Бүгінде кітапхана ісі заман талабына сай жаңарып, басқару жүйесіне жаңа технологиялар мен әдістер енгізілді. Соның нәтижесінде кітап қорын сақтау, оқырманға қызмет көрсету сапасы жоғары деңгейге көтерілді. Рухани жаңғыруды, адами құндылықтарды дәріптейтін жаңа еңбектер оқырманға жол тартып, көпшіліктің ықыласына бөленуде. Электронды кітап қорлары мен ұлттық электронды кітапхананың дамуы кітапқа қолжетімділікті арттырып, білімді тереңдетуге, оқу мәдениетін қалыптастыруға және оқырман қызығушылығын күшейтуге ықпал етуде.
Осы тұрғыдан келгенде облыстық әмбебап кітапханасы 2019 жылдан бері мемлекеттік тапсырыспен, сыйға тартылған және жергілікті қаржы есебінен алынған жаңа әдебиеттерді «WEB-RABIS» бағдарламасы арқылы электронды каталогқа енгізе бастады. Ал 2023 жылдың наурыз айынан бері «СабИрбис» бағдарламасының «Комплектования» мен «Катологизатор» модульдері іске қосылып, жүйелі түрде оқырманға ұсынылуда. Бұл тәжірибе аудандық кітапхана қызметкерлеріне де үйретіліп, тәжірибе алмасу шаралары нәтижесінде бүкіл облыс көлемінде кітаптар электронды базаға енгізілді.
«Цифрлы Қазақстан» бағдарламасы аясындағы ізденістер де өз нәтижесін беруде. Басылымдар мен ғылыми еңбектерді, мәдени маңызды өлкетану құжаттары мен сирек кездесетін қолжазбаларды сандық форматқа көшіру бағытында белсенді іс атқарылып келеді. Бұл үрдіс ұлттық мұраны жоғалтпай сақтауға, құндылықтарды болашаққа жеткізуге септігін тигізеді.

Кітапханалық қызметтің жаңа түрінің бірі QR-код жүйесі. Кез келген смартфон иесі камера арқылы қажетті ақпаратқа лезде қол жеткізе алады. Бұл оқырман үшін уақытты үнемдеп, дерекке тез әрі нақты жол табудың тиімді тәсілі болып отыр. Соңғы жылдары ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы тарапынан электронды мемлекеттік кітапхана қоры жасақталып, ақпараттық теңсіздікті төмендетуге бағытталған ауқымды жұмыстар қолға алынуда.
Қазақстандық ұлттық электронды кітапхана қорының толықтырылуы кітапхана ісінің жаңа серпін алуына ықпал етті. Бүгінде облыс кітапханалары сирек әрі құнды кітаптармен толықтырылып, кез келген оқырман KazNEB порталы арқылы kazneb.kz сілтемесіне кіріп, интернет арқылы электронды каталогтарды пайдалана алады, құжаттардың көшірмесін тапсырыс беріп немесе толық мәтінін оқуға мүмкіндік табуда.
Кітапхана – ұлттық рухтың айнасы. Ол ұрпақтан-ұрпаққа аманатталған құндылықтарды, тарих пен мәдениетті, әдебиет пен салт-дәстүрді сақтап, кейінгі буынға жеткізетін алтын қазына. Сондықтан да кітапхананы жаңғырту, оны инновациялық деңгейде дамыту ұлттық жауапкершілік. Әлемдік кітапхана ісінің үздік тәжірибесін пайдаланып, заманауи инновациялық жобаларды енгізу арқылы ғана Қазақстан кітапханалары халықаралық деңгейде мойындалған мәдени-ағартушылық орталыққа айнала алады.

Уақыт өткен сайын кітапхана ісінің мәні артып, жаңа технологиялар арқылы оның маңызы еселене түсуде. Мұндай жүйелі жұмыс алдағы уақытта да жалғасып, болашақ ұрпақтың рухани шамшырағы болып қала бермек.
Мақпал Андас,
Алматы облысы орталық әмбебеп кітапханасының кітапханашысы











