Әжек Мырзаұлы [1885 –1934]. Оның Бөлтірік, Артық, Шәріпжамал, Әдия секілді іргелі ақындармен өткен жыр тартыстары ел арасында айтылғанмен, Шәріпжамалмен айтысы ғана хатқа түскен. Әжек ақын сүйегі жағынан әйгілі айтыс ақыны Құланаян Құлмамбетпен рулас, албанның қызылбөрік руынан тарайды. Түпкі атасы – жоңғар шапқыншылығына қарсы соғыстарда ерекше көзге түскен Шағаман батыр. Ол қазіргі Алматы облысы, Райымбек ауданына қарасты Қарабұлақ аулының маңында туып, Қытай жерінде қайтыс болған. Белгілі тарихшы, академик К. Нұрпейісов: “Әжек Мырзаұлының суырып салма ақындық қабілеті бозбала кезінен айқын көрінді. Ол ең алдымен көпшілікке айтыс ақыны ретінде танылды” (Заманның бір әуреге салғанын-ай…// Ана тілі, 1992, 18 қазан), – деп, Әжек шығармашылығына алғаш баспасөз бетінде жылы лебіз білдірді. Отызыншы жылдары ақын мұраларын жинаушы Қ.Құрманбаевтың мына естелігі де ғалымды қуаттайды: “Әжек бір кедей шаруаның баласы екен. Ол өзі жасынан қой бағып өсіпті. 18 жасқа келген соң, бір атты жеке сайлап мініп, қайда сауық, қайда той болса сонда жүретін болыпты”(Орталық ғылыми кітапхана (ОҒК). 244-бума, 1 дәп.).
Әжектің Шәріпжамалмен айтысынан басқа “Шопандарға арнау”, “Мұғалімдерге сәлем”, “Заманның бір әуреге салғанын-ай!”, “Опасы жоқ дүниені жинағанмен”, “Қаңлының қайран қыздары-ай…” сияқты аздаған өлең-толғаулары сақталған. Ақынның “Заманның бір әуреге салғанын-ай!” толғауына 1916 жылғы «Қарқарада» көтеріліснің оқиғалары арқау болған. Туындыда қырғынға ұшырап, шет елге ауған босқын елдің басына түскен нәубет шынайы суреттеледі. Мазмұны осы тақырыпта қалам тартқан Көдек, Бөлтірік, Етекбай, Сыпатай, Иманбек, Әкімқожа т.б көтеріліске қатысушы ақындардың толғау, дастандарымен үндес, сарындас. Әсіресе, Көдек Маралбайұлының “16 жыл туралы” дастанына тақырыптық-идеялық, композициялық және жүйелілігі жағынан ұқсастығы мол. Толғауда Қытай ауған үркін халықтың 1916 жылғы қазан-қараша және 1917 жылғы сәуір-мамыр айлары арасындағы саяси-әлеуметтік ахуалға байланысты Әжек:
Көмірші, Қурайлының арасаны,
Көптіктен албан қойдай адасады.
Қиықша нан жемейтін қайран елім,
Арпаға ат жейтұғын таласады.
Таушелек, сен де қалдың Асыменен,
Томар саз, Жіңішкенің басыменен.
Айдауда қатын-бала зар жылады,
Бет жуып көзден аққан жасыменен, –
деп күңіренсе, Көдек жыры да сол тұстағы ел мұңын еселей түсіп, көмекті бір Құдайдан ғана күтеді:
Бір Құдай берер ме екен тілегімді,
Қайғы басып шарлады жүрегімді.
Ақылымнан адасып осы күнде,
Білмеймін қалай қарап жүрерімді.
¤зі Құдай бермесе Жаппар ием,
Жалғаннан үзіп тұрмын күдерімді (Үрімжі: Жастар -өрендер, 1988.- 155-б.).
Әжектің термелете, төкпелете айтатын жырлары өте көп болған сияқты. ¤кінішке орай мұндай мұралары дер кезінде жиналмай қалған. Ел есінен сақталған бірер шумақтарының өзі терең философиялық ойларға жетелейді:
Піспестің асы піспес қайнағанмен,
¤тпейді жасық құрал қайрағанмен.
Жапанда жабы шауып бәйге алмайды,
Ақ бидай, арпа беріп байлағанмен.
Қолыңнан асыраған құсың ұшса,
Келмейді шырға тартып сайрағанмен (ОҒК. 1017- бума, 3-дәп.).
Қазан төңкерісіне дейінгі қыз бен жігіт арасындағы мазмұнына көркемдігі сай, көрнекті айтыстардың бірі – Әжектің Шәріпжамалмен өткен жыр жарысы. Қ.Құрманбаевтің деректерінде екі ақын 1913 жылдың жазында Бақай елінде [қазіргі Алматы облысының Шелек өңірінде – Т.Ә.] кездескен. Бақай тауының етегін жайлаған қаңлы Құнанбай деген кісінің Шәріпжамал атты қызы ақын шығып, той-жиында ақынсыған жігіт-желеңді беттетпейді екен. Жас сұлудың айтыстағы алғырлығын Әжек те естіп, бақ сынау үшін арнайы Қарқарадан іздеп келеді. Осы оқиғадан С.Мұқановтың да хабардар екенін төменгі жолдардан айқынаңғарылады:“… Әрине, ақын қыздардың ішінде де ерлер сықылды жоғарылы, төменділі ақындар бар, олар айтыста қарсыластан кейде жеңіліп, кейде жеңіп жүреді. Солай бола тұра, ер ақындар әйел ақындардың ақындық қасиетін бағалап, атағы шыққан ақын қыздарды атақты жігіттер құмартып, іздеп барып айтысады. Бұған Әжек ақын мен Шәріпжамал деген ақын қыздың айтысы, Қоянды жәрмеңкесінде көптің қалауымен Әсеттің Рысжанмен айтысуы, Біржанның әдейі іздеп келіп Сарамен айтысуы, Дәме қыз бен Мансұрдың өнер таластыруларын дәлел етсек те болады” (Мұқанов С. Алғы сөз // Айтыс. -Алматы: ҚМКӘБ, 1942. 5-6-б ).
Шәріпжамалдың Жәмила дейтін рулас сіңлісінің ұзату тойында екеуі жүздесіп, айтыс басталып кетеді. Әжектің “Даңқты сен сияқты болмасам да, Бұл жолы бәйге алмақпын, келсе шамам” деуіне қарағанда, бұрын мұндай ірі жыр бәйгесіне қосылмаған сыңайлы. Әжек бірден “із қуып, сұрастырып одан-бұдан” айтысуға әдейі іздеп келгенін айтып, қыздың жеке басына шүйлігеді. Талай жарыста бақ сынасқан Шәріпжамал асып-саспай, алғашқы сөзінде жас жігітті сабырлылыққа, әдептілікке шақырады:
Кез болдың дәм-тұз айдап бұл жиында,
Кең ойшыл, шын жүйрікке сөз қиын ба?
Аптықпа, Әжек батыр, сабырлық қыл,
Аптықсаң килігерсің бір қиынға (ОҒК. 244-бума, 1 дәп.).
Бірнеше кезектен соң Әжектің тынысы ашыла түсіп, қанатын кеңге жая бастайды.
Келмесін пейілі кеңге неге жөні,
Қолың бер расын айтсаң сен де оны.
Болғанда сен – ақ шәйнек, мен – самаурын,
Мен келдім ақ шәйнекті демдегелі.
¦ядан ұмтыла ұшқан ақ балапан,
Қолыңа келіп қондым жем жегелі.
Шәріпжамал, осы бастан есіңе ұста,
Қалайда тояттаймын келсе жөні, – деп, жауабын кестелі сөздермен көмкеріп, астарлы ой тастайды. Сөздерінің түпкірінде қыз бен жігітке ғана тән жеңіл әзіл, уытты қалжың жатқаны байқалады. Сөз орайы келгенде Шәріпжамал:
…Жапалақ қайырғанмен қаз алмайды,
Басына жез томаға баптаса да.
Жетесіз жабы шауып бәйге алмайды,
Сүт беріп, ақ бидаймен қаптаса да.
Асылдың сыны кетпес, сыры кетер,
Берікте, Әжек батыр, сақталса да, –
дегенді айтып қарсыласын “жапалаққа”, “жабыға”, “жасық темірге” теңеп, өзіне шендесе алмайтынын тұспалдаған тұста, Әжек те іркілмей, кесек-кесек сөздерге көшеді:
Қаңлының биігінде сен бір шынар,
Бұтағың өрлей бермес бір күн сынбай.
Білемін сының кетпес, сырың кетер,
Айрылып жапырағыңнан болсаң жұрдай.
Осылай әжуа, қалжың,мысқыл сөздермен басталған айтыс, қыза келіп әлеуметтік жағдайларға ойысып кетеді. Жер дауы, ру жікшілдігі, жеке адамдардың билік дәрежесін, байлығын мақтау сияқты мәселелер қозғалады. ¤з кезегінде елінің, жерінің шежіресін, тарихын терең білумен қатар қарсылас жағының да кемшін тұстарын дәл басып отырған Әжек жеңіске жетеді. Сол тұстағы өмір шындығы, дәуір сипаты кең қамтылған, көркемдік сапасы жоғары бұл айтыс ел ішіне бірден тарап кетеді.
Текстологиялық жағына мән беріп, “Айтыс” жинағындағы (Айтыс. Т.1. -Алматы: ҚМКӘБ, 1964. 288-298-б.) мәтін мен Орталық ғылыми кітапхана қорындағы түпнұсқаны салыстырғанда, шығарманың соңғы бөлігі үзіліп, кей сөз тіркестері өзгеріп, не түсіп қалғаны байқалады. Айтыстың көлеміне байланысты ойды К.Нұрпейісов былайша өрбітеді: “Шәріпжамал мен Әжек айтысының куәгері болған Әдия әжей [ол кісі 60 жылдардың соңында қайтыс болды -К.Н] жарияланып жүрген нұсқа болған айтыстың үштен біріндей ғана көлемін қамтиды деп отырар еді”.
Әжек Шәріпжамалдың сырлас құрбысы Әдиямен де айтысып, ұзақ жылдар бойы таныстықтары үзілмеген. Сондықтан да болар 1932 жылдың күзінде содыр саясаттың кесірінен туған жерден кіндік үзіп бара жатып:
… Шекаралық Мұзарттың
Табаннан өтті ызғары-ай.
Шәріпжамал, Әдия
Қаңлының қайран қыздары-ай, – деп сағыныш сезімі өзегін өртеп, әніне арқау етеді.
Түйіндей келіп, осы аздаған шығармаларының өзінен-ақ Әжектің айтыс өнеріне төселген, Жетісу ақындық мектебінің дәстүрін жалғаушы өрелі ақын екенін көреміз. Сондықтан оның өлең, жырлары мен айтыстарын кеш те болса іздестіріп, ұрпақтар зердесіне жеткізу – баршамызға ортақ міндет болып қалма бермек.
Тоқтар Әлібек,
М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және
өнер институты Қолжазба бөлімінің меңгерушісі,
филология ғылымдарының кандидаты.
Жарияланды. -Алматы: «Жетісу» газеті. №59. 2012. -5 б.











