Тарихтың өткені мен бүгініне зер сала қарасақ, көшпенділер мәдениетінің негізін қалаған әрі оның қалпын қазірге дейін жеткізген халқымыз көне жыл есебі бойынша төрт түліктің бағымы мен бабына қарай дәстүрлі мерекелерді ойлап шығарып әрі тойлап келген. Сол мерекелердің бірі – Наурыз мейрамы. Қазақ халқында: «Отыз күн ойын, қырық күн тойың» деп келетін нақыл сөз жиі кездеседі. Барлап қарайтын болсақ, «отыз күн» дегені наурыз мейрамына қаратылған. Яғни, бұл мейрам халқымыздың көне жыл есебі бойынша ақпан айының 20-сынан тойлана бастайды да тура отыз күн дегенде, яғни наурыз айының 21-і күні аяқталады. Оның ертесі 22-наурызда бүкіл ұлыс болып құтты мерекені ұзатып салады. «Ұлыстың ұлы күні» дегеніміз осы. Ал «Қырық күн тойың» шілде айына тура келеді. Ол үркер жұлдызының көрінуі мен жасырынуына байланысты болған. Бұл аралық қырық күнді құрайды. Халқымыз мұны «Қырық күн шілде» деп атаған. Мұнда да ұлы думан, мереке болады. Той-томалақ, қыз ұзатып, келін түсіру, сүндет той, тағы басқа кең жайлаудағы керемет думандары осы кезде өткізіледі. Үркер көкке көтерілгенде жиын-терін жұмыстарына кірісе бастаған.
Ал, біз сөз еткелі отырған Наурыз мерекесі қытымыр қыстан қысылып шыққан малшы қауым үшін жыл басы ретінде ерекше аталып өткен. Жердің тоңы жібіп, қолдағы мал өріске шығып, қолы босай бастаған қауым бір-бірінің хал-күйін білуге мүмкіндік алған. Әрине, ертедегі көшпелі жұрт бір-бірінен шалғай орналасқандықтан қысты күні өзара хабар алысуы қиынға түскені анық. Ал наурыз айының (тақ күндері) 1,3,5,…29 күндері рет-ретімен жеті дәмнен Наурыз көже жасап, бір ауыл енді бір ауылға қыдырып барып, «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын» деп тілек тілесіп, аман-есен тағы бір жылға жеткенін қуаныш етіп отырған. Бертін келе ел отырықтасып, ауыл болып ұйысқаннан кейінгі тұста мереке салтанаты да өзгере бастады. Онда наурыз айы басталған соң ауылдың бір басынан бастап, көше-көше ретке тұрып, наурыз көже жасалатын. Адамдар топ-топ болып үй аралап қыдырып наурыз көже ішеді. «Наурыз бәйітін» айтып, түрлі көңіл ашу шаралар өткізеді. Бұл күні балалар тіпті де шаттыққа шомады. Олар күндіз тепкіш теуіп, батпырауық ұшырса, кеште жасырынбақ ойнайды, тағысын тағылар.
Дей тұрғанмен, кеңестік идеологияның салқыны атаулы мерекеге кері ықпал еткені бәрімізге мәлім. Тіпті, оны көненің көзі ретінде шектеу қойғаны да анық еді. Алайда, бұл жүйе халықтың нанымы мен сеніміне шектеу қойғанымен дәстүрі мен өмір сүру қағидасын түбегейлі өзгертіп кете алған жоқ. Бұрынғыдай ауыл болып мерекені тойламаса да, үй бас сайын көже жасап, құтты күнді қызу қарсы алу сақталып келді.
Еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін аталмыш мерекені тойлау жандана бастады. Қазіргі таңда ел бұрынғыдай наурыз айы туысымен көже жасап, қонақжайлылық танытпаса да, 22 наурызды ұлы мереке ретінде, тіпті, «Қазақтың жаңа жылы» деп тану жыл өткен сайын ауқымдана түсуде. Әрине, солай болғаны да жөн. Қазір біз жаңа жыл санау есебін қолданамыз дегенмен, ауыл және мал шаруашылығымен шұғылданатын тұрғындар көнеше жыл қайыру бойынша шаруасын реттеп отырады. Ауа райын, адам тағдырын, табиғаттағы тосын өзгерістерді жыл қайыру арқылы болжап отырады. Мұндағы көне жыл есебі дегеніміз, 12 мүшел бойынша жыл қайыру тәртібін көрсетеді. Қазақ халқының тарихында мұның саяси және экономикалық мәні өте зор болған. Ертедегі дипломатиялық қарым-қатынас, көші-қон ісі, тіпті, мереке-мейрамдарда осыған ыңғайластырылып жасалған. Бұл туралы тарихи материалдардан көптеген деректер келтіруге болады. Мысалы Алтын орда хандығының Тоқтамыс ханы (1380-1395 ж.ж) Қажыбекке жазған қолжазба хатында: «Қажыбек алдияр: … менімен қарсыласқандар жақсылық көрмейді деп ерекше қол қойып, мөр басып, ниетімді білдіремін. Сұлтан Тоқтамыс таңбасы. Мешін жылы – мұсылман календарының 784-жылы жолхыда айының 24 күні Ұрынтөбе» делінген. Қазіргі жыл санау бойынша қарайтын болсақ бұл хат 1382 жылы ақпанның 1-і күні жазылған. Мұның өзі ата-бабаларымыздың саяси мәселелерді жылды мүшелдеп санау тәртібімен жүргізіп отырғанын аңғартады. Сөз орайы келгенде айта кетейін, қытайлықтарда жылды мүшелдеп санау тәртібін қолданып келеді. Олардың тарихи құжаттарында 12 мүщел бойынша жыл санау (көне жыл есебі) заманымыздан бұрынғы 2637 жылы 6 наурыздан басталған деп жазылған. Қазір қытайлықтар әдетте жаңаша календарды қолданғанымен, олар жаңа жыл мерекесін ақпан айында тойлауды дәстүрге айналдырған. Тіпті, экономикалық, әлеуметтік жоба-жоспарларын да көнеше жыл есебі бойынша бағыттап отырады. Бұл олардың экономикалық тұрғыда басқаларға ттәуелділіктен құтқарып отыр. Бүгінгі Қытай экономикасының дамуының түпкілікті себебі де міне, осы. Сондықтан біз де ата-бабамыздың ұстанымдарына негізделе отырып, Наурыз мерекесін тек мейрам ретінде ғана емес, қазақтың Жаңа жылы деп танығанымыз жөн. Саяси-әлеуметтік, экономикалық жоспарларда соған сай құрылса ұтылмаймыз дегім келеді.
Қажет Андас,
«Q-Andas» ақпарат агенттігі











