Жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесіне арналған баспасөз мәслихаты өтіп, осы бағыттағы өзекті мәселелер сөз болды. Бұл туралы жетісу облысы бойынша мемелекеттік еңбек инспекциясы департаменті басшысының орынбасары Еркін Дәулетұлы ақпарат берді. Жиында өндірістік жарақаттанудың алдын алу, еңбек қауіпсіздігі талаптарын сақтау және жұмыс берушілердің жауапкершілігіне қатысты атқарылып жатқан жұмыс жайлы айтылды.
Өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алуда ең алдымен қауіпсіздік талаптарын сақтау маңызды. Жұмысқа кіріспес бұрын қызметкер тиісті нұсқамадан өтіп, жұмыс орнындағы ықтимал қауіптермен танысуы қажет. Әсіресе, өндірісте электр тогы, қозғалатын механизмдер, ауыр жабдықтар, жоғары температура немесе химиялық заттар сияқты фактор қосымша сақтықты талап етеді. Мұндай жағдайда жеке қорғаныс құралдарын пайдалану да үлкен рөл атқарады. Арнайы киім, каска, қолғап, қорғаныс көзілдірігі және арнайы аяқ киім қызметкерді түрлі қауіптен қорғауға арналған. Сонымен бірге жұмыс орнындағы тазалық пен тәртіпті сақтау, ақаулы құрал-жабдықты пайдаланбау және қауіпсіздік белгісіне назар аудару қажет.
Жазатайым оқиғалардың бір бөлігі қауіпсіздік ережелерін сақтамаудан туындаса, енді бірі жұмысты дұрыс ұйымдастырмау, қызметкерлерді жеткілікті оқытпау, техникалық ақаулар немесе еңбек тәртібін бұзумен байланысты. Сондықтан еңбек қауіпсіздігі тек жұмыскердің ғана емес, жұмыс берушінің де ортақ жауапкершілігі. Жұмыс беруші қызметкерлер үшін қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз етіп, қажетті қорғаныс құралдарымен қамтуы және еңбек қауіпсіздігі бойынша оқыту мен нұсқаманы тұрақты жүргізуі тиіс. Ал жұмыскер белгіленген талаптарды орындап, өзіне және әріптестеріне қауіп төндіретін жағдайларды дер кезінде хабарлауы қажет.
Еңбек қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарау өндірістегі жазатайым оқиғалардың алдын алудың негізгі жолдарының бірі. Қауіпсіздік талаптары күнделікті жұмыстың ажырамас бөлігіне айналғанда ғана қызметкерлердің өмірі мен денсаулығын қорғауға мүмкіндік молаяды.
Айсұлу Бауыржанқызы
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшісі,
Динара Нарымбай
“Q-Andas” ақпарат агентігінің бейнеоператоры.











