Аннотация: Сиверс алмасы (Malus sieversii (Ledeb.) M. Roem.) — реликті түр, мәдени алма сорттарының көпшілігінің негізгі арғы тегі әрі «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бірегей табиғи нысаны. Мақалада оның Жетісу өңірінің тарихи-мәдени және табиғи бірлігінің тірі нышаны ретіндегі рөлі қарастырылады. Қола дәуіріне жататын Тасбас қонысы мен ортағасырлық Ташбұлақ қалашығынан алынған археоботаникалық деректер, молекулалық-генетикалық зерттеулер және клон-сорттардың биохимиялық талдауы негізінде бұл түрдің жабайы популяциялары мәдени алма түрлерінің қалыптасуында шешуші рөл атқарғаны және жоғары генетикалық әрі шаруашылық құндылығын сақтап отырғаны көрсетілген.
Мақалада алып ағаш пен табиғи жағдайда сақталған (in situ) байырғы популяцияларға, сондай-ақ Сиверс алмасының 170 формасы табиғи ортадан тыс (ex situ) сақталатын Ботаника және фитоинтродукция институтының коллекциялық қорына «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін беру қажеттілігі негізделеді. Бұл мәртебе генетикалық қорды кешенді қорғауға, ғылыми зерттеулер мен экотуризмді дамытуға және академик А.Д. Жаңғалиевтің ғылыми мұрасын жалғастыруға мүмкіндік береді.
Түйін сөздер: Malus sieversii, Жетісу, Жоңғар Алатауы, археоботаника, Жібек жолы, генетикалық әртүрлілік, ұлттық игілік, коллекциялық қор.

Сиверс алмасы (Malus sieversii) — қазіргі мәдени алма сорттарының көпшілігінің негізгі арғы тегі деп танылған реликті түр. Оның Жоңғар Алатауы ұлттық паркінде өсетін алып ағашы да бірегей табиғи нысан саналады. Бұл жай ғана биологиялық нысан емес, Жетісу өңірінің ежелгі егіншілік пен мал шаруашылығы дәстүрлерінің, сауда жолдары мен киелі ландшафттарының тірі куәсі. Сиверс алмасы раушангүлділер тұқымдасына жататын ірі жемісті өсімдіктердің табиғи эволюциясын Орталық Азияның таулы аймақтарын шаруашылық тұрғыдан игерудің мыңдаған жылдық тарихымен байланыстырады [1, 2, 3].

Мәдени-тарихи мәнмәтін: Жетісудың киелі ландшафттарындағы алма
Алма адамзаттың мифологиялық және мәдени дәстүрлеріне терең енген: Киелі кітаптағы Едем бағынан бастап грек мифологиясындағы Эриданың алтын алмасына дейін кездеседі. Ол білімнің, азғырудың және жаңалық ашудың нышаны ретінде бейнеленеді.
Қазақ тіліндегі «алма» сөзі екі мағына береді: жеміс атауы және «алма» деген тыйым мәніндегі етістік. Ал «Алматы» атауы осы өңірдегі байырғы алма ормандарын еске салады. «Адам», «Эдем» және «әдемі» сөздерінің арасындағы тілдік ұқсастықтар жеміс ағаштарына қатысты мәдени түсініктермен байланыстырылады. Қазақ тіліндегі «алма бет қыз» теңеуі мен ағылшын тіліндегі «Күніне бір алма жесең, дәрігерге бармайсың» деген мақал да алманың адам өміріндегі кең орнын көрсетеді.
Археологиялық деректер өңірдің алмамен ұзақ уақыт бойы байланысты болғанын көрсетеді. Медеу шатқалынан шамамен 3500 жыл бұрынғы жәдігерлер, сондай-ақ 1271 жылға жатқызылатын «Болат Алмату» теңгелері және басқа да заттар табылған [4, 5]. Олар ортағасырлық шаруашылық қызметтің айғағы ретінде қарастырылады (1-сурет). Жабайы алма ормандары Жетісудың киелі ландшафттарымен табиғи түрде астасады: олар жартас суреттері, қорғандар және қасиетті орындармен қатар орналасып, біртұтас табиғи-мәдени кешен құрайды.

Р1-сурет. Археолог К.М. Байпақов Медеу және Алмарасан шатқалдарынан тапқан, 1271 жылға жатқызылатын жәдігерлер. А – «Алмату» жазуы бар теңгелер; Б – әйелдердің әшекейлері; В – қыш ыдыстар.
Терең тамыр: қола дәуіріндегі Жетісу және Сиверс алмасы
Қазіргі археоботаникалық зерттеулер Жетісу мен оған іргелес тау дәліздері қола дәуірінің өзінде мәдени және шаруашылық алмасу жүретін аймақ болғанын көрсетеді. Жоңғар тауларындағы теңіз деңгейінен шамамен 1500 метр биіктікте орналасқан Тасбас қонысында кейінгі қола дәуіріне (б.з.д. 1490–1260 жылдар) тән егіншілік пен мал шаруашылығы қатар жүргізілгенінің іздері анықталған. Мұнда қабықсыз арпа, қысқа масақты бидай, бұршақ және тары өсірілген. Дән өңдеу қалдықтары мен шикі кірпіштегі өсімдік іздері жергілікті егіншіліктің болғанын көрсетеді.
Бұл деректер көшпелілер тек мал шаруашылығымен айналысқан деген біржақты түсінікті қайта қарауға негіз болады. Жетісудың таулы экологиялық аймақтарында бірнеше мың жыл бұрын-ақ күрделі шаруашылық жүйелер қалыптасқан. Мұндай жағдайда жабайы жеміс ормандары, соның ішінде Сиверс алмасының популяциялары, тұрғындардың қорегінде маңызды орын алуы мүмкін. Malus sieversii түрінің ірі жемістері миоцен дәуірінде ірі жануарлар, соның ішінде ежелгі приматтар арқылы таралуға бейімделу нәтижесінде қалыптасқан; кейін олар адам үшін де тартымды жеміске айналды. Осылайша, қола дәуірінің деректері жабайы алманың өңірдің кейінгі шаруашылық және сауда жүйелеріне енуін түсінуге негіз қалайды [1, 6, 7, 8].
Тасбастағы құрылыс материалынан табылған дәнді дақыл сабандарының іздері егіншілікті ғана емес, өсімдік ресурстарының күнделікті тұрмыста кең қолданылғанын да көрсетеді. Бұл жабайы жемістерді пайдалануға да жағдай жасаған. Демек, Жетісудың тау экожүйелерінде қола дәуірінің өзінде мал шаруашылығы, егіншілік және жабайы өсімдіктерді жинау қатар жүрген.
Сиверс алмасының шығу тегі мен мәдени түрге айналуына қатысты молекулалық-генетикалық зерттеулер
Соңғы жылдардағы геномдық зерттеулер мәдени алманың шығу тегі туралы түсінікті нақтылап, Қазақстандағы Сиверс алмасы популяцияларының негізгі рөлін растады. Malus туысының 24 түрін қамтитын 117 үлгінің толық геномын секвенирлеу барысында жеті миллионнан астам бірнуклеотидті полиморфизм анықталып, генетикалық өзгергіштіктің егжей-тегжейлі картасы жасалды. Үлгілер қатарында мәдени алма сорттары, Қазақстан мен Шыңжаңдағы Malus sieversii, сондай-ақ еуропалық Malus sylvestris болды. Талдау қазіргі мәдени алма сорттарының қазақстандық Malus sieversii түрімен тығыз байланысты генетикалық топ құрайтынын, сонымен бірге олардың қалыптасуына еуропалық Malus sylvestris түрі де елеулі генетикалық үлес қосқанын көрсетті [9].
Malus domestica түрінің генетикалық әртүрлілігі Қазақстандағы Сиверс алмасы популяцияларының әртүрлілігіне жақын болып шықты. Бұл мәдени түрге айналу кезінде генетикалық әртүрліліктің күрт азаймағанын көрсетеді. Қазақстан мен Шыңжаңдағы Malus sieversii популяциялары бөлек генетикалық топтар құрайды. Шыңжаңдағы топтың генетикалық біркелкілігі жоғары әрі оқшаулануы күштірек, сондықтан ол селекция үшін құнды ресурс саналады. Бұл нәтижелер Жібек жолы бойымен алма жемістерінің тасымалданғанын көрсететін археоботаникалық деректермен, атап айтқанда ортағасырлық Ташбұлақтан табылған Malus/Pyrus тұқымдарымен үйлеседі. Олар Орталық Азияның будандасу мен таралудағы маңызды дәліз болғанын көрсетеді [2, 9].
Мәдени және жабайы алманың мыңнан астам үлгісін фенотиптік салыстыру да өзгерістер ауқымын көрсетеді: мәдени сорттардың жемістері орта есеппен 3,6 есе ауыр, қышқылдығы 43%-ға төмен және фенолды қосылыстары 68%-ға аз. Мәдени түрлерге ұзағырақ жас кезеңі мен жемісінің кешірек пісуі де тән. Жоңғар Алатауындағы Malus sieversii табиғи популяцияларында сақталған фенолды қосылыстардың жоғары мөлшері және өзге бейімделу белгілері тағамдық құндылығы мен төзімділігі жоғары жаңа сорттар шығаруға қызығушылық тудырады [10].
Молекулалық-генетикалық зерттеулер Қазақстандағы популяциялардың мәдени алманың негізгі генетикалық көзі екенін растап қана қоймай, олардың толық генетикалық әртүрлілігін сақтаудың қажеттігін де көрсетеді. Жетісу мен іргелес аумақтардағы оқшау, генетикалық ерекшелігі бар популяциялар ұзақ селекция барысында жоғалған немесе қатты өзгерген аллельдердің орны толмас қоры болып табылады.
Биологиялық құндылығы және А.Д. Жаңғалиевтің ғылыми мұрасы
Сиверс алмасы теңіз деңгейінен 800–2000 метр биіктіктегі ормандардың қалыптасуына ықпал ететін негізгі түрлердің бірі. Оның басты алқаптары Іле Алатауы мен Жоңғар Алатауында шоғырланған. Н.И. Вавилов 1929 жылы-ақ бұл өңірді мәдени алманың шығу тегі орталықтарының бірі ретінде атап өткен [11]. Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі А.Д. Жаңғалиев зерттеулерді жалғастырып, алма формаларының ауқымды коллекциясын жасады. Ол аязға және ауруларға төзімділігімен, өнімділігімен әрі сәндік қасиеттерімен ерекшеленетін 27 сорт-клонға патент алды. Олардың қатарында Ася, Жоңғар, Жоңғардың күлгін алмасы және Кішкентай Әсем бар [12, 13].
1989–2006 жылдардағы халықаралық экспедициялар мен кейінгі молекулалық-генетикалық талдаулар M. sieversii қазіргі алма сорттарының негізгі арғы тегі екенін растады. Климат өзгерісі жағдайында мәдени сорттардың төзімділігін арттыру үшін бұл түрдің генетикалық қоры әлемдік селекцияда кеңінен пайдаланылады [14, 15].
Ұлттық игілік мәртебесін берудің ғылыми негіздері
Алып ағаш пен Malus sieversii түрінің байырғы популяциялары бірнеше маңызды өлшемге сай келеді. Олардың биологиялық бірегейлігі жекелеген ағаштардың жасымен және популяциялардың жоғары генетикалық әртүрлілігімен айқындалады (2-сурет). Тарихи-мәдени құндылығы қола дәуірімен, ортағасырлық сауда жолдарымен және киелі ландшафттармен байланысынан көрінеді.
Теңіз деңгейінен шамамен 2200 метр биіктікте орналасқан ортағасырлық Ташбұлақ қалашығынан (б.з. 800–1100 жылдары) алынған археоботаникалық деректер алма және басқа ағаш дақылдарының жемістері Жібек жолы бойымен тасымалданғанын көрсетеді. Кеш көктемгі үсіктер салдарынан жеміс ағаштары жақсы өнім бере алмайтын биік таулы жерде Malus/Pyrus тұқымдарының табылуы жемістердің төменірек аймақтардан жеткізілгеніне меңзейді. Бұл Орталық Азияның алманың будандасуы мен одан әрі таралуында дәліз қызметін атқарғанын көрсетеді.
Ұлттық игілік мәртебесін беру қорғауды күшейтуге, ұзақ мерзімді мониторинг ұйымдастыруға, экотуризмді дамытуға және академиктің ісін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Түрдің ғылыми маңызы А.Д. Жаңғалиевтің еңбектерімен және агробиоәртүрлілікке қатысты қазіргі зерттеулермен айқындалады. Табиғи популяциялар мен алып ағашпен қатар, Ботаника және фитоинтродукция институтында сақталған Қазақстанның жабайы жеміс өсімдіктерінің коллекциялық қорына да ұлттық игілік мәртебесін беру орынды.
Қазір бұл қорда республиканың әртүрлі тау жүйелерінен — Іле Алатауы, Жоңғар Алатауы, Қаратау, Тарбағатай және Кетпен тауларынан — іріктелген Сиверс алмасының 170 формасы сақталады. Көпжылдық еңбектің нәтижесінде академик А.Д. Жаңғалиев қалыптастырған және оның шәкірттері жалғастырып келе жатқан бұл коллекция Malus sieversii генетикалық әртүрлілігін табиғи ортасынан тыс (ex situ) сақтайтын бірегей қор болып табылады. Ол аязға және ауруларға төзімділік, биологиялық белсенді заттардың жоғары мөлшері сияқты құнды бейімделу белгілерін сақтауға көмектеседі. Бұл белгілердің бір бөлігі мәдени бақтарда жоғалған немесе айтарлықтай өзгерген.
Ресми қорғау мәртебесі болмаса, қор ұйымдастырушылық және қаржылық тәуекелдерге осал болып қала береді. Ұлттық игілік мәртебесі оны тұрақты сақтау мен пайдаланудың құқықтық және институционалдық негізін қалыптастырады. Сондай-ақ қорды ұзақ мерзімге сақтауға кепілдік беріп, ғылыми зерттеу мен селекциялық қолдану мүмкіндігін кеңейтеді әрі Сиверс алмасының генетикалық қорын табиғи популяциялардан бастап өсірілетін формаларына дейін қамтитын біртұтас қорғау жүйесін құруға жол ашады.
Зертхананың қазіргі зерттеулері: Жоңғар Алатауынан алынған Сиверс алмасы сорт-клондарының биохимиялық және технологиялық құндылығы
Академик А.Д. Жаңғалиев қалыптастырған Ботаника және фитоинтродукция институтының коллекциялық қоры әлі де белсенді зерттеліп келеді. Сиверс алмасының генетикалық қорын табиғи ортасынан тыс сақтайтын аса маңызды бөлік ретінде ол да ұлттық игілік мәртебесіне мұқтаж.
Зертхана қызметкерлері өткен ғасырдың 1990-жылдарында Жоңғар Алатауының табиғи популяцияларынан іріктелген Сиверс алмасының 15 сорт-клонына кешенді талдау жүргізді: ТП19, ТП21, ТП22, ТП23, ТП24, ТП25, Л11, Л12, Л13, ТМ1, ТМ2, ТМ5, ТА28, ТО12, ТС17.
Жемістердің мөлшері айтарлықтай өзгереді: өте ұсақ жемістердің салмағы 16–40 г (ТП24, ТМ1 және басқалары), ал орташа жемістердікі 111–150 г (Л12, ТП25). Шырын шығымы 41–50%-дан 59–67%-ға дейін ауытқиды. Құрғақ заттар мөлшері жоғары (16–23%) ТМ1, ТА28, ТП23, Л11, ТП21, Л13, ТС17, ТП22, ТП19, ТП24 және ТП25 сорт-клондары ерекше құнды. Қант мөлшері жоғары (11–17%) ТП25, ТП23, ТП19, ТП21, ТА28 және Л11 тобы да анықталды.
Фенолды қосылыстардың жоғары мөлшері шарап өнімдерін өндіру үшін маңызды. Зерттелген Сиверс алмасы сорт-клондарында лейкоантоциандар мөлшері 47–651 мг/100 г аралығында болды. Лейкоантоциандар мөлшері жоғары сорт-клондар ретінде ТП24, ТП22, Л12, ТМ1, ТМ5, ТП23 және ТМ2 бөлініп көрсетілді. Олардың көрсеткіштері тиісінше 651, 610, 280, 259, 237, 236 және 200 мг/100 г болды [16].
Коллекциялық қорда іріктеліп, жерсіндіру сынағынан өтіп жатқан Сиверс алмасының сорт-клондары селекция үшін де, тамақ өнеркәсібі үшін де маңызды. Олар жаңа сорттардың төзімділігі мен сапасын арттыруға, сондай-ақ шырын, мармелад, цукат және басқа өңделген өнімдер шығаруға пайдаланылуы мүмкін. Биологиялық белсенді заттарының жоғары мөлшері оларды мәдени сорттарды толықтыратын құнды табиғи шикізатқа айналдырады. Бұл зерттеулер А.Д. Жаңғалиевтің ісін тікелей жалғастырып, Жетісудағы Сиверс алмасының генетикалық қорын сақтаудың тәжірибелік маңызын көрсетеді.

2-сурет. А — Жоңғар Алатауындағы алып Сиверс алмасы, 2015 жыл; Б — Сиверс алмасының түрішілік алуан түрлілігі.
Қорытынды
Алып Сиверс алмасы Жетісудың мыңжылдық тарихын — қола дәуіріндегі егіншілік пен мал шаруашылығы қатар жүрген кезеңді, орта ғасырлардағы Жібек жолы бойындағы алмасуды және бүгінгі ғылыми мұраны — бойына жинақтаған. Алып ағашқа, байырғы популяцияларға және коллекциялық қорға «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін беру генетикалық қорды табиғи жағдайда (in situ) және табиғи ортадан тыс (ex situ) кешенді қорғауға, сондай-ақ Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының академигі А.Д. Жаңғалиевтің ісін жалғастыруға мүмкіндік береді.
Пайдаланылған әдебиеттер
- Spengler R.N. Origins of the Apple: The Role of Megafaunal Mutualism in the Domestication of Malus and Rosaceous Trees // Frontiers in Plant Science. 2019. Vol. 10. Art. 617. DOI: 10.3389/fpls.2019.00617.
- Spengler R.N., Maksudov F., Bullion E., Merkle A., Hermes T., Frachetti M. Arboreal crops on the medieval Silk Road: Archaeobotanical studies at Tashbulak // PLoS ONE. 2018. Vol. 13, No. 8. e0201409. DOI: 10.1371/journal.pone.0201409.
- Spengler R.N. Agriculture in the Central Asian Bronze Age // Journal of World Prehistory. Vol. 28. P. 215–253. DOI: 10.1007/s10963-015-9087-3.
- Байпаков К.М. Средневековые города Казахстана на Великом Шёлковом пути. – Алматы: Ғылым, 1998. – 216 с.
- Байпаков К.М., Настич В.Н. Клад серебряных вещей и монет XIII в. из Отрара // Казахстан в эпоху феодализма (Проблемы этнополитической истории) / отв. ред. А.Х. Маргулан. – Алма-Ата: Наука КазССР, 1981. – С. 20–60.
- Spengler R.N., Frachetti M.D., Doumani P.N. Late Bronze Age agriculture at Tasbas in the Dzhungar Mountains of eastern Kazakhstan // Quaternary International. 2014. DOI: 10.1016/j.quaint.2014.03.039.
- Doumani P.N., Frachetti M.D., Beardmore R., Schmaus T.M., Spengler R.N., Mar’yashev A.N. Burial ritual, agriculture, and craft production among Bronze Age pastoralists at Tasbas (Kazakhstan) // Archaeological Research in Asia. 2015. DOI: 10.1016/j.ara.2015.01.001.
- Spengler R.N., Kienast F., Roberts P., Boivin N., Begun D.R., Ashastina K., Petraglia M. Bearing Fruit: Miocene Apes and Rosaceous Fruit Evolution // Biological Theory. 2023. Vol. 18. P. 134–151. DOI: 10.1007/s13752-022-00413-1.
- Duan N., Bai Y., Sun H., Wang N., Ma Y., Li M. et al. Genome re-sequencing reveals the history of apple and supports a two-stage model for fruit enlargement // Nature Communications. 2017. 8. Art. 249. DOI: 10.1038/s41467-017-00367-0.
- Davies T., Watts S., McClure K.A., Migicovsky Z., Myles S. Phenotypic divergence between the cultivated apple (Malus domestica) and its primary wild progenitor (Malus sieversii) // PLoS ONE. 2022. 17, № 3. e0250751. DOI: 10.1371/journal.pone.0250751.
- Вавилов Н.И. Роль Центральной Азии в происхождении культурных растений: (предварительное сообщение о результатах экспедиции в Центральную Азию в 1929 г.). – Л.: Ин-т растениеводства, 1931.– 44 с.
- Джангалиев А.Д. Уникальное и глобальное значение генофонда яблоневых лесов Казахстана // Доклады Национальной Академии наук Республики Казахстан. – 2007.– № 5. – С. 41–47.
- Мұқан Г.С., Ситпаева Г.Т. Генофонд яблони Сиверса (Malus sieversii Ledeb. M. Roem.) Главного ботанического сада: состояние и перспективы развития // Spiraeanthus. № 1. С. 19–25. DOI: 10.71130/3079-6245-2025-2-1-19-25.
- Forsline P.L., Aldwinckle H.S., Dickson E.E., Luby J.J., Hokanson S.C. Collection, maintenance, characterization and utilization of wild apples of Central Asia // Horticultural Reviews. Vol. 29. P. 1–61.
- Джангалиев А.Д. Формовой состав популяции яблонников и их селекционно-генетическое значение. – Алма-Ата, 1969. – 92 с.
- Муканова Г.С., Санкайбаева А.Г., Шадманова Л.Ш., Куджабергенова Ш.Н., Смаилова М.К. Биохимическая и технологическая характеристика новых сортов-клонов яблони Сиверса из Джунгарского Алатау // Биология растений и садоводство: теория, инновации. 2017. Т. 144, ч. 1. С. 203–207
Мұқан Г.С., Санкайбаева А.Г., Кидарбек Т.
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Ботаника және фитоинтродукция институты» ШЖҚ РМК, Қазақстан
appleforest_protection@yahoo.com
.











