Q-Andas
No Result
View All Result
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
  • Qazaq
  • توتە جازۋ
Q-Andas
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат
No Result
View All Result
Q-Andas
No Result
View All Result
Басты бет Өлкетану Халық жады

Орыстың отарлауы мен Қытайдың құрсауына бағынбаған Мұқа болыс

admin
2026/05/12
Халық жады
0
Орыстың отарлауы мен Қытайдың құрсауына бағынбаған Мұқа болыс

Елі мен атамекен жері үшін аттан түспей, қолына қару алып басқыншыларға қарсы қаймықпай қарсы тұрған, Алашорданы қазағымның төл мемлекеті деп танып көмек қолын созып қолдаған,  Жаркент өңірінде тірі күнінде аты аңызға айналған бірегей тұлға  Мұқа болыс (Мұқаметжан) Әжібекұлы туралы әлі талай естеліктер жазылары сөзсіз. Әрі қарай осы бір ел аузында аңызға айналған айтулы тұлға жайлы өзімнің жинастырып жүрген деректеріме кезек берейін:

Мұқаның әкесі Әжібек қажылыққа барған, інісі Тұрысбек екеуі де өз дәуірінде Жаркент өңірінің атақты бай-қуаттыларының алдыңғы қатарынан орын алған нағыз шынжыр балақ, шұбар төс  жандар болды. Қажы әкесінің де көзі ашық сауаты бір басына жетерлік, заманның тамыр соғысын бағамдай білетін үлкен ақыл-ойдың  иесі еді. Ірі бай болған 3000 жылқы,10 мың қой, 1000 ірі қара,100 түйесінің өзі, осыншама байлығы  естіген адамның есін алатын. Және де  50 пар  атты, 20-дай бір атты  арбасымен керуен жүргізіп алыс-жақынмен сауда-саттық жасасады. Ағайынды екеуі Патшалық Ресей тұсындағы генерал Колпаковскийдің кезінде бүкіл Іле өңірі қазақтарына адуындыбилік жүргізіп, аймаққа аты шыққан. Сол байлықтың арқасында ерте ел танып, жер танып  мұсылманның бес парызының бірі қажылыққа Меккеге-Мединеге барып келеді. Меккеден қажылықтан келген соң:

– «Қажы болдым, мұсылманның бір парызы ретінде мешіт салдыру ләзім», – деп,  «Жаркент қаласында мешіт, медресе салу бастамасын алғаш көтерген адам»-деген ел аузында айтылып жүрген қанатты сөздері бар.

Әжібектен тараған балалар – Мұқа (Мұқаметжан), Мұстафа, Жаһуда, Уәли, Мәжит, Хамит, Бексұлтан, Абдрахым төре.

Заманында Әжібек қажы генерал Колпаковскиймен өте жақын араласқанын жоғарыда айтып өттім. Содан, 1881 жылғы Петербург келісімінен кейін генерал Құлжа қаласын тастап шығады, сонда онымен бірге Қытай билігінен сескенген Әжібек те Қорғастан бері өтерде, Қызайға билік еткен Рабат төренің қарындасын алып қашып келеді. Міне, осы  төренің қарындасынан туған үлкен ұлдың есімі – Бексұлтан, одан кейінгі кішісі Әбдрахымға  нағашысының құрметіне «Төре» деген есімді қосып беріп, бүкіл Суан  «Әбдрахым төре» атап кеткен екен. Өсіп-өніп екі үлкен аймақта тұратын – Бәйтүгей, Тоғарыстан болып бөлінетін Суан еліне, шамамен  ХІХ ғасырдың екінші жартысының соңында  атақтары аумаққа мәлім Стамшал мен Мұқа болыстар билік жүргізген екен.

Жасынан алғыр, зерек болып өскен  Мұқа 16 жасында аталған Суанның Бәйтүгей атасынан таралған ұрпақтарға  болыс болып сайланады. Тоғарыстан жұрты  – Стамшал болыстың еншісіне тиеді. Арада айбарынан дүйім ел қаймығатын Мұқаның өзі де түрмеге қамалып шыққан деген деректер бар. Енді біздегі қолда бар  естеліктер бойынша ол оқиға мынадай болған сыңайлы…

Әтікей өзім атым, затым Қойке,

Қойкеден жақын болған қу  бердеңке.

Жабылып қытай, сібе, қалың кержақ,

Атысып  қыла алмаған ол да  ештеңке! – деп, өз өмірін өлеңмен өрнектеп кеткен әйгілі Мұқаның аталас  туысы өзі ақынжанды, өзі мерген, өзі жаужүрек Әтіке батырмен байланыстырады. Ол бүкіл Жетісудың Суан-Қызай-Найман-Жалайыры ардақтап төбесіне көтерген, елінің, жерінің намысы үшін атқа қонып ұлтының кегін қуған қаһарман тұлға. Тап сол бір алмағайып дәуірде қазаққа қорлық көрсетіп, тізесі батқан – орыс, қытай, сібе-солаң, қалмақтарға қырғидай тиген әруақты батыр Әтікей Қазақбайұлы туралы жазылған Ғабдулла Балабекұлы Байнөсеровтың  «Әтікей батыр» атты кітабында бұл уақиға мынадай болып суреттеледі:

«Қазақбайдың баласы Әтікей батыр, бала кезінде аталас туысы менің атам Байнөсердің қолында болыпты. Әтікей Байнөсердің ұлы Отарбекпен құрдас екен… Бірде Әтікей Байнөсер атама келіп:

– «Ата, маған Отарбекті қосып беріңіз, Сатай Тұрдыны өлтірген қытайдағы сібе Мыңамбыдан кек алып қайтамыз» дейді.

Сөйтіп, Отарбек Әтікей тобымен бірге кетеді. Егінге су ұстап жатқан мезгіл екен, астында көк жорға аты, мойнына асынған қылышы бар Мыңамбының өзі айдың жарығымен жұмысшыларына су ұстатып жүрсе керек. Әтікей ертіп барған адамдарын бір өзекке қалдырып, өзі жалғыз қалың шидің арасымен құлақ басына барып арықтағы суды басқа жаққа бұрып жіберіп, сонда жасырынып Мыңамбының келуін күтіп жатады. Бір кезде көк жорға атпен Мыңамбы келіп, аттан түсе қалып, суды бұрғалы жатқанда тарпа бас салып, қанжармен кеңірдектен бауыздап жібереді. Ай сүттей жарық екен, Мыңамбының кеңірдегінен аққан қан аспанға шапшып жатты дейді. Сол кезде Әтікей:

– «Тұрды ағамның кегі үшін!», – деп, шапшып жатқан қаннан ұрттап жұтып жіберді дейді.

Көк жорға атты жетелеп, сібенің мойнындағы қылышын алып, Әтікей ауылға келеді. Көк жорға атты Байнөсер атама, қылышты Мұқа болысқа байлайды. …Қылышты Мұқа болыс ұстап жүріпті. Әтіке қайтыс болғаннан кейін, сібелер Мұқа ұстап жүрген қылышты танып, Жаркент үйезінің бастығына:

– «Мыңамбыны өлтірген Мұқа, айғағымыз бар», – деп арызданады.

Сөйтсе, қылыштың сабының ішінде Мыңамбының аты жазылып, мөрі басылған қағаз бар екен. Айғақ дәлелденіп, Мұқа істі болып, Қарағандыға жер аударылған екен. Үш жыл Орта жүз туыстарының арасында болып, ол жердегі дау-дамайды шешуге араласып, әділдігімен Орта жүз елінің құрметіне ие болыпты. Жер аударылған мерзімі аяқталғанда, алдына мал салып, құрметтеп шығарып салыпты. 1910 жылы елге оралып, қайта болыс болған екен». (Ғ.Б. Байнөсеров, «Әтікей батыр» кітабы, «Асыл кітап» баспасы, 2014. 2-3 беттер.)

Осы жерде сәл шегініс жасап, Мұқа болыстың большевиктер келмей тұрған кездегі өмірінен біршама мәліметтер беріп өтейік:

Мына бір Патшалық Ресей  кезіндегі архив құжатында Мухамеджан Ажибеков 1898 – 1900 жылдары Жаркент уезінің  Бәйтүгей ұрпақтарының болысы  болғандығын  көреміз.

Ел аузындағы естеліктер бойынша:

– «Мұқа 16 жасынан болыс болған» деген деректер жиі қайталанады.

Демек, Мұқа болыстың туған жылы шамамен 1870 жылға (осы дерекпен) тура келеді екен. Әрине, әлі де толықтай зерттеп, зерделеу қажет-ақ!…

Ал, «Болыстық» – сөзінің мағынасына тоқталар болсақ – қазақ жерін патшалық  Ресейдің  күштеп отарлауы заманындағы жаңадан енгізілген аумақтық әкімшілік бөлінісі, ол уездің  басшылығына  бағынышты  әкімшілік аймақ болып табылатын. Бұл  территориялық аумақтың  құрылу мақсаты –  Ресей империясының  қазақ даласындағы хандық билігін жойыумен қатар  отарлық билікті күшейту мақсатында  ойластырылған ең тиімді тәсіл еді.

Сол кезеңдегі жаңа қабылданған жарғы бойынша:

  • бір ауыл – 50-70 түтіннен;
  • бір болыстық – 10-15 ауылдан;
  • ал, әр уездің құрамы –  15-20 болыстықтан құрылды.

(тізім бойынша екінші тұр)

Сонымен қатар патша үкіметі жүргізген 1867-1868 жылдары реформаға сәйкес болыстардың құрамына әрқайсысы 100-200 түтіннен тұратын шаруашылық ауылдар кірді. Мұндай ауылдардың саны 1000 түтіннен 3000 түтінге дейін барды. Болыстардың бәрінде әкімшілік аймаққа жататындықтан өзіндік  шекарасы  бекітіліп, құрамындағы  халық  бұл ережелерді қатаң түрде  сақтап отырды. Ал, Мұқа болса дәл сол уақытта  Суан қазақтары расындағы ең беделді де сауатты болыстардың бірі болды.

Мәселен, сонау ХХ ғасыр басындағы санаулы  ғана зиялылыр  қатарына  жататын, кезінде Казан университетінің малдәрігерлік факультетін бітірген  қазақтың  білімді азаматтарының бірі Түбек Атауытовпен (Т. Рысқұловтың қайын атасы) 1914-1916-жылдары Жаркент каласында уездік мал дәрігері болып тұрған  шағында жергілікті  Мұқа болыспен  үлкен сыйластық  қарым-қатынас  жасап,  жақсы  араласқандығы  жайында да деректер  айтылады.

Ол өзінің өжеттігі мен ақылдылығы,  айлакерлігінің арқасында Жаркент уезінде ғана емес, Жетісу губерниясында беделі үстем болып,  көзі тірісінде орыс бодандығына еш бағынбаған жан.  Қала әкімшілігімен жақсы қарым-қатынаста болған Мұқа болыс Жаркент медіресесінде қазақ балаларының оқып, білім алуына мейілінше ықпал етіп, ұдайы қаржы және мал жағынан қолдау көрсетіп отырған. Сөйтіп, қажет кезінде Мұқа генерал-губернатормен, басқа да билік өкілдерімен  тіл табысып, дербес өз саясатын жүргізе білді.

ХХ ғасырдың басындағы 1913-1916 жылдары Жаркент өңіріндегі –  Бұрхан, Көктал, Талды, Тышқан, Шежiн, Сарыбел сияқты түгін тартса майы шығатын шұрайлы жерлерге көшіп келуші казак-орыстар легінің қарасы жылдан-жылға артып, көбейіп, түбегейлі орнығып ие болып қалудың қамын жасайды. Отаршылдықтың озбыр саясатын жүзеге асыру ісі Ресей тарапынан  ашықтан-ашық жүргізіліп күшейген кез. Мәселен,  Ташкенттегі генерал-губернатор  Куропаткин тартып алынған жердің барлығын казак-орыстарға алып беру жөнінде арнайы бұйрық шығарады. Ол пәрмен бойынша  Жаркент уезіндегі 4574 шаруашылықтың қоластындағы жерді түгелге жуық  жергілікті тұрғындардан  күшпен тартып алып, өздерін ешқандай келісімсіз Нарын өлкесіне кешіріп, жер аударуды  жоспарлайды.

Дегенмен, дәл осы кезеңде  Ресейдің отарлау  саясатына арқа сүйеп Жаркент өңірінің шұрайлы жерлерін тартып алуға ішкі Ресейден жер аударылып келіп  қоныстанып жатқан келімсектерге жергілікті қазақтар да тегеурінді қарсылық көрсетті.  Міне, осынау алмағайып дүрбелеңде жер-суына, шабындық-жайлауына шеттен келіп қоныстанған отаршыларға карулы түрде қарсылық көрсеткен жергілікті Суандарда Мұқа басшылық жасаған Сатай болыстығының алар орны ерекше.

Алайда, болыс атамыздың ел басқару ісінде әбден  шыңдалған шағындағы өмірінің айтулы кезеңдерінің тағы  бірі – 1916-жылғы Қарақара көтерілісіне жақтасып, қарамағына жергілікті  қазақтардан қол жинап патша жарлығына қасқайып  қарсы тұруы. Бұл көтеріліс 1916-жылғы қазақтан І-ші Дүниежүзілік соғыстағы тыл жұмыстарына бұратаналардан ер азаматтарды  әскерге алу туралы әйгілі «Июнь жарлығынан» басталды.  Осынау оңтайлы жағдайда қару асынған барлық казак-орыс мүмкіндігінше қалт жібермеуге тырысты,  сөйтіп көтерілісті бетке ұстап  өздеріне мал-мүліктен барынша пайда түсіруге ұмтылды.

Себебі,  Жетісу губернаторы 1916 жылғы қазанның айының 21- күнгі жарлығымен «Облыстың бейбіт тұрғындарының бүліктен шеккен барлық шығынын тек қана бүлікшілердің кәмпескеленген дүние-мүлкін, малын, үйлерін, қыстауларын, егістіктерін, шебін, ағаш материалдарын, т. б. сатудан түскен ақшамен орнын толтыруды» жоғарғы билікке ұсынып дәлел-дәйегімен бекіттірген болатын. Демек, осы жарлықтың аясында  «кеңшілік жасалып», кез-келген кулактың, орыс-казактың   қазақтарды тонап, оларды өлтіргені үшін ешқандай  да жазаға тартылмайтындығы айдан анық көрініп тұрды.

Жарлықтың аты – жарлық! Жан-жаққа шабармандар жіберіліп,  ақ патшаның пәрмені барлық болыстарға генерал-губернатордың көмекшілері арқылы жедел түрде хабарланып жатты. Осынау ел басына күн туған  шақта, ел бірлігін ойлаған Мұқа болыстың үзілд-кесілді қарсы шығып:

– Соғысқа бала  бермейміз!- дегені, көптің көкейінен шықты.

Осы бір аталы сөзі үшін, бұрыннан да ел ішінде беделі зор Мұқаға Жаркент өңірінің қарулы қазақтарының көпшілігі еріп, оны қолбасшы дәрежесіне дейін көтереді. Сол үшін де көнекөз қарияларымыздың  атадан балаға  мұрадай болып айтылып жүрген аңыз-әңгімелерінде:

«…Оны  патшаға әскер бермеу туралы ұраншылардың бірі, әрі әскер жинап қарсылық көрсеткен Суан көтерілісінің басшысы еді», – деп те дәріптейді.

Халықтың наһақтан қырылып қалмауының амал-айласын ойластырған Мұқа қай кезде болмасын  әрі патша әскерлерімен жөнсіз қақтығыстарға бармаған. Оған мына бір оқиға дәлел бола алады:

«..Мәселен, жерін зорлықпен тартып алып, өздеріне  ұрып-соғып, зәбір көрсеткен  казак-орыстардың жаңа қоныстарына түнделетіп барып, тұлыптарға толтырылған малдың қанын үйлердің  кабырғаларына шашып сес көрсеткен. Қанды көріп  қатты  сескенген орыс мұжықтары бұның бәрін  жаман ырымға балап,  тартып алған  жерін тастап, бір  күннің ішінде  жиналып  көшіп кеткен.  Мінекей, Сатай болыстығының жаз жайлауын тартып алған қарулы казак-орыстарды бір оқ шығармай, адам шығынынсыз Мұқа болыс өстіп өзінің айлакерлігінің, ақылдылығының арқасында  олардың  бір-ақ  күнде көшіп кетулеріне мәжбүр еткен».

Және де күн-түн демей өз болысына қарасты атқамінер жігіттерді қаруландырып, қашан да жерін, елін қорғауға даяр ұстап сақадай-сай отырған.

Жазба мәліметтерге қарасақ сол бір  аласапыран кезеңдегі Жетісу аймағында  ұзын саны – 89 болыс болған болса, соның ішінде  Жаркент уезінің қарамағындағы бұқараның жалпы саны  – 20 болыс ел.Оның 6-уы Суан руының ұрпақтары болса, қалған 14-болыстық  Албан руының қазақтары еді. Сонау, 1916-жылдың 1-қаңтарындағы  мәлімет бойынша  аталмыш 20 болыстығыңыз – 17 712 түтіннен тұрса, көтерілістен кейінгі жазалаушы отрядтың қанды қырғынынан  кейінгі қазақтардың  саны – 2 995-ке кеміген.

Мұндай қаңды қол, бақайшығына дейін қаруланған патша әскеріне  қарсы тұрар күш қайда?… Енді  Мұқа болыс өзіне қарасты 6-болыс Суанның қадірменді ақсақалдары мен  билерін жинап  отаршылдыққа қарсы күрестің жаңа әдісіне көшеді. Ол барлық  Жетісу қазақтарына  «Үндеу!»  тастап, қазақ халқының мүддесін қорғайтын  жаңа құрылған Алашорда  өкіметін қолдауға шақырады. Онымен ниеттес болған  жерлесі Метербай болыс та Алашордаға қазақтан әскер жинауға зор ықпал еткен.

Алаш өкіметі үшін қолда бар қаржы, мал және әскерге жарамды  ат құлағында ойнайтын, жүректі жігіттермен  де қамтамасыз етуге көшіп  үлкен қолдау көрсетеді. Сөйтіп, 1917-жылы Қапалға келген Алашорда өкіметінің арнайы өкілін Алтынемел асуында құрметпен қабылдайды. Жаңа ұлттық өкіметтің құрылғанымен құттықтап, 40 өгіз сойып ұлан-асыр  той жасатады. Жаңа құрылған үкіметті «Қазақтың  нағыз ұлттық  өкіметі» – деп таныған Мұқа болыс бұдан кейінгі іс-әрекетінің  бәрінде  төл ұлтының  мемлекеттік құрылымы  аталған Алашорда өкіметінің дамуы мен өркендеу жолына арнайды.

Жергілікті патшалық биліктің тас-талқан болып  ақтардың шекара  асуымен құлаған соң,  өкіметтің қожалығы қызылдарға (большевиктерге) өтеді. Ал, Алашорданы Кеңестік биліктің қас жауы болғандығын тарихтан білеміз. Сол үшін де Алаш идеясына адалдығын сақтап, ұлттың дербестігі жолынан таймаған болыс атамыз Кеңестік қызыл большевиктермен соғысып, көп шығынға ұшыратқан, күш тең емес болғасын кейін амалсыз жеңілді.

Ендігі жерде  жаңа үкімет тарапынан  жаппай қудалаудың болатынын  алдын-ала сезген Мұқа болыс өз жақтастарымен Қытай асып  кетеді.  Қызылдардың  қырғынынан  әупірімдеп  аман қалып  соңынан  ерген  ел-жұртына ол жақта да қорған  болған. Шекараның арғы бетіндегі Қытай билігінің тілін тауып  қоныс ауып барған қазақтарға – шөбі шүйгін жайлау, құнарлы егістік  жер тауып берумен қатар,  олардың ұрпағының жойылып кету қаупінен  аман  сақтап қалуды көздеген игі шараларды ұйымдастырушы тұлға.

Алайда, Кеңес үкіметі орнағаннан кейін он жыл өтер өтпестен  1927 -жылдан басталған голошекиндік жазалау саясатынан  кесірінен, Жаркент өлкесінің  қазақтары тағы да Қытай асуға мәжбүр болады.

Оған қосымша, Қазақстандағы ірі байлардың  шаруашылықтарын тәркілеу науқаны 1928 жылдан басталды. И.В. Сталин 1929 жылы сәуірдегі өткен БК(б)П ОК мен Орталық бақылау комиссиясының пленумында “кедей-жұмысшы табының тірегі, орташа шаруа-одақтасы, кулак-тап жауы” деген тұжырымдаманы ұсынды. Сөйтіп, бай-кулактарды «тап жауы» ретінде жою күн тәртібіне қойылып, ел басына қаралы түнек орнады.

Сонымен, большевиктік Кеңес үкіметі бүкіл қазақ жеріндегі ауқаттылардың бар байлықтарын күшпен тартып алды емес пе?!… Қарсыласқандарды «банды», «кулак» – деп, атты, асты қалғанын жер аударды. Жаркент өңіріндегі «бай» деп есептелген ауқатты адамдар, түгелге жуық кәмпескеленіп шеттерінен сотталды. «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген Голощекиннің ұрда-жық  солақай  саясатынан  жан мен малы талауға  түскен  қазақтар енді амалсыз тағы да Қытай жеріне барып  жан  сауғалайды.  Мұндай жағдайда амалдың жоғынан азып-тозған  көптеген босқын қазақтар Мұқа болысты  медеу тұтып, көпшілігі соны барып паналаған екен.

Іштегі ыза-кек жанға маза бермеген соң қазақтың жаужүрек жігіттерінен жасақ құрап, дүркін-дүркін шекара бұзып өз малдарын арғы бетке бұлар да күшпен тартып әкетіп отырған.

Және  ол жаңағы жасағының бір бөлігіндегі барымташы жігіттерін Советке, Қытайдың ішкері жағына,  қалмақтар отырған жаққа жіберіп  үйір-үйір  жылқыларды айдатып алдырады. Бұл жерде ол кісіні ұры деп түсінбеу керек. Дегенмен, болыс бұл әрекеттің бәрін ел-жұртының игілігіне жұмсап азаматтық танытты. Және  оның барымталап мал алуы ел-жұрттың амандығы үшінгі қажеттіліктен туындағын оңды әрекет еді.

Ал, қызылдардың комотрядының талай мәрте тартып алған малдан басқа – еңкейген қариялар, ақ жаулықты әжелер, қыз-келін  мен еңбектеген  бала-шағаға дейін пулеметпен қойша қырған жауыздығының қасында оның бұл ісі теңізге құйған тамшыдай десе де болар…

Содан, әкелінген малдардың ішіндегі бесті жылқыларды іріктеп алып құйрығын кестіріп, шекара асып келген қазақтарға бөліп-бөліп беріп қойып бақтырады. Жылқылардың саны 40-қа толғанда осы аймақтағы қытайдың билеушісі Чың Сайға апарып береді. Ол кезде Қытайдың шығысындағы Сандүн аралын ағылшындар, бір бөлігін жапондар, манчжурлар т.б. басып алып, тоз-тозы шығып жатқан болатын. Қытайдың өз билігі тек орталығында ғана болып, оның ішінде  солтүстігінде  Мао Цзе Дун бастаған коммунистік «күнсандаң», ал, оңтүстігінде Сун Ят Сен басшылық еткен  «гоминдан» деп екі партияға бөлініп өзара қырқысып жатқан кезең еді. Демек, осынау ел билігіндегі алауыздықты шебер пайдаланған Мұқа болыс гоминдан партиясын жақтаушы, өңір билеушісі  Чың Саймен жақсы қарым-қатынас орнатады.  Сол қарым-қатынастың, мәмлегерліктің арқасында азып-тозып жеткен ел-жұртына қамқор болып, ішер ас, киер киім, ірілі-ұсақты малмен, жермен де барынша қамтамасыз етіп отырды. Өзінің аймағындағы халқын сол жердің ілгеріден тұрып жатқан тұрғындарының талауына бермей, қорлық-зомбылықтан қорғады.

Мінекей, мұндағы елінің келешегін ойлай білген сұңғыла болыстың негізгі мақсаты: Советтің қырғынынан жансауғалап  шекара асып келген қазақ бауырларын  Қорғастан бастап Сайрам көл, Нылқыға  дейінгі және Жетісу Алатауының оңтүстігіндегі  таулы аумаққа қоныстандыру болды. Нақтырақ айтсақ, сол маңайда отырған – маңғұл, сібе, солаң, қалмақтарды ығыстырып қазаққа жер алып беріп отырған.

Мысалы, Мұқа болыстың осындай қамқорлық  шарапатының арқасында көптеген жерлестері  емін-еркін орнығып, шаруаларын дөңгелетті. Жазда жайлауға шығады, тау етегінде жекеменшік қыстаулары болды. Баршылықта өмір сүріп, тіршіліктерін  жасады. Сөзімізге тұздық болар тағы бір дәйек:

– Арғы беттегі  Шетбұлақ деген жерден  бір жота ассаңыз арғы жағында Қоралы Сай деген сай бар, оны Ортабұлақ деп атайды. Сол Ортабұлақтың кішкене сай бөлініп шығады соны бойлап жүре берсеңіз жоғары жағы тұйықталып Қора деп аталады. Сол Қоралы сайда Мұқа болыстың жылқылары толып тұратын-ды. Сол малдың бәрін болыс атамыз, қайғы мен қасірет шекен қазағының еңсесін көтеруге, елдің тыныш өмір сүруі үшін қажетті –  жайлау, қыстау, тұрақтайтын мекен алып беруге жұмсаған.

Сондай бір ел басына күн туған зар заманда қазақ арып-ашып, мал-жаннан айырылды. Міне, сондағы Мұқа болыстың қайраткерлігі, ұлтжандылығы –  «Елім-айлап!» шекара асып, жат жұртқа табан тіреген бауырларына арыстандай айбарымен қорған, пана болған  есіл ер!

Қазақтың дербестігін аңсаған, Алашордашы ұлт қайраткерлерін Алтынемелде ақ үй тігіп, дастархан жайып, құрметпен қарсы алған болыс, Кеңес өкіметінің бітіспес қас жауы еді. Сол үшін де Мұқа болыстың есімі мұражай сөресінде шаң басып, әлі күнге дейін айтылмай, дәріптелмей  келеді.

Кейін, Советтің көмегімен жеңіске жеткен коммунистер гоминдандықтарды бұл өңірден қуып шығады. Коммунистердің қолдауымен билікке келіп аймақ билеушісі болған Чың Дуанның:

– «…Мұқа болысты советке ұстап бергендігін» де ауыл ақсақалдарының ауызекі естеліктерінен  естідік.

Содан не керек, арғы беттегі  бүкіл Суан мен  Шеруге болыс болып, советтен  жансауғалап  барған қазақтардың ол жаққа табан тіреп орналасуына, шаруасын түзеп, еркін жүріп тұруына, өсіп-өнуіне   көп еңбек сіңірген елжанды тұлғамыздың  қазасы әлі күнге дейін жұмбақ күйде қалып отыр. Ол қанша қасірет көрсе де,  Жетісу өлкесінің қайсар рухты, арда ұлы санатында танылып,  тіршілігінде қытай мен орыстың отаршылдық езгісіне  бас имеді. Тіршілігінде  есімі аңызға айналған осынау тау тұлға туған халқының жүрек төрінен ойып тұрып орын алып, ұрпақ жадында ел ақсақалдарының қайталанбас бірегейі ретінде  мәңгілік сақталып қалды.

Мұқаның балалары – Мұхтархан, Молдаш, Мұсахан атты үш ұл. Үлкен ұлы Мұхтархан Үрімжіде оқыған қытай тілін білетін өте сауатты еді. Қытайдан бері өткенде, 1962 жылдары Молдаш осы Жаркент өңірінде қалып, Мұсахан және Мұқаның інісі Мұстафаның ұрпақтары Талдықорған жақтағы Қоңыр деген жерге барып орналасқан, қазіргі таңда өсіп-өніп бір қауым ел болып отырған жайы бар…

 

Жарияланды. Қ. Ибрайымжанов. «Жаркент өңірі» – Алматы: Принт-Плюс. 2023. -280 б. -205–211 б.

5 1 vote
Рейтинг статьи
Қаралым 118
Зобалаң жылдардың зорлығы
Халық жады

Зобалаң жылдардың зорлығы

June 10, 2026
Қытайдың мылтығынан сескенбеген Оспанқұл мен Жапар
Халық жады

Қытайдың мылтығынан сескенбеген Оспанқұл мен Жапар

June 2, 2026
Тар кезеңде таланған тағдырлар
Халық жады

Тар кезеңде таланған тағдырлар

June 1, 2026
Ұлт жадын жаңғыртудың жаңа кезеңі
Халық жады

Ұлт жадын жаңғыртудың жаңа кезеңі

June 1, 2026
Түрмеден келген тосынсый немесе райыс молданың ақырғы аманаты
Халық жады

Түрмеден келген тосынсый немесе райыс молданың ақырғы аманаты

May 26, 2026
Білімге салынған алғашқы инвестиция
Халық жады

Білімге салынған алғашқы инвестиция

May 18, 2026
Subscribe
Login
Notify of
guest
guest
0 комментариев
Oldest
Newest Most Voted
Inline Feedbacks
View all comments
Төккен тердің қадірі

Төккен тердің қадірі

June 11, 2026

Зобалаң жылдардың зорлығы

Зобалаң жылдардың зорлығы

June 10, 2026

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

1932 жылғы Қытайға ауа көшкендердің тізімі: архив құжаты нені аңғартады?

June 10, 2026

Ауылын көріп, азаматын танисың

Ауылын көріп, азаматын танисың

June 3, 2026

Ұстаз ананың хаты

Ұстаз ананың хаты

June 3, 2026

Ақпараттық агенттігі

Меншік иесі: “Жетісу” өлкетанушылар орталығы” қоғамдық бірлестігі
Қазақстан Республикасы, Жетісу облысы, Талдықорған қаласы “Болашақ” шағын ауданы, 12-27

Q-Andas желілік басылымы Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникация министрлігі Ақпарат комитетінде 2025 жылғы 19 наурызда тіркеліп, № KZ21VPY00115275 куәлігі берілген.

Сайт материалын пайдалану үшін редакция келісімі керек және гиперсілтеме жасау міндетті.

Тел: 8 747 706 1382
email: andas_kazhet@mail.ru

qandas.kz © 2025. Барлық авторлық құқық заңмен қорғалған.

  • Qazaq
  • توتە جازۋ
  • Басты бет
  • Өлкетану
    • Білім
    • Денсаулық
    • Спорт
    • Елтану
    • Жартас суреттері
    • Қасиетті жерлер
    • Қоршаған орта
    • Шалғай ауыл
    • Әдебиет
    • Халық жады
    • Қуғын-сүргін
    • Көші-қон
    • Тарих
    • Тұлғатану
    • Туризм
    • Мәдениет
  • Арнайы жобалар
    • Турнир
    • Экспедиция
    • Конкурс
    • Грант
    • Конференция
    • Көрме
  • Мұрағат
    • Андас Омарақын ізімен
    • Ауесхан Мажайдың жәдігерлері
    • Бейнефильм
    • Галерея
    • Хаткерлік
  • Біз туралы
    • Әріптестер
    • Байланыс
    • Сайт әкімшілігі
    • PDF-мұрағат

© 2025 qandas.kz

wpDiscuz