Қазақ халқының мереке, спорт және ойын-сауық мәдениетінің ұлттық өзгешелігі ерекше, айқын, түрі мол, тарихы ұзақ. Солардың бірі – Наурыз мейрамы. Әр жыл сайын 3 айдың 22 күніне тура келетін бұл мейрам, байырғы қазақ календары бойынша жаңа жылдың басталған күні болып есептеледі. Себебі, бұл күні астрономиялық жер қозғалысы күнмен түннің теңеліп, күннің узару сәтіне тұра келеді. Осы күнді “Ұлыстың ұлы күні” деп ұлықтаған ата – бабаларымыз, халықтың арман-тілегін жыр-тақпақпен айтатын “Наурыз жырын” шығарып, кемінде жеті түрлі немесе одан да көп( бидай, тары, қамыр, ет, тұз, қатық, су) дәмнен “Наурыз көже” жасап, ауыл– аймақты қыдырып көже ішіп, өткен жылдағы жетістігін бағамдап, келе жатқан жаңа жылдан мейір – шапағат тілеп, мәре-сәре болып қалады.
Алайда, төл тарихымызға қатысы бар делінетін жазба материалдарды парақтап көрсеңіз, қандай да бір құндылығымыз басқа біреулердің пайдасына шешіліп, қанжығасына байланып шыға келетіні бар. Тарихымызды табандылықпен алға тартқан ұлыларымызға ақылшы болып, ұлт азаттық күрестеріне жол көрсетіп “Басқа ұлт өкілдері” жүретінін айтпағанда, Бүгін тілге тиек етіп отырған Наурыз мерекесі парсы тіліндегі нау- жаңа, руз – күн деген сөзден шыққан деп жазылып келеді.
Қазіргі күнде ғылым тілінде наурыз аталғанымен ел арасында бұл мерекені “Ұлыстың ұлы күні” деп (наурыздың ұлы күні демейді)айтады, сол күні барлық адам “Ұлыс оң болсын!” деп (наурыз оң болсын демейді)бір-біріне ақ тілегін арнайды. Бұл мерекенің тарихи атауы да, міне, осы “Ұлыс” сөзінің мағынасында жатыр. Менің бұл сөзге ой бөлгендегі мақсатым қазір аталмыш мерекені әлемдегі бірталай елдер мойындап, халықаралық деңгейде орын беріп отыр. Мысалы, қытайда осы күні жаңа жылдық ауыл-шаруашылығы жоспары бекітіледі. Әлемді осылай өз орнын ала бастаған біздің халықтың ақыл-парасатына бұл күндері көлденең көк аттылар кірісе кететін болып барады. Тарихында наурыз көже жасап, наурыз жырын шығарып көрмеген кейбіреулер жақын жылдардан бері осы мерекені тойлайтынды шығарды. Мақсаты біреу-ақ осы арқылы өздерін әлемге таныту. Мысалы, біз білетін 80 жылдары наурыз деген мейрамның иісінде білмеген Ұйғыр жұрты, бүгінгі күні мұны төл мерекесі етіп алды. Олар – “Наурыз” парсы тіліндегі сөз, Махмұт Қашқаридың “Түрік тілдер сөздігі”нде жазылған. Сондықтан бұл мереке түркі тілді ұлттардың бәріне ортақ деген желеумен үй ішінен үй тігіп жүр.
Қазақтың осы бір қасиетті мерекесін парсының сөзінен шықты дегенге өз басым келіспеймін. Ол қазақ даласына ислам діні таралмай тұрған кезде әдет – ғұрыпқа енген, себебі, мереке барысында ислам дініне қатысты сенім, ғибадаттар мүлде орындалмайды, қайта ұлттық бояуы қанық. Наурыз сөзінің этимологиясы парсыларға тән дегеннің өзінде ол бір кездегі саяси ұстанымның әсерінде, күшпен сіңдірілген ұғым. Иә, бір кездері парсылардың да қазақ даласын ат ойнақ қылғаны шындық. Қараханилар дәуірі мен Хорезм шахтың тұсында қызыл бастар асарын асап, жасарын жасады. Ислам дінін саяси құрал ретінде пайдаланған олар Сақ пен Түркі дәуіріндегі жергілікті халықтың жеңімпаз мәдениетін жермен жексен етті. Ұлттық құндылықтарымызға да өздеріне түсінікті есімдерді тықпалап, өздеріне теліп жанталасты. Бірақ жоғалтып жібере алған жоқ, себебі, ол осы даланың қасиетті топырағынан өніп шыққан өміршең де, өлмес мұрағаттар еді. Соның бірі, әрі бірегейі болған Наурыз мерекесі – атауы өзгерсе де, ата-бабаларымыздың философиялық ойларының ұшқыны ретінде сақталып қалды. Өйткені, бұл мереке түркі текті, тілді ұлттардың ішінде тек қазақ халқын да мерекеге терең мән беріп, ұлы күнді ерекше атап өту мұра болып қалған. Қазіргі парсылардың өзінде мұндай аталмыш мереке мүлдем жоқ,
Біз ел болып еңсеміз көтерілді дегенімізбен ұлттық құндылығымызды ұлықтай алмай келеміз, өзіміздің қызыққа толы, адамгершілік пен инабатқа бай мерекелерімізге мұрын шүйіре қарайтынымызды жасыра алмаймыз. Есесіне, қақаған қыстың аязына бетімізді қарып, “Рождествода” таң атқанша есіміз кете биге басып, Баянсұлу мен Ақжүністі, Қызжібек пен Шұғаны қайырып қойып “Валентин күнінде” бесіктен белі шықпаған сәбилерге махаббаттың не екенін үйретіп қызыл танау болып жүрміз. Оның үстіне “Қытайлық”, “Ирандық”, “Моңғол” “Түрік” т.б қазақ деген атаулар сөздік корымызға сыналап еніп барады. Бұл кеңес дәуірінен қалған сырқат. Әрине, қытайға қорған салдырған, Европаға канал қаздырған, баскиіміне аққудың қанатын тағып Америка құрлығын дүбірлеткен, үндінің жігіттеріне “Таж-Маһал” мешітін соқтырған ата-бабаларымыз осал болды деп айта алмайсың. Қайта осы қайсар халықты құртып, жоғалтуды мақсат еткен отаршыл жүйе адамдарды өзара жауластырып, бір-біріне айдап салып отырғаны айдан анық. Себебі, олар осы тәсіл арқылы ғана өз билігін сақтап қалатынын білді. Бұдан басқа мәдениетімізге, тілімізге, ділімізге жасалған қиянаттар қаншама. Бұл біз білетін дәуірдің көрінісі. Ал біз білмейтін кездегі ұлттық құндылықтарымыздың ойран болып, күші жеткендердің қанжығасында кеткені қаншама.
Өкінішке орай, біздің төл тарихымызды басқалар өздеріне ыңғайлап жазып келді. Кім өзі шыққан тауының биік болуын арман етпейді. Араб қаламгерлері қазақты араб жасаймыз деп жанталасса, орыстар отарлап бағындырғысы келді, қытайлар күле кіріп, төр менікі деп отыр, бір мезгіл иілген шындық, шарт сынып кеткен жоқ. Орнында бар оңалып келеді. Біз мақтануды білмейтін кеңпейілді халықпыз. Мақтана бастайтын болсақ, басқаларда бес мың жылдық тарихы болса, мүмкін біздікі одан да әрмен апаруға әбден болады. Өйткені, ырысты жеріміз, ұлағатты еліміз, құлпытастар мен сынтастар, жартас суреттері мен балбалдар, таудың тасы да, қырда өскен бір тал жусанның өзінде талай құпия сайрап жатыр. “Наурыз” мерекесін де қастерлеп, аялап, сақтап осы кезеңге жеткізген біздің ата-бабаларымыз. Сондықтан ол қазақ халқының жаратылыс танудағы ойламының түйіні. Қазақ елі өркендеген сайын, осы ғылыми ойдың саулесі әлемдегі сансыз адамдарды жылындыратын болады.
Өткенге өкпе айта берүге де болмас. Тәуелсіз ел болғаннан кейін өшкеніміз жанып, жоғалғанымыз қайта оралып жатыр. Өзіміздің тарихта кім болғанымызды, қалай өмір сүргенімізді енді-енді біліп келеміз. Елді біріктіріп, еңсесін қөтеретін халқымыздың сонау замандардан қалыптасып, күні бүгінге дейін сыны мен сырын кетірмей келе жатқан әдет – ғұрптары. Оны аялап, қадірлеу әрбір қазақтың қасиетті міндеті. Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, ағайын!
Қажет Андас,
«Q–Andas» ақпарат агенттігі











