Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Тұлғатану

«Апа, сен болмасаң»

СҰЛТАНҒАЗЫ Санжар Кәкімұлы – Жетісу облысы, Алакөл ауданы, Бұлақты ауылында дүниеге келген. Жетісу облыстық «Jetisý» газеті веб-сайтының журналисі. «Апа, сен болмасаң...» атты жыр жинағының авторы. ҚЖО «Жазушылардың Әдеби шеберлік мектебінің» түлегі. Республикалық ақындар мүшәйрасының жүлдегері.

admin
2026/05/12
Тұлғатану
0
«Апа, сен болмасаң»

Қазақ поэзиясында тағдыры мен қазақилығын қатар арқалаған жырлар сирек туады. Жас ақын Санжар Сұлтанғазының «Апа, сен болмасаң» атты жыр жинағы – сондай әредік дүниенің бірі. Бұл кітапты парақтаған сәттен-ақ оқырман жүрекке салмақ түсіретін мұң мен сағыныштың, ауыл мен адам болмысының, ұлттың ішкі жарасының әлеміне енеді.

Жинақтағы өлеңдер бүгінгі уақыттың туындысы болғанымен, олардың тынысынан өткен ғасырдағы қазақ поэзиясының асыл арнасын аңғарамыз. Кешегі Төлеген Айбергеновтің адуынды рухы, Мұқағали Мақатаевтың мұңды лирикасы, Тұманбай Молдағалиевтің нәзік иірімі, Жарасқан Әбдіраштың ойлы өрнегі, Кеңшілік Мырзабектің шерлі үні мен Есенғали Раушановтың саф болмысының ұлы көші жас ақынның жырларынан жаңғырып тұрғандай әсер қалдырады.

Ақынның «Апа, сен болмасаң», «Ағатай ауыл жақта не жаңалық?!», «Көке ауылға қайтайық», «Шалдың баласы» тәрізді өлеңдері ұлттық поэзиядағы қазақы мінезді жаңа қалыппен сөйлеткен туындылар санатына жатады. Ауыл тіршілігі, ағайын арасындағы сағыныш, қарапайым адамның жан әлемі пафоссыз, табиғи бояумен өрілген. Әсіресе туған топыраққа деген аңсар мен анаға деген сағыныш әр шумақтан аңғарылады.

Қаламгердің лирикалық топтамалардың ішінде «Ақерке» жырлары шоқтығы биік шығарма. Бұл өлеңдердегі сезім тазалығы мен ішкі драматизм оқырманға Жұматай Жақыпбаевтың «Ләйласын» еске түсіреді. Мұнда махаббат құр сезім күйінде қалмайды, ақынның тағдырымен, жан күйзелісімен астасып жатады.

Санжар Сұлтанғазы поэзиясының тағы бір ерекшелігі – тіл өрнегіндегі үйлесім. Ақын қарапайым тақырыптың өзін дыбыстық үндестікпен, ішкі ырғақпен құбылтып жеткізеді. Тіпті «Наурыз» секілді шағын өлеңдерінің өзінде әр сөз өз орнын дәл тауып, ұйқас табиғи қалыпта өріледі. Бұл – өлең техникасын жетік меңгергені болар.

Небәрі сексен бетке жуық жинақтың салмағы әлдеқайда ауыр. Себебі мұнда бір адамның ғана мұңы жоқ. Бұл – бүтін бір буынның сағынышы, ауылдан алыстаған ұрпақтың өкініші, әке мен анаға деген іңкәрлік, уақыт алдындағы жалғыздық. Кітапты оқып шыққанда жеке-жеке өлең емес, тұтас бір поэманы өткендей күй кешесің.

Сайтымыз жас ақынның алдағы алар асуы биік, қаламы қарымды болсын деген ізгі ниетпен оның бір топ өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрді.

АҒАТАЙ, АУЫЛ ЖАҚТА НЕ ЖАҢАЛЫҚ?!

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
Әлі ауылды көресің, көркейтеді
деген мендік көңілде боз ала үміт.

Ауылда қалған қайда,
Жеңгем де өзі қаланы армандайды, ә?
Әжеммен шәйдеспеген әжелер мен,
Атаммен дәмдес болған шалдар қайда?

Қала мұнаралы,
Көгіндегі көк туы – тұман әні.
Көк түтіннен қашқанда, қоңыр жолдан,
Көк күшігім қарсы алып шыға ма әлі?

Ұнайтын ауылымның кеші маған;
Еркелеткен жалғызын есіл анам.
Егін салып ентіккен еңкіш шал мен
Еміренген кемпірді есіме алам.

Жел сыбызғы ойнаған қалқадан кеп
Сарғайтып, күні де өткен арқадан көп.
Сағат санап, сан қойды санап жүр ме,
Саптамамен сары ұлдар сар табан боп.

– Ағатай, ауыл жақта не жаңалық?
– Бәрі тозған, әлі де тозары анық.
…Сүйкімсіз Сұлтан қаптап сан ауылға,
Ойнамайды төсінде Қожа нағып..

КӨКЕ

Көке, ауылға қайтайық биыл енді,
Биыл ауыл қарттарын жиі көмді.
Сиыр өлді, қара атың қалып қырда,
Ескі қосың өзгенің үйі болды.

Ол да кетіп, тағы да алмасады ел,
Тіршілік қой, қайтеді, жалғасады ол.
Сары уайымға салынбас едім ғой мен,
Сағыныштан өзгесі қалмаса егер.

Сағыныштан өзгесі бос ой демек.
Бала шақ та айтпады есейме деп.
Қарғыс сынды қаладан қажығанда,
Қарғам-ау деп қоятын шешей де жоқ.

Қаймақ қандай тәтті еді, қаспақ неткен.
Құрбы ұялып сүйдірмей қашпақ беттен.
Ойдым жолға түсіп ап орағытқан,
О, неғылған жүрек бұл тас боп кеткен?

Тас боп кеткен жүректі ая, құдай,
Қайда барсам жанға мұң таяды ұдай.
Итсің десем өкпелеп қаласың, рас,
Мен өкпелеп көрмеп ме ем, әй, өмір-ай.

АҚЕРКЕМ

Биік болсам, өзіңмен биікпін мен, Ақеркем,
Сүйе алмастай сені ешкім – сүйіппін мен, Ақеркем…

Бұрымыңмен өзіңе баурап алдың, Ақеркем,
Қылығыңмен өзіңе жаулап алдың, Ақеркем.

Сені маған Тәңірім жолықтырды, Ақеркем,
Бәрі әйтпесе, жарығым жалықтырды, Ақеркем,

Тәубе деуді тегінде айта бердім, Ақеркем,
Сені сүйіп өмірге қайта келдім, Ақеркем.

Өзің жоқта сезімге тапшы болдым, Ақеркем.
Сен арқылы өзімді жақсы көрдім, Ақеркем.

Сені сүю бағыма кіріп кетті, Ақеркем,
Сені сүю қаныма сіңіп кетті, Ақеркем…

АПА

Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім…
Сен о баста қайсар, қатал, өткір ең,
Өмірге өткен өкпең менен өкінішің көп білем.
Одан қалды сағынышың сарысудай тұр әні,
Ал жүрегің қаншама рет қайғы жұтып, жылады.
Тіршілікте тірі күнің – тауып жүрген табысым…
Қарсы алады қай кезде де бауырсағың, бәлішің.
Одан қалды жан-жағыңа көзіңді ылғи алартып,
Отырасың үнемі сен оймағыңды жоғалтып.
Сиыр сауып, сүт пісіріп, құрт та жайып оңаша.
Көз жасыңды көрсетпейсің біреу саған қараса.
Ақ жүрексің, ақкөңілсің, ақпейілсің соншама,
Көрші кемпір көйлегіңді тойға киіп барса да…
Құйған, Апа, шәйің неге сондай тәтті десем мен,
Ұсынады екенсің ғой бар мейірім-кесеңмен.
Қартаймауың керек, Апа,
Сен үшін –
Құдайменен жасап келем келісім…

НАН

Шарбағына көршінің артылам кеп,
Ал жеңгей нан бере ме?
Ол күмән боп.
…Бүтін нанға жарымай қойдық па, ана,
Кешке дейін қарызға жарты нан жеп.

Айтамын күз деп соны,
Сол күздің жібімейтін мұз боп шері
«Жарты нанды қайтар» деп жеңгей сосын,
Кеш кірместен келетін іздеп сені.

Қайғырсаң жоқты қайғыр,
Тоңазымай таңдар да атты қайбір.
Орнына енді ойсырап олқы түскен,
Осындайда көкемнің жоқтығы-ай бір.

…Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Қуанғаннан айтылсын күнде «алақай»
Бір нан артық аламын бүгіндер мен,
Сұрап қалса берем деп бір балақай.

Шешем солай өмірге өкпеледі…
Жағдайын бар демеді ол, жоқ демеді.
Нан іздетпей анаңа, менен сұра,
…Менің анам нан іздеп кеткен еді,

содан соң оралған жоқ.

АНАШЫМ

Ең соңғы рет құлап, тұрдың, Анашым,
Мен сорлы боп жылап тұрдым, Анашым.
Нұр-өңің де тұнық кетті, Анашым,
Жүрегің де суып кетті, Анашым.

Ақылым да жоқ өзіңдей, Анашым,
Жақыным да жоқ өзіңдей, Анашым.
Шерлі күнге ентелеймін, Анашым,
Енді кімге еркелеймін, Анашым.

Аң-таң болып қалып едім, Анашым,
Жаутаң қағып қалып едім, Анашым.
Қадірі не бұл баланың, Анашым,
Қабіріңе гүл қададым, Анашым.

Жер көктеді, ұғынбадым, Анашым,
Сен кеткелі жылынбадым, Анашым,
Не өткен боп қала алмадың, Анашым,
Не көктем боп оралмадың, Анашым…

АПА, СЕН БОЛМАСАҢ…

Апа, сен болмасаң:

Бар уайымды басқа салар едім ғой,
Маңдайымды тасқа соғар едім ғой.

Ажарым да сартап болар еді ғой,
Базарым да тарқап қалар еді ғой,

Жолдарым да бірге болмас еді ғой,
Қорғаным да мүлде қалмас еді ғой.

Сұлулықты көрмей кетер едім ғой,
Жылулықты бермей кетер едің ғой.

Айбыным да шөгіп құлар еді ғой,
Қайғы-мұң да төніп тұрар еді ғой.

Күлемін бе? Күлу болмас еді ғой!
Жүрегімде жылу қалмас еді ғой.

Болашағым бөлектейтін еді ғой.
Бала-шағым ол өтпейтін еді ғой…

Жетімдердің күйін кешер едім ғой,
Жетімдердің үйінде өсер едім ғой…

ЖАСАНДЫ

Жасанды бәрі,
Жасанды бәрі, жасанды,
Жүремін бұлай, күлемін бұлай қашанғы?
Жасандылықпен тірілтті марқұм шешемді,
Жасандылықпен бейнесі атамның жасалды.

Жасанды – жүрек,
Жасанды – сезім,
Жасанды – ой,
Қоштасып кеткен қыз отыр көзге жас алмай.
Жадырап шықты жеңгем де кеше бөлініп,
Жасандылықсыз тек жүр еді көптен жасармай.

Жасанды ұрпақ жасалып жатыр артымда,
Жасанды бата бере ме ертең қартың да?!
Жасанды досым жыл өтті ол да жоғалды,
Жасанды болып кете ме деймін халқым да…

Көзің талады жасандылықты көріп-ай,
Бір күні мәңгі қалар ма екен өліп ой…
Тасада қалған махаббатым болатын,
Табиғи, таза, мөп-мөлдір, тұнық еді ғой…

***

Сені ойламай күнә ояну таңертең,
Сенсіз жерде тіршілік жоқ қайнаған.
Бұл махаббат жіпсіз ғана, Ақеркем,
Сені маған, мені саған байлаған.

Сендей сұлу жоқ, таппадым жүрегі ақ,
Әйтпегенде талай-талай қыз көрдім.
Екеуміздің бақытымыз біреу-ақ
және жалқы арманымыз біздердің.

Қайғы жанды қинап әбден қарып тұр,
Шуағыңа бөлеп жылыт, шырайлым.
Өмірімді өзің сынды жарық қыл,
Саған түскен сәулесімен Құдайдың.

Екеумізде сезім де бар жасырын,
Бәрі де оны біліп жүрген бірақ та.
Мені ұнатып жол таптың ба, ғашығым,
Ал мен кірдім сені сүйіп жұмаққа.

****

Сенсіз бәрі мұңға айналып кетпей ме,
Сенсіз көктем көңілімде көктей ме.
Маған, сірә, бақытты боп керек жоқ,
Сен бақытты болсаң сол да жетпей ме?!

Екі адамға бір бақытты шектей ме,
Бір адамға екі бақыт көп дей ме?!
Саған, сірә, мұңдануға болмайды,
Мен қайғырсам соның өзі жетпей ме?!

* * *

Сен дүниеге келген күні
маған:
Бір уақыт
Бір шермен
Жайлы деп табысқан екен.

Мен дүниеге келген күні
саған:
Бір бақыт,
Бір сормен
Қайғы боп жабысқан екен…

***

Менің тағдырым екен шыдай алмаған.
Сенің жаңбырың екен жылай алмаған.

Менің жолдарым екен тықсырып қалған.
Сенің қолдарың екен сұп-суық болған.

Сенің тілегің екем сағынып күткен,
Менің жүрегім екен ауырып біткен.

Менің Тәңірім екен таба алмай қалған,
Сенің жарығың екен жана алмай қалған.

* * *

Уақытым да өзіңмен
жайқалады, Ақеркем,
Бақытым да көзіңнен –
байқалады, Ақеркем.

Көңілім де сенімен –
босайды екен, Ақеркем.
Өмірім де сенімен –
жасайды екен, Ақеркем.

Ырысым да сенімен,
қосылады, Ақеркем,
Тынысым да сенімен,
ашылады, Ақеркем.

Қуанышым көзің мен,
езуіңде, Ақеркем,
Жұбанышым өзіңмен,
кезігуде, Ақеркем.

Тілегіме шешімің,
жат болғаны-ай, Ақеркем.
Жүрегіме есімің,
жатталғаны-ай, Ақеркем.

ЖАСТЫҚ

Сенің қаның құйылғандай қаныма,
Менің қаным ұйылғандай қаныңа,
Сенің жаның үйір қандай жаныма,
Менің бағым бұйырғандай бағыңа.

Иықтарым тірейді екен басыңды,
Сүйікті әнім төккенінде жасыңды.
Тағат қалмай сен деп бара беремін,
Сағат болмай шөлдеп қала беремін.

Шамам болса құшақтаймын тас қылып,
Одан қалса махаббатым асқынып –
Беліңдегі қолымды алдым мен бейбақ,
Еріндегі ерінді алғым келмейді-ақ…

****

Сен менің Мәдениетімсің:
Мазмұным,
Құрылымым,
Ұғымым да!

Сен менің Әдебиетімсің:
Трагедиям,
Лирикам,
Тұнығым да!..

ШАЛДЫҢ БАЛАСЫ

Сенен де жақсы жігіт жолықпай шоң елде,
Қыз күтіп тұрса қайтер ең осылай егерде;
Қала.
Асфальт. У-шу.
Қап-қара юбка. Ресторан.
Iphone-ны қымбат менен де.

Шалға ұқсап сосын тұрысың,
Жүргеніңді, әсте қайдан біледі жыр үшін.
Вилласы несі,
Коттеджі несі ол айтқан,
Ауылда қалған қосты ойлап кетем, құрысын.

Қосылмай ешбір тобырға,
Ауылға қайту керек шығар, ә, соңында.
Түкті де ойламай көршім де жүрген жоқ па әне,
Басып ап түнде қорылға.

Галстук. Пальто.
Костюм мен жейде шаршатты,
Ауылдың тозған тоңдары әбден аңсатты.
…Несіне мені сүйесің деймін.
Мен деген,
Қойшы бір ұлмын малсақ-ты.

Көргенсің, – дейді ол, – уды еміп,
Тұрғам жоқ және сенен бір асқан қу көріп.
…Ешкімге нанбай, ауылды ойлап келемін,
Сіріңкем жанбай су болып

* * *

Оралмаған ауыл мен досына бір,
Айтшы, қалқам, енді оның несі бауыр?
Мен де суып бәрінен ендігі күн,
Тасбауыр боп барамын…
Кешір, ауыл…

Күндерімді сағындым күрең табан,
Ақ саусақ боп онсыз да күнелте алам.
Бес жүз бала кіретін – бір мектебім,
Мың жүрекке жүретін – бір емханам.

Көңіл дейтін кішкентай бола осыған,
Жұрт еді ғой бәріне жаны ашыған.
«Бір ауылға жүретін бір мекенжай,
Бір нән төбет үретін қорасынан.»

Әжелерім жиналса ән қызатын,
Кешке қалса
Ал шырқын мал бұзатын.
Он үй болып көршінің сұрап алған,
Қой кезекке мінетін жалғыз атын.

Бір ауылдас келетін егін салып,
Бір биені беретін келін сауып.
Бір ауылдас трактор іздегенде,
Бір ауылдас жүгірген шөбін шауып.

Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі.

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 42
Төккен тердің қадірі
Тұлғатану

Төккен тердің қадірі

June 11, 2026
Ұстаз ананың хаты
Тұлғатану

Ұстаз ананың хаты

June 3, 2026
Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуций философиясындағы ел билеу тәсілі
Тұлғатану

Әбу Насыр әл-Фараби мен Конфуций философиясындағы ел билеу тәсілі

May 26, 2026
Тағылымды тағдыр
Тұлғатану

Тағылымды тағдыр

May 13, 2026
Тарих және ағартушы Мұрат Рәмзи
Тұлғатану

Тарих және ағартушы Мұрат Рәмзи

May 12, 2026
Бегзат өмір
Тұлғатану

Бегзат өмір

May 5, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Төккен тердің қадірі

Төккен тердің қадірі

June 11, 2026

Зобалаң жылдардың зорлығы

Зобалаң жылдардың зорлығы

June 10, 2026

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

June 10, 2026

Ауылын көріп, азаматын танисың

Ауылын көріп, азаматын танисың

June 3, 2026

Ұстаз ананың хаты

Ұстаз ананың хаты

June 3, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz