмет көрсетуге ниеттенген азаматтар бар. Мұның бәрі Басши ауылының болашағына жол ашатын жақсы бастамалар, – дейді ауыл ақсақалы.

Басши ауылындағы өзгерістерге қарап, бір нәрсені анық аңғаруға болады. Мұнда атқарылған әр іс ауыл әкімінің табандылығы мен облыс, аудан басшыларының қолдауы ұштасқанда ғана нәтижеге жетіп отыр. Ауылдың мәселесін білу бір бөлек, оны жоғарыға жеткізіп, шешім қабылдату бір бөлек. Мұхит Несіпбайұлының басқару тәсілінде осы екі бағыт қатар көрінеді. Ол елдің мұңын тыңдап қана қоймай, сол мәселені нақты жобаға айналдырып, тиісті орындарға дәлелдеп жеткізуге күш салып келеді.

Туризмнің төрі

Басши ауылының тағы бір ерекшелігі, мұнда туризм ауыл өмірінің маңызды бөлігіне айналып келеді. Бүгінде туристік бағытта нақты жұмыс істеп отырған 14 кәсіпкер бар. Сонымен қатар қонақүй, көлік жуу орны, асхана сияқты қызмет көрсету нысандарын салып жатқан тұрғындардың қатары көбейіп келеді. Бұл ауыл халқының жаңа заман талабына бейімделе бастағанын көрсетеді. Бұрын мал мен егінге сүйенген ауыл енді табиғат пен тарихты да табыс көзіне айналдыруға ұмтылуда.

Алайда туризмді дамыту тек туристердің келуімен шектелмейді. Келген қонақ ауылдың тазалығын көреді, жолын көреді, қызмет көрсету сапасын байқайды, адамдардың ықыласын сезінеді. Сондықтан Басши үшін тазалық, жарық, жол, медициналық қызмет, қоғамдық тәртіп, кәсіпкерлік нысандардың сапасы бәрі бірдей маңызды. Ауыл әкімі осы салалардың бір бірінен бөлек емес, тұтас жүйе екенін жақсы түсінеді.

Басшиға келген туристердің көбі әзірге Айғайқұм мен Ақтау тауларына барумен шектеліп жүр. Бұл бағыттар, әрине, Алтынемелдің ең танымал нысандары. Бірақ Басши маңында туристердің назарын аударатын өзге де тарихи, табиғи және өлкетану орындары жеткілікті. Шоқан Уәлиханов мемориалдық музейі, Шоқан бастауы, Мыңбұлақ, Найзатапқан арасаны, жартас суреттері, қарағайлы орман мен шалғынды алқаптар шетелдік қонақтар үшін де, отандық саяхатшылар үшін де ерекше қызықты орындар бола алады.

Осы тұрғыдан алғанда, ауыл әкімінің алдағы мақсаты Басшиды тек бір екі туристік бағытпен шектелетін ауыл ретінде қалдырмау. Туристік маршруттарды кеңейту, жаңа бағыттарды жүйелеу, ауыл тұрғындарын осы салаға тарту, сапалы қызмет көрсету мәдениетін қалыптастыру маңызды. Мұндай жұмыс өздігінен қалыптаспайды. Ол үшін инфрақұрылым, ақпараттық тақтайшалар, жолсілтемелер, жергілікті гидтер, қауіпсіздік шаралары, қызмет көрсету орындары, қонақ қабылдау мәдениеті қатар дамуы керек.

Басши үшін туризмнің тағы бір маңызды қыры бар. Ол ауыл тұрғындарына жаңа табыс көзін ашады. Қонақүй ашқан кәсіпкер, асхана салған отбасы, көлік қызметін көрсететін азамат, туристке жол көрсететін жергілікті гид, ұлттық тағам немесе қолөнер ұсынатын аналар кеңесі, бәрі де осы саланың айналасында біріге алады. Туризм дамыса, ауылда жұмыс көбейеді. Жұмыс көбейсе, жастардың туған жерде қалуына мүмкіндік туады.

Ауыл әкімінің туризмге қатысты көзқарасы да осы оймен сабақтас. Ол Басшиды табиғи көркімен ғана емес, қызмет көрсету сапасымен, ұлттық болмысымен, мәдениетімен, қонақжайлығымен танытуды қалайды. Бұл бағытта облыс пен аудан басшыларының қолдауы ерекше қажет. Себебі туристік ауылдың дамуы тек ауыл әкімінің бастамасымен шектелмейді. Жол, жарық, су, байланыс, қауіпсіздік, кәсіпкерлікті қолдау, маман даярлау сияқты мәселелер кешенді қолдауды қажет етеді.

Бүгінгі Басши осы үлкен жолдың басында тұр. Табиғаты бар, тарихы бар, туристердің қызығушылығы бар. Ендігі міндет сол мүмкіндікті жүйелеп, ел игілігіне айналдыру. Мұхит Несіпбайұлының ауылды дамытудағы басты бағыттарының бірі де осы. Ол туризмді сырттан келетін қонақтардың саны ретінде ғана емес, ауылдың әлеуметтік және экономикалық дамуына серпін беретін сала ретінде қарастырады.

Ұлттық паркпен селбестік

Басши мен Алтынемел ұлттық паркінің байланысы туралы бөлек айту керек. Бұл екі ұғым бүгінде бір бірімен ажырағысыз сабақтасып кеткен. Ұлттық парк аумағындағы туристік нысандар ауылдың тыныс тіршілігіне тікелей әсер етеді. Қазір ұлттық парктің техникалық мүмкіндігі де едәуір артқан. Кейінгі жылдары парк 54 жаңа техникамен қамтылды. Бұл табиғатты қорғау, жолдарды күтіп ұстау, туристік бағыттарды реттеу, өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қызмет сапасын жақсарту ісіне үлкен демеу.

Бүгінде ауылдың 169 тұрғыны Алтынемел ұлттық паркінде жұмыс істейді. Бұл бір ауыл үшін аз көрсеткіш емес. Демек, ұлттық парк жергілікті халыққа тұрақты жұмыс көзі болып отыр. Бір отбасының табысы, бір шаңырақтың берекесі, бір азаматтың ертеңге деген сенімі осы еңбекпен байланысты. Сондықтан ұлттық парк пен ауыл арасындағы байланыс тек мекемелік қарым қатынас емес, халықтың тұрмысымен тікелей сабақтасқан өмірлік байланыс.

Туристік нысандар ұлттық парк аумағында орналасқанымен, сырттан келген қонақтарға қызмет көрсетіп, табыс тауып отырғандар негізінен ауыл тұрғындары. Қонақүй ашып, асхана салып, көлік қызметін ұсынып, жол көрсетіп, туристерді қабылдап жүрген азаматтардың көбі осы Басши өңірінің адамдары. Бұл ауыл халқының табиғат байлығын сақтай отырып, оны кәсіп көзіне айналдыруға бет бұрғанын көрсетеді.

Осы тұрғыдан алғанда, ауыл әкімінің басты міндеттерінің бірі ұлттық паркпен өзара түсіністікті сақтап, ауыл тұрғындарының мүддесін туризмнің дамуымен ұштастыру. Табиғатты қорғау мен елдің тұрмысын жақсарту бір біріне қарсы ұғым емес. Керісінше, дұрыс ұйымдастырылған жағдайда екеуі қатар дамиды. Табиғат сақталса, туризм дамиды. Туризм дамыса, ауылда жұмыс көбейеді. Жұмыс көбейсе, халықтың тұрмысы жақсарады.

Кезінде Ғалым Тұрғанбаев Алтынемел ұлттық паркін құру ісіне кіріскенде бұл бастаманы түсінбей, қарсы пікір айтқандар да аз болмаған. Ол кезде көпшілік үшін табиғатты қорғау, тарихи және табиғи нысандарды сақтау, оны келер ұрпақтың игілігіне айналдыру оңай қабылдана қойған жоқ. Сондай сәттерде Ғалым ағаның «Бұл жердің қызығын ертең ұрпақтарың көреді» деген сөзі әлі күнге дейін ел жадында сақталып қалды.

Уақыт сол сөздің ақиқатын дәлелдеді. Бүгінде Алтынемел ұлттық паркі тек қорғалатын табиғи аумақ қана емес, өңірдің экономикалық және әлеуметтік дамуына серпін беріп отырған үлкен мүмкіндікке айналды. Кеше күмәнмен қараған жұрттың бүгінгі ұрпағы осы табиғаттың, осы тарихи мекеннің игілігін көріп отыр.

Басши ауылы үшін ұлттық парк табиғаттың сыйы ғана емес, елдің ертеңін айқындайтын үлкен мүмкіндік. Осы мүмкіндікті дұрыс пайдалану үшін ауыл әкімдігі, ұлттық парк басшылығы, аудан және облыс деңгейіндегі жауапты мекемелер бірлесе жұмыс атқаруы қажет. Табиғатты қорғау, туристік бағыттарды дамыту, ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларын қолдау, инфрақұрылымды жақсарту өзара үйлескенде ғана Басши толыққанды туристік орталыққа айналады.

Аналар кеңесінің алғысы

Ауыл өмірін жандандыруда қоғамдық ұйымдардың белсенділігі де маңызды. Басши ауылының дәл ортасында алыстан көз тартатын екі қазақ үй бар. Бір қарағанда ұлттық нақыштағы әдемі нысан сияқты көрінгенімен, оның артында ауыл әкімінің елдік іске қолдау білдірген нақты шешімі, аналар кеңесінің ынтасы және ауылдың қоғамдық өмірін жаңғыртуға бағытталған игі бастама жатыр.

Аналар кеңесі өкілдерінің айтуынша, ауыл әкімдігінің ауласындағы бос жерге кәсіпкерлік нысанын ашқысы келгендер аз болмаған. Бірақ ауыл әкімі бұл жердің ауылдың рухани келбетіне, қоғамдық өміріне қызмет ететін орын болғанын дұрыс көрді. Осылайша ауыл ортасынан екі қазақ үй тігіліп, аналар кеңесінің жұмыс жүргізуіне мүмкіндік жасалды.

Бүгінде бұл киіз үйлер сәндік нысан ғана емес, ауылдың ұлттық болмысын танытатын, туристерді қабылдайтын, елдің дәстүрін көрсететін, көпшілік бас қосатын берекелі орынға айналды. Мұнда келген қонақтар қазақы қонақжайлықты сезінеді, ауылдың тынысымен танысады, ұлттық ортаға енгендей әсер алады. Ең маңыздысы, бұл бастама табыс табу мақсатымен ғана шектелмейді. Қазақ үйлерге келген туристерден түскен қаржы мәдени шараларды ұйымдастыруға, ауылдағы жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетуге жұмсалады.

Өткен жылы аналар кеңесінің ұйытқы болуымен Ғалым Тұрғанбаевты еске алуға арналған үлкен мерекелік шара ұйымдастырылды. Ел есінде қалған азаматтың еңбегін ұлықтаған бұл жиын ауыл жұртшылығының ықыласына бөленді. Мұндай шаралар ауылдың рухани өмірін байытып қана қоймай, кейінгі ұрпаққа елге еңбек еткен тұлғаларды танытудың, үлкенге құрмет көрсетудің жақсы үлгісін қалыптастырады.

Әрине, аналар кеңесі басқа ауылдарда да бар. Бірақ ауыл әкімінің қолдауымен жер бөлініп, киіз үй тігіліп, аналарға нақты жұмыс істеуге мүмкіндік жасалған осындай игілікті істі Басши ауылынан көрудің өзі көңіл қуантады. Бұл ауылдағы қоғамдық ұйымдардың қағаз жүзінде ғана емес, нақты іске араласып отырғанын көрсетеді.

Мұндай бастаманың құндылығы сонда, ол бір мезетте бірнеше маңызды міндетті атқарып отыр. Біріншіден, ауылдың ортасына ұлттық сипат берді. Екіншіден, туристерге қызмет көрсетудің жаңа үлгісін қалыптастырды. Үшіншіден, аналар кеңесінің қоғамдық белсенділігін арттырды. Төртіншіден, түскен қаржы қайырымдылық пен мәдени шараларға жұмсалып, ауыл ішіндегі ынтымақты күшейтті.

Ауыл әкімінің іскерлігі кейде үлкен құрылыстардан, жол мен жарықтан, әлеуметтік нысандардан көрінсе, кейде осындай шағын бастамаларға дұрыс бағыт беруден байқалады. Себебі ауылды дамыту тек ғимарат салумен өлшенбейді. Ауылдың рухын көтеру, тұрғындардың белсенділігін арттыру, ұлттық құндылықты дәріптеу, қоғамдық ұйымдарға мүмкіндік беру де ел басқарудың маңызды қыры.

Басши ортасындағы екі қазақ үй осының айқын дәлелі. Бұл ауылдың көркін ашып тұрған ұлттық белгі ғана емес, әкімдік пен аналар кеңесінің бірлескен еңбегінен туған берекелі бастама. Бұл жерде елдік те, кәсіп те, қайырымдылық та, мәдениет те тоғысып тұр.

Болашақ жоспар

Әрине, ауыл басқару оңай жұмыс емес. Әсіресе Кербұлақ сияқты үлкен ауданда әр ауылдың өз мұқтажы бар. Ауданда 63 ауылдық елді мекен бар. Біріне амбулатория қажет, біріне мектеп керек, енді бірі тұрғын үй күтеді. Қай ауыл да көшесінің жарық болғанын, жолының жөнделгенін, ауызсуының толық шешілгенін қалайды. Мұндай жағдайда әр жобаның аудан мен облыс деңгейінде қолдау табуы оңай емес.

Осындай бәсекелі әрі күрделі жағдайда ауылдың мүддесін қорғау әкімнің іскерлігіне, табандылығына және дәлелді сөйлей білуіне байланысты. Қай мәселені бірінші көтеру керек, қандай жобаның ауыл болашағына әсері зор, қай істің әлеуметтік маңызы жоғары екенін нақты айта білу қажет. Мәселені айту бір бөлек, оны санмен, дерекпен, халықтың нақты қажеттілігімен дәлелдеу бір бөлек.

Басши ауылы әкімінің жұмыс тәсілі осы тұста айқын байқалады. Ол ауылдың бүгінгі жағдайын ғана емес, ертеңгі мүмкіндігін де қатар есепке алады. Тұрғындар санының өсуі, туристер легінің артуы, кәсіпкерлердің көбеюі, әлеуметтік нысандарға сұраныстың ұлғаюы сияқты факторларды алға тартып, ауылға қажетті жобаларды аудан және облыс басшылары алдында қорғап келеді. Бұл жай өтініш айту емес, ауылдың даму бағытын түсіндіру, оның болашағына сендіру.

Әкімнің іскерлігі осындай сәттерде көрінеді. Бір ауылға бөлінетін қаржы, салынатын нысан, жөнделетін жол немесе тартылатын жарық өздігінен келе салмайды. Оның артында құжат дайындау, мәселені пысықтау, жауапты орындармен сөйлесу, жобаның қажеттілігін дәлелдеу, кейде қайта қайта бару, табандылық таныту сияқты үлкен еңбек жатады. Ал осы еңбектің нәтижеге айналуына облыс пен аудан басшыларының қолдауы шешуші ықпал етеді. Басшида іске асқан жобалар осы өзара түсіністік пен ортақ жауапкершіліктің нақты көрінісі.

Ауыл әкімінің алдағы арманы да ауқымды. Ол Басши ауылын тек табиғаты көркем, туристер келіп кететін елді мекен ретінде ғана емес, халықаралық деңгейдегі қызмет көрсету мәдениеті қалыптасқан, туризмді кәсіби басқару тәсілін меңгерген ауыл ретінде көргісі келеді. Бұл үшін жаңа көзқарастағы, білімді, тіл білетін, туризм саласының заманауи талаптарын түсінетін жастарды ауылға тарту қажет екенін жақсы біледі.

Басши үшін бұл өте маңызды бағыт. Өйткені ауылдың айналасындағы табиғи және тарихи нысандардың әлеуеті зор. Алайда табиғаттың көркі өз алдына, оны дұрыс таныстыру, келген қонаққа сапалы қызмет көрсету, туристік бағыттарды жүйелеу, қауіпсіздік пен жайлылықты қамтамасыз ету, ауыл тұрғындарын осы салаға бейімдеу үлкен ұйымдастырушылықты талап етеді. Мұндай жұмысты бүгінгі заман талабына сай жүргізу үшін халықаралық тәжірибені білетін, менеджмент пен сервисті меңгерген жас мамандар керек.

Ауыл әкімінің ойынша, Басши болашақта Алтынемел ұлттық паркімен сабақтасқан, туристерге толыққанды қызмет көрсете алатын, жергілікті тұрғындарға тұрақты табыс әкелетін орталыққа айналуы тиіс. Бұл үшін қонақүй, тамақтану орны, көлік қызметі, гидтік бағыт, ұлттық қолөнер, мәдени шаралар, экологиялық тәрбие, ақпараттық қызмет сияқты салалар бір жүйеге түсуі қажет.

Бұл жоспар бір ғана ауыл әкімінің күш жігерімен шешілетін шаруа емес. Ол үшін аудан мен облыс тарапынан қолдау, тиісті бағдарламаларға енгізу, қаржы бөлу, маман тарту, инфрақұрылымды дамыту сияқты кешенді жұмыстар қажет. Осы тұрғыдан алғанда, Басши ауылының әкімі аудан және облыс басшылығы тарапынан түсіністік пен қолдау табатынына сенім білдіреді. Себебі Басши сияқты туристік әлеуеті жоғары ауылдың дамуы тек бір елді мекеннің ғана емес, тұтас өңірдің келешегіне әсер етеді.

Бүгінгі Басши үшін ең басты міндеттердің бірі табиғи байлықты сақтай отырып, оны халықтың игілігіне айналдыру. Ауылға сырттан тек туристер ғана емес, білімді жастар, білікті мамандар, жаңа кәсіп иелері келсе, ауылдың тынысы кеңейеді. Туризм дамыған жерде жұмыс орны көбейеді, қызмет көрсету сапасы артады, ауылдың табысы ұлғаяды, жастардың туған жерде тұрақтауына мүмкіндік туады.

Басши тек Айғайқұм мен Ақтау тауларына апаратын бағыт ретінде ғана қалмауы керек. Бұл ауылдың айналасында Шоқан Уәлиханов мемориалдық музейі, Шоқан бастауы, Мыңбұлақ, Найзатапқан арасаны, жартас суреттері, қарағайлы орман мен шалғынды алқаптар сияқты туристерге таныстыруға лайық орындар аз емес. Ендігі міндет осы тарихи, табиғи және өлкетану нысандарын жүйелеп, жаңа туристік маршруттар әзірлеу.

Ол үшін жаяу және атпен жүретін соқпақтар белгіленіп, жолсілтемелер мен ақпараттық тақтайшалар қойылып, жергілікті тұрғындар арасынан гидтер даярлануы қажет. Бұл бір жағынан келушілерге қолайлы жағдай жасаса, екінші жағынан ауыл тұрғындарына жаңа табыс көзіне жол ашады. Туризм тек табиғатты тамашалау емес, туған жердің тарихын таныту, елдің болмысын көрсету. Басши маңындағы әр бұлақ, әр сай, әр жартас пен әр тарихи атау осы міндетті атқара алатын құнды мұра.

Мұхит Несіпбайұлының өмір жолына қарасақ, оның бүгінгі қызметке кездейсоқ келмегенін аңғарамыз. Ол ауылды сырттай білетін басшы емес, осы топырақта туған, осы ауылдың қара жұмысын көрген, трактор тізгіндеген, мал өсірген, шаруашылық жүргізген, қиындықта шыңдалған азамат. Сондықтан оның ауыл мәселесіне көзқарасы да өмірлік тәжірибемен астасып жатыр. Жердің қадірін білетін адам су қоймасының маңызын түсінеді. Еңбектің салмағын білетін адам шаруаның мұңын сезінеді. Өз қолымен кәсіп жасаған адам ауыл кәсіпкерінің талабын түсінеді. Туризмнің мүмкіндігін көрген адам инфрақұрылымның қажеттігін ерте аңғарады.

Ауыл ақсақалының ризалығы, аналар кеңесінің алғысы, кәсіпкерлердің белсенділігі, тұрғын үйлердің салынуы, амбулаториялардың бой көтеруі, су қоймаларының жөнделуі, жол мен жарықтың жүйеленуі, ұлттық паркпен байланыс, туризмге бет бұру, жас мамандарды тарту арманы мұның бәрі бір адамның қызметін ғана емес, тұтас ауылдың қозғалысын көрсетеді.

Басши бүгін табиғаты көркем, тарихы терең, туристік болашағы зор ауыл ретінде жаңа кезеңге қадам басып келеді. Ал мұндай ауылды өркендету үшін елге жаны ашитын, шаруаның көзін білетін, халықпен етене жұмыс істей алатын басшы қажет. Мұхит Несіпбайұлының соңғы жылдардағы еңбегі осы талапқа сай келетінін көрсетіп отыр. Ол үшін ауылды дамыту есеп беру үшін жасалатын науқан емес, туған жер алдындағы азаматтық парыз.

Қажет Андас,

«Q–Andas» ақпарат агенттігі.

Басши ауылы,

Кербұлақ ауданы

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 21
Мұқаншының Мұхиты
Шалғай ауыл

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026
Мұқаншының Мұхиты
Шалғай ауыл

Мұқаншының Мұхиты

April 16, 2026
Жұмыс жүйелі, даму бар
Шалғай ауыл

Жұмыс жүйелі, даму бар

February 24, 2026
Ерікті көші-қон: Болашаққа жасалған нық қадам
Шалғай ауыл

Ерікті көші-қон: Болашаққа жасалған нық қадам

January 13, 2026
Жем-шөп жеткілікті ме?
Шалғай ауыл

Жем-шөп жеткілікті ме?

October 20, 2025
ИНТЕРНЕТІ ЖОҚ АУЫЛ
Шалғай ауыл

ИНТЕРНЕТІ ЖОҚ АУЫЛ

July 28, 2025
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Төккен тердің қадірі

Төккен тердің қадірі

June 11, 2026

Зобалаң жылдардың зорлығы

Зобалаң жылдардың зорлығы

June 10, 2026

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

June 10, 2026

Ауылын көріп, азаматын танисың

Ауылын көріп, азаматын танисың

June 3, 2026

Ұстаз ананың хаты

Ұстаз ананың хаты

June 3, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz