Өткен аптада Талғар қаласында жалпыұлттық татулық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылына арналған ғылыми-практикалық конференция болып өтті
Өз халқына қарсы өзі соғыс жариялап, өз халқына өзі жау болған мемлекет бұл ғаламда, сірә жоқ болар, әйтпесе өте сирек кездесетін шығар. Міне, осындай сұмдық масқарашылыққа большвиктік кеңес өкіметі еш ойланбастан, жүзі күйместен барды. Елдің әкесі, қамқоры деп әспеттеген Сталин саяси қуғын-сүргіннің бас жендетіне айналды. Отызыншы жылдардың ортасына әрі түбегейлі жеңіске жетті деп шәпкіні аспанға атып жар салған социализм нағыз өктем сұмырай бейнелі тоталитарлық жүйе болды, сөйтіп империя шегіндегі барша халықтарға құлдық қамытын кигізді. Кеңес Одағыныңшексіз де шетсіз ұланғайыр аумағында «Гулагтар», «Карлагтар», «Алжирлер» қабындап қаптап кетті. А. П. Чеховтың әйгілі «Алтыншы палатасына» ұқсатсақ КСРО-ның өзі түгелдей үлкен бір азап легері, халықтардың қан-қасап түрмесі іспеттес еді.
Ал, енді Қазақстанға келетін болсақ, әңгіме өкінішті өксікпен, шерлі қасыретпен өрнектеледі. Қазақстанның негізгі, жергілікті халқы қазақтар өктем жүйенің шеңгеліне алдымен түсті, қанды-қасабына алдымен ілікті. Біз көбіне көп 1924 жылғы ғаламат ашаршылық пен елді жайлаған індет жайын айта бермейміз. Сол кезде Ленин ашаршылыққа ұшырағандарға жәрдем сұрап жалпақ жаһанға жар салады. Арал теңізінің балағына дейін вагондап алдыртады, ал шыбындай қырылып, баудай түсіп жатқан қазақтарға ешкім тіпті, назарын да аудармайды. Бұратанақазақтың социализмнің қарқынды қозғалысына ілесе алмаған қазақ сияқты ұлттардың қырылып құрып кетуі заңды құбылыс деп сандырақтаған қайтерсіз. Әсіресе,Шая Ицкевич – Голощекин осы теориясымақты арам пиғылмен қайталаудан ешбір жалықпайтын еді.
1928 жылдан бастап қазақ ұлтының басына қара бұлт шындап үйірілді. Нақ осы уақытта елдің ұйытқысы, құт-берекесі, тіршілігінің көзі, экономикалық тірек-негізі болып отырған мыңдаған байлардың мал-мүлкі тәркіленіп, өздері түрлі қиырға айдалып жер аударылды. Сөйтіп, қазақтардың экономикасының негізгі саласы саналатын мал шаруашылығына үлкен нұқсан келтірілді. Кеңес өкіметінің каһарына іліккен байлар шаруаның ығытын білетін, мал өсіру кәсібін жақсы меңгерген ақылды һәм іскер адамдар болатын. Олардың көзі құртылған соң, шаруадан да береке кете бастады,ауыл-ауылдағы қазақ жұрты өздерінің басты адамдарынан, қиналғанда топ бастап кеңес беретін ақылман көшбасшыларынан айырылды.
1929 жылы қазақ халқы саяси қуғын сүргіннің де салқын ызғырын сезді. Ахмет Байтұрсынов,Жүсіпбек Аймауытов, Мағжан Жұмабаев, Мұхтар Әуезов, Әлімхан Ермеков сынды қайраткерлер, арыс азаматтар ұсталып, қамаққа алынды, оларға түрлі-түрлі сорақы айыптар тағылды. Осының бәрі 1932 жылғы сталиндік-голощекиндік геноцидке, яғни мешін жылының 2 миллионнан астам қазақты жалмаған қолдан ұйымдастырылған ашаршылығына тура бастап әкеле жатты. Ал 1987 жылдың сойқанында ұлтымыздың қаймағы екінші рет сыпырылды. Саяси қуғын-сүргін 1958 жылдары тағы басталып, ұйтқи соғып барып, қайтадан тоқтады. Алла-тағала халықтың көз жасын көрді ме, әйтеуір Сталин өліп тынып, жұрттың көзі ашылып, естерін жиды.
Иә, ата-бабалар «Өлі риза болмай,тірі байымайды» деп қалай дәл, дұрыс айтқан. Өткенніңтағылымынан сабақ алмай,оны көңіл таразысына салып сараламай қазіргі күнімізді түсіне алмаймыз, келешекті бағдарлай алмаймыз. Сондықтан қоғамда жаңару жүріп жатқан осы шақта бұдан алпыс жыл бұрын адамдарға сотсыз, тергеусіз, жасалған қуғын-сүргіннің қайғы-қасыреті ерекше мәнге ие болмақ. Осынау қасиетті оқиғаларды ұмытуға біздіңәсте халқымыз жоқ. Осы ретте Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назапбаевтың 1997жылды Жалпыұлттық татулық және қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы деп жариялауы әрбір жүрекке жақын да түсінікті. Бұл шара жұртшылық тарапынан үлкен қолдау тауып отыр. 55 саяси партия мен қоғамдық қозғалыстар жетекшілері оны жүзеге асыруға тікелей араласып, хадари-халдерінше көмек көрсететіндерін мәлімдеді.
Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтынның директоры академик Манаш Қозыбаев, осы институт директорының орынбасары, тарих ғылымының кандидатыХайдар Алдажұманов, Республика Мемлекеттік архивінің қызметкері Марат Қасенов осы қуғын-сүргіннің саяси әлеуметтік астарына кеңінен тоқталып, тоталитарлық социаизм жүйесінің сан мыңдаған адам тағдырына қиянат жасап, ойыншық қылғандығына, тұтас халықтарды жер аударған қылмысына көптеген айғақ мысалдар келтірді.
… Міне, бірнеше жылдан бері республика жұртшылығының назары Талғар ауданындағы шағын ғана Жаңалық ауылына ауып отыр. Осы ауылдың жанында 1937-1938 жылғы саяси қуғын сүргін құрбандары жайратылып, мәңгілік мекен-тұрақ тапқан. Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Ораз жандосов сияқты арыстардың сүйегі осы арада жатыр. Тек 1938 жылы ғана Жаңалықтың жанындағы шұңқыр қорымдарда түрлі ұлттың 700-ге жуық өкілі атылып, жерленді.Жыл сайын мамыр айының соңында Жаңалық жазықсыз құрбандардың аруақтарына бағышталып ас беріліп, қаралы митингі өткізілді. Келешекте бұл арада ескерткіш орнатылмақшы. Мұнда қаза болған арыстардың үрім-бұтақ ұрпақтары, туыс-жұрағаттары, республикалық «Әділет» қоғамы мен Қазақстан қуғын-сүргін көргендер ассоциациясының өкілдері жиналып, ардагер аруақтарға тағзым етеді. Талғар қаласының ортасындағы көрнекті жерге Қазақстанның аса ірі мемлекет қайраткері, қызыл зұлматтың құрбаны Тұрар Рысқұловтың ескерткіші қойылды.
Ғылыми –практикалық конференцияда сөз алған Талғар ауданының әкімі Болатбек Құтпанов Қазақстан жүз ұлттың мекені, шын мәнісінде интернационалдық достықтың ортақ үйіекендігіне, сол орайда атқарылып жатқан шараларға баса тоқталды. Әрбір ауылдық округтерде өткен достық фестивальдарына ұйғыр,түрік, корей, поляк және басқа ұлттық мәдени орталықтар белсене қатысып, өздерінің ұлттық мәдениеті мен өнерін, салт-дәстүрлерін көпшілікке паш етіп көрсетіп отырады.
Бұлар нағыз мерекеге, сән салтанатқа, қалықтаған ән-күйге толы ұлттар достығының мерекесіне айналады.Ал тұтас, халықтар отызыншы-қырқыншы жылдары суық вагон дарға тиеліп, қолдарына бір-бір түйіншектерін ғана ұстап Қазақстанға зорлықпен жер аударылып келген шақтарында, мереке былай тұрсын, көкіректегі қайғы-шерге толы болатын, бір үзім нанға зар болатын. Сол қиын- қыстау шақта олар қазақ халқы көңілінің жылы шуағына, меймандостығына бөленді. Енді бір сәт сөзді осы ұлттар өкілдерінің өздеріне берелік.
Түрік ұлттық мәдени орталығының төрағасы Саяпат Тұрсынов: «Менің жер аударылған халқымның тарихы сонау 1829 жылдан басталады. Сол жылы Ресей мен Туркия арасындағы соғыс кезінде генерал Паскевич Грузияның солтүстік аудандарын жаулап алды.Келісімге сәйкес негізінен түріктер мекендейтін Солтүстіктегі бес аудан Ресейге қарайтын болды. 1944 жылғы қарашаның қасыретті қара күніне дейін біздің халқымыз Туркиямен шекаралас бейбіт өмір кешіп, еңбек етіп тұрып жатты. Қасірет 1944 жылдың 14 қарашасында келді. Бұл кезде біздің әкелеріміз бен ағаларымыз Отан қорғап, гитлершіл жаумен шайқасып жүрген болатын. Сол Отан қорғаушыларлдың әке-шешелері мен балаларын атамекендері мен ошақтарынан айырып суық гулеп ысқырған тауар вагондарына тиеп, Орта Азия республикалары мен Қазақстанға алып келді.Қазақстандықтардың үлкен бауырмал көмегі мен шапағат мейірімінің арқасында біздің халқымыз өз тіршілігін одан әрі жалғады. Зұлматтың қырсығынан аман қалып жан сақтады. Осы көмек үшін біщ қазақ халқының алдында әрдайым тағзым етіп бас иеміз. Түрік халқы мұнда да комендаттық тәртіптің қысымына түсіп, жәбір жапа шекті. Отан қорғауға 40 мың боздағымыз аттанса, соның 26 мыңы майдан далаларыфнда шәһит болды. Жеті түрік жігіті Кеңес Одағының Батыры болғандығын да өзімізше мақтан етеміз. Қазір Қзақстан аумағында 200 мыңнан астам түрік тілі оқытылады. Менің халқым жалпыұлттық татулыққа, қуғын –сүргін құрбандарын еске алудың қасиетті ісіне өз үлестерін қоса бермек».
Грек ұлттық мәдени орталығының төрағасы Константин Муратиди: «Қазақстанда гректердің пайда болуының өзіндік тарихы бар. Бұл да бір қайғылы тарих. Біздің бірсыпыра ата-бабаларымыз жиырмасыншы ғасырдың алғашқы ширегінде түрік езгісінен құтылмақ үшін ата-жұрт, үйі, жері, бүкіл мал-мүкәммәлін тастап,Ресейге ауа көшіп, Грузия, Солтүстік Кавказ, Армения, Қырым аймақтарына орнығады. Сол жерде жиырма жылдан астам тұрып, қайтадан үй-күй болып, тұрмыстары дұрысталып, жақсы өмір сүре бастағанда, өзімізге жаңа Отан таптық-ау деп көңілдеріне сүйініш орнаған кезде олар жаңа қырсыққа тап болады. Олардың орнатқан шаңырақтары 1941 жылы кенеттен талқан боп ортасына түседі, сөйтіп оларды қоныстанған жерлерінен басқа жаққа қуудың қатал сүргіні басталады. 1938 жылдың қандарында әкем және шешем жағынан туыс болып келетін алты атамды тұтқындады. Одан соң соғыс басталды. Біздің халыққа сенімсіздік білдіріліп, жиырма төрт сағаттың ішінде Ресей шегінен қуылдық. Одан соң тауарлы вагондарға мінгізіп, белгісіз бағытқа жөнелтті. Қайда баратынымызды да айтқан жоқ. Сөйтіп гректер Қазақстанның кең байтағына келіп қоныстанды. Бұл республика қаншама қиыншылық жылдары бастан өткізгеннен кейін, міне, біздің екінші Отанымызға айналып отыр. Сол бір ауыр уақыттарда Қазақстанның жергілікті халқы бізге үлкен жәрдем көрсетіп, қонақжайлылық танытты».
Ғылыми-практикалық конференцияда бұдан кейін ұйғыр ұлттық мәдени орталығының төрағасы Осман Әшімов, корей орталығы төрағасының орынбасары Роберт Цой, ауыл шаруашылық техникумының оқушысы Бекмұрат Әмірханов және басқалар сөйледі. Жиналғандарға әкесі кеңестік қызыл империяның түрлі түрмелері мен лагкерлерінде азап шегіп атылған Жолдасбай Рахметовтің жүрекжарды сөздері қатты әсер етті. Қай сөзде болсын сол бір зұлматтардың келмеске кетуі, республикада қазіргі кезде татулықтың сақталуы, алтын өзекке айналды. Ғылыми-практикалық конференцияға қатысушылар «Карлаг» деректі кинофильмін, кітап пен құжат, фотосурет көрмесін тамашалады. Конференцияға Алматы облысы әкімінің орынбасары Б. С. Шәкіров мырза қатысып отырды.
Қорғанбек Аманжолдың естелігі,
“Жетісу” газетінің арнайы тілшісі.
Жарияланды. -Алматы: “Жетісу” газеті. №30. 1997. -5 б.











