Экономикамыз қарқынды дами бастағалы елімізде білікті маманға деген сұраныс күн санап артып келеді. Өйткені, мемлекет экономикасының базалық салалары тау-кен және мұнай-газ өнеркәсібі, өңдеуші өнеркәсіп саналатын машина жасау, құрылыс материалдары өндірісі, сондай-ақ, қызмет көрсету секторындағы туризм, әлеуметтік қамсыздандыру, қызмет көрсету бағыттарында кадр тапшылығы айқын сезілуде. Дүниежүзілік банк өткізген «Қазақстандағы кәсібилік, жұмыс күшіне деген сұраныс» атты зерттеуге сүйенсек, жұмыс берушілердің 63 пайызы жұмысшылардың білім мен біліктілігі жеткіліксіз болғандықтан бизнестің дамуына кедергі болып отыр деп санайды. Сондықтан шет елден жақсы мамандар іздеу үрдіске айналды. Бұл ащы да болса, шындық. Әрине, әлемдік сапада өнім өндіреміз деп жаңа технологияларды сатып алғанымызбен оны меңгеретін мамандардың жоқтығы толғақты мәселеге айналып отыр.
Қазір бүкіл әлем елдері кәсіптік-техникалық білімнің қажеттілігін бірінші орынға қоя бастады. Өйткені, бүгінгі дәуір технологияның дамуын қажет етіп отырғандықтан, жұмысшы кадрлар тапшылығы сезіле түсуде. Әсіресе, құрылыс, ауыл шаруашылығы, машина және жабдықтар технологиясы, қызмет көрсету саласында білікті мамандар кемшін. Сондықтан кейінгі жылдары шет елдер кәсіптік білім беру мен оқытуды тегін атқарып келеді. Германия, Франция, Финландия елдеріндегі кәсіптік-техникалық оқу орындары өзге елдерде филиалдарын ашып, кадр дайындау жұмысымен айналысуға көшкенінен хабардармыз. Өйткені, техникалық-кәсіптік білім беру – академиялық білім емес, шеберлігі жетілген іскер мамандарды даярлау. Сондықтан оған жұмсалатын шығын басқа білім беру деңгейлерімен салыстырғанда әлеуметтік және экономикалық тұрғыда ақталады.
Айтуларға қарағанда, жылдан-жылға кәсіптік лицейлер мен техникалық колледждерге оқуға барсам деген жастарымыздың саны көбейіп келеді. Жылына бірнеше мыңдаған оқушы техникалық, технологиялық және қызмет көрсету мамандықтары бойынша техникалық лицейлер мен колледждерді бітіріп шығады. Бұлардың 70 пайызы мамандықтары бойынша жұмысқа орналасады. Бұл – өте жақсы көрсеткіш. Дей тұрғанмен, қазақ баласы әлі де техниканың тілін толық меңгеріп кете қойған жоқ. Мысалы, бір ғана құрылыс саласының өзінде қара көздеріміздің қатары аз. Шағын бизнеспен айналысып жүргендердің көбі өзге ұлт өкілдері. Сондай-ақ, ауламыз арам шөптен көз ашпайды. Керісінше, азық-түлік үшін Қазақстанның қыруар қаржысы Қытай мен Өзбекстанға ағылуда. Қала көшелерінде екі қолға бір жұмыс таба алмаған жастардың қарасы жылдағыдан артып барады. Бұл туралы әркім әртүрлі айтып жүр. Егер осы пікірлердің туындауына себеп болған жағдайларға мән бере қарайтын болсақ, оны мынадай бірнеше жаққа топтауға болады.
Біріншіден, санадағы салқындық. Яғни, кеңестік дәуірден қалған, «училищеге тек нашар оқитындар барады» деген жайсыз түсінік. Әрине, кеңестік дәуірдің келмеске кеткеніне ширек ғасырдан астам уақыт өтсе де осы түсініктің әлі де бары рас. Өйткені, бүгінгі күні оқуға түскен жастарымыздың ата-аналары осы бір жағымсыз қағиданы естіп өскен азаматтар. Сондықтан олар балаларын мырза мамандыққа қарай сүйрелейді. Соның салдарынан қоғамымызда ақжағалылар көбейіп алды. Бірақ, ақжағалы болу үшін тұрақты кәсібі, жан бағуға мүмкіндік беретін тіршілігі және белгілі бір мамандықтың қыры мен сырын толық меңгерген болуы керек. Десек те, біздің жастар көлікпен немесе қоларбамен кіре тартқаннан арыға бара алмай жүр. Тіпті, кейбірінің қалтасында бірнеше дипломы болғанымен, оған сай жұмыс табылмайды, ал табылған жағдайда ақшаның аздығынан ол салаға барғысы келмейтіні тағы бар.
Енді бірі – шаруаға қырсыздық. «Қазақ мал бағудан өзгені білмейді» дейтін қасаң қағида бар. Әрине, жасырары жоқ, қазақтың кәсібі – мал бағу десек те, соның шекесін қыздырып жатқан ағайындардың қатары аз. Атарлап қой айдаған, табын-табын сиыр, үйір-үйір жылқысы барлар көп болғанымен, заманға сай мал бағудың батыл қадамына көшіп, өнімін ел асырып пайдаға жаратып жатқанымыз, қане. Тіпті, қазір ет өнімдерінің өзін шет елдерден тасып жатқанымыз ата кәсіпті бір шетке шығара алмағанымызды түсіндірмей ме? Қызығына қараңыз, әр жылы қажылық кезінде Сауд Арабиясында миллиондаған мал құрбандыққа шалынады екен. Оны Австралиядан әкелетін көрінеді. Сондықтан біз ауыл үйді айналсоқтай бермей, әлемдік нарыққа кіруді мақсат еткеніміз жөн.
Үшіншіден, адал еңбектің қадірін қашыратын алаяқтық. Қазіргі қазақ жастарының қолына байлау болып отырған міне, осы. Мұнда біздің қалталы азаматтарымыздың да кінәсі бар. Олардың қайырымдылығы өзбек пен қырғызды жарылқап, өз бауырын алдап кетуден аса алмай жүргендігі жасырын емес. Соның салдарынан темірден түйін түйетін небір азаматтарымыз үйінде бос отыр. Өйткені, олар жұмысқа барғысы келмейді. Істегенмен ақысын ала алмайды. Мына қоғамда теңгесі жоқ адам не істей алсын? Халқымызда: «Жат жарылқамайды» деген нақыл сөз бар. Біз жатты жарылқаудан аса алмай-ақ қойдық. Басқалардың несі кетеді, қаймағыңды қалқып ішіп, қадірің қалмағанда қайқайып шыға береді.
Иә, қазақтың жастары бұранда бұрай алмайды дегендік үстірт ұғым. Қазақ азаматтарының қолынан бәрі де келеді. Мақтанып айтар болсақ, айға әлемде санаулы адам шыққан болса, біздің екі жерлесіміз бар. Алайда, қазақтың баласының адымын аштырмай, күйкі тірліктің құлына айналдырып отырған да өзіміз. Былайша айтқанда, әрбір қазақтың азаматында кем дегенде бір өнер бар. Өкініштісі, оны керекке жарататын жағдайдан ғана ақсап тұрмыз. Абай атамыз айтқандай, “Бай болу үшін кәсіп болуы керек?”. Иә, кәсіп жай ғана айтыла салған сөз болғанымен, оның қиыншылығы мен көп білімді қажет ететіндігін ескерсек, табандылық таныта алғандар ғана өз үлесін алады да, төзе алмағандар жол ортада жұмысын тоқтатуға мәжбүр болады. Дегенмен, ойға алған мақсатын бір басына шығармай тыным таппайтын азаматтар да баршылық арамызда. Міне, солардың кәсіптен нәсіп табуына жол ашатын тиімді жағдай жасалуы керек
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











