Жетісу облысындағы волонтерлік қозғалыстың қазіргі жағдайы, жастарды қоғамдық жұмыстарға тарту, ауылдық жерлердегі бастамаларды жандандыру, қоғамдық ұйымдарды қолдау және атқарылған жұмыстардың әлеуметтік тиімділігін бағалау мәселелері талқыланды. Баспасөз мәслихатына Ұлттық волонтерлер фронт-офисінің басшысы Айбек Досымбетов, Жетісу облысы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексейтова және «Мейірімді Жетісу» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы қатысты. Жиын барысында Айбек Досымбетовке өңірдегі волонтерлік қозғалыстың даму деңгейі туралы сұрақ қойылды. Сонымен қатар Жетісудағы қоғамдық қызметтің басқа облыстармен салыстырғандағы ерекшеліктері, жастарды игі істерге тарту және олардың белсенділігін ұзақ уақыт бойы сақтап қалу жолдары сөз болды. Қозғалыстың тұрақты дамуы үшін жастардың қызығушылығын бір реттік іс-шаралармен ғана шектемей, оларды ұзақ мерзімді әлеуметтік жобаларға жұмылдырудың маңызы атап өтілді. Сондай-ақ қатысушылардың тәжірибесін жетілдіру, оқыту жұмыстарын ұйымдастыру, өзара байланыс орнату және жаңа бастамаларды қолдау қажеттігі айтылды. Жетісу облысы ішкі саясат басқармасының бөлім басшысы Жанерке Бексейтоваға облыс әкімдігі тарапынан қоғамдық ұйымдарға көрсетілетін қолдау шаралары жөнінде сұрақтар қойылды. Әсіресе арнайы бағдарламаларға, әлеуметтік жобаларға және гранттық қаржыландыру тетіктеріне назар аударылды.

Баспасөз мәслихатында ауыл жастарын қоғамдық бастамаларға тарту мәселесі де көтерілді. Елді мекендердегі жастардың әлеуметтік жобаларға қатысуына жағдай жасау, олардың ұсыныстарын қолдау және аудандық деңгейдегі топтардың жұмысын күшейту маңызды бағыттардың бірі ретінде қарастырылды. Сонымен бірге атқарылған қызметтің қоғамға тигізетін әсерін бағалау мәселесі талқыланды. Жасалған жұмыстардың нәтижесі өткізілген іс-шаралардың санымен ғана емес, көмек алған азаматтардың өміріндегі оң өзгерістермен, қоғамдық мәселелердің шешілуіне қосқан үлеспен және жастардың азаматтық белсенділігінің артуымен өлшенуі қажет екені айтылды. «Мейірімді Жетісу» волонтерлер фронт-офисінің жетекшісі Шырай Саматқызы ұйымның қызметі, жүзеге асырылған бастамалар және белсенді жастардың қоғам өміріне қосып жүрген үлесі туралы баяндады. Оған жобаның бүгінгі күнге дейінгі негізгі жетістіктері, көрсетілген қолдау арқылы адамдардың өміріне оң өзгеріс әкелген оқиғалар және ұйым қатарына қосылу тәртібі жөнінде сұрақтар қойылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жиында игі істерге атсалысу үшін міндетті түрде үлкен тәжірибе немесе арнайы дайындық қажет еместігі атап өтілді. Ең бастысы – қоғамға пайдасын тигізуге деген ниет, жауапкершілік пен белсенділік. Жастар өз қызығушылығына қарай экологиялық, әлеуметтік, мәдени, қайырымдылық және төтенше жағдайлар кезіндегі көмек көрсету бағыттарына қатыса алады. Баспасөз мәслихатында көтерілген мәселелер Жетісу облысындағы волонтерлік қозғалыстың ауқымы кеңейіп келе жатқанын көрсетті. Алдағы уақытта қоғамдық бірлестіктер мен мемлекеттік мекемелердің байланысын нығайту, ауыл жастарына қолжетімді мүмкіндіктер ұсыну және әлеуметтік маңызы бар тұрақты жобаларды көбейту маңызды міндет болып қала бермек. Волонтерлік – тек ақысыз еңбек емес, қоғамдағы өзара жанашырлықты, жауапкершілікті және бірлікті қалыптастыратын маңызды азаматтық құндылық. Сондықтан осындай бастамаларды қолдау арқылы белсенді әрі мейірімді қоғам құруға мүмкіндік мол.
Айдана Аманжолқызы
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшісі.











