Қайырымдылық – қоғамдағы мейірім мен жанашырлықтың айқын көрінісі. Әсіресе ел тарихындағы қасіретті кезеңдерді еске алу күндерінде жасалатын игі істердің тәрбиелік мәні зор. Мұндай шаралар өткенге құрмет көрсетумен қатар, бүгінгі ұрпақты адамгершілікке, бауырмалдыққа және елдік құндылықтарды қадірлеуге үндейді.
«Алакөл Желтоқсан ардагерлері» республикалық қоғамдық бірлестігі 1986 жылғы Желтоқсан көиерілісіне қатысқан азаматтардың ерлігі мен елдік ұстанымын ұлықтауға, тарихи жадты жаңғыртуға және жас ұрпаққа отансүйгіштік тәрбие беруге бағытталған қоғамдық ұйым.
Бірлестік 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне, сондай-ақ 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күніне орай қайырымдылық шараларын өткізіп тұрады.
Биыл да ұйым атаулы күнге орай қайырымдылық іс-шарасын ұйымдастырып, Көксу ауданы Мұқаншы ауылдық округінің орталығы Көксу ауылында тұратын Ербол Әбілмажінов отбасына көмек көрсетті. Бұл отбасының жағдайы көпшіліктің жүрегін ауыртпай қоймайды. Жақында ғана балалардың анасы өмірден өтіп, тоғыз бала ана мейірімінсіз қалды. Бір шаңырақтың бар жауапкершілігі отбасының жалғыз асыраушысы – отағасының мойнына түскен. Сонымен бірге бұл үйде 90 жасқа келген, көру қабілетінен айырылған қарт әже де тұрады.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Бірлестік төрайымы Ләззат Мақатқызы бұл қайырымдылық шарасының мәні тереңде екенін атап өтті.
– Бүгін біз Көксу ауданы Мұқаншы ауылдық округінде тұратын Ербол Әбілмажінов отбасына арнайы келіп, қайырымдылық көмегін көрсетіп отырмыз. Бұл шаңырақта тоғыз бала өсіп келеді. Бір үйдің қуанышы да, тірегі де болған ананың орны ешқашан толмайды. Әсіресе өмірдің ащысы мен тұщысын әлі толық танып үлгермеген балалар үшін бұл өте ауыр жағдай.
Тоғыз баланы жеткізу, қарт ананы күту, отбасының күнделікті қажеттілігін өтеу бір адамның мойнына түскені оңай емес. Осындай жағдайды естіген соң, біз бірлестік тарапынан қарап отыра алмадық. Қайырымдылық жасау адамдарға материалдық көмек беру ғана емес, қиын сәтте жалғыз емес екенін сезіндіру, жанға демеу болу, үміт сыйлау.
Бүгінгі игі іске бірлестіктің Жетісу, Алматы, Ақтөбе облыстары мен Алматы қаласындағы өкілдері атсалысты. Алдағы уақытта да мұндай қайырымдылық шаралары жалғасын табады, – деді Ләззат Мақатқызы.

Отбасының үлкені ұлы Әрсен Әбілмажінов те көрсетілген көмекке ризашылығын білдіріп, бауырларының бүгінде бір-біріне сүйеу болып отырғанын айтты.
– Мен колледж бітіріп, әскери борышымды өтеп қайттым. Менен кейінгі бауырларым колледжде, мектепте оқиды, балабақшаға баратындары да бар. Әрқайсысының болашағынан үмітіміз үлкен. Біз анамыздың аманатына адал болып, бауырларымыздың бір-бірінен ажырамай, жақсы азамат болып өсуін қалаймыз.
Ауыл әкімдігі тарапынан да қолдау көрсетіліп тұрады. Мектепте оқитын бауырларым жазғы лагерьлерге тегін барады, ыстық тамақпен қамтылған. Оқу жылы басталған кезде киім-кешек, оқу құралдары жағынан да көмек беріледі. Мұндай қолдаулар бізге үлкен демеу.
Бүгін арнайы келіп, жағдайымызды сұрап, көмек көрсетіп жатқан желтоқсаншы ағай-апайларға отбасымыздың атынан көп-көп алғыс айтамын, – дейді ол.

Бұл отбасы бүгінде Мұқаншы ауылдық округінің орталығы Көксу ауылындағы жалдамалы үйде тұрып жатыр. Ай сайын 7 мың теңге көлемінде жалдау ақысын төлейді. Алайда тоғыз баланың «бір күні осы үйден айырылып қаламыз ба?» деген алаңдаушылығы орынды.
Осы мәселеге қатысты заңгер Лязат Жапашева баспананы жекеменшікке беру мүмкіндігін заң аясында қарастыруға болатынын айтты.
– Егер бұл тұрғын үй жаңадан салынған баспана болса, қолданыстағы тәртіпке сәйкес Отбасы банк арқылы немесе кезек бойынша мұқтаж азаматтарға берілер еді. Бірақ бұл үй Кеңес одағы кезінде салынған ескі баспана. Сондықтан отбасының әлеуметтік жағдайын, балалардың мүддесін және үйдің нақты жай-күйін ескере отырып, бұл мәселені жеке тәртіппен қарастыруға негіз бар.

Ол үшін аудандық қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, балалар құқығын қорғайтын ұйым өкілдері және тиісті жауапты мекемелер отбасының жағдайын жан-жақты қарап, ортақ қорытындыға келуі қажет. Сол шешімнің негізінде аудан әкімдігінің қаулысы арқылы баспананы отбасының меншігіне беру мәселесін заң аясында шешуге болады. Бұл мәселе жауапты мекемелер тарапынан әділ әрі адамгершілік тұрғысынан қаралуы тиіс, – деді заңгер Лязат Жапашева.

Қайырымдылық акциясына Мұқаншы ауылдық округінің әкімі Мұхит Мамыр да қатысып отбасының жағдайы ауылдық әкімдіктің тұрақты назарында екенін жеткізді. Сондай-ақ қайырымдылық шарасы барысында көтерілген ұсыныстарды тиісті орындарға жеткізіп, оң шешім табуына ықпал етуге тырысатынын білдірді.
Аталған қайырымдылық шарасы елдік рухты, азаматтық жауапкершілікті және адамгершілік құндылықтарды нақты іспен көрсеткен тағылымды бастама болды. Мұндай игі істер қоғамда мейірім мәдениетін қалыптастырып қана қоймай, қиындыққа тап болған жандарға демеу беріп, көпшілікке үлгі болады.
Қажет Андас,
Көксу ауылы,
Көксу ауданы.





