1962 жылы Жаркент қаласында дүниеге келген оның балалық шағы еңбек пен тәртіпті, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті қатар ұстанған ортада өтті. Әкесі Сманияр Мырзалиев мал дәрігері ретінде еңбек етсе, анасы Айсұлу Нұрқасымқызы ауылда дүкенші болды. Әкесінің қасында жүріп, малға жақын өскені кейінгі өмірінде көп көмегін тигізді. Малдың бабын тану, ауылдың күнделікті тіршілігіне бейімделу, еңбекке ерте араласу болашақ шаруа адамының бойындағы алғашқы дағдыны қалыптастырды.
– Бала күнім Жаркент өңірінде өтті. Еңбекке жақын болып өстім. Әкем мал дәрігері болғандықтан, малдың жайын бала кезден көріп өстік. Кейін шаруашылыққа келгенде сол көргенімнің пайдасы тиді, – дейді кейіпкеріміз.
Мектеп қабырғасында жүрген кезінен алғырлығымен, қоғамдық жұмысқа белсенділігімен танылған Шолпан Сманиярқызы Айдарлы орта мектебінде білім алып, кейін Панфилов педагогикалық колледжіне оқуға түсті. Бұл жылдар оның тұлға ретінде қалыптасуына үлкен әсер етті. Білімге құштар, тәртіпке берік, ұйымдастырушылық қабілеті бар жас маман еңбек жолын ұстаздық саладан бастады.
Алғашқыда Айдарлы орта мектебінде пионер жетекшісі болып жұмыс істеп, балалармен тіл табысудың, оларды ұйымдастырудың, тәрбиелік жұмыстарға жұмылдырудың қыр-сырын меңгерген жас маман кейін Шоқан ауылындағы «Бөбек» балабақшасында әдіскер-тәрбиеші болып қызмет атқарды. 1993–1999 жылдары Шоқан орта мектебінде бастауыш сынып мұғалімі болды.
Өмірінің келесі үлкен белесі отбасымен байланысты өрбіді. 1980 жылы Қожабек Толыбаевпен шаңырақ көтерді. Жұбайы ұжымшарда экономист болып еңбек еткен, есепке жүйрік, шаруашылықтың ішкі тәртібін жақсы білетін азамат еді. Кейін «Нұрқадам» шаруа қожалығының негізін қалаған Қожабек Толыбаев елде жаңа экономикалық өзгерістер басталып, жеке шаруа қожалықтарын құруға мүмкіндік туған кезде үлкен тәуекелге бел буды. 1991 жылдың қаңтар айынан бастап іске кіріскен қожалықтың атауы да отбасылық мәліметке толы. «Нұрқадам» атауы балалары Нұрлан, Қуаныш, Дәулетбек, Мұраттың есімдерінен құралған.
Алғашқы жылдар оңай болған жоқ. Жаңа бастамаға қаражат керек. Банктен қарыз алып, база жасақтады, техника алды, ұсақ мал сатып алды. Қолда бар мүмкіндік шектеулі, тәжірибе аз, бірақ жауапкершілік зор еді. Әсіресе алғашқы жылы мал қоздату кезінде қатты қиналды. Балалар жас, шаруашылықтың күнделікті ауыртпалығы мол, мал бағудың машығы толық қалыптаспаған шақ. Бірақ еңбекке бейім жан қарап отырмады. Қандай жұмыс болса да басында жүрді.
Нарықтың құбылмалы кезеңі шаруа адамын үнемі сынаққа салып отырады. 1993 жылы малдың құны төмендеп, бір қой 2,5-3 мың теңгеге ғана бағаланды. Мұндай жағдайда бұрынғы бағыт тиімсіз еді. Сондықтан қой санын азайтып, ірі қара өсіруге көшу туралы шешім қабылданды. Ірі қараның шығыны аз, бағуға ыңғайлы екені тәжірибе жүзінде байқалды. Бұл уақыт талабына сай жасалған дұрыс қадам еді.
Шаруашылықты дамыту жолында отбасылық қолдау үлкен рөл атқарды. Енесі Шакиза Әшимова жаңа бастамаға ақ батасын беріп, рухани демеу болды. Отбасы мүшелері де ортақ іске жұмылды. Әркім қолынан келгенше еңбек етті. Қожалық осылайша біртіндеп аяққа тұра бастады.
1999 жылы жұбайы аудандық мәслихатқа депутат болып сайланғаннан кейін, шаруашылықтың негізгі салмағы кейіпкеріміздің иығына түсті. Бұған дейін мектепте мұғалім, балабақшада тәрбиеші болған жан үшін бұл үлкен өзгеріс еді. Бірақ өмірдің өзі оны жаңа міндетке жетеледі. Қорқыныш та, алаңдаушылық та болды. Алайда жауапкершілік бәрінен жоғары тұрды.
– Басында алаңдаушылық болды. Бұрын балабақшада, мектепте жұмыс істедім. Ал шаруашылық деген басқа дүние. Бірақ басқа түссе, істейді екенсің. Үйренесің, ізденесің, ақыры жолын табасың, – дейді ол.
2000 жылдан бастап қожалық жұмысы толық оның қолына өтті. 2002 жылы ұлы Дәулетбектің ұсынысымен банктен 10 млн. теңге несие алып, оған ірі қара мал сатып алды. Бұл шаруашылықтың өрісін кеңейткен маңызды қадам болды. Ірі қара санының артуы қожалықтың тұрақтылығын күшейтті.
Кейіпкеріміз шаруаны тек басқарушы ретінде жүргізген жоқ. Қажет кезде барлық жұмыстың басында өзі жүрді.
– Трактор айдадым, жер жырттым, жүк көлігімен шөп тасыдым, комбайнмен астық ордым. Келе-келе техниканы жөндеуді де үйрендім. Бәрін де меңгеруге болады екен. Ең бастысы қорықпау, – дейді іскер жан.
Осы сөздің астарында үлкен өмірлік тәжірибе жатыр. Адам еңбектен қашпаса, үйренуден жалықпаса, кез келген істің жолын табады. Қожалық төрайымының өмірі соның дәлелі. Бүгінде шаруашылықта жер жыртуға, тұқым себуге, шөп шабуға, дәрі шашуға қажетті техника толық бар. Жаңа техникалар лизинг арқылы алынуда. Бұрын өзі атқарған істің көбін қазір ұлы Дәулетбек жүргізіп отыр.
Шаруашылықтың қазіргі тынысы да ауқымды. Осы кезеңде 130 гектарға арпа себілген. Бұған дейін 200 гектарға күздік дақыл егілген. Мал шаруашылығы мен егін ісі бір-бірімен тығыз байланысты. Тұяқты малға жемшөп керек, егінге техника керек, техникаға күтім керек. Мұның бәрі уақытында атқарылмаса, шаруаға салмақ түседі. Сондықтан бұл салада ұқыптылық пен алдын ала қамдану аса маңызды. Кейіпкеріміз осының бәрін жылдар бойы тәжірибемен меңгерді.
Шолпан Толыбаева бір ғана мал мен егінге байланып қалған жоқ. Ел ішінде тапшылық болған жылдары ауыл адамдарының қажетін өтеуге де атсалысты. Бір кездері сауын сиыр ұстап, сүтін сатты. Диірмен әкеліп, ұн тартты. Ауылда азық-түлік пен сабын тапшы болған кезде Талдықорған мен Жаркентке қатынап, қажетті заттарды жеткізді. Сауда-саттықпен де айналысты. Бұл оның елге жанашыр, істің көзін таба білетін іскер жан екенін көрсетеді.
Бүгінде төрт перзент тәрбиелеп, өсірген ардақты ананың балалары жоғары білім алып, әр салада еңбек етіп жүр. Ұлы Дәулетбек қазір шаруашылық жұмысына белсене араласып, ата-анасының еңбегін жалғастыруда.
– Балаларымыздың еңбекке жақын болғанын қалаймыз. Өйткені еңбектің қадірін білген адам өмірде адаспайды. Біз көрген қиындықты олар көрмесін, бірақ еңбекпен келген нанның дәмін білсе дейміз, – дейді ардақты ана.
Оның бойындағы басты қасиет – мойымау. Қиындық көрсе де, тоқтап қалған жоқ. Нарық өзгерсе, бағыт өзгертті. Қаражат керек болса, тәуекелге барды. Техника керек болса, үйренді. Ауыр жұмыстың бел ортасында жүрді. Осындай табандылық қана адамды еңбек адамы деңгейіне көтереді.
– Еңбек етсең, берекесі болады. Бәрі бір күнде келмейді. Шыдасаң, үйренсең, істің көзін тапсаң, шаруа жүреді, – дейді ол.
Расында, «Нұрқадам» шаруа қожалығы бір күнде қалыптасқан жоқ. Оның әр кезеңінде маңдай тер, тәуекел, қиындық, ізденіс, отбасылық бірлік жатыр.
Шоқан Уәлиханов ауылы,
Кербұлақ ауданы
Суреттерді түсірген Жұмабай МҰСАБЕКОВ











