ҚЫЗ:
Бұл тойға неғып келдің, тонды жігіт,
Тоғайдағы шошқадай жонды жігіт.
Шілденің ыстығында тоның түспей,
Осыншаның ішінде сорлы жігіт.
ОЛЖАБИН:
Айт дегеннен айтайын кекілді қыз,
Мегежін тоғайдағы секілді қыз.
Осыншаға келгенше күйеу алмай,
Япырмай, бағың неден бекінді қыз.
(Қыз отыздарға келіп отырып қалған екен)
Сонда қыз:
Ой құдайдың табасына ұшыра, – деп тұра жөнелген екен.
МҰҚАМЕТНҮСІП ПЕН САПАР ҚЫЗДЫҢ АЙТЫСЫ
(Мұқаметнүсіп үш аймақтың мырза әскерінде жүріп Сауанға барғанда Сапар қызбен кездесіп, айтысып қалады).
САПАР:
Қыз едім Саркерейдің атым Сапар,
Түйені жетелеуші ем қатар-қатар.
Басында тері тұмақ Қызайды әкел,
Қара сұр көрінеді не деп шатар.
МҰҚАМЕТНҮСІП:
Тегі пайда жетпеген қарасұрдан,
Бір қаншық қыз екенсің аласұрған.
Кетесің олай да орғып, бұлай да орғып,
Байталдай алашолақ таң асырған.
ИСАНЫҢ ҚЫЗБЕН АЙТЫСЫ
(Иса бір қызға барып қолға түсіп қалады. Өзі кедей екен.
Айып тартқан көрінеді).
ҚЫЗ:
Ей, Иса, оңамысың, оңбаймысың,
Түрің мынау суыққа тоңбаймысың.
Айыпқа жалғыз атты беріп қойдың,
Шешеге керегеңді қомдаймысың.
ИСА:
Жамандасаң жаманда жер табанда,
Жігіт жаман болмайды елі аманда.
Қалай айтсаң өз еркің, жаман қыздар,
Ерден асқан қыз қайда бұл заманда?
ҚЫЗ:
Кәрі байғұс жеңемін деп жеткенің бе,
Сүйреліп жыртық-жыртық шекпеніңде.
Сырылдап кәрі кеудең жығыларсың,
Аузыңа қос аяқтап тепкенімде.
ИСА:
Алмаймын енді қатын қалың беріп,
Жинаған балалардың малын беріп.
Мына қыз қос аяқтап тепкелі отыр,
Боласың бәрің қарық түрін көріп.
САБЫРБАЙ МЕН АЙБАЛАНЫҢ АЙТЫСЫ
АЙБАЛА:
Сабырбай сары аламен салып жүрген,
Салпайып саптаяқтай қалып жүрген.
Бұл жерде тамыры жоқ, танысы жоқ,
Тойымда шақырмаған нағып жүрген.
САБЫРБАЙ:
Сабырбай сары аламен салып жүрген,
Салпайып саптаяқтай қалып жүрген.
Айбала сен қаласаң анда-санда,
Таяғыңды бұлағыңа малып жүрсем.
Жоғарыдағы айтысты Тілеуқабал Әбілғазыұлынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











