Адамның өмір жолы оның атқарған қызметімен ғана емес, айналасына жасаған жақсылығымен, ұстанған қағидаларымен және кейінгі ұрпаққа қалдырған өнегесімен де бағаланады. Қажет Андас пен Баян Шаянбаеваның «Парасат жолы» атты кітабы – Әбдіманап Бектұрғановтың ғұмыры арқылы парасат пен адамгершілік құндылықтарын танытатын еңбек.

2013 жылы Алматы қаласында жарық көрген, 376 беттен тұратын кітап Әбдіманап Елікбайұлы Бектұрғановтың өмір жолына арналған. Еңбекте оның балалық шағы, білім алған жылдары, еңбек жолы, отбасы және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасы туралы деректер қамтылған. Осы мәліметтер мен естеліктер кейіпкердің өмірлік ұстанымдарын, азаматтық болмысын тануға мүмкіндік береді.
Кітапты жазу барысында авторлар Талдықорған – Алматы – Тараз – Шымкент – Сарыағаш ауданы бағытымен сапар шеккен. Бұл сапардың мақсаты – кейіпкердің өміріне қатысты деректерді жинап, оны таныған адамдардың естеліктерін тыңдау.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Авторлар Әбдіманап Бектұрғановтың білім алуы мен қызмет жолына қатысты оқу орындарына, соның ішінде әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне, М. Х. Дулати атындағы Тараз университетіне және Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу университетіне барған. Ұстаздарымен, курстастарымен, жас ғалымдармен кездесіп, оның тұлға ретінде қалыптасуына ықпал еткен ортаны зерттеген.
«Парасат жолының» мазмұнын толықтырған маңызды деректердің бірі – туған-туыстарының, замандастарының, бірге еңбек еткен әріптестерінің және оны жақыннан таныған жандардың естеліктері. Әр адамның әңгімесі кейіпкер болмысының бір қырын ашады. Сол естеліктер арқылы оқырман оның еңбекке көзқарасын, адамдарға қарым-қатынасын және отбасы құндылықтарына деген ұстанымын тани алады.
Еңбекте Әбдіманап Бектұрғановтың мерзімді басылымдар мен ғылыми жинақтарда жарияланған мақалаларының толық нұсқалары да жинақталған. Бұл материалдар оның Қазақстандағы заң ғылымының дамуына қосқан үлесін танып, ғылыми ой-пікірлерімен танысуға мүмкіндік береді. Осылайша, өмірбаяндық деректер мен естеліктер кейіпкердің өз еңбектерімен сабақтасып, тұлғаның жан-жақты бейнесін қалыптастырады.
Кітаптың құндылығы бір адамның ғұмырын баяндаумен шектелмейді. Оның беттерінен сол кезеңдегі қоғамдық ортаның тынысы, білім мен еңбекке деген көзқарас, отбасындағы тәрбие және адамдар арасындағы сыйластық көрінеді. Жеке адамның өміріне қатысты деректер тұтас бір дәуірдің болмысын түсінуге де жол ашады.
«Парасат жолы» – еңбек пен тәрбиенің, отбасы мен қоғамның адам тұлғасын қалыптастырудағы орнын көрсететін шығарма. Әбдіманап Бектұрғановтың өмірі мен оны таныған жандардың естеліктерін тоғыстырған бұл еңбек оқырманды адамгершілік, жауапкершілік және парасат туралы ойлануға жетелейді.
Айсұлу Төлеухан,
Өлкетанушы-журналист.
Суреттер мен бейнефильмді түсірген
Әмина Ақылбек.
«Q-Andas» ақпарат агентігінің тілшілері.












[…] Парасат жолы өнегелі өмір естелігі […]