Спектакль авторы – Иран Ғайып
Қоюшы режиссер – Базарбек Тоқымтаев
Қоюшы суретші – Қарлығаш Шалабаева
ҚР Жастар Одағы «Серпер» сыйлығының иегері
Шүкiр, бiз тәуелсiз елiмiздiң iргесi бекем, ғұмыры ұзақ болғанын қалаймыз. Бұл тiлекке келгенде бәрiмiз бiр ауыздымыз. Бiрақ сол мақсатқа жеткiзер жолды таңдаудағы көзқарасымыз сан түрлi. Өткенiмiздi жете зерттемегендiктен де, тарихтан сабақ алмағандықтан да, тоталитарлық жылдары санамызға қалыптастырылған кейбiр ұстанымнан әлi де арыла алмай келемiз. Әлбетте, құндылықтар өзгерген қазіргі қоғамда әдебиетке деген көзқарас та өзгерді. Оның үстіне, соңғы уақыттарда «қазақ қаламгерлері бүгінгі заман туралы жазбай жүр» деген пікірлер жиі айтылуда. Құдайға шүкір, жаңа туындылар көптеп жазылып жатқанын мойындауымыз керек. Тіпті, бүгінгі күннің әлеуметтік астарына үңіліп жүрген біреулер бар ма? Бар екен. Б. Римова атындағы облыстық драма театрында сахналанған Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруа» атты спектаклі осы сұраққа нақты жауап бергендей болды. 
Қазаққа Иран-Ғайып болып танылған аталмыш қойылымның авторының ақындық талантын, қаламгелік қуатын оқырман қауым толық біледі. Сонымен қатар, Иран-Ғайып драматургия саласындағы жемісті еңбегімен де жұрт жүрегінен ойып орын алған. Мәселе Иран-Ғайыптың көп жазғанында емес, оның өз шығармаларында адам болмысы арқылы эстетикалық тұтастыққа негіздеп өзгеше бір сәулетті әлем жасайтындығында. Оның «Негізгі шаруа» спектакліде осындай қасиеттермен әдіптелген көркем дүние.
Расында, ешкім батылы жетпейтін тақырыпқа тек жүректі қаламгер ғана бара алады. “Негізгі шаруа” осындай жүректі ойдан туған жұлымыр шығарма. Өйткені, онда біз жасап отырған қоғамның шынайы болмысы, ащы ақиқаты бүге жіктемей, бүкпесіз баяндалады. Көлеңкесінен қорқу, жоғарыға жағыну, төменді аяғымен көрсету дейтін пендешілдіктен аулақ. Тіпті, оқиғаның, түйінді ойдың көбі арамызда жүрген адамдарға тіке бағытталған. Әлбетте, біз өте бір күрделі қоғамда, яғни, «Өзі би, өз қожа болған» кезеңде жасап жатырмыз. «Таяқтың екі үші бар» демекші, өз алдына бір-бір құдай болған адами болмыстан шығар жол табу, қаумалаған қауымның бәріне жағу қиын. Тіпті, тірілер жайлы жазудың өзі салмақты ойды талап ететін, қаламның ұшын маймаңдатып тастайтын тақырып.
Сондай-ақ, бүгінгі қоғамдағы тағы бір сорақылық – әркім өз шаруасымен айналыспайды. Бірақ, әркімнің өзіндік «Негізгі шаруасы» бар. Десе де, оның бәрі баспалдақтап өрлеген қоғамдық құрылымның төңірегінде өрістейді. Сол өрісті келісті ойына арқау еткен Иран-Ғайыптың «Негізгі шаруа» спектакліндегі оқиға қарапайым ғана отбасылық өмірден етек алады. Жай көзге жадағайлау көрінгенімен шығарманың астары тереңде. Тағы бір жағынан, спектакльде бейнеленген қырандар (Жоғары лауазымдағылар), қырғилар (шенді деңпенділер), қарғалар (қарапайым еңбек адамдары) сияқты үш топтың арасында таласқа түскен тағдырлар көрген жанды бейжай қалдырмайды. Расында, өзіміздің жақсы қырымызды қаншалықты қадірлегенімізбен, «Кедей – бай болсам, бай – құдай болсам» деген уытты ойды санамызға сіңіріп алғанымызды жасыра алмаймыз. Ал жоққа қолымыз жеткен де соған жеткізген жандардан теріс айнала салуды ар мен намыстың талқысына салмайтын болғанбыз. Ең қарапайымы, әкең жасамаған жақсылықты жасаған адамдарды да табаны тайып кетсе, «Құлан құдыққа құласа, басына құрбақа ойнаптының» керін келтіріп, теріс айналып кете беруді каперімізге мықтап сіңірдік. Тіпті, ата-бабадан жалғасқан таза сүйіспеншілік пен арлы адамгершілікті белден баса салуға әрқашан дайынбыз. Қысқасы, жеке мүддешілдік жүрегімізді жаулап бітті. Спектакльдегі Тұрғын міне, осындай өмірдің өкілі. Оның араласпайтын адамы жоқ. Басына бақ болып қонған әйелін алдауды, оның адамгершілік, кеңдік, бейжайлығын аңқаулыққа балап, алдаусыратуды әдетке айналдырған пенде. Суық жүрісіне өзі арланбайды. Қайта, айналасындағыларды арбап, ақша жасау, көрінген әйелдің етегін аңдыған пендешілдігін, әйелінің аңқаулығына алмастырған ақымақтау қылығына мәз болады. Және де үш топтың ортасында ит жығыс болумен алданыш табатыны бар. Қарғаларды (Қарапайым бұқараны) табанымен таптауға, қырғилардан (Шенді-шекпенді) пайда алуға дайын. Мақсаты – қырандарға (Жоғары жікке) жету. Қарап отырсаң, айналамызда байлыққа өмешегі үзіліп, көздері ақшаға құныққан, билікке өліп-өшіп ұмтылған, көкейін атақ алдаусыратқан адамдар өріп жүр. Осындай кері кеткен құбылыс қоғамның барлық саласында кең өріс алуда. Бұл «дерт» Қазақстан дейтін республиканың түпкір-түпкірін түгелдей қамтыған.
Осы «дерт» жемқорлық дейтін терминді өмірімізге сіңіріп үлгерді. Жасыратыны жоқ, қазір «коррупциясыз» ешқандай тірлік бітпейді. Әлбетте, жемқорлық, сыбайластық, қылмыстың түр-түрі – бәрі теріс пиғылға жатады. Дейтұрғанмен, сыбайлас жемқорлық дегеніңіз – оңайшылықпен құрдымға кете салатын құрылым емес. Өйткені, онымен бабаларымызда көп күрескен көрінеді. Ертеден қалған:
Көбелек келіп күмп етіп,
Көбігін ішіп ол кетті.
Жапалақ келіп жалп етіп,
Жарымын ішіп ол кетті.
Қарға келіп қарқ етіп,
Қалғанын ішіп ол кетті.
Сауысқан келіп саңқ етіп,
Сарқып ішіп ол кетті.
Қырғауыл келіп қиқу сап,
Қазан түбі қаспағын қырнап ішіп ол кетті,
– деп келетін өлең жолы соның айғағы емес пе? Бұл ақиқат қойылымда да толық көрініс тапқан. Айтпақшы, спектакльдегі Тұрғын өзі жетім өскен, ауылдың қара домалақ баласы. Қиындықта жүріп оқыды, іздене жүріп, биікке ұмтылды. Арманы алдамапты Астанадағы білдей бір министрліктің лауазымды адамына айналды. Бірақ, құрғыр қу нәпсі оның таза да кіршіксіз адами болмысын мидай былықтырып жіберді. Әрине, Тұрғынның жасаған ісі, қолданған амалына жаның күйіп, шыдамың таусылатыны анық. Бірақ, «Жалғыз шауып бәйге алмас» дегендей, оғанда түсіністікпен қарауға болады. Егер ол әділетті болса, бәрі бір сол ортаға сіңісіп, ойып орын ала алмас еді. Алған күннің өзінде тұрақтап қала алмас еді. Сондықтан түлкідей бұлғаңдап тірлік етуі керек. Басқа амалы да жоқ. Оның бар арманы қарғалардың қалтасындағы бары мен жоғын қымқырып алып, қырғиларды арбап, қырандармен теңелу. Ол үшін ақша, байлық, қулық-сұмдық, алдап-арбау, аяқтан шалу керек. Жүрегіне даладай кең қазақы қасиетті сіңіріп өскен Тұрғын кербақпа қоғамның кесірінен кеңірдек қамы үшін соның бәріне машықтанған. Осындай сырқатпен дерттеніп жүргендер қаншама деші арамызда?!
Қойылымның көтерген жүгі, арқалаған ойы, таным тұрғысынан әлі талай ойды суыртпақтауға болатын еді. Десе де, осындай күрделі туындыны сахналаудың өзі үлкен жауапкершілікті талап етеді. Сондықтан тәжірибелі режиссер ғана жүректі шығарманың кілтін таба алатындығы анық. «Негізгі шаруа» бұған дейінде еліміздегі бірнеше театрында қойылыпты. Өкінішке орай, сәтті шықпаған көрінеді. Бірақ, ол облыстық театрда сахналанғаннан кейін жұрт арасында ризашылыққа бөленгенін несін жасырайық. Тіпті, шығарма авторының өзі спектакльдің қоюшы-режиссері, Б. Римова атындағы облыстық драма театрының әртісі Базарбек Тоқымтаевқа алғысын айтып, ризалығын білдіргені көп жайды ұғындырса керек.
Расында, қойылым басталған тұста көрермен ешнәрсенің байыбына бара алмай аңтарылып қалатыны жасырын емес. Небары үш-ақ адам (Тұрғын – Сағындық Жұмаділов, әйелі Саяш – Аян Қожбанова, ойнастан туған мүгедек бала Нұр – Еркебұлан Айдымбаев) рөлде ойнайтын спектакльдің тең жарымы Тұрғынның ішкі болмысын ашуға бағытталған. Ондағы оқиға желісі Тұрғынның телефон арқылы сөйлескен диялогы арқылы беріледі. Осы барыстағы дауыс ырғағы, тұрған тұрысы, көңілденгені мен көңілсіз кейпі арқылы оның жиіркенішті кейіп-кеспірі ашыла түседі. Режиссер осы шындықты дөп басу үшін үш топтың орнына биліктің ең биігін бейнелейтін көк түсті, шенді-шекпенділерді көрсеткен қызыл бояулы, қарапайым қара халықтың бейнесін көрсететін сұр түсті сатыны таңдап алған. Тұйғынның бар әрекеті осы үш сатының айналасында өрбиді. Ол көк түсті сатыға киімін іліп қояды. Мұнысы соған жету, оның маңына келгенде дауысы да өзгеріп, жалған бейнесі ашыла түседі. Осы кезде Абайдың.: « Болыс болдым мінекей, Бар малымды шығындап”, – деген өлеңі еріксіз есіңе оралады. Бірақ, қызыл бояулы сатының төңірегінен шықпайды. Өйткені, олардың байлығынан пайдалану арқылы қалтасын қалыңдатып, көк түсті сатыға жетуді армандайды. Ал сүр түсті сатыны аяғымен таптап, тіпті, итеріп, жығып, тапап өтеді. Оның жанына келгенде мінезі долыланып, дауысы өзгеріп, кісімсіп, «Әлсіздің сөзін салғыртсып, Шала ұғамын қырындап» дегендей күй кешеді. Былайша айтқанда, қарапайым халық ол үшін түкке керекгі жоқ. Себебі, Тұрғынға олардан келетін пайда шамалы.
Ал қалған бөлігінде отбасылық жауапкершілік, адами қасиет, ұждан тартысы бейнеленеді. Ондағы оқиға әйелінің ауру шешесінің қалын біліп, ауылдан оралуымен қатар, ойнастан туған баласы Нұрдың үйге келуімен өріледі. Тұрғын қанша жерден алаяқ болғанымен шындық оның ойлағанындай болмайды. Әйелінің алдында барлық жасырын бет-бейнесі ашылады. Бірақ, мынау, тасбауыр тірліктің қысымына еті үйренген, жақсы күнінен қол үзіп қалмауды ойлаған, сондай-ақ, бала бақыты бұйырмаған бейшара әйел бәріне кешіріммен қарайды. Бірақ, адамдық, ар-намыстан жұрдай болған Тұрғынның аюандық қылығының салдарынан Саяш пен Нұр бәрі бір тастанды болады. Мұндай өмір қазіргі екінің-бірінің басында бар. Шындығына келер болсақ, қойылымды көруге келген көрерменнің көбінің басында осындай жағдай бар, жоқ деген күннің өзінде бірталайы соған дайындалып жүргендер. Әркімнің шымбайына батар шындық қой бұл. Қазір шындықты мойындайтын адам бар ма? Жоқ. Бәріміз судан ақ, сүттен тазамыз. Бірақ, айналамыздағы жүрек ауыртар жағдайлар қанша жасырғанымызбен өзінің ақиқатын күн сайын, сағат сайын дәлелдеп келеді.
Әрине, театр саласындағы спектальдің бағын ашатын маңызды түйін – режиссер мен актер арасындағы түсіністік. Өйткені актер бірде ел бастаған көсемді, енді бірде сөз ұстаған шешенді, айта берсек, батырды, баланы, керек болса алқашты, аңқауды да, қандай рөл тура келсе соны сахнада сомдайды. Егер режиссер актердің жан дүниесін, ішкі болмысын, шеберлігін толық түсіне алса, онда оған лайықты рөл бөліп, оны сәтті сомдап шығуға мүмкіндік тудыруға болады. «Негізгі шаруаның» сәтті шығуы да режиссер мен актердің бірін-бірі толық танып, сәтті еңбек етуінің нәтижесінде табысты болды деуге негіз жеткілікті. Себебі, аталмыш спектакль республикаға танымал кино және театр әртісі, облыстық театрдың әртісі Сағындық Жұмаділовтың 50 жасқа толған мерейтойына орай сахналанды. Сондықтан қойылымның сәтті шығуына тағы бір жағынан басты рөлді сомдаған Сағындықтың еңбегі мол болды. Өйткені, Сағындық желтоқсанның өтінде шыңдалып, тәуелсіздікпен бірге түлеген өнерпаз. Біраз жылдық еңбек жолында өнердің біраз саласында жұмыс атқарды, басшы да, бұқара да болды. Оның бойында сахнаға деген бөлекше талант бар. Сонымен қатар, Сағындық режиссердің тапсырмасына бағынумен қатар, өзінің жасампаздығын қосып, қолтаңбасын қалдырып отырады. Қысқасы, Тұрғынның бар болмысын, оның жан дүниесін Сағындықтай терең түсінетін әртіс жоқ десе де болады. Оның үстіне қоюшы – режиссер Қарлығаш Шалабаеваның да шешімімен сахнаның жеңіл маталармен әдіптелгені, күлгін сәуленің жиі қайталануы, бастан-аяқ Игорь Курутоидың орындауындағы «Мастер и Маргарита» әнінің әуені мен балалардың шат күлкісінің үні бірі-бірін толықтырып, идеяның ашылуына сеп болған. Сонымен қатар, Тұрғынның әр бейнесін құлтемірдің (Робут) бейнесі арқылы жағымды-жағымсыз тұрғыда суреттеудің астарында да үлкен мән жатқаны анық.
Қай қырынан келсек те, қойылым сәтті шықты. Басында оқиғаның қалай өрбитінін анық ұғына алмай отырған көрермен тартысты қойылымды көріп біткен соң көкейіндегі “Әттегенайлары” көпке дейін көңіліңнен көтерілмей жүретіні анық. Ендеше, сіз де бір көріп қайтыңыз?
Дереккөз: «Жетісу» газеті, №25, сенбі, 23 ақпан, 2013.
Қажет Андас
Q-Andasақпараттық агенттігі.
Фото автордың жеке қорынан алынды.











