Өнер мен мәдениетке ғұмырын арнаған Дина Нұрғалиеваның өмір жолы «Бекзат өмір» атты кітапқа арқау болды. Зәмзагүл Әмірғалиева мен Қажет Андас бірлесіп жазған ғұмырнамалық еңбекте кейіпкердің еңбек белестері, қоғамдық қызметі, отбасылық өмірі және замандастарының естеліктері қамтылған.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бір адамның өмір жолы арқылы тұтас бір кезеңнің тынысын танытуға болады. Әсіресе, өңір мәдениетінің қалыптасуына атсалысқан тұлғалар туралы естеліктер ел тарихын толықтыра түседі. «Бекзат өмір» – осындай мақсаттан туған, өнерге адалдық пен адамдық қасиетті қатар дәріптейтін еңбек.
Кітап авторларының бірі, «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры Қажет Андас еңбектің мақсатын аналар өнегесін ұрпаққа жеткізумен байланыстырады.
– Басты мақсатымыз – аналарымыздың өмір жолын, ақыл-парасатын, елге сіңірген еңбегін таныту. Бұл еңбек бір адамның немесе бір әулеттің тарихымен ғана шектелмейді. Дина апамыздың тағдыры арқылы Жетісу аналарының ұрпақ тәрбиесіне, елдің мәдени және рухани өміріне қосқан үлесін көрсетуге ұмтылдық, – дейді ол.
Дина Нұрғалиқызы 1940 жылы Көксу ауданының Еңбекші ауылында дүниеге келген. 1956 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театры жанындағы вокал-хор студиясына оқуға түседі. Әншілікке деген ықыласы оны мәдениет саласымен байланыстырып, кейін ұйымдастырушылық және басшылық қызметтерге алып келеді.
Көксу аудандық мәдениет үйін басқарған жылдары жергілікті өнердің дамуына атсалысып, 1972 жылы ауданда алғашқы музыка мектебін ашады. 1975–1981 жылдары Ілияс Жансүгіров атындағы Мәдениет сарайының, 1981–1986 жылдары Талдықорған облыстық қазақ драма театрының директоры қызметтерін атқарады. Бұл кезеңдерде өнер ұжымдарының жұмысын ұйымдастырып, өнерпаздардың шығармашылық ізденісіне қолдау көрсетеді.
Кітаптың бірлескен авторы Зәмзагүл Әмірғалиева Дина апаның адамдық болмысы мен айналасына көрсеткен өнегесін ерекше бағалайды.
– Ол кісі жүріс-тұрысымен де, сөйлеген сөзімен де көпке үлгі болған жан. «Балам да осы апамдай кең пейілді, ақылды, парасатты адам болып өссе екен» деген тілек болды. Апамыздың бойындағы жақсы қасиеттер кейінгі ұрпаққа жұғысты болса екен деймін, – дейді Зәмзагүл Әмірғалиева.
Дина Нұрғалиқызының еңбек жолы мәдениет мекемелерімен ғана шектелмейді. 1987–1995 жылдары Талдықорған аккумулятор зауытына қарасты балалар бақшасының меңгерушісі болып қызмет атқарады. Зейнетке шыққаннан кейін де қоғамдық өмірден қол үзбей, ұлттық салт-дәстүрді насихаттауға араласады. 2003 жылы «Ардагер әжелер» ансамблін құруға атсалысып, аға буынның өнер арқылы бас қосуына үлес қосады.
Өмірден көргені мен көңілге түйгенін кітапқа айналдыруға балалары мен туыстарының ұсынысы түрткі болған. Дина Нұрғалиева бұл туралы былай еске алады:
– Балаларым мен туыстарым: «Апа, өмірден жинаған тәжірибеңіз мол. Бізге де, елге де айтар сөзіңіз бар. Естелік болып қалатын бір кітап шығарайық», – деді. Бұл ойды жақындарым қолдап, кітапты жарыққа шығардық. Әрине, өмірдегі барлық оқиғаны түгел жаза алмадық. Бірақ негізгі ойларым, еңбек жолым мен өсу белестерім осы кітапта қамтылған.
«Бекзат өмірде» кейіпкер туралы замандастарының пікірлері мен естеліктеріне де орын берілген. Отбасылық және қызметтік фотосуреттер, баспасөзде жарияланған материалдар оның өмір сүрген ортасын, еңбек еткен ұжымдарын, өнерге қосқан үлесін таныта түседі.
Кітапта басшылық қызметтің белестерімен бірге адамға деген құрмет, отбасындағы тәрбие, өнерге сүйіспеншілік секілді құндылықтар көрініс тапқан. Дина Нұрғалиеваның өмір жолын кейінгі буынға жеткізуді көздеген бұл еңбек өңірдің мәдени тарихына қатысты естеліктерді сақтауға да қызмет етеді.
Айсұлу Төлеухан,
Өлкетанушы-журналист.
Суреттер мен бейнефильмді түсірген
Әмина Ақылбек.
«Q-Andas» ақпарат агентігінің тілшілері.











