Қазақ арасында өз халқының болшағын ойлап, солардың қамын жеген, ел үшін еңіреп туып, жатпен күресіп, азаматтық тұлға дәрежесіне көтерілген, есімін қасиеттеп айтатын небір асыл адамдар болған. Жаркент өңірінде елдің арасында есімдері көп айтылмағандықтан жазылмай, зерттелмегендіктен ашылмай жатқан, бар өмірін жұртына қызмет жасауға сарп еткен азаматтарымыздың өмір тарихының тарауларының өзі бір төбе. Алты алаштың ертеңгі күнгі жайын қозғап, санасын тұншықтырып, еңсесін езген отаршылдық үстемдіктен құтылу үшін есім сойы белгілі арыстарымыз саяси күреске бел шеше кірісіп еркіндік жолында жандарын қиды. Өткен іске өкініш білдіргенмен, ешнәрсе орнына келмейді. Солармен иық тірісе қатарласып, қалың қазағының ортасында жүріп елінің денінің саулығын ойлап, зор жауапкершілікті мойнына көтеріп, үлкен іс атқарған ардақ тұтар азаматтарымыздың бірі Бұқа молда.
Көп жылдардан бері осы жөнінде газет бетінде Бұқа молда мен Жақсыбай молданың тау арасындағы кезеңде кездесіп ат үстінде отырып айтысқанын жариялап, бізде өткен ғасырда мынандай суырып салма айтыс ақындары бар екен деп жар салғанбыз. Өкінішке қарай «әу» деген адам болмады. Біз болмасақ та кейінгі өсіп келе жатқан оқымысты азаматтардың бірінің, тереңге көміліп, шаң астында жатқан архивтік құжаттардың арасынан «мына атамыздың күллі қазаққа сіңірген еңбегі зор екен» деп алып шыққанына, «мынау сендердің елдің ғұламасы екен» деп табыстағанына разы болмасқа әбдіміз жоқ. Келтірілген деректерден біз сол патша заманында бодандықта жүрсе де өз білімділігін көрсетіп, жұртқа адалдығының арқасында дәрігерлік қызмет атқарған айтыскер ақын Бұқа молданы екінші қырынан танимыз.
Бұқара қаласынан білім алған, жас балалардың сауатын ашқан, дәрігерлік еммен айналысқан көзі ашық сол заманның оқымыстылары саналатын Бұқа мен Жақсыбай сияқты сауатты адамдары бар болса да бүкіл қазақтарды жабайылар қатарына апарған басқыншылық, отаршылдық саясат. Әйтпесе, сол жылдары үстемдік құрған Кеңестік өкімет «Біздің қазақ оқымаған, мал баққан, қайғы дертпен жүрегіне қан қатқан. Оқымаған соқыр едік, мал күзетіп отыр едік, енді шықтық жарыққа», деп әндеткізер ме еді. Мұның бәрі өткен кезде ілгері даму үстінде болған еліміздің жақсылық жағын бүркемелеу арқылы тарихымызды бұрмалаған отаршылдардың санамызға тұсау салуы, еркіндікті ойлауды тоқыратуы болатын.
Бұқа молда 1860 жылдары осы Талды, Тоғайлы ауылдары төңірегінде дүниеге келген адам. Түп тамырын Байтүгей атамыздан алатын атақты қызыл сөздің жүйрігі, шешендігімен аты шыққан әрі батыр Аққабақтай биден тараған Құдайбердінің Тәсібегінен. Өзге ағайындармен бірге ауылы аралас, қойы қоралас жатып Қояндытаудың бөктеріндегі Талды өзенінің басымен, Ниязақынның сазы, Тышқан өзенінің екі сағасын жайлаған Құдайбердінің ұрпақтары өзге рулармен біршама қанатын созып, жайыла орналасқан. Тәсібектің баласы Дулаттың алты ұлының бірі Құрманнан Үмбет туылған. Жасынан бауырларының қамқорлығында болып бұла өскен Үмбеттің де шаңырағынан да біраз бала өрбіген. Бұқа молданың ағасы Атамбек сопылық жолды ұстанып өмір бақи үйленбей өткен. Бұқа молданың бауырынан Нұрқабек, Қазы, Мұхамәди, Бектұрсын, Ақмәди деген бес бала қалған. Бұқа есейгеннен кейін оқу іздеп сол кездегі аты алысқа жайылған Бұқарадағы медресеге барады. Қазақ жұртының арасында ежелден-ақ «Көкілташ» медресесін қазақ салдырған екен деген аңызға сүйенген қазақтар осында оқуға көп келетін болған. Солардың ішінде атақты Мәшһүр Жүсіп Көпеев, ақын Тұрмағанбет Ізтілеуовтердің ұстаздары болған білімдарлар, олардың өздері де осы оқу орнын тәмамдаған. Бұқара қаласындағы 16 ғасырда салынған Көкілташ медресесін Мырзакелді руынан шыққан Жақсыбай екеуі бірге оқып бітірген. Мүмкін жоғарыда аттары аталған қазақтың біртуар ғұламаларымен бірге оқыған да шығар, ол да да ғажап емес. Себебі Мәшһүр Жүсіп айтқан екен: «Көкілташта сытқамыт қылған адам не бай болып, не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды», – деп. Әулиелікпен айтқан сөзі айдай келіп көкірегі білімге байланған Бұқа да медреседен құр алақан шықпаған. Ол кездердегі молда атауы қазіргі құран оқып, жаназа шығаратын адамның діни атауы емес, оқыған сауаты бар «мұғалім» деген мағынада қолданылған. Есімізде ғой, қариялардың біздің бір ісімізге риза болғанда «молда бол, балам» дейтіні. Медреседен арнайы білім алып «молда» атанып елге оралғаннан кейін ел ішіндегі естияр балаларды жинап, арнайы киіз үй тіккізіп, соны пайдаланып сауат ашу шараларын жүргізген. Содан кейін ғана өз атына молда атауы қосылған. Ол кездерде хат танымайтын, оқу-жазу, сызу білмейтін адамға молда сөзі жалғанбаған. Ауылға келіп, арапша сауат ашу мектептерін ұйымдастырып, екінші Ыбырай Алтынсариннің жанкешті қызметін жалғастырған деуімізге болады. Бұқа молдадан жүздеген балалар арабша хат таныған және басқа да пәндерден білім алған. Көптеген оқуға ынталы жастармен бірге 1903 жылдары ол кісіден жан-жақты білім алған, есімі әлі күнге дейін ел арасында құрметтелетін Нұрғазы аталарын ұрпақтары жиі еске алады.
Бұқа молда суырып салма ақындығымен қатар қара сөзге келгенде де төгілте айтатын шебер болған. Медреседе алған білімін кеңінен пайдалана отырып сол заманның адам емдейтін дәрігерлік ілімін де игерген. Ел арасындағы ауру-сырқауды емдейтін емшілігі де болғандығы белгілі. Бұқа молданың ел ішіндегі беделінің өскендігін мынадан-ақ көруге болады. Оның тілін алған адамдар қолдасып Бұрқан ауылының оңтүстігінен ағынды өзеннің батыс жағалауынан қалап жеке мешіт тұрғызған. Сол айналада тұратын жұрттың балаларын жинап, мешітті күндіз бала оқытуға пайдаланып шәкірттер дайындаған. Арнайы азан шақыратын биік төбесі Азантөбе атауын алған. Шаршамай-шалдықпай ойына алған ісін соңына дейін атқарып, Тышқан өзенінің бойынан Сарыбел және Садыр ауылдарының өкпе тұсынан екі су диірменін салып, суды арнайы арнамен бөктерлетіп әкеліп бұрып, жүргізіп, ұн тартып елді қыжалаттан шығарған. Бұл істеген жұмыстары ол кісінің қатарластарынан ойы озық туғандығын, өзге жұрттардан қазақтың қалыспауын тілегендігі білінеді. Кәсіпшілікпен айналысқандығын сол кездердегі туындаған «Анау қырда татар тұр, басқалармен қатар тұр. Мынау ойда қазақ тұр қастарында азап тұр», деген кертарпа сөзді жоққа шығарғысы келген, көкірек көзі ашық, жаңалыққа ұмтылған, өз заманының өте сауатты оқымысты адамы болғандығын көрсетеді. Салынған су диірмендері мұндағы жылдарға дейін істеп тұрған. 1928 жылдары Бұқа молда туыстарымен арғы жаққа өтіп кеткеннен кейін қараусыз қалғасын Павлов деген бір орыс жүргізген. Садыр ауылының ежелгі тұрғыны Сманов Серіктің есінде қалғаны мынау: «Менің нағашы атам Сапақұлы Елубайдың айтуынша Бұқа аталарымыз Қытайға коныс аударып қаша көшіп кеткен соң ол диірменді орыс жігіті, кейін біраз уақыт Ыдырыс деген адам қолға алған. Диірменнің еркек, ұрғашы тастарын өзі қашап, шекіп қайта салыпты», – дейді.
Біз енді Бұқа молданың тікелей дәрігерлік қызмет атқарғанына келсек, мемлекеттік Орталық архивтен алынған мәліметте ол жөнінде мына төмендегідей дерек берілген. «Бұқа Үмбетұлы Жаркент уезінің Байтүгей болысының оспаға (шешек ауруы) қарсы егуші болып қызмет атқарған 1883-1899 жылдар арасында 1-10 жас аралығындағы 15 мың балаға шешек екпесін егіп, екпесі сәтті шыққан. Ең жаман бала ауруы жұқпалы шешек ауруы болса, бұл аурудын алдын алу екпе ектіру еді. Бұқа атамыз бұл іске әбден маманданып алған. Жыл сайын алатын айлығы 60 рубль болған. Ал 1899 жылдан бастап оны жұмыстан қысқартып жібереді, сонда да Бұқа атамыз 1903 жылға дейін ояз дәрігері мен медицина персоналының жанында тегін жұмыс істеп жүрген. Соңғы 4 жылдың ішінде 4 мыңнан астам балаға оспа екпесін салып, шешек ауруының шеңгелінен аман алып қалады. Құжатта 1-10 жас аралығындағы ұл, қыздардың жалпы саны 3139 қазақ баласының тізімін көрсетіп, анық жазылған», – дейді архивтен табылған құжаттарымен таныстырған Нұржан Сәдірбекұлы. «Негізі одан да көп, барлығының тізімін жазып едім, құжаттар сақталмай қалды», – дейді Бұқа молданың өзі. Осындай елге ерекше жанашырлық қызметі үшін Бұқа Үмбетұлы Жетісу губернаторы тарапынан күміс медальмен және Владимир лентасымен марапатталады. Мұндай халқы үшін, елдің келешегі – балаларға қамқор болып шешекке қарсы екпені жұмыссыз қалса да өз еркімен атқарған Бұқа молда Үмбетұлының еңбегі зор. Екпе алып аман қалған сол балалардың кейінгі ұрпақтағы алғашқы дәрігер ретінде туған жеріне ескерткіш қойса да артық емес.
Ел ішінде Әтіке-Нұржеке дастанын Нұржекенің туысы болғасын Бұқа молда шығарған деген сөз де бар. Бір сәт оқырмандарымыздың есіне Бұқа молда мен Жақсыбай молданың айтысын сала кетсек те артық болмас. Бірде ел жайлауға шыққанда Суанның бір атақты адамы қайтыс болып, жаназасын Жақсыбай молда шығарыпты. Қайтар жолда тау асуындағы тар кезеңде хабар кешігіп жетіп, қайтыс болған қадірлі кісінің жаназасына үлгермесе де көңіл айтуға келе жатқан Бұқа молдамен кезігіп қалып екеуі сөзбен қағыса кетеді. Сонда Бұқа молда Жақсыбайға қарап:
«Ассалаумағаләйкум, Жақсыбайым,
Аңқау елге арамза бақсыдайын.
Пітір мен підиясын қатар алып,
О, дүниеге барасың ба жақсыдайын?!», – дегенде Жақсыбай да жұлып алғандай:
«Уағалайкумсалам Бұқа молда,
Бұқа молда, ақылы жұқа молда.
Кешігіп келе жатқан өзіңнен көр,
Былай жүр, көлденеңдеп тұр ма жолда», – деп жауап беріпті. (Шумақтар 2018 жылдары Айдар Нұрпейісұлынан жазып алынып, өңделіп басылған). Бұл иісі қазаққа тән қағытпадан ұғарымыз, екеуінің бір-бірін өте жақсы білетін, әзіл-қалжыңы жарасқан жандар екенін аңғаруға болады.
Патша тақтан құлап Кеңес өкіметі орнаған жылдарда дәрігер атамыздың қандай еңбек еткені, не істегені туралы мәлімет әзірге табылмай тұр. Дей тұрсақта, қаншама жыл елдің ішіндегі ауру-сырқауларды емдеп, еңбектеген баладан бастап, еңкейген кәріге дейінгілердің денсаулығын жақсартуға жұмыс жасаған емшінің шипасын халық көрген сияқты. Қазаққа жанашырлықпен үнемі қызмет көрсетіп жүрген дәрігер адамның үйінде тыныш жатуы мүмкін емес. Кеңес өкіметінің 1920 жылдардың ортасынан басталған «теке сақалдың» қазақ зиялылары мен оқымысты адамдарға қарсы қудалау саясаты, ауқатты адамдардың мал-мүлкін тәркілеу тықыры таянғанша емшілігін жасаған. Бұқа молданы туыстарының айтуы бойынша 1928 жылы үкімет орындары қайта-қайта мазалап Жаркентке шақыра бастайды. Сол кездерде шекараға жақын орналасқан осы аймақтағы оқыған, сауатты қызметтегі және былайғы хат танитын адамдарды кінәлаудың бірі Қытаймен байланысы бар деген айып болатын. Өзіне осындай жөнсіз айып тағыла бастағанын сезгеннен соң, 1929 жылы туыстарын жинап, көшті бастап Қояндытаудың бауырын жағалап, Мәнжу, Шежін арқылы Қазан көлді басып шет елге өтпек болған. Бұлардың Қытай жеріне ауа көшпек болған пиғылын жансыздар арқылы біліп отырған жергілікті өкімет орындары «Комотрядты» қуғыншы етіп арттарынан жібереді. Мақсаттары көшті қайырып, басшыларын жаңа өмірге қарсылық танытушылар, ел арасына іріткі туғызушылар ретінде жазаға тарту. Қуғыншылар жетсе қалың көштегі адамдарды аямайтынын білген Бұқа молда оларды алдыға жіберіп, өзі қуғыншыларды соңында қалып, оларды күтіп отырады. Бұлардың ізіне түсіп келе жатқан қуғыншы отряд, таудың қия бетіне ілінгенде Бұқа молда «теріс оқуды» пайдаланып олардың үстіне желдетіп, борандатып қалың қар, бұршақ аралас жаңбыр жаудырып артын қалың нөсерге айналдырып жібереді. Қия беттегі жолсызда аттары тайғанақтаған біраз солдаттар аттан құлап жараланып, ал отрядтың бастап келе жатқан орыс жігіті аттан құлап өледі. Сол отрядтың ішіндегі ес тоқтатқан адамдар қуа берсек отрядты қырып алармыз деп қуғынды тоқтатып, өлген бастығын өңгеріп, солдаттарды алып кері қайтады.
Аман-есен арғы жаққа өтіп барған ел етек-жеңін жиып, Қытай жеріндегі Күнес ауданына орналасқан. Шаруасымен айналысып жүрсе де айтыскерлігін тоқтатпаған ақын 1929 жылы Құлжа қаласынан шыққан Шиығын Шіліби деген ақынмен бір күн айтысып оны жеңген. Жеңілген Шіліби оған «менімен бірге жүр» деп қолқа салады. Оның себебі де жоқ емес еді. Біріншіден, ол кісі қолында біраз дүниесі бар бай адам болуы керек, екіншіден Бұқа молданың бойындағы ерекше қасиеттерін түсіне білгендіктен қатты сыйлай жығылып, Бұқа молдаға «Құлжаға менің жаныма көшіп келсең барлық жағдайыңды жасаймын» деген ізгі ниетін білдіріпті. Бірақ оның шақыруын қабыл алмаған Бұқа молда сыпайы ғана «Мен бір жылдан кейін бұл дүниеден өтемін. Көп дүниенің қажеті жоқ, сондықтан да маған сенің шын пейілің ауса Уайс мазарының қасынан жер бер, мені туыстарым сол жерге сүйегімді арулап қойсын» деген екен. Әулиелілігі көпке әйгілі, қасиет қонған адам өзі болжағандай келер 1930 жылы іш сүзегімен ауырып қайтыс болады. Өзі өсиет етіп қалдырғандай Уайс мазарына жерленіпті. Өміріне көз жіберсеңіз «Көкілташ» медресесінде қатарлас оқыған Мәшһүр Жүсіптің басынан өткен жағдай қайталануыда бекер емес. «…Не әулие болып, не молда болып шығады, құр алақан шықпайды» дегеніне еріксіз бас иесіз.
Кей шақтарда ойға кірсең өткен кездердегі елі үшін атқарған ізгі істерімен есімдері тарихқа айналған ұлағатты тұлғалар туралы жазудың да өз қиындығы бар. Ел аузынан естіген әңгімелеріңді, әртүрлі жерден оқыған мәліметтеріңді салыстырасың, жетпей жатқан жерлерін көзі қарақты жандардан сұрастырасың, сөйтіп барып пәмдеген дүниеңді анықтағаннан соң ғана қағаз бетінде ой қорытасың. Бұл мақала да тірнектеп жиналған деректермен толықты.
Өз заманында атағы көпке жайылған, архивтік құжаттарда айтулы дәрігер ретінде есімі тарихта сақталған әйгілі Бұқа молда туралы осы мақаланы жазуға қажетті мәліметтермен бөліскен тарихшы-ғалым Нұржан Сәдірбекұлына, тарихшы, әрі Бұқа молданың туысы Мұхаметәли Туғанбаевқа, жазушы Дархан Бейсенбекке ризашылығымды білдіремін.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Жарияланды. – Жаркент: «Жаркент айнасы» газеті. №16. 2023. 5 б.











