«Мектепке жол» республикалық акциясы бойынша облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Қасымов ақпарат берді. Ол сөзінде акцияның мақсаты мектеп жасындағы балаларды толықтай оқумен қамту және әлеуметтік қолдауды қажет ететін отбасылардың балаларына көмек көрсетіп, олардың мектепке толық дайын баруына жағдай жасау екенін атап өтті.
Игі бастама аясында өңірдегі білім беру мекемелері, жергілікті атқарушы органдар, кәсіпкерлер, қоғамдық ұйымдар мен еріктілер бірлесіп жұмыс жүргізуде. Қазіргі таңда көмекке мұқтаж балалар анықталып, оларға мектеп формасы, аяқкиім, сөмке, оқу құралдары мен кеңсе тауарларын табыстау шаралары ұйымдастырылып жатыр. Әсіресе аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларға, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайға тап болған отбасылардың балаларына ерекше назар аударылуда.
Акция туралы тұрғындарға ақпарат беру мақсатында елді мекендерде ақпараттық материалдар орналастырылып, білім беру ұйымдары мен мемлекеттік мекемелердің әлеуметтік желілерінде арнайы хабарламалар жариялануда. Мектептерде ата-аналармен кездесулер өткізіліп, әлеуметтік көмек алу тәртібі мен қажетті құжаттар туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Бұл ата-аналардың жаңа оқу жылына дайындық кезіндегі шығындарын азайтып, қажетті заттарды тиімді бағамен сатып алуына мүмкіндік береді. Балалардың білім алу құқығын қорғауға бағытталған профилактикалық жұмыстар да жүргізілуде. Мектепке бармай жүрген немесе қараусыз қалған балаларды анықтау үшін мамандар отбасыларды аралайды. Рейдтік шараларға білім беру бөлімдерінің қызметкерлері, педагогтер, әлеуметтік мамандар, ювеналды полиция инспекторлары және қамқоршылық органдарының өкілдері қатысады.
«Мектепке жол» акциясы 1 тамыздан 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында әлеуметтік жағдайына байланысты көмекке мұқтаж балаларға қажетті оқу құралдары мен мектепке қажетті заттар табысталады. Ұйымдастырушылар акцияға кәсіпкерлер мен жанашыр азаматтарды атсалысуға шақырады. Көмек көрсетуге ниетті азаматтар тұрғылықты жері бойынша білім беру ұйымдарына хабарласа алады.
Айсұлу Бауыржанқызы
Әмина Саяхатқызы
«Q-Andas ақпарат агенттігінің тілшілері.











