Сарқан аудандық кітапханасында «Кітап оқитын ұлт» жобасының мақсатына үндес өлкетану іс-шарасы өтті. Кездесуде Жетісу өңірінің тарихы мен мәдени мұрасын танытатын кітаптар, электронды кітап қоры және «Q-Andas» ақпарат агенттігінің ресми сайты таныстырылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Іс-шара қонақтарды қарсы алып, көрмемен таныстырудан басталды. Ашылу бөлімінен кейін «Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры, өлкетанушы-журналист Қажет Андас сөз сөйледі. Сондай-ақ қатысушыларға бірлестіктің мақсаты, міндеттері мен атқарған жұмыстары туралы бейнетаныстырылым көрсетілді.

Кездесу барысында Қажет Андас орталық өлкетанушылары баспадан шығарған және электронды кітап қорына енгізілген 37 кітапты таныстырды. Одан кейін «Q-Andas» ақпарат агенттігінің ресми сайты туралы баяндады. Іс-шара бағдарламасы ән шашумен жалғасты.

Жарыссөзде қатысушылар өлкетану еңбектерінің өңір тарихын танытудағы орны жөнінде пікір алмасты. Жомарт Игіман туған жер туралы деректерді жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңызын атап өтті. Айсұлу Сейполдина кітапхана мен өлкетанушылар арасындағы байланысты нығайтуға тоқталды. Лаура Құлымбетова жергілікті авторлардың еңбектерін оқырманға кеңінен таныстыру туралы айтты. Ұлжан Нұрғалымқы жастардың өлке тарихына қызығушылығын арттыру жайын қозғады. Байжан Сейітқұл өлкетану материалдарын сақтап, көпшілікке қолжетімді етудің қажеттігін жеткізді.

«Кітап сыйла!» акциясы аясында аудандық кітапханаға кітаптар табысталып, өлкетанушыларға куәліктер берілді. Қорытынды сөз сөйлеген Сарқан аудандық кітапханасының директоры Гүлнар Мұхаметқалиева кездесудің кітап пен оқырман арасындағы байланысты нығайтудағы мәніне тоқталды. Іс-шара қатысушылардың топтық суретке түсуімен аяқталды.

Өлкетану кітаптарын таныстыру, оларды кітапхана қорына ұсыну және электронды түрде қолжетімді ету оқырманның туған өлке тарихын тереңірек тануына мүмкіндік береді. Бұл бағыттағы жұмыс «Кітап оқитын ұлт» жобасының оқу мәдениетін дамыту мақсатына сай келеді.











