Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі – табиғаты көркем, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі алуан түрлі ерекше табиғи аумақтардың бірі. Тау бөктерінен бастап биік таулар мен мұздықтарға дейін созылып жатқан парк аумағында көптеген жануарлар түрі мекендейді. Солардың ішінде сүтқоректілердің алатын орны ерекше.
Қазіргі таңда парк аумағында 49 түрлі сүтқоректі тіркелген. Бұл – Жоңғар-Алатауы МҰТП-нің табиғи жағдайлары жануарлар үшін қолайлы екенін көрсететін маңызды көрсеткіш. Парк аумағындағы биіктік белдеулердің, өсімдік жамылғысының, су көздері мен жер бедерінің әртүрлі болуы жануарлардың алуан түрінің тіршілік етуіне мүмкіндік береді.
Парк аумағында марал, сібір елігі, жабайы шошқа, таутеке сияқты жұптұяқты жануарлар кең таралған. Олар өсімдіктермен қоректеніп, табиғи ортадағы қоректік байланыстардың маңызды бөлігі болып табылады. Ал қасқыр, түлкі, Тянь-Шань қоңыр аюы, қар барысы, Түркістан сілеусіні сияқты жыртқыштар табиғаттағы тепе-теңдікті сақтауға қатысады. Олар өздерінің қорек түрлерінің санын табиғи жолмен реттеп, экожүйенің тұрақтылығына әсер етеді.
Сонымен қатар парк аумағында сұр суыр, ақ қоян, сарышұнақтар, тоқалтістер мен әртүрлі кеміргіштер, жарқанаттар, жертесерлер мен кірпілер де кездеседі. Әрқайсысы табиғи ортада өзіндік қызмет атқарады.
Жоңғар-Алатауы МҰТП табиғи байлығының бір ерекшелігі – мұнда сирек кездесетін және қорғауға алынған жануарлардың болуы. Парк аумағында Қазақстан Республикасының Қызыл кітабына енгізілген 6 сүтқоректі: қар барысы, Түркістан сілеусіні, сабаншы, Тянь-Шань қоңыр аюы, Тянь-Шань арқары және тас сусары кездеседі.
Бұл сүтқоректілердің табиғаттағы саны мен таралуын бақылау – парк мамандарының маңызды міндеттерінің бірі. Олардың тіршілігіне табиғи ортаның жағдайы, қорек қоры және адам әрекеті әсер етеді. Сирек жануарларды бақылауда қазіргі заманғы әдістердің бірі – фототұзақтарды пайдалану. Фототұзақтар жануарларды олардың табиғи ортасында бақылауға мүмкіндік береді.
Парк аумағындағы сүтқоректілерге бақылау жұмыстары жыл сайын «Табиғат жылнамасы» аясында жүргізіледі. Ғылыми зерттеу жұмыстары және далалық жұмыстар барысында сүтқоректілердің таралуы, саны, маусымдық өзгерістері және сирек кездесетін түрлердің жағдайы туралы мәліметтер жиналады.
Бұл жұмыстар үшін мамандар табиғи аумақтарға шығып, арнайы маршруттар бойынша бақылау жүргізеді, сүтқоректілердің іздерін және тіршілік белгілерін анықтайды, сондай-ақ фототұзақтар орнатады. Жиналған мәліметтер табиғатты қорғау шараларын жоспарлауға және парк аумағындағы сүтқоректілер дүниесінің жағдайын бағалауға мүмкіндік береді.

Парк аумағында жерсіндірілген, яғни интродуцент ретінде есепке алынатын үш түр бар: америка күзені, кәдімгі тиін және ондатр. Кәдімгі тиін парк аумағындағы аралас ормандарда кездеседі. Америка күзені қазіргі уақытта Лепсі өзені мен оның ірі салаларында – Ағынықатты, Қарбушка, Жалаңаш және Теректі өзендерінде мекендейді. Ал ондатр парктың күзет аймағындағы өзен жағалаулары мен су қоймалары маңында кездеседі.
Бұл түрлердің табиғи ортаға әсерін де бақылау маңызды. Себебі жерсіндірілген сүтқоректілер жергілікті түрлермен қорек пен мекен үшін бәсекеге түсуі мүмкін.
Жоңғар-Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің сүтқоректілер әлемі – табиғатымыздың баға жетпес байлығы. Маралдың тауда еркін жүруі, таутекенің жартастарды мекендеуі, жабайы шошқаның орман ішінде кездесуі немесе фототұзаққа сирек кездесетін қар барысының түсуі – осы табиғи ортаның сақталғанының белгісі.
Сүтқоректілердің алуан түрлілігі парк экожүйесінің бай әрі табиғи екенін көрсетеді. Сондықтан жануарларды қорғау, олардың мекен ету ортасын сақтау және тұрақты ғылыми мониторинг жүргізу – бүгінгі күннің ғана емес, келешек ұрпақ алдындағы маңызды міндет.
Сарыхан Иманғали,
Жоңғар Алатауы МҰТП ғылым бөлімінің аңшылықтанушысы.











