Қазақтың ұлттық ою-өрнегінің құндылығы мен құпиясы жайлы халық суретшісі Әбілхан Қастеев: «Оюдың түп атасы әсемдеу, безендіру мақсатында туындаған» десе, Әмірғазы Қайыртай: «Классикалық ою-өрнектің 4 тобына: Геометриялық, жан-жануар, хайуанаттар, өсімдік тектес, космогониялық ою-өрнектер жатады», – деп нақтылайды. Қазақтың ою-өрнегін терең зерттеген және өзінің шығармашылығына арқау еткен тұлғалардың дәлелі мен дәйегіне негізделгенде, жоғарыда көрсетілген суреттегі бірнеше атадан балаға мұра болып келе жатқан түскиіздің өзіндік тарихы да, дәстүрлік шежіресі бар құнды жәдігер.
Атам марқұм Кеңес одағы кезінде жасаса да көне Құран кітабын, Мәзжан қажы атамыздың былғары сөмкесі мен күміспен көмкерілген тостағанын, атан түйенің бас ноқтасын, жоғарыдағы түскиізді сандығына салып, ұқыптап сақтап, бізге аманаттап кеткен еді. Мұндағы аты аталған Мәзжан қажы аты арғы беттегі қазақтарға етене таныс, ХІХ ғасырда өмір сүрген көзі ашық, көкірегі ояу, оқыған-тоқығаны мол сауатты адам болған. Медресе ашып, елді оқуға үгіттеген, кәсіпкерлікпен айналысып, ауылдастарын заманға сай өндіріспен айналысуға жетелеген адам. Әкелеріміздің айтуынша, бұл заттар Мәзжан қажыға аталарынан аманаттап қалдырған дүниелер. Әкем Мұқаметқасым Мәзжан қажының кіші ұлы, қара шаңырақ иесі Әбдіқадырдан тарайды. Шешем Күлсімхан Әкпарқызы 1928 жылы туған. Ол кісілерде білімді, білікті жандар еді. Бұл жәдігер маған сол кісілерден қалған болатын.
– Бұл кестені атамыз арнаулы ісімерге тіккізіп, құлынды бие бергізген екен. Оған «Қызай кесте» деп аталатын кесте тігу өнерінің барлық элементін енгізген. Сондықтан қазақ кестесінің сыры мен қырын жақсы түсінетін басқа рудың кестешілері бұл кестедегі ою-өрнек түрін ешқашанда өз еңбектеріне қолданбаған, – деп тапсырып еді шешем.
Жоғарыдағы зерттеушілердің дәлеліне сүйенгенде, бұл ою-өрнекті өсімдік тектес ою-өрнек түріне жатқызуға болады. Демек, бабаларымыз өзінің дүние-танымын жаратылыс дүниесіндегі құбылыстармен тікелей байланыстырып отырғанын көрсетеді. Сондай-ақ, әр рудың кестешілік өнерінде айқын парық болғаны да анық. Кезіндегі ісімерлер оны жақсы түсінген және бір-біріне құрметпен қараған. Алайда, бүгінгі таңда кесте тігетіндер көп болғанымен оның ерекшелігіне үңілетіндер аз. Сондықтан қазақтың кестешілік өнерінің тарихи сипатын тереңдей зерделеудің қажеттілігі басым.
Фаруза Байысова,
Талдықорған қалалық ардагерлер кеңесінің мүшесі.
«Q-Andas» ақпараттық агенттігі.











