Талдықорған қаласының мансап орталығы филиалында әлеуметтік кәсіпкерлермен маңызды кездесу өтті. Онда келесі жылға жоспарланған субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыруға қатысты талаптар мен міндеттерді түсіндіру, сондай-ақ, еңбек нарығындағы өзекті мәселелер талқыланды. Кездесуге қаладағы 20-дан астам әлеуметтік кәсіпкер қатысып, мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру барысындағы жаңашылдықтар мен өзгерістер жөнінде жан-жақты ақпарат алды.
Жиынға «Жетісу облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы» мемлекеттік мекемесінің «Жетісу облысы бойынша Еңбек мобильділігі орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі директорының орынбасары Камшат Жантекеева және Талдықорған қаласы мансап орталығының директоры Азамат Болатұлы қатысты.
Қатысушыларға субсидияланатын жұмыс орындарын құру тәртібі, жұмыс берушілердің жауапкершілігі, қатысушыларға қойылатын талаптар, жұмыс орындарының сақталуын қамтамасыз ету және бөлінген бюджет қаражатын тиімді пайдалану мәселелері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар, жастар практикасы, қоғамдық жұмыстар, әлеуметтік жұмыс орындары және «Күміс жас» жобасы аясындағы мүмкіндіктер туралы толыққанды ақпарат берілді.
Камшат Жантекеева өңірдегі жұмыспен қамту бағдарламаларын сапалы жүзеге асырудың маңыздылығына тоқталып, жұмыс берушілердің мемлекеттік қолдау шараларын тиімді пайдалану арқылы тұрғындарды тұрақты жұмыспен қамтуға үлес қосуы қажеттігін атап өтті. Ал Азамат Балтабеков әлеуметтік кәсіпкерлерді халықты жұмыспен қамту бағытындағы мемлекеттік бастамаларға белсенді қатысуға шақырды.
Кездесуде пилоттық режимде іске асырылып жатқан жаңашылдықтардың бірі ретінде жұмыссыздық мәртебесін беру тәртібіндегі өзгерістер де таныстырылды. Мамандардың айтуынша, бұған дейін 3 жұмыс күні ішінде берілетін жұмыссыздық мәртебесі енді 13 күндік кезең арқылы айқындалмақ. Бұл азаматтарды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру мүмкіндігін арттыруға және еңбек нарығындағы нақты жағдайды анықтауға бағытталған.
Соңында кәсіпкерлер толғандырған жүрген сұрақтарға түсіндірулер мен нақты жауаптар алды. Ашық форматта өткен жиын қатысушылар арасында өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік беріп, мемлекет пен жұмыс берушілер арасындағы әріптестікті одан әрі нығайтуға ықпал етті.
Әлия Иманжанова,
Талдықорған қалалық
мансап орталығы филиалы
жұмыспен қамту бөлімінің
сектор басшысы.












Қаңдас редакциясына сәттілік!
[…] […]
[…] […]
[…] […]
[…] Қазақ Qazaq توتە جازۋ Русский English […]
[…] […]