Ескелді аудандық прокуратурасының прокуроры Әшеев Бақытжан Мұратұлы өңірде «Заң мен Тәртіп» қағидаты аясында құқықтық тәртіпті нығайту және азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүріп жатқанын баяндады.
Оның айтуынша, биылғы жартыжылдықтың қорытындысы бойынша ауданда криминогендік ахуалдың жақсарғаны байқалады. Жалпы тіркелген қылмыстық құқық бұзушылықтар саны өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда азайған. Бір қуанарлығы, адам өлімі, денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру және тонау фактілері тіркелмеген. Алаяқтық, алкогольдік масаң күйде жасалған қылмыстар, отбасылық-тұрмыстық саладағы құқық бұзушылықтар мен кәмелетке толмағандардың қатысуымен жасалған қылмыстар саны да кеміген.
Дегенмен, алаңдаушылық туғызатын мәселелер де жоқ емес. Атап айтқанда, мал ұрлығы, интернет-алаяқтық, көлікке қатысты қылмыстар біршама артқан. Бұл бағыттар прокуратураның ерекше бақылауында. Әрбір дерек бойынша талдау жүргізіліп, құқық қорғау органдарымен бірлескен профилактикалық жұмыс жалғасуда. Әсіресе интернет-алаяқтыққа қарсы түсіндіру жұмыстары күшейтілген. Прокурор тұрғындарға жеке деректерін, банк картасының мәліметтері мен SMS-кодтарын бөгде адамдарға бермеу, күмәнді қоңыраулар мен жалған инвестициялық ұсыныстарға сенбеу жөнінде тәжірибесін ортаға салды. Әсіресе, кәсіпкерлердің құқықтары қорғалып, су жеткізу саласындағы заңсыз талаптар жойылған. Сонымен қатар, пайдаланылмай жатқан 1310 гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылыпты.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
«Бала – болашағымыз!» десек те, олардың құқытары қай деңгейде қорғалып отыр деген сұрақ та өзекті. Осы тұрғыдан келгенде, аудандағы білім бөлімі және мектептердің педагог-психологтарымен бірлесіп жүргізген профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде биыл кәмелетке толмағандарды өз-өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу деректері тіркелмеген. Еңбек құқықтарын қорғау аясында жүргізілген талдау барысында мектеп мұғалімдерінің арнайы қорғаныш құралдарымен толық қамтамасыз етілмегені анықталып, қадағалау актісі енгізілген 392 педагог қажетті құралдармен қамтамасыз етіліп, 25 лауазымды тұлға тәртіптік жауапкершілікке тартылған.
Соңында аудан прокуроры заңдылық пен қоғамдық тәртіпті сақтау – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін атап өтті.
Шара аясында біз де спикерлерге өзімізді қызықтырған сұрақтарды қойып, қажетті жауаптар алдық. Толығырақ видеодан көре аласыз.
Айдана Аманжолқызы
Әмина Саяхатқызы
«Q-Andas ақпарат агенттігінің тілшілері.











