Өткен ғасырдың сексенінші жылдарының соңы. Туған жерім Күнес ауданының Аралтөбе-Кеңсу ауылына (ҚХР) жұмыс бабымен жол тарттым. Туып-өскен жерім болса да, талай жыл шетте жүргендіктен бе, әлде жүрекке орныққан жүдеу ойдан ба, кім білсін, Іле өзенінің іргесінде орын тепкен жұпыны ауыл, бала-шағамыз да қыс күндері сырғанақ теуіп, жаз күндері көк майсасына аунап өскен Көктөбе жатырқай қарады. Бірақ ауыл шетіндегі алаңқайда әңгіме көрігін қыздырып тұрған үш жігіт мені көріп, алақандарын ала жүгірді:
– Ассалаумағаликум, Андас аға, туған ауылыңыздың саумал самалын сіміріп, сейілдеп қайтқалы келдіңіз бе? Танымай қалуымыз орынды. Сіз ауылдан алысқа аттанғаныңызда біз тізесіне түкіріп, балтырын жарқыратып, көк шыбық атқа мініп, шапқылап жүрген ойын баласы едік. Өзіңізді білеміз. Ауылымыздан шыққан азаматтардың ақылман ағасысыз. Сыртыңыздан ыстық көңілмен қабылдап, сүйініп жүреміз, – деді жамырай сөйлеп.
Оларға көңіл аударып қарадым. Үшеуі де ықшам әрі ретті, жанарынан жігер ұшқыны мен үміт оты жарқылдайды. Бірыңғай мақтадан тоқылған келте жең ақ көйлектерінің арқасында:
Құс боп ұшып, жоғалсам нетер едің,
Сені іздеумен мәңгілік өтер едім.
Отқа түсіп, өртенсем не етер едің,
Гүл боп бірге соңыңнан кетер едім.
Бұлдырасам сағым боп, не етер едің,
Жел боп қуып, ақыры жетер едім.
Қайғы әкелсең басыңа не етер едің,
Қойшы, сәулем, бәрін де көтеремін, (Мұқағали Мақатаев), –
деген өлең жолдарын үлкен, айшықты әріптермен әдемі етіп бастырып алыпты. Өлеңнің оң жақ басына қалың қасты, тұңғиық көзді, ойлана қарап отырған кескінді адамның суреті салынған. Ол, әрине, ақын Мұқаңның портреті еді. Бұл жолдарды қайталап оқыдым. Оқыдым да іштей тебірендім. Жастардың адал махаббат ұранына айналған, талпынған жүректі жаулап, жан сезімді баурап алатын неткен сиқырлы, керемет, өткір, тартымды өлең жолдары деймін сүйініп. Осы ойлардың жетегіне елітіп, сәл үнсіз қалыппын. Осындай сезімде тұрған сәтте жол бойына орнатылған бағанадағы радиоқабылдағыштан:
– Қадірлі, бауырластар, қазақтың біртуар ақын ұлы Мұқағали Мақатаевтың «Сары жайлау» әнін қабыл алыңыздар, – деген диктор қыздың тұнық дауысы саңқылдап шығуымен:
Жазира, жасыл кілем өрнектеген,
Туған жерге, дариға, жер жетпеген.
Кең өлкем, әлдилей бер сен деп келем,
Аңсап келем, сағынып, шөлдеп келем.
Саумал бұлақ, балдай дарын,
Салқын самал, баурайларың.
Саялаған беу, туған жер,
Сағындырған сары жайлауым, – деп басталған сұлу да, сазды, ойнақы әуен дала төсін кернеп кетті. Мен әнді ақырына дейін ерекше ілтипатпен сүйіне тыңдап, тапжылмай тұра беріппін.
Сол кезде:
– Асан, ағаны кабинетке баста, – деген дауыс естілді. Жалт бұрылсам мені ауыл әкімі күтіп тұр екен. Оның манадан бері менің көңіл-күйімді бұзбайын деген оймен ұзақ тұрғанын сонда ғана білдім. Аман-саулық сұрасқан соң Асан аталған жас жігіт ауылдық әкімдікке бастай жөнелді.
Ауыл әкімдігі үш бөлмелі шағын ғимаратқа орналасыпты. Кіреберісте әкім кабинеті, одан кейінгі бөлмеге жастардың Мәдениет үйі орын теуіпті. Ал үшіншісі ретті кітап сөрелерімен толған кітапхана екен. Бөлмелер кең, ретті, таза. Кітапхананың бір керегесіне Күнес ауданының картасы ілініпті. Оның жанына Таңжарық Жолдыұлының суреті қойылып, ақынның «Іле сипаты» деген толғауындағы:
Байқасаң, Іле жердің ортасындай,
Егер де дене болса қолқасындай.
Тауы алтын, тасы күміс, ағашы жез,
Сулары еркек қойдың сорпасындай.
Екі тау, екі жақта білегіндей,
Аспанның ағаштары тіреуіндей.
Бестөбе, Бестамақтар бүйрек-бауыр,
Қатесіз Аралтөбе жүрегіндей, – деген өлең жолдары жазылған. Ал келесі қабырғаға Мұқағали Мақатаевтың суреті салынып, қабырғаға:
Кең дүние, төсіңді аш, мен келемін,
Алынбаған ақым бар сен де менің.
Бұйрат құмдар бұйығып, шөлдегенім,
Бура бұлттар бусанып терлегенім.
Аспанындай кей сәтте күрсінемін,
Жас талындай жауқазын бүршік едім.
Кең дүние керемет қалпыңменен,
Жүрек болып кеудеме енші менің.
Байтақ ел, балауса тау, бозаң далам,
Секілді бәрі менен көз алмаған.
Кең дүние кенде етсең сыбағамнан,
Шырылдаған сәбидей мазаңды алам, – деген өлең жолдарымен көркемделген.
Өлеңді қайталай оқыдым. Неткен тамаша ой! Туған мекенге деген шынайы сезім бейнеленген азаматтық лирика. Әрине, ақынның кең дүниесі – туған өлкесі емес пе?! Оның құштарлығы – туған жерге деген сүйіспеншілігі мен тіленісін қарапайым, түсінікті тілмен өбістіріп, бейнелеп отырған жоқ па?! Бір-біріне ойлы жүзбен қарап тұрған қос ақынның суретіне қарап, тәтті қиялға шомылыппын. Шіркін, қазақтың осы екі перзенті дәм-тұздары араласып, сұхбаттас болып, сырларын тоғыстырған болса, мұнан да керемет, таңғажайып ұлт үні тұлғаланып, ерекше еңбек пен көркем туынды туар ма еді?!
Мен, қиялымды қайырып қойып, сөредегі кітаптарға көз жүгірттім. Тізілген кітаптың тұсына кітаптың аты, авторы анық жазылып, реттік нөмірлері басылыпты. Оның ең көрнекті жеріне Мұқағали Мақатаевтың «Қаздар қайтып барады» атты жыр жинағы қойылыпты. Оны алып, оқи бастадым. «Әбділдаға» деген өлеңіне үңілдім.
Сөйлейсің, бурадайын лықсып-тасып,
Жаралы жауынгердей сылтып, басып.
Әбігер боп жүргенің қашан көрсем,
Жырдағы жалғандықпен мылтықтасып, – деген тұсына келіп, екі парақтың арасына қағаз салып, белгілеп қойдым да, қойын дәптерімді ақтарып, жетпісінші жылдары аға редактор, ақын, жазушы Ғалым Қанафияұлына жазған:
Өтсе де жылдар жылжып, айлар асып,
Еш қажыр көрмедіңіз айдан ашық.
Қашан көрсем жүресіз қатуланып,
Өсесіз өлеңдермен найзаласып, – деген өлеңім ойыма оралды. Маған екі ел, екі Отанда жасасақ та әдебиет әлемі тұтасып жататын сияқты сезілді. Мен іштей аға, ұстаз, ұлы ақыннан өнеге алғандай болғанымды мақтаныш еттім. Мүмкін бұл біздің халықтық даналығымыздың, ана табиғатымыздың ортақтығы шығар.
Тіпті, сол тұста шетке қағылып, теперіш көріп жүрген кезім еді. Тағдырдың талқысына мойымаған ақынның төзімділігі маған жігер берді. Расында өмірге өкпелі болса да келешегін өлең құдіретінен іздеген ақында арман болсын ба? Былайша айтқанда, Мұқағали рухы қаламымды қайта ұштауға түрткі болды.
Содан бері жиырма шақты жыл өтті. Жуырда сол ауылға тағы да жолым түсіп, қымбатты кітапханаға бас сұқтым. Жұпыны ауыл баяғы қалпынан көп өзгермеген. Ал Мұқағали шығармаларының қатары жыл өткен сайын көбейіп, ақынға деген құрметтің арта түскенін байқадым. «Шиң Жияң халық баспасы», «Шыңьжаңь жастар-өрендер» баспасы және «Іле халық» баспасы тарапынан төтешемен шыққан ақынның «Қаздар қайтып барады», «Аққудың қанатында жазылған жыр», «Жылап, қайттым өмірдің базарынан», «Жырлайды жүрек», «Аманат», «Қош, махаббат», «Мұқағали – қазақтың домбырасы» қатарлы жыр жинақтары мен қытай тіліне аударылған шығармалары және Қазақстанда шығатын «Мұқағали» журналы қаз-қатар тізілген. Оларды бір-бірлеп көре тұрып, Фариза Оңғарсыноваға жазған:
Фариза, Фаризажан, Фариза қыз,
Өмір де ақындардың бәрі жалғыз.
Шыдай, шыдай ақыры жалығармыз,
Бірімізден-біріміз арылармыз.
Біздерді жоқтай-тұғын жан болса егер,
Шаң басқан архивтерден табылармыз, – деген өлеңі ойыма оралды.
Ақын бекер торыққан. Көріп тұрғаныңыздай, оның мұралары шаң басқан архивте емес, өзі туған Қазақстаннан қиырдағы Қытайдың еліндегі оқырмандары сүйіп оқитын, әспеттеп, әурелеп сақтайтын, таза да сәнді, ретті де көркем, сөрелерде тізулі тұр.
Көп өтпей кітапханаға іркес-тіркес оқырмандар кірді. Олар сөреден қалаған кітабын таңдап алып, үстелге жайғасты. Барлап қарасам, бәрінің қолында Мақатаев шығармалары. Мен де жылжып келіп, сол қатарға қосылдым.
Қазір артыма бұрылып қарасам азды-көпті еңбек етіппін. Кеткен есемді қайырып, алынбаған ақымды алған сияқтымын. Осыған орай, Мұқағали шығармашылығын Қытайдағы қазақ оқырмандарына жеткізу жолында біраз еңбектер жасадым. Оның бәрін санамалап отыру бұл мақаланың жүгі емес. Солай болса да, осыдан жиырма жылдың алдында жазған күнделігімде Мұқағали Мақатаев өлеңдерін оқи отырып, өлең туралы терең түсініктерге келгенімді былай бейнелеппін:
Өлең дегеніміз – көркем ойдың кестесі. Жоғары деңгейде шоғырландырылған, бейнеленген және ықшамды сөз қорытындысы. Оның бейнелеу қуаты, әдісі тіптен күшті. Ол ақынның шанағынан ағып шыққан отты да өткір сезім. Сезім – өлеңнің жаны. Өлең сол арқылы мазмұн мен ойды қабыстырып бейнелейді. Сонда ғана ол әсерлі, тіпті де терең, өміршең, тартымды болып шығады. Десе дегендей, асқақ шабыт, шынайы ыстық, жалынды сезім, терең толғанысымен жазылған Мұқағали Мақатаев өлеңдерін оқи бастасаңыз, бір беттен соң тағы бірін асыға аударып, бар ойыңызбен беріліп, арман асқарына бет аласыз. Қиялың шарықтап, талғар талантқа тәнті болып, аса ризашылықпен бас шұлғисыз. Ақын шығармаларында өлеңнің осындай ерекшеліктері түгелімен бар. Кезекті ақын шығармасына берейін:
«Өзімнің есебімше» атты өлеңде:
- Айтыңдар қайсысың бар ардақтаған,
Таразыға тең қойып, салмақтаған.
Басылған маңдайыма қарғыс таңба,
Қарауға жан батпаған.
Жапалақ емеспін мен жалбақтаған,
Қыранмын екі көзін қан қаптаған, – дейді қараңыз, неткен батылдық. Турашыл, өршіл мінез, намысшыл қасиет, қол соға құптауыңызға татиды. Ақын тағы да: «Жаман өлең» атты туындысында:
- Өз әлінше әркімде самғап қалар,
Өз әлімен әркімде сарнап қалар.
Жаман өлең көп менде, қауіптенбе,
Жаманда да ақыңды ал, ә, патшағар, – деп іші тар, тұман кеуде, түтін қолқа, пасық, топас жандарды әжуалап, «Менен қауіптенбе, әлің жеткенше жамандап, арам ақыңды ала бер» десе, тағы бір жағынан, «Жамандасаң, жаманда жер табанда, жігіт жаман болмайды ел аманда», – дейтін халық даналығы түйінделіп, көре алмастардың бықсықтығы тобығынан келмейтіндігі менмұндалайды. Өзім ақынның басқа туындылары сияқты «Қара өлеңін» жаттап та алдым. Оның соңғы шумағында:
- Ақынмын деп мен қалай айта аламын,
Халқымның өзі айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын, –дейді. Күпі – жеті аязға жібермейтін жылы киім. Ал ақын: «Осы қымбатты киімнің орнына жалаң шекпен жауып қайтарамын», – дейді. Неткен кішіпейілділік?! Асқақтаудан аулақ, сыпайы ақылдылық. Ұлтымыздың бір туар, өршіл, намыскер, дарынды ақын ұлының бұлай толғауы өзін көрсетіп, құрғақ мақтау емес. Екі шумақ өлең жаза алғаны үшін өзін аспан аясына сыйдыра алмай, көрінген жерде мақтанып жүретіндерге ауыр соққы. Білгенге маржан, білмеске арзан қатал ескерту. Сонымен бірге, ақын өзінің ұлттың үні, елінің намыскер азаматы, қазақ халқының қара өлеңі сынды ата мұрасын жалғайтын күйсіз күлік, жанкешті ізденімпаз екендігін мақтан етеді. Ақынның «Хақым жоқ тағдырыма қалтылдарға» атты өлеңіндегі иына тармақтарға қараңыз:
- Хақым жоқ тағдырыма қалтылдарға,
Хақым жоқ болашаққа салқындарға.
Сенемін түспек емес нарқым дауға,
Сеземін жүрегімді халқым барда, – дейді.
Ақ еділ ақын қалтылдап, тағдырға табынып, болашағына сенімсіздікпен салқын қарап көрген емес. Жалынды жүрегін, талғар талантын, шынайы түсінетін даладай дарқан, теңіздей терең, асқардай алып, жырсүйер ұлы халық тұрғанда нарқы дауға қалып, бағасы түспейтіндігіне сенді. Уайымнан аулақ, тәуекелшіл, үмітшіл, өршіл, қызулы көңілмен көсіле құлаш сермеп, арман мұратының асқар биігіне талпынып, поэзия кеңістігінде жұлдыз болып жанды. Өзінің өткір, қайраулы қаламы арқылы осынау сырлы ғаламның көркемсуреттерін айшықтап, шыңдалды.
Иә, Мұқаң жайлы жазылатын, зерделенетін дүние әлі алда. Десе де, мұны оқырмандар алыстағы ағайынның ақынға деген құрметі деп бағалайтынына бек сенімдімін. Ендеше, айшықты тұлға атажұрттан алыста жатқан ағайындардың көңіл қуанышы, өмірі сүйініші болып, елге деген жылы сағынышын демдей беретінін анық. Біздің ауылдағы Мұқағалидың нағыз бейнесі де, міне, осы.
Өз ойымды ақын рухына арнаған кішілік, кісілік өлеңіммен түйіндесем жөн болатын сияқты:
Таусылмаған жесе де жебір жеміріп,
Жетісу жері қашаннан елге Жерұйық.
Сол даладан өлеңнің туын көтеріп,
Туыпты бір ұл дарынымен тентек тебініп.
Күн бетіне алтынмен дана нақталып,
Сол өлкеден алғашқы қадам басталып.
Мұқағалидың айшықты аты екен ол,
Оқыдық та ұмытылмас етіп жаттадық.
Арқау әні думанды топтың жиылған,
Ұлылығыңа бар қазақ ерек сыйынған.
Ойларың ерек, тағылымың талғар болмаса,
Ұғынар ек біз қалайдан қалай қиырдан.
Жентек бұлтты серпіп тастап бүркеген,
Күллі әлемге көтерілген күркеден.
Жасандылық пен жалғандыққа жаны қас,
Әділеттіліктің ақ семсерін сілтеген.
Қияметтей аттап асып сан қырдан,
Шабыт отын лапылдатып жандырған.
Дара тұлға, дарынды ақын киелі,
Жырдың көкжал толқындарын жарға ұрған.
Махаббаты мен алғысы айқын арналып,
Жүрегінің түкпіріне сақтап бар халық.
Мұқағали болу не деген биік мәртебе,
Мақтанышпенен ұранға бүгін айналып.
Хантәңірімен теңескен керме иықты,
Азаматысың сен қазақтың асқан білікті.
Төрткүл дүние тікті де құштар құлағын,
Күллі қауым өзіңнен тұнық жыр ұқты.
От ойнаған нажағай дерсің шартылдап,
Қыран шабыт биіктеп ұшқан саңқылдап.
Жырларыменен жетелеп шықты алапты,
Соққысынан снарядтар жанған жарқылдап.
Барыңды арнап бағыштап қуат сезімге,
Ақынсың асыл бір рет туар өмірге.
Жарқырап тұрсың аумаған Шолпан жұлдыздай,
Қазақ аспанының қол жетпес биік көгінде.
Ұлылықтың киесіндей қашанның,
Алты Алаштың өлең пірі болып атандың.
Соңғы ұрпақтардың алдында тұрар сынтасы,
Ізіңді жарқын адаспай нақтап басар кім?!
Жан-тәніменен арқалап елдің үмітін,
Көрмеді тоқтап жарты секунд та тынысың.
Күлік боп күйсіз көтердің батпан ауыр жүк,
Жасымадың мүлде күйбеңмен мәнсіз күн үшін.
Аласын аттап, толысын шайқап өзгенің,
Ешқашанда тентектік істеп көрмедің.
Әділеттіктің ақ жолын ғана таңдадың,
Күйікті күндестердің ізінен шөп термедің.
Қолдау таба алмай қалсаң да кейде құлазып,
Көрмедің әсте, торығып жатқа жыланып.
Қайсарлық пенен өжеттіктің ерек үлгісін,
Қалдырып кеттің артыңа мәңгі мұра ғып.
Тынымсыз жалғап, алысқа елдің мұратын,
Өтіпсің кеше ардақты ерек ұлы ақын.
Сен мәңгі асқақ қасқая қарап тұрасың,
Талқан боп тау-шың, күйресін құздар құласын.
Әз халқына ақтарылған адал ағынан,
Ақындықтың шыңы, Мұқағали, сізге табынам.
Мұратыңды жалғар ұрпағың болып артыңда,
Сапыңнан сергек солдатың болып табылам.
2009 жыл
Андас ОМАРАҚЫН.
Дерекөз: «Мұқағали» журналы, №1-2, 2011.











