Жоңғар Алатауы – табиғи ландшафтары алуан түрлі, өсімдіктер мен жануарлар дүниесіне бай, тарихи-мәдени мұралар тоғысқан бірегей өңір. Осындай аса құнды табиғи аумақты қорғау тек бақылау мен күзет жұмыстарымен шектелмейді. Табиғатта болып жатқан өзгерістерді ғылыми тұрғыдан зерттеу, экожүйелердің жағдайын тұрақты бақылау және оларды сақтаудың тиімді жолдарын белгілеу қажет.
Бұл міндеттерді «Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесінің Ғылым бөлімі жүзеге асырады. Ғылым бөлімі – ұлттық парктің табиғи байлығын зерттеп, оның болашақтағы сақталу бағытын айқындайтын негізгі ғылыми құрылымдық бөлімше.
Табиғатты танудың негізі – тұрақты зерттеу
Ғылым бөлімінің негізгі міндеті – табиғи қорық қорының объектілері мен табиғи кешендерді жүйелі түрде зерттеу. Бөлім мамандары парк аумағындағы табиғи үдерістерді бақылап, өсімдіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргі жағдайын бағалайды.
Ғылыми жұмыстардың маңызды бағыттарының бірі – табиғи кешендерге тұрақты мониторинг жүргізу. Мұндай бақылаулар табиғатта орын алған өзгерістерді дер кезінде анықтауға, олардың себептерін зерделеуге және ықтимал экологиялық қауіптердің алдын алуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар бөлім биоалуантүрлілікті сақтау, бұзылған экологиялық жүйелерді қалпына келтіру және мемлекеттік табиғи қорық қорының объектілерін қорғаудың ғылыми негіздері мен әдістерін әзірлейді. Әрбір зерттеу нәтижесі табиғатты қорғау саласында нақты әрі ғылыми негізделген шешім қабылдауға бағытталады.
«Табиғат жылнамасы» – ұлттық парктің ғылыми шежіресі
Ұлттық паркте жүргізілетін ғылыми жұмыстардың өзекті бағытының бірі – «Табиғат жылнамасы».
«Табиғат жылнамасы» – парк аумағындағы табиғи құбылыстар, климаттық жағдайлар, өсімдіктердің өсуі мен таралуы, жануарлардың тіршілік әрекеті және экологиялық өзгерістер туралы ұзақмерзімді мәліметтер жинақталатын ғылыми құжат.
Жыл сайын жүргізілетін бақылаулар арқылы табиғи кешендердің даму заңдылықтары айқындалады. Бірнеше жыл бойы жиналған деректер табиғи ортаның өзгеру қарқынын салыстыруға, сирек кездесетін түрлердің жағдайын бағалауға және болашақтағы экологиялық үдерістерді болжауға мүмкіндік береді.
Осы тұрғыдан алғанда, «Табиғат жылнамасы» – Жоңғар Алатауы табиғатының ғылыми шежіресі.
2026–2030 жылдарға арналған ғылыми бағыттар
Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым комитетімен келісілген және Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің бұйрығымен бекітілген жоспарға сәйкес, ұлттық паркте 2026–2030 жылдары тоғыз бағыт бойынша ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіледі.
Алғашқы бағыт – парк аумағындағы табиғи үдерістерді жүйелі түрде тіркейтін «Табиғат жылнамасын» жүргізу.
Екінші зерттеу тақырыбы Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде өсетін дәрілік өсімдіктерге арналған. Ғалымдар олардың биоалуантүрлілігін, экологиялық ерекшеліктерін және пайдалану мүмкіндіктерін зерттейді. Бұл жұмыстар дәрілік өсімдіктер қорын сақтап, оларды табиғатқа зиян келтірмей тиімді пайдаланудың ғылыми жолдарын белгілеуге мүмкіндік береді.
Үшінші бағыт ұлттық парк аумағындағы археологиялық, тарихи және киелі нысандарды кешенді зерттеуді қамтиды. Петроглифтер, көне қорғандар мен қасиетті орындар Жоңғар Алатауының табиғи байлығымен қатар, оның тарихи жадын да танытады. Сондықтан бұл нысандарды зерттеу мен сақтау табиғатты қорғау жүйесінің маңызды бөлігі саналады.
Төртінші ғылыми жұмыс парк жайылымдарының қазіргі жағдайын анықтап, оларға экологиялық баға беруге бағытталған. Жайылымдық жерлердің жағдайын зерттеу табиғи өсімдік жамылғысын сақтау, жердің тозуына жол бермеу және ресурстарды ұтымды пайдалану үшін қажет.
Өсімдіктер дүниесін сақтау – болашаққа салынған негіз
Ғылым бөлімінің зерттеулерінде өсімдіктер әлеміне ерекше назар аударылады. Соның бірі – тұқымбақ жағдайында ағаштар мен бұталардың жоғары сапалы отырғызу материалдарын алу үшін жасыл қалемшелеу технологиясын әзірлеу.
Бұл технология табиғи аумақтарды қалпына келтіру, сирек кездесетін өсімдік түрлерін көбейту және орман қорын толықтыру ісінде маңызды рөл атқарады.
Жеке ғылыми бағыт Жоңғар Алатауының эндемик өсімдіктеріне арналған. Эндемиктер – белгілі бір аумақта ғана өсетін, табиғатта сирек кездесетін ерекше өсімдік түрлері. Мамандар олардың қазіргі жағдайын зерттеп, таралу аумағын анықтайды және сақтау бағдарламасын әзірлейді.
Мұндай зерттеулер Жоңғар Алатауының қайталанбас өсімдік дүниесін жоғалтпай, табиғи қалпында келер ұрпаққа жеткізу үшін аса қажет.
Сиверс алмасы – әлемдік маңызы бар табиғи құндылық
Ұлттық парк аумағындағы аса бағалы өсімдіктердің бірі – Сиверс алмасы. Ол мәдени алма түрлерінің арғы тектерінің бірі ретінде ғылыми тұрғыдан үлкен маңызға ие.
2026–2030 жылдарға арналған ғылыми жоспар аясында Сиверс алмасының генетикалық резерваттарына қауіп төндіретін факторлар зерттеледі. Ғалымдар табиғи алма ормандарының жағдайына әсер ететін себептерді анықтап, оларды жою немесе азайту жолдарын ұсынады.
Сиверс алмасын қорғау – белгілі бір өсімдік түрін ғана сақтау емес. Бұл – табиғи генетикалық қорды, әлемдік маңызы бар биологиялық мұраны қорғау.
Жабайы жеміс ормандары және құстардың азықтық қоры
Ұлттық парк аумағындағы жабайы жеміс ағаштары көптеген құс түрлерінің тіршілігімен тығыз байланысты. Олардың жемістері құстар үшін табиғи азық көзі саналады.
Осыған байланысты Ғылым бөлімі жабайы жеміс ағаштарының құстардың азықтық қорын қалыптастырудағы маңызын зерттейді. Зерттеу барысында өсімдіктер мен құстар арасындағы экологиялық байланыс, жеміс ағаштарының құстардың таралуы мен тіршілігіне әсері қарастырылады.
Табиғаттағы әрбір өсімдік пен жануар бір-бірімен өзара байланыста өмір сүреді. Бір түрдің азаюы тұтас экожүйенің тұрақтылығына әсер етуі мүмкін. Сондықтан мұндай зерттеулер табиғи тепе-теңдікті сақтаудың ғылыми негізін қалыптастырады.
Адам мен ірі жыртқыштар арасындағы қақтығысты азайту
Ұлттық парк аумағында жүргізілетін тағы бір маңызды зерттеу орман пайдаланушылар мен ірі жыртқыштар арасындағы қақтығыстарға арналған.
Табиғи аумақтағы шаруашылық қызмет пен жабайы жануарлардың мекен ету ортасы кей жағдайларда өзара түйіседі. Соның салдарынан адамдар мен жыртқыш аңдар арасында түрлі қайшылықтар туындауы мүмкін.
Ғылым бөлімі мұндай жағдайлардың себептерін зерттеп, қақтығыстарды азайтудың тиімді тәсілдерін әзірлейді. Бұл бағыттағы жұмыстар бір жағынан тұрғындар мен орман пайдаланушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, екінші жағынан табиғи ортадағы ірі жыртқыштарды сақтауға бағытталған.
Ғылыми зерттеу – табиғатты қорғаудың сенімді тетігі
Ғылым бөлімінің қызметі табиғімді ти құбылыстарды бақылаумен немесе ғылыми деректер жинаумен ғана шектелмейді. Зерттеу нәтижелері ұлттық парк аумағын қорғау, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану және экожүйелерді қалпына келтіру жөніндегі нақты шараларды әзірлеуге негіз болады.
Парк аумағындағы әрбір өсімдік, жануар, орман алқабы, жайылым, тарихи ескерткіш пен киелі орын – біртұтас табиғи-мәдени кеңістіктің ажырамас бөлігі. Оларды сақтау үшін табиғи үдерістердің заңдылықтарын терең түсініп, қабылданатын әрбір шешімді ғылыми деректермен негіздеу қажет.
«Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» Ғылым бөлімі осы жауапты міндетті атқарып келеді. Бөлімнің жүйелі зерттеулері биоалуантүрлілікті қорғауға, сирек және жойылып бара келеді. Бөлімнің жатқан түрлерді сақтауға, табиғи кешендердің тұрақтылығын қамтамасыз етуге және тарихи-мәдени мұраларды ғылыми тұрғыдан зерделеуге мүмкіндік береді.
Жоңғар Алатауының табиғи байлығы – бүгінгі ұрпаққа берілген аманат. Ал оны зерттеу, қорғау және келешекке жеткізу – ғылым мен табиғатты қорғау саласы мамандарының ортақ жауапкершілігі.
Ж. Нургожанова,
«Жоңғар–Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі»
Ғылым бөлімінің басшысы.











