Оңдасын бірде Сыйқымбай деген байдың үйіне қонады. Байдың бәйбішесі оны құрт қатқан көжемен жатқызады. Дастарқан жиыларда Оңдасын:
Таң атумен кеш батқан,
Кеспе көже құрт қатқан.
Сыйқымбайдың үйінде,
Оңдасын бір түн аш жатқан.
Тоқтының теңі көрмеді,
Сұрамай қасқар жеп жатқан.
Ал, оңдасын отырма,
Бұл арадан тез аттан, Аллаһуакпар, – деп бата беріп, тұра бергенде бай қатты ұялып, бұл сөздің ел аузына таралып кетуінен қорқып, Оңдасынды тағы бір қондырып, малын сойдырып, шапан кигізіп аттандырыпты.
Оңдасын құрдасы Медеуге:
Қаңғырып, тентіреп келесің,
Жаудан жуа тересің.
Қашан айттың деме сен,
Өстіп жүріп, өлесің.
Осы жұлған шөбіңнің,
Көресісін көресің.
Жағаңнан алса бақида,
Қайтып жауап бересің.
Емшімін деп есіріп,
Орынсыз кеуде кересің.
Әйелің айтса ол көнбе,
Құрдасың айтса ол көнбе,
Енді кімге көнесің?, – дегенде құрдасы, «Ой, айта береді екенсің» деп жүре жөнеліпті.
Сонда Оңдасын тағы да:
Қашан болса осыны,
Айта берем көзіңе.
Құлақ салмай кеттің сен,
Кеңес айтқан сөзіме.
Зияндасаң шөпті енді,
Біз сұғамын безіңе, – депті.
Отын әкеле жатқан Оңдасынға Оралбай деген кісі:
Ей, Оңдасын, Оңдасын,
Әулие, пірлер қолдасын.
Көбірек ал отынды,
Қатын, балаң тоңбасын, – дейді. Сонда Оңдасын Оралбайдың жетпістерге келген Алтынбек деген ағасын сөзге қосып:
Ай, Оралбай, Оралбай,
Алтынбегің добалдай.
Өз теңдесі кеткенде,
Нағып жүр көзі жоғалмай.
Тәңір бәрін алғанда,
Сені жүр Құдай алмай, – депті. Содан былай Оралбай ендігі жерде өлеңмен сөз айтқанды қойыпты.
Оңдасын құрдасы Медеу қайтыс болғанда бет көргелі барып әйеліне көрісіп:
Медеу байғұс қарамай,
Кеше кетті Меккеге.
Жылаған зарлап дауысың,
Құлағына жете ме.
Айырылдық па төкірден,
Өтті ме аман көпірден.
Пәни дүние бақиға,
Әкете алдыма өкілден, – деп жылаудың артын күлкіге айналдырып жіберіпті.
Қазыналы қарттардан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











