“Жетісу медия” ақпарат алаңында өткен жиында , автомобиль жолдарын жөндеу және күтіп ұстау мәселелеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті. Жиынға «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Келімбетұлы Қалтаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Манасұлы Досжанов және Жетісу облысы Полиция департаменті жол-техникалық инспекциясы бөлімінің инспекторы Диас Талғатұлы Молдабергенов қатысты. Баспасөз мәслихатында республикалық маңызы бар жолдардың қазіргі жай-күйі, жөндеу жұмыстары, жол қауіпсіздігі, жол бойындағы қызмет көрсету сапасы және жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мәселелері сөз болды. Сондай-ақ күрделі және орташа жөндеу жұмыстарының барысы, жол белгілерін орнату, шұңқырларды жою, көпірлер мен су өткізгіш құбырлардың техникалық жағдайын бақылау, санитарлық тазалықты сақтау бағытындағы жұмыстар туралы ақпарат берілді. Өлкетану тұрғысынан қарағанда, жол – жай ғана қатынас құралы емес, ел өмірінің айнасы.

Жетісуға келген жолаушы ең алдымен жолды көреді. Жол бойындағы жанармай бекеті, демалыс орны, ескерту белгісі, тарихи ескерткіш маңы – бәрі де өңір туралы алғашқы әсер қалыптастырады. Сондықтан жолдың күтімі, тазалығы мен қауіпсіздігі өңір мәдениетімен, туризммен және қоғамдық жауапкершілікпен тікелей байланысты екені назарға алынды. Осы орайда «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Жетісу облыстық филиалының директоры Жасұлан Келімбетұлы Қалтаевқа жол бойындағы қызмет көрсету сапасына қатысты сұрақ қойылды. Жетісу облысындағы кейбір жанармай құю бекеттерінде дәретханалардың әлі де ақылы екені айтылып, бұл мәселені шешу бойынша «ҚазАвтоЖол» қандай жұмыстар жүргізіп жатқаны сұралды. Бұл сұрақ жолаушыларға жасалатын қарапайым жағдайдың өзі өңірдің жол мәдениеті мен туристік тартымдылығына әсер ететінін көрсетті.

Сонымен қатар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Айдос Манасұлы Досжановқа республикалық жолдар бойындағы тарихи-рухани ескерткіштердің сақталуы мен айналасының күтіміне қатысты сауал жолданды. Жетісу өңірінде жол бойында көне қорымдар, тарихи орындар, ел жадында сақталған жер-су атаулары аз емес. Сондықтан мұндай нысандардың қараусыз қалмауы, айналасының таза болуы және тиісті органдармен бірлескен жұмыс жүргізілуі өлкетану үшін маңызды мәселе ретінде көтерілді. Баспасөз мәслихатында жол сапасы, қауіпсіздік, тазалық, тарихи нысандардың күтімі және жолаушыға қолайлы орта қалыптастыру мәселелері жан-жақты талқыланды. Жол бойындағы әрбір нысан, әрбір белгі, әрбір қауіпсіздік шарасы өңірдің бет-бейнесіне әсер ететіні айтылды.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жетісудың жолы – жай ғана бағыт емес. Ол ауыл мен қаланы, тарих пен бүгінді, табиғат пен туризмді, адам мен мекенді жалғап тұрған кеңістік. Сондықтан жолды жөндеу және күтіп ұстау жұмыстары тек техникалық міндет ретінде емес, өңірдің мәдениеті мен тарихи келбетін сақтауға қатысты жауапты іс ретінде қарастырылды.
Айдана Аманжолқызы
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшісі.











