Ақыттың қажылық сапары мен кейінгі ағартушылық, қазылық қызметі (1908–1940)
1907 жылы қажылық сапарына шыққан Ақыт 8 айдан астам уақыт жүріп, 1908 жылы мамыр айында еліне оралады. Бұл сапар оның рухани өміріне терең әсер етіп, дүниетанымын жаңа деңгейге көтерді. Елге келген соң ол Қобда өңірінде қайтадан бала оқытуды жалғастырады. Осы уақытта Қобданың Ақбалшық деген жеріне мешіт пен медресе салдырады.1912 жылы Алтай елінің халқы Ақыттың беделін ерекше мойындап, оны Қобдадан көшіріп әкеліп, Көктоғай, Буырылтоғай және Шіңгіл елдерінің қазысы етіп сайлайды.
Сол жылы Көктоғайдың Шәкүрті деген жерінде «Ақ мешіт» аталған үлкен мешіт және екі сыныптық медресе салдырады. Мұнда ол қазылық міндетпен қатар, ұстаздық қызметін де жалғастырады. Медреселер жүйесі мен оқу бағдарламасы Ғазез қажы Ақытұлы мен сол дәуірді көрген қариялардың естеліктеріне қарағанда, Ақыт медреселерінде оқу тек діни пәндермен шектелмеген. Ол шәкірттерге Құран тәжуитін (әуені мен мағынасын), сонымен бірге есеп, араб тілі грамматикасы, дүние географиясы, тарих, ислам тарихы, шығыс әдебиеті сияқты пәндерді де оқытқан.
Осы оқу жүйесінің арқасында Ақыт пен оның ұлдарына шәкірт болғандар арасынан Құранды тікелей араб тілінен аударатын білімдарлар шыққан. Мысалы, қазақша Құран аудармасын жасаған Қазез қажы мен Мақаш Ақыттың баласы Қабдылманнан оқып шыққан шәкірттер.1912 жылдан кейін «Өрдің төрт тәйжісі» —
қазіргі Буырылтоғай, Көктоғай, Шіңгіл өңірлерінің ел ағалары Ақытты қазы етіп бекіткен соң, ол шариғат заңдары бойынша билік жүргізіп, әділ шешімдерімен елге танылды. Сол жылы Көктоғайдың Шәкүрті жерінде «Ақ мешіт», жазғы жайлауы Тұрғынға шағын мешіт, 1913 жылы Буырылтоғайдағы Мәйіт би ауылында үлкен мешіт пен медресе, сондай-ақ Шіңгілдегі Құл молқы руы ішінде екі шағын мешіт салдырған. Ол мешіттерде арнайы имамдар мен ұстаздар арқылы балаларға оқу ұйымдастырылған.
Жоғарыдағы деректерден көріп отырғанымыздай, Ақыт қажы – тек қиссагер ақын ғана емес, шебер ұйымдастырушы, ағартушы, әрі қоғам қайраткері. Ол дін қызметін елдің мәдени және рухани дамуына бағыттай білген тұлға. Ақыт жасаған дәуірде Шыңжаң өлкесінде ресми үкімет құрылымдары (қытай уәкілдері, мансаптылар) болғанымен, мұсылман елдерінің ішкі өмірінде негізгі билік шариғат заңдары арқылы жүзеге асқан. Сол себепті, азаматтық істер — неке, мұра, дау-шарлар — түгелдей қазының үкімімен шешілген. Ақыт осы жүйеде 28 жыл бойы, яғни 1912 жылдан 1940 жылға дейін қазы қызметін атқарды. Оның әділдігі мен көрегендігі туралы ел ішінде көптеген аңыздар сақталған.
Мәселен, халық арасында:
«Мұхаммет Момын ишан мен Ақыт қазы – Алтайдың екі биі еді, бірі діннің, бірі әділдіктің шамшырағы болатын», – деген сөз қалған.
Ақыттың қоғамдағы беделі мен даналығының дәлелі – ел арасында болған түрлі даулардың әділ шешілуі ғана емес, оның рухани ықпалының кеңдігі. Халық оған тек дін қызметкері ретінде емес, ақылшы, бата беруші, елдің рухани тірегі ретінде қараған.
Халық аузындағы аңыздардың бірінде, 1920-жылдары Алтайдағы ғашықтар оқиғасында жазықсыздан-жазықсыз қамауға алынған Момын мен Шолпан түрмеге әкетілерде былай деген екен:
«Пайғамбар Қадишаны алмап па еді,
Фатима Ғали шерге бармап па еді.
Армансыз кетер едім өлтірсе де,
Ақыттың алдына апар айдап мені!»
Бұл сөздердің өзі-ақ Ақыттың әділдігіне, ел сеніміне ие болған тұлға екенін айғақтайды.
Ақыттың әдеби және рухани мұрасы, Абаймен байланысы
Ақыт шығармашылығының дамуы мен оның дүниетанымындағы үлкен бетбұрыс – ұлы Абай шығармаларымен танысуынан басталады. 1930 жылы ол Моңғолияның Қобда аймағына сапар шегіп, сол жерде жаңа үкімет құру жұмыстарына қатысып жүрген кеңестік делегация мүшелерімен, соның ішінде Қасымов Абай есімді коммунист қайраткермен кездеседі.
Бұл кезең — Моңғол Халық Республикасының құрылып, жаңаша бағыт ұстанып жатқан уақыты еді. Ақыт осы кезде Қасымов Абаймен хат арқылы пікір алмасып, терең ойлы сұхбат жүргізеді. Оның Қасымов Абайға жазған хатында халық тағдыры, ұлттың болашағы, елдің бірлігі мен ояну қажеттігі жөніндегі толғаныстары айқын көрініс табады:
Атасы нашар аз ауыл,
Арманмен отыр жыбырлап.
Мұңғыл сөйлер хұрылдап,
Орыс сөйлер шырылдап,
Қазақ байқұс жатпай ма,
Ұйқыда әлі пырылдап…
Ақын осылайша халқының бейқамдығын, надандығын ашық сынай отырып, Қасымов Абайға арнап «елге тура жол көрсетіп, халыққа жөн сілтеу» парыз екенін айтады:
…Таптың ба бұған сонсар жай,
Жайылып елің қонардай?
Барымтасыз жасар ма ел,
Білектіге тоналмай?
…Оянды ғалам, оянды,
Қорқытар әркім қоянды.
Бұқпаламай бұйығып,
Елді оңар көрсет жобаңды!
Осы өлең арқылы Ақыт өз дәуірінің саяси-рухани жағдайын терең ұғып, елдің мешеулігінен шығудың жолын білім мен әділеттен іздейді. Кейіннен ел арасында «Ақыт Абаймен кездескен екен» деген аңыз тараған. Бұл деректі зерттеуші Қалиолла Нұртазаұлы нақтылап, былай деп түсіндіреді:
«Абаймен кездесті деген сөз Құнанбайұлы Абай туралы емес, Қасымов Абай жайлы болған. Сонда да, Қасымов Абай Ақытқа Абай Құнанбайұлының кітабын бергізіп, оқуға кеңес еткен».
Абайдың өлеңдер жинағын алған соң, Ақыт оны зерделеп оқып, терең әсерге бөленеді.
Ол өз хикаяттарының бірінде:
«Мүминдердің көңіл көзін ашуды, оларды опық жеуден сақтандыруды, кейінгі ұрпаққа естелік қалдыруды ниет етіп, марқұм Абай Құнанбай қажыұлының кітабынан өрнек алдым»,
– деп жазады.
Осыдан кейін Ақыт ұлы Абайдың даналығына бас иіп, оны «қазақтың рухани ұстазы» ретінде дәріптейді:
Ақындар бізден бұрын өтті талай,
Әсіресе Құнанбай баласы Абай.
Дәл сондай өткір сөзді болмасам да,
Мен де аз сөз жазып қойдым құрап, жамай.
Осы сөздерден оның өзіне ұстаз тұтқан Абайдың ой-толғамдарын жалғастырып, ғақлиялық (даналық, насихаттық) бағытта жазғанын аңғарамыз. Ақыттың 1-томындағы 186–302 бет аралығындағы 55 өлең түгелдей дерлік Абай дәстүріндегі ой тереңдігі мен адамгершілік үнін жалғастырады.
Мысалы, оның мына өлеңдері тікелей Абайша толғаныстың жемісі:
Адам қойды атымды,
Надан қылды халқымды.
Мұңыңды айтып жалынсаң,
Ақыл бермес тартымды.
Немесе:
Ішім толған у мен өрт, сыртым жақсы,
Не себептен мұны айттым, соны тапшы.
Түк өндірмей кетермін мен келмеске,
Қалғандарың қамыңды ойлап бақшы!
Бұл жолдардағы мұң мен сыр – Абайдың «Қалың елім, қазағым…» өлеңіндегі жан күйігімен үндес.
Ақыт өзін Абайдың рухани серігі, мұраттас тұлғасы деп біледі.
Ол ұлы ұстазының адамгершілік, еңбекқорлық, ғылымға ұмтылу, надандықпен күрес идеяларын өз заманының шындығына сәйкестендіріп дамытқан.
Әуре болған ол Абай,
Тобықты туған елімен.
Ол да кейіп кетіпті,
Жүргізе алмай жөнімен.
Бір жағында жауы көп,
Өксіп жылап өтті ғой.
Қара қазақ қамын жеп,
Мен де алыстым сенімен,
Санаңа сарық еміңмен…
Осы өлеңінен-ақ Ақыттың Абайға деген ілтипаты мен оның мұратын өз бойынан өткізіп қабылдағанын көруге болады.
Ақыт Абайдан 23 жас кіші болса да, баспа бетінде өз еңбектерін Абайдан 18 жыл бұрын жариялаған. Соған қарамастан, ол Абайдың даналығын өзінен биік ұстап, «менен бұрын өткен ұлы ұстаз» деп қадір тұтқан. Бұл Ақыттың парасаты мен рухани кісілігінің белгісі.
Абай мен Ақыттың ой сабақтастығы мына бағыттарда тоғысады:
Надандықпен күрес және білімге ұмтылу;
Адамдық пен имандылықты қатар ұстау;
Қазақ қоғамының кемшілігін ашып айту;
Ғылым мен еңбекті басты құндылық деп тану.
Қадыс Жәнәбілұлы
Дереккөз:Ақыт Ұлымжыұлының өлеңдер жинағы.
Басы:https://qandas.kz/a%d2%9byt-%d2%aflimzhi%d2%b1ly-turaly-zertteu-4748/
Жалғасы бар…











