Өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында «Балаларды профилактикалық вакцинациялау: ата-аналардың ең жиі қоятын сұрақтарына жауап» тақырыбында баспасөз мәслихаты өтті. Жиын барысында балаларды жоспарлы вакцинациялаудың маңызы, екпелердің қандай инфекциялардан қорғайтыны және ата-аналарды алаңдататын негізгі мәселелер түсіндірілді. Тақырып бойынша Жетісу облысы Денсаулық сақтау басқармасы й орынбасары Сымбат Қанатқызы Кульбаева ақпарат берді. Ол өз сөзінде иммунопрофилактика балалардың жұқпалы ауруларға қарсы қорғаныс қабілетін қалыптастырудың маңызды тәсілдерінің бірі екенін атап өтті.

Маманның айтуынша, вакцина ағзаға белгілі бір инфекцияны алдын ала танып, оған қарсы иммундық қорғаныс қалыптастыруға мүмкіндік береді. Осы арқылы жұқпалы ауруды жұқтырған жағдайда оның ауыр өтуі мен асқыну қаупі төмендейді. Қазақстанда Ұлттық егу күнтізбесіне сәйкес балаларға туберкулез, В гепатиті, көкжөтел, дифтерия, сіреспе, полиомиелит, гемофильді және пневмококк инфекциялары, қызылша, қызамық, паротит және адам папилломавирусына қарсы вакциналар тегін жүргізіледі. Әр вакцина белгілі бір инфекциядан қорғауға бағытталған. Мысалы, БЦЖ туберкулездің, АКДС көкжөтел, дифтерия және сіреспенің, ал КПК қызылша, қызамық және паротиттің алдын алады. Вакцинация баланың өмірінің алғашқы күндерінен басталады.

Перзентханада жаңа туған нәрестелерге туберкулез бен В гепатитіне қарсы алғашқы екпелер жасалады. Кейін баланың жасына қарай жоспарлы вакцинация мен ревакцинация жүргізіледі. Ал адам папилломавирусына қарсы вакцинация қыз балаларға жүргізіліп, болашақта жатыр мойны обырының алдын алуға бағытталған. Спикер вакцинациядан бас тартқан балалардың қызылша, көкжөтел, дифтерия, полиомиелит, сіреспе, пневмококк және басқа да жұқпалы ауруларды ауыр өткеру қаупі жоғары екенін атап өтті. Бұл инфекциялар пневмония, менингит, сал ауруы, есту немесе көру қабілетінің бұзылуы, мүгедектік сияқты ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Бала денсаулығына ең алдымен ата-ана жауапты болса, медициналық бақылауды учаскелік дәрігер мен медицина қызметкерлері жүргізеді. Вакцина салмас бұрын баланың денсаулық жағдайы бағаланып, медициналық көрсетілімдер ескеріледі. Егер қандай да бір қарсы көрсетілім болса, екпе уақытша кейінге қалдырылуы мүмкін.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Сонымен қатар, вакцинацияның тиімділігін тарихи мысалдар да көрсетеді. Жаппай иммундау нәтижесінде шешек ауруы әлемде толығымен жойылды. Ал Қазақстан 2002 жылдан бері Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық өңірімен бірге «полиомиелиттен азат ел» мәртебесін сақтап келеді. Біз де ата-аналарды алаңдататын, көкейімізде жүрген сұрақтарға жауап алдық. Вакцинацияның маңызы мен балалардың денсаулығына қатысты толық ақпаратты видео материалдан көре аласыздар.
Айсұлу Төлеухан, Динара Нарымбай
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшілері.











