Аңдатпа: Бұл мақалада Сиверс алма ағашының (Malus sieversii) таз-қотыр (Venturia inaequalis) және ақ ұнтақ (Podosphaera leucotricha) ауруларына төзімділігін зерттеудің қазіргі жағдайына әдеби шолу жасалды. Сиверс алма ағашының мәдени алма сорттарының бастапқы генетикалық көзі ретіндегі маңызы, оның Қазақстандағы табиғи таралу аймақтары және селекциялық құндылығы қарастырылды. Сонымен қатар, «Апорт» сортының генетикалық ерекшеліктері, жабайы алма формаларының төзімділік қасиеттері және оларды селекцияда пайдалану мүмкіндіктері сипатталды. Алма ағашының негізгі саңырауқұлақ ауруларының таралу ерекшеліктері мен зияндылығы талданып, ауруларға төзімді генотиптерді анықтауда молекулалық-генетикалық маркерлерді қолданудың маңыздылығы көрсетілді. Әдеби деректерді талдау нәтижесінде Malus sieversii генетикалық қорын сақтау, төзімді формаларды анықтау және оларды жаңа жоғары өнімді әрі ауруларға төзімді сорттарды шығару бағдарламаларында пайдалану Қазақстандағы тұрақты бау-бақша шаруашылығын дамыту үшін маңызды екендігі анықталды.
Кілт сөздер: Malus sieversii, алма ағашы, таз-қотыр, ақ ұнтақ, Venturia inaequalis, Podosphaera leucotricha, генетикалық әртүрлілік, молекулалық маркерлер, селекция, төзімділік.

Алма (Malus domestica) жемістері әлемде ең көп тұтынылатын жеміс дақылдарының бірі болып табылады. Оның кеңінен танымал болуы тек жоғары органолептикалық қасиеттерімен, атап айтқанда дәмімен, шырындылығымен және құрылымымен ғана емес, сонымен қатар антиоксиданттарға, дәрумендерге және тағамдық талшықтарға бай жоғары тағамдық құндылығымен де түсіндіріледі [1, 2]. Сонымен қатар, алма жемістері ұзақ уақыт сақталу қабілетімен ерекшеленеді және жыл бойы нарықта қолжетімді бағамен сатылатын өнімдердің қатарына жатады [3].
Қазіргі ғылыми зерттеулердің нәтижелері бойынша мәдени алма сорттарының шыққан отаны қазіргі Қазақстан аумағындағы Тянь-Шань таулы өңірі, оның ішінде Тұзусай ауылының маңы болып есептеледі [4, 5]. Алманың мәдени түрге айналу тарихы б.з.д. I мыңжылдықтың соңынан бастау алады. Оның Еуразия аумағына кеңінен таралуы Ұлы Жібек жолымен тығыз байланысты болған. Бұл үрдісте тұқымдардың жануарлар арқылы қорытылып, жаңа аймақтарға таралуы (эндо-зоохория) маңызды рөл атқарған. Белгілі алма сорттарының ішінде ерекше орын алатыны – Қазақстанның ұлттық мақтанышы саналатын «Апорт» сорты. Бұл сорт ірі жемістілігімен (орташа салмағы 200–260 г, кейбір жағдайларда 600–700 г дейін) ғана емес, сондай-ақ ұзақ уақыт сапасын жоғалтпай сақталу қабілетімен де ерекшеленеді. Осы қасиеттері оның өнеркәсіптік бау-бақша шаруашылығында кеңінен сұранысқа ие болуына мүмкіндік береді [6]. «Апорт» сортының нақты шығу тегі әлі толық анықталмағанымен, молекулалық-генетикалық зерттеулер оның ‘Landsberg Reinette’ сортымен генетикалық туыстығы болуы мүмкін екенін көрсетеді [7]. Қазіргі уақытта коллекциядағы құнды генетикалық материалдардың қатарында «Апорт» сортының іріктелген формалары ерекше орын алады. «Апорт» сорты Алматы қаласының ғана емес, бүкіл Қазақстанның мәдени-тарихи және ғылыми мұрасының ажырамас бөлігіне айналды. Бұл сорт қазақстандықтардың ұлттық мақтанышы, Жетісу өңірінің жауһары, қазақ бау-бақша шаруашылығының төл бренді әрі Алматы қаласының символы ретінде кеңінен танылған. «Апорт» сортының даңқы әлемге таралып, халықаралық сорттар қатарындағы үздік алма сорттарының бірі ретінде мойындалған. Ол Францияда (1900 ж.), Германияда (1908, 1961 жж.), Ресейде (1913 ж.), Англияда (1920 ж.), Венгрияда (1964 ж.) және басқа да беделді халықаралық көрмелерде бірнеше мәрте Алтын медальдармен марапатталған.
Қазіргі таңда Қазақстанда «Апорт» сортының 115-тен астам формасы тіркелген. Бұл формалар агрономиялық қасиеттерді жақсарту және бірегей генетикалық қорды сақтау мақсатында селекциялық бағдарламаларда кеңінен қолданылады. Аталған сортты өнеркәсіптік жағдайда өсірудің тиімді әдістерінің бірі – оны қазіргі мәдени алма сорттарының негізгі арғы тегі болып саналатын жабайы Сиверс алма ағашының (Malus sieversii) телітушілеріне телу болып табылады.
Қазақстан аумағынан шыққан Сиверс алма ағашы (Malus sieversii) XVIII ғасырда алғаш рет неміс ботанигі Иоганн Сиверс тарапынан анықталған. Кейіннен 1830 жылы бұл түрге Карл фон Ледебур ғылыми-ботаникалық сипаттама берген [8]. Бұл түрді зерттеуге көрнекті ғалым Н.И. Вавилов зор үлес қосып, 1920–1930 жылдары Қазақстанды мәдени өсімдіктердің маңызды шығу орталықтарының бірі ретінде бағалады. Оның ғылыми ізденістерін қазақ ғалымы Аймақ Жаңғалиев жалғастырып, ондаған жылдарын жабайы алма ағашын зерттеуге, қорғауға және сақтауға арнады [9].
Malus sieversii – әлемдік селекция үшін аса құнды әрі бірегей генетикалық ресурс болып табылады. Бұл түрдің жоғары генетикалық әртүрлілігі және мәдени алма сорттарында кездеспейтін көптеген бірегей аллельдердің болуы оны жеміс сапасын жақсарту, сондай-ақ аурулар мен қолайсыз қоршаған орта жағдайларына төзімді жаңа сорттарды шығару бағытындағы селекциялық бағдарламалардың маңызды нысанына айналдырады [10]. Қазіргі кезде жабайы Сиверс алма ағашының негізгі табиғи популяциялары Тянь-Шань, Жоңғар Алатауы және Алтай тау жүйелерінде шоғырланған.
Қазіргі уақытта жаңа өндірістік бақтардың едәуір бөлігі шетелдік коммерциялық сорттар мен импорттық көшеттерді пайдалану арқылы отырғызылуда. Алайда мұндай сорттар Қазақстан Республикасының табиғи-климаттық жағдайларына әрдайым толық бейімделе бермейді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасында пайдалануға рұқсат етілген селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізіліміне 23 алма сорты, отандық селекцияның бір клонды телітушісі, тұқымдық телітуші ретінде пайдаланылатын жабайы алманың екі формасы және 23 сорт-клон енгізілген [11]. Бұл генотиптер жергілікті табиғи жағдайларға жақсы бейімделген және селекциялық жұмыстар үшін де, өндірістік бау-бақша шаруашылығында қолдану тұрғысынан да жоғары құндылыққа ие. Аталған генотиптердің қатарына дәстүрлі «Апорт», «Ренет қазақстандық», «Заря Алатау», «Қазақтың мерейтойлық» сорттары, сондай-ақ Malus niedzwetzkyana мен Malus sieversii түрлерінің жабайы формалары және соңғысының табиғи популяцияларынан бөлініп алынған сорт-клондар жатады. Олардың барлығы жоғары генетикалық әлеуетімен және практикалық маңыздылығымен ерекшеленеді. Сондықтан бұл генотиптер тек отандық селекционерлер мен жеміс өсірушілер үшін ғана емес, сонымен қатар халықаралық ғылыми қауымдастық үшін де ерекше қызығушылық тудырады.
Жеміс ағаштарының биологиялық ерекшеліктеріне байланысты оларды көбейту мен өсіру ұзақ уақытты қажет етеді. Тіпті ерте жеміс беретін бастапқы формаларды пайдаланған жағдайда да толық жеміс салатын бір ұрпақ алу үшін кемінде 8–10 жыл қажет болады. Бұл жағдай бастапқы генетикалық материалды дәстүрлі селекциялық әдістермен зерттеуді айтарлықтай қиындатады, өйткені мұндай әдістерде бірінші будан ұрпағымен қатар екінші және үшінші ұрпақтарды да алу талап етіледі [12, 13].
Белгілі болғандай, телітушілер егілген алма сорттарының өсуі мен дамуына шешуші ықпал етеді. Олар өсімдіктің қысқа төзімділігін арттыруға, жеміс салу кезеңін жеделдетуге, сондай-ақ жемістердің морфологиялық және дәмдік сапаларын жақсартуға мүмкіндік береді. Зерттеу деректеріне сәйкес, Қазақстанның тау бөктері мен төменгі таулы аймақтарында «Апорт» сорты үшін ең қолайлы телітушілер Malus sieversii мен Malus niedzwetzkyana түрлерінің жекелеген формалары болып табылады [14]. Қазіргі уақытта жеміс дақылдарының таз-қотыр және ақ ұнтақ ауруларының қоздырғыштарына генетикалық төзімді сорттары мен телітушілерін анықтау селекция саласының басым бағыттарының бірі болып табылады [15]. Жеміс көшеттерін питомниктерде өсіру барысында кездесетін негізгі мәселелердің бірі – саңырауқұлақтар, сирек жағдайда бактериялар мен вирустар қоздыратын жұқпалы аурулардың кең таралуы. Көп жағдайда аурулардың пайда болуы мен дамуы ұзақ уақыт әсер ететін қолайсыз метеорологиялық факторлардың (құрғақшылық, көктемгі және қысқы үсіктер және т.б.) немесе агротехникалық талаптардың сақталмауы салдарынан көшеттердің әлсіреуімен және олардың төзімділігінің төмендеуімен байланысты. Сонымен қатар, залалданған тұқымдар мен жұқтырылған топырақ субстраттарын пайдалану да аурулардың таралуына ықпал ететін маңызды факторлардың бірі болып табылады [16].
Алма бақтарында дәстүрлі түрде кең таралған таз-қотыр мен ақ ұнтақ ауруларымен қатар, соңғы жылдары бұрын экономикалық тұрғыдан айтарлықтай зиян келтірмеген антракноз, қатерлі ісік тәрізді аурулар және өркендер мен жеміс мүшелерін зақымдайтын монилиоздың жаңа формаларының таралуы артып келеді. Әсіресе, соңғы жылдары алма таз-қотырының зияндылығы күшейіп, моногенді (Rvi6 гені) және полигенді төзімділікке ие сорттардың да ауруға шалдығу жағдайлары тіркелген [17–19].
Мәдени алма түрлерінің ауруларға төзімділігі төзімді генотиптерді анықтауға және жеміс шаруашылығында кездесетін өзекті мәселелерді шешу үшін генетикалық әртүрлілікті тиімді пайдалануға мүмкіндік береді. Алма ағашын өсірудегі негізгі шығындар Venturia inaequalis және Podosphaera leucotricha сияқты саңырауқұлақ патогендерінің әсерінен туындайды. Бұл патогендер сәйкесінше таз-қотыр және ақ ұнтақ ауруларын қоздырып, өнімнің саны мен сапасының төмендеуіне себеп болады [20].
Қазіргі таңда молекулалық-генетикалық әдістер селекциялық бағдарламалардың ажырамас бөлігіне айналды. Генетикалық маркерлеу зерттеу жұмыстарының көлемін едәуір қысқартып, селекцияның тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді. XXI ғасырдың басында алма ағашының генетикалық картасында әртүрлі биологиялық және морфологиялық белгілерді, соның ішінде аурулар мен зиянкестерге төзімділікті бақылайтын шамамен 130 ген анықталған. Бүгінгі күні алма ағашының таз-қотырына төзімділікті қамтамасыз ететін 15-тен астам ген белгілі. Олардың шығу тегі, геномдағы орналасуы және ауруға төзімділік деңгейіне әсері жан-жақты зерттелген [21]. Сонымен қатар, кең таралған төзімділік гендері үшін молекулалық маркерлер әзірленген. Бұл маркерлер мақсатты гендері бар генотиптерді дәл анықтауға, олардың жаңа селекциялық материалдарға берілуін бақылауға және маркерлік селекция арқылы бағытталған сұрыптау жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік береді [22, 23].
Осы шолу жұмысының мақсаты – Malus sieversii телітушілерінің алма таз-қотыры (Venturia inaequalis) мен ақ ұнтақ (Podosphaera leucotricha) ауруларына төзімділігін сипаттайтын ғылыми зерттеулерге талдау жасау, сондай-ақ «Апорт» сортымен үйлесімділігі тұрғысынан олардың селекциялық маңызын бағалау. Әдеби деректерді жүйелеу нәтижелері генетикалық әртүрлілікті сақтау, ауруларға төзімді бастапқы материалдарды анықтау және тұрақты бау-бақша шаруашылығын дамытуға бағытталған селекциялық бағдарламаларды ғылыми тұрғыдан қолдауға негіз болады.
Әдебиеттер тізімі:
- Chen, Z.; Yu, L.; Liu, W.; Zhang, J.; Wang, N.; Chen, X. Research progress of fruit color development in apple (Malus domestica Borkh.). Plant Physiol. Biochem. 2021, 162, 267–279.,
- Oyenihi, A.B.; Belay, Z.A.; Mditshwa, A.; Caleb, O.J. “An apple a day keeps the doctor away”: The potentials of apple bioactive constituents for chronic disease prevention. J. Food Sci. 2022, 87, 2291–2309
- Vallée Marcotte, B.; Verheyde, M.; Pomerleau, S.; Doyen, A.; Couillard, C. Health benefits of apple juice consumption: A review of interventional trials on humans. Nutrients 2022, 14, 821.
- Spengler, R.N. Origins of the apple: The role of megafaunal mutualism in the domestication of Malus and rosaceous trees. Plant Sci. 2019, 10, 617.,
- Ha, Y.-H.; Oh, S.-H.; Lee, S.-R. Genetic admixture in the population of wild apple (Malus sieversii) from the Tien Shan Mountains, Kazakhstan. Genes 2021, 12, 104].
- Omasheva, M.E.; Pozharsky, A.S.; Smailov, B.B.; Ryabushkina, N.A.; Galiakparov, N.N. Genetic Diversity of Apple Cultivars Growing in Kazakhstan. J. Genet.2018, 54, 176–187.
- Gritsenko, D.; Pozharskiy, A.; Dolgikh, S.; Aubakirova, K.; Kenzhebekova, R.; Galiakparov, N.; Karimov, N.; Sadykov, S.; Hortic, E.J. Apple Varieties from Kazakhstan and Their Relation to Foreign Cultivars Assessed with RosBREED 10K SNP Array. Eur. J. Hortic. Sci.2022, 87, 1–8.
- Dzhangaliev, A.D. The Wild Apple Tree of Kazakhstan. In Horticultural Reviews; Janick, J., Ed.; John Wiley & Sons: Hoboken, NJ, USA, 2002; Volume 29, pp. 63–303. ISBN 978-0-471-46337-5.
- Forsline, P.L.; Aldwinckle, H.S.; Dickson, E.E.; Luby, J.J.; Hokanson, S.C. Collection, Maintenance, Characterization, and Utilization of Wild Apples of Central Asia. In Horticultural Reviews; Janick, J., Ed.; John Wiley & Sons: Hoboken, NJ, USA, 2002; Volume 29, pp. 1–61. ISBN 978-0-471-46337-5
- Velasco, R.; Zharkikh, A.; Affourtit, J.; Dhingra, A.; Cestaro, A.; Kalyanaraman, A.; Fontana, P.; Bhatnagar, S.K.; Troggio, M.; Pruss, D.; et al. The Genome of the Domesticated Apple (Malus × Domestica Borkh.). Nat. Genet. 2010, 42, 833–839.
- State Register of Selection Achievements Recommended for Use in the Republic of Kazakhstan, 2023 https://sortcom.kz/wp-content/uploads/2023/05/179654_rus_20230417.pdf (accessed 14.05.2023).
- Pessina S., Angeli D., Martens S., Visser R.G.F., Bai Y., Salamini F., Velasco R., Schouten H.J., Malnoy M. The knock‐down of the expression of MdMLO19 reduces susceptibility to powdery mildew (Podosphaera leucotricha) in apple (Malus domestica) //Plant Biotechnology Journal. – 2016. – Vol. 14. – №. 10. – P. 2033-2044. https://doi.org/10.1111/pbi.12562;
- Weber J.L., May P.E. Abundant class of human DNA polymorphisms which can be typed using the polymerase chain reaction //American journal of human genetics. – 1989. – Vol. 44. – №. 3. – P. 388.
- Kaytsenko A.N. Alma-Ata Aport.- Alma-Ata – 1955.- P.25-34
- Gross B.L., Kellogg E.A., Miller A.J. Speaking of food: Connecting basic and applied plant science //American journal of botany. – 2014. – Vol. 101. – №. 10. – P. 1597-1600. https://doi.org/10.3732/ajb.1400409
- Soriano J.M., Joshi S.G., van Kaauwen M., Noordijk Y., Groenwold R., Henken B., van de Weg W.E. & Schoutenet H.J. Identification and mapping of the novel apple scab resistance gene Vd3 //Tree Genetics & Genomes. – 2009. – Vol. 5. – P. 475-482. https://doi.org/10.1007/s11295-009-0201-5
- Nasonov A. I., Suprun I. I. Apple scab: peculiarities of the causal agent and the pathogenesis. – 2015. – P. 275-285
- Yakuba G. V. The study of the main trends in the development of mycoses in changing environmental conditions //Fruit growing and berry growing in Russia. Collection of scientific works. – 2013. – Vol. 26. – №. 2. – P. 355-360
- Bus V. G. M., Ranatunga C., Alspach P. A., Oraguzie N.C., Whitworth C. A partial diallel study of powdery mildew resistance in six apple cultivars under three growing conditions with different disease pressures //Euphytica. – 2006. – Vol. 148. – №. 3. – P. 235-242. https://doi.org/10.1007/s10681-005-9014-2
- Hokanson S.C., Szewc-McFadden A.K., Lamboy W.F., McFerson J.R. Microsatellite (SSR) markers reveal genetic identities, genetic diversity and relationships in a Malus× domestica Borkh. core subset collection //Theoretical and applied genetics. – 1998. – Vol. 97. – P. 671-683. https://doi.org/10.1007/s001220050943
- Di Gaspero G., Peterlunger E., Testolin R., Edwards K.J. Cipriani G. Conservation of microsatellite loci within the genus Vitis //Theoretical and Applied Genetics. – 2000. – Vol. 101. – P. 301-308. https://doi.org/10.1007/s001220051483
- Cipriani G., Lot G., Huang W.G., Marrazzo M.T., Peterlunger E., Testolin R. AC/GT and AG/CT microsatellite repeats in peach [Prunus persica (L) Batsch]: isolation, characterisation and cross-species amplification in Prunus //Theoretical and Applied Genetics. – 1999. – Vol. 99. – P. 65-72. https://doi.org/10.1007/s001220051209
- Xu Y., Crouch J. H. Marker‐assisted selection in plant breeding: From publications to practice //Crop science. – 2008. – Vol. 48. – №. 2. – P. 391-407. https://doi: 10.2135/ cropsci2007.04.0191
Ғалымбек Қ., Бакиров С.Б.
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті











