Олардың айтуынша, сахна, ондағы актерлер, декларация қазіргі күнге тән бояумен жаңаша түске енген. Бірақ қазақ тілінің қадірі қашқан түйіткілге тіксіне қарайтын қасиет жоғала қоймаған сияқты. Спектакль кейіпкері Тюрянчиктің: «Қазақшамен нан тауып жей алмайсың?», – деген ащы ажуаны естігенде көрермендер бір сілкініп қалды. Осыдан отыз жыл бұрында осындай болған екен. Енді отыз жылдан кейін де осылай бола бере ме?
Бірақ, бұлай кете бермейтініне театр мамандары сенімді.
– «Күшік күйеу» спектаклі Ақтановтың жүректілікпен жазған туындысы. Ол тұста тіл төңірегінде үлкен ой айтудың өзі оңай болмайтын. Ал, шымшыма ойды сахнада өрнектеп, жүректен-жүрекке сіңірудің өзінде қандай батылдық жатыр. Отыз жылдың алдындағы тоқыныс осындай батылдыққа құрмет еді. Ал, бүгін тәуелсіз ел атандық. Біздің ендігі міндетіміз – ойран болған ұлттық құндылықтарымзды қайта жаңғырту. Сахна төріндегі тілге қатысты айтылған жанайқайдың жалпының қолдауына ие болғаны – ел болғанымыздың, мемлекет тағдырын белгілейтін тілдің өкілі екендігімізді сезіндірген толқыныс, – деді театр директоры Базарбек Тезекбаев.

Әрине, көрерменін осылай ширықтырып, ширақы ойға жетелеген қойылым жұрт көңілінен шықты. Өйткені, әрбір көрермен сахнадағы кейіпкерлер өмірінен, писихологиясынан, мінезінен өзіне бір ұқсастық тауып жатты. Қысылды, қымтырылды, ұялды, ойланды. Оның барысын былайша жинақтауға да болады.Тас қалада өсіп, тасбауыр болып кеткен Гүлжамал мен Биғайшаны да иліктірген бала жауапкершілігі, Бекболат пен Қабанбайға тән тірлік үшін жанталастырған жалған болмыс, көрген-баққаны билік пен атақ, өрлік пен өктемдікке толғанг Кубик пен Тюрянчиктің жалған өмірі, Ботқаның алаңғасарлығы, Алманың ақылын ұшқалақтыққа жасырған, жағдайдың ыңғайына қарай бейімделе білетін бейнесі бірі-бірінен оқшау, дара, бірақ жымдасып, бөлінбес сюжет құрылған. Десе де, автор барлық қайшылық пен қақтығыстың бір ғана шындыққа бағынатынын, өмірде жалғандыққа, жалтоқойлыққа, арзан атаққа берілмейтін махаббат деген құдіретті күштің болатынын жоққа шығармайды. Сол пәк сезімнің ұлттық ділмен астарласып жататынын айшықтап көрсетеді. Қойылымның осылай өріледі.
Аталған спектакльді өзге де сахналардан тамашалағанымызды жасырмаймыз. Бірақ, біздің театрда ол жаңаша түс, заманға сай бояу, жалпыға бірдей ұнамдылығымен ерекшеленгенін мрйындайсың. Бұл «Қол ішіне қарай бүгіледі», – деген жақындықтан емес, қойылымды сахналаған режиссер Серік Нұрхалықтың еңбегінің нәтижелі болғанын қадап айтқан жөн. Тағы бір жағынан, 35 жыл артқа тастап, талай тәжірибе жинаған театрдың осындай биік деңгейге жеткенінің де куәсі болды.

Онда рол алған майталман актерлер М. Нұрмұханбетова мен Ғ. Темірбаева және А. Нұғмановтар, жастардан М. Махмұт, Н. Тұрлыбекова, А. Саурықов, А. Бекманова, Ж. Мерсимова, Г. Тілеуғабыл, Б. Мұнайтпасов, Ғ. Қырбасовтардың аз еңбең етпегені білініп тұр. Қоюушы суретші Қ. Шалабаева мен музыкамен көркемдеуші Б. Тоқымтаевке де жұрттың ризашылығы ерекше.
Жаңа қойылым міне, осылай бір белестен тағы бір белеске қарай беттеп кетті. Әрине, алдағы уақытта қойылымның бояуы, оны ойнайтын актерлер есімі жаңалана беретін шығар. Бірақ, бүгінгі қойылым өз биігінде қала береді.
P.S: Осы мақала жазылғалы 15 жыл уақыт өтіпті. Содан бері не өзгерді? Қазақ тілін төрге шығару емес, қазақ тілін қадірлеген азаматтарды қудалайтын деңгейге жеттік.
Қажет АНДАС
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1524861
Фотолар автордың жеке қорынан алынды.
Q-Andas ақпарат











