Материал Алматы қаласы
Дін істері жөніндегі басқармасы
ұйымдастырылған байқауға қатысу
мақсатында дайындалған
Қазақ даласына Ислам дінінің келгеніне 1250 жылдай уақыт болды. Осы ұзақ кезеңде Ислам дінінің әдет-ғұрыптары біздің болмысымызға, дүниетанымымызға сіңіп кеткенін көреміз. Табиғатынан ақиқатқа құштар бабаларымыз Исламның хақиқи ұстанымдарын қиындықсыз қабылдады. Халқымыздың бойындағы адамгершілік, адалдық ұғымдарын ұлық имам Әбу Ханифаның жолымен байланыстырсақ, Алла Тағаланың пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) арқылы жеткен сөзін, ұстанған сүннетін бізге түсіндіріп беретін ғалымдардың қажеттілігін ұғынамыз. Өйткені, дін ғылымын өз бетімізбен түсіну мүмкін емес. Құран да, хадис те – терең ілім. Әрбір аяттың тура мағынасын, астарлы мәнін білмей, әркім өзінше дінді түсіндіре алмайды.
Еліміздегі білім беру жүйесі зайырлы сипатқа ие. Сондықтан мектептерде діни рәсімдер жасалмауы және діни атрибутика қолданылмауы тиіс. Сирек болса да, ата-анасының діни көзқарасына байланысты кейбір оқушылардың кей пәндерге қатыспауы байқалады. Бұл – біріншіден, білім туралы заңды бұзу. Екіншіден, мектеп бағдарламасындағы пәндердің бәрі баланың дамуы үшін қажет. Ата-ананың осындай қарапайым заңдылықты түсінбеуі – заңсыз әрі зиянды әрекет.
Сол сияқты діни ұстанымына байланысты баласына екпе жасатудан бас тарту да кездесіп жүр. Бұл – білімсіздіктің салдары. Ешбір дінде денсаулықты сақтауға шектеу қойылмайды. Керісінше, өркениетті діндер тән саулығына ерекше мән береді. Мұхаммед пайғамбардың: «Аурудан емделіңдер. Алла тағала әрбір аурудың емін қоса жаратқан» деген хадисі бар. Сауд Арабиясының өзінде қажылыққа баратындарға белгілі екпелерді қабылдау міндетті.
Мемлекетіміз халықты аурудан қорғау үшін жыл сайын ондаған миллиард теңге бөледі. Экономикасы әлсіз елдерде мыңдаған бала жұқпалы аурудан қаза тауып жатқанын ескерсек, бұл – үлкен игілік. «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген даналық та осыдан шыққан.
Тағы бір сорақылық – кейбір теріс діни топтардағы заңсыз некелер. Ата-анасының келісімінсіз үйлену, әйелін талақ етіп тастау, жауапкершіліксіз қарым-қатынастар – исламда қатаң айыпталатын іс-әрекеттер. Шынайы ислам отбасы институтына ерекше мән береді, ананың, баланың құқығын қорғайды.
Ислам қазаққа Әбу Ханифа мектебі арқылы жетті. Сол мектептің тәрбиесімен дана қарттарымыз, парасатты ерлеріміз қалыптасты. Шоқан Уәлихановтың: «Даласында түрмесі, есігінде құлпы болмаған халықпыз» деуінде үлкен мән бар. Отанды сүю, үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық – бәрі Ханафи мектебінің ықпалы.
Діни ағымдар ертеден болған. Бірақ дұрыс жолды ұстаған ғалымдар халықты бірлікке шақырды, шариғи үкімдер арқылы бөлінушіліктің алдын алды. Қазіргі жаһандану заманында жастардың жат ағымға еру қаупі бар. Сондықтан Ханафи мәзһабын терең түсіндіріп, халықты сауаттандыру қажет.
Қазақстан бүгінде тұрақтылықтың, бейбітшіліктің үлгісі болып отыр. Бұл – ата-бабадан қалған аманат. Көпұлтты, көпдінді ел ретінде біз татулықты сақтай білсек, өркендей түсеміз. Жақсылықты дәріптеу – парыз. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің съезі сияқты жиындар да бейбітшілікті нығайтады.
Тыныштық пен тұрақтылықтың, бейбітшілік пен татулықтың, береке мен бірліктің тұғыры болған еліміздің ғибратты өмірі ұзақ болғай. Ел басындағы азаматтар мен дін ғалымдарының көздегені әділет пен адалдық болсын!
Ажар АНДАС, SDU 3 курс студенті
Q-Andas ақпарат.











