2020 жылғы 24 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия құру туралы» №456 Жарлығы шыққаны белгілі. Өңірлерге келген жұмысшы топтары құғын-сүргін құрбандарына қатысты әртүрлі деректерді олардың ұрпақтарынан анықтап, көпті көрген жөн-жосықты білетін біраз адамдармен әңгімелесіп, естеліктер жинап қайтты. Естуімізше естеліктер арқылы тарихи әділеттікті орнату, сол бойынша жазықсыз жазаланған құрбандардың құқығын қалпына келтіру сияқты ізденіс жұмысы жүріп жатыр.
Жаркент өңірінде де сол азапты жылдарға қатысты ашылмай жатқан, елдің көз алдынан сүріліп кетіп ұмыт болған, бірақ жұрттың жадынан кетпеген Кеңестік жүйенің зорлықшыл қылмысының куәсі боларлықтай орындар бар. Оның бірі қаладағы Жаркент түрмесі болса, екіншісі Іле өзенінің солтүстік жағалауындағы Мойынқұмдағы «Жаркент Алжирі».
Отаршыл патша заманындағы жергілікті халықты үрейдің құшағында ұстау үшін салынған Жаркент түрмесі, түрмеге түскен тұтқындардың жай-күйі, олардың жасырын түнгі мезгілде атылуы, тағы да басқа адамдардың еркіне қарсы жүргізілген қаталдықтары туралы аудандық, республикалық баспасөз беттерінде жазылды. Ал енді Жаркент жеріндегі «Алжирге» келетін болсақ ел аузындағы әңгімелерде болмаса, басқадай газет беттеріне шыққан 30 жылдардағы саяси қуғын-сүргін туралы жазылған мақалаларда, кітаптарда мүлде айтылмайды. 1930 жылы 13 мамырда КСРО Халық Коммиссарлар Кеңесінің «Қазақстанда еңбекпен тузету лагерін құру туралы» қаулысы шықты. Сол жылдардан бастап «Карлаг», Степлаг», «Алжир» лагерлерін басқаратын ГУЛАГ ( Главное управление лагерями) мекемесі құрылып, кейін ОГПУ (Объединенное Государственное Политическое Управление) қарамағына берілді. Кеңес өкіметінің бұл ұйымды құрудағы негізгі мақсаты «КСРО-да не болып жатыр, бәрін білу» ұстанымы болды. Қысқаша айтқанда бүкіл ел бойынша лагерлер жүйесін құру «халық жауларын» жазалау, сөйте тұра арзан жұмыс қолын пайдалану арқылы өнеркәсіп орындарын салу, ауылшаруашылындағы өнім өндіруді арттыру жолын көздеді.
Кейінгі анықталған деректерге көз салсақ 1929 жылдан 1953 жылдың аралығында КСРО бойынша ГУЛАГ түрме-лагерлерінде 14 млн адам азап шеккен. Бұл лагерлерде қамауда ұсталғандарға мемлекет аса көп шығын шығара қоймады. Шала құрсақ ас ішіп, тозған, жыртылған киімдермен сақылдаған қысқы аязда, жаздағы ми айналдыратын аптап ыстықта еш жағдайсыз өте ауыр жайда еңбек етті. Сондай «халық жауларының әйелдеріне арналған» колония Іле өзенінің оң қабағындағы құмдауыт орынға салынған.
Әрине тарихи тақырыпқа қалам тартқанда Іле өзенінің бойындағы Мойынқұмдағы көне Жібек жолының бір тармағы – Жаркент пен Қорғастың арасын жалғайтын аңызбен астарласып жатқан Ақтам туралы айтпасқа болмайды. Мәнжулер (Қытайды 1664 жылы маньчжурлар басып алып, 20 ғасырдың басына дейін билеген) Бестөбе тауының бауырындағы Аққент (1856 жылы тамыз айында Ш.Уәлиханов сібе, солондар күзеткен Ақкенттегі қытай бекетіне соқпай кетеді) бекетінен бастап Іленің жағалауына дейін қарауыл бекеттерін салып, арнайы жасақ ұстаған. 1881 жылғы сәуірдегі Санкт-Петербург-Пекин келісімінен кейін шекара ретінде белгіленген Қорғас өзенін бойлай қытайлар бас қарауыл, тас қарауыл, қызыл қарауыл деген атаумен тосқауыл бекеттер жасап екі-үш адамдық күзет қойған.
Іле өзенінің бойын жағалай жүретін керуен жолының үстіне салынған Ақтам бекеті кезінде ел толастамай өтетін қара жолдың бойындағы аяқ суытар аялдама болған. Жол үстінің тыныштығын күзететін қарауылдардың тұрақты тұратын тамнан соққан үйлері, жылқы, басқа да мал ұстайтын қора жайлары салынған. Адамдар күнделікті пайдаланатын ауыз суды терең қазылған жер асты құдықтарынан ішкен. Бекеттің айналасында ағаштар бертінге дейін әрі өткен, бері өткен адамдарға көлеңке ұстап өсіп тұрған. Іле жағалауындағы тиімді керуен жолы үстіндегі Ақтамды қытайлардың тастап кетуіне осында салған үйлерінің бірінде отырған бекет бастығының қызын қарақұрт шағып өлтіруі себеп болған. Екіншіден, тағы бір себебі 1881 жылғы Санкт-Петербург келісім шарты бойынша шекараның Қорғас өзені болып белгіленуінің де әсері болар. Ол да ғажап емес. Қызының қайғысына қайғырған бекет басшысы қарауындағы адамдарды түгел жинап, қызының мүрдесінің басына ақ кірпіштен күмбез тұрғызған. Ақ кірпіштен қаланып, алыстан қарағанда ағарып көрінетіндіктен сол маңай Ақтам аталып кеткен. Кезінде Іле бойындағы шаруашылықтың жерінен шөп жинауға барып жүретін тракторшы ағаларымыз Ақтамның төңірегіндегі бұйра құмдардардың арасында тереңдігі қырық құлаштық, сексеуілмен шегенделген мұздай суы бар құдық болған дейтін. Көзі көрген адамдардың айтуы бойынша 60 жылдардан кейін көп пайдаланбағандықтан сол жерлердегі 9 құдық жел айдаған құм түсіп, шөп-шаламға толып, кеуіп қалған.
Жастайынан қара жұмысқа араласып, кейіннен шаруашылықтың әр саласында еңбек етіп, қазір зейнетте отырған Дүйсенбек қариямен әңгімелесе қалсаңыз Жаркент жерінің 60 жылдардан бергі тарихын қолмен қойғандай етіп айтып береді. Ел жады дегеніңіз нағыз осы Дүйсенбек. Дүйсенбектің арғы әулеті Қорғас өзенінің бойындағы Иінталда тұрған. Әкесі Халықты 1930 жылдары тау сағасындағы туыстары тұратын Бұрқанға барған жерінде ГПУ жендеттері ұстап алып, Жаркент түрмесіне қамап тастаған. Әкесі туралы тағы да басқа деректерді білмек болып көп адамдарға жолыққан. Сондай бір шақты Дүйсенбек былай деп есіне алады.
«1994 жылдары жаз айының аптап ыстығында сусынымызды қамдап алып өзім бар, Ахметов Әбдіманап, Балғабаев Мәлік үшеуміз Кішішыған ауылының астындағы түйе қорада жеке меншік малын бағып отырған Әмірақын қарияны машинамызға отырғызып алып жолға шықтық. Мақсатымыз Үсек көлінің астыңғы жағындағы бұрынғы тұз өндірген Тұзкөлді іздеп табу. Әмірақын ақсақал жасы 92-93 шамасында болса да еңсесі түспеген, сөзі нық шығатын, жасында тұлғалы, қайратты болған болуы керек, әлі де сергек, атына еркін мініп-түсіп, алдындағы түйесін көздеп бағады екен. Жолшыбай көліктің ішінде әңгімелесе отырып көп жайға қанықтық. Құдайберді руынан шыққан Әмірақын қарияның өмірі де ащы запыранға толы, естіген адам толқымай тыңдай алмайды. Алғашқы қиындыққа тап болған бұралаң өмірі бірінші дүниежүзілік соғыс кезінен басталған. Қазақтардан қара жұмысқа адам алу туралы патша үкіметінің 1916 жылғы жарлығына қарсы көтеріліске шыққандардың бірі Сатай болысы Мұқа бастаған қарулы топ еді. Қояндытаудың бөктерін қоныстанып отырған Сатай, Құдайберді, тағы да басқа рулардың атқа қонған жүректі де білекті жігіттері ынтымақтаса тізе қосып, жарлыққа қарсы соғысқа қара жұмысқа ер азаматтарды бермеу жөнінде күреске көтерілген. Отаршыл үкіметтің бағынышты елге ойына келгенін істеп, қарапайым адамдарға көрсеткен зорлық-зомбылықтары шегіне жеткесін қаруланған жігіттер олардың қылығына тоқтау салғысы келген. Бұл жөнінде бұрынғы жазылған деректегіндей патша үкіметі бұларға жазалаушы әскер жіберіп, көтерілісті талқандаған. Бүлікке қатысы бар адамдарды тұтқындап, Жаркент түрмесіне тығып, өте белсенділерін айыптап, соттап, Сібірге айдауға жіберген. Сотталғандардың ішінде тепсе темір үзетін 24 жастағы Әмірақын да айдауға кесілген. 1917 жылғы болшевиктердің билікке келген Қазан төңкерісінен кейінгі аласапыран күндері Әмірақын ақсақал айдалып барған жерінен қашып шығып, жаяулап, қиындықтарды көре жүріп туған жеріне әрең жетеді. Жаңадан құрылып жатқан үкіметтің бағыт-бағдарын түсінбеген әрі қолында ешқандай құжаты жоқ, өзі бұрын үкіметке қарсы көтеріліске қатысып сотталған Әмірақын ауылына тұрақтамай, біраз уақыттан соң Іле өзенінің бойына түсіп кетеді. Белгілі бір жалақыға келісіп, Жаркентке қарағай тасымалдайтын жұмысқа кіреді. Іле өзенінің оң жағалауындағы Кетпен тауының бауырына орналасқан Қалжат, Диірмен, Кетпен ауылдарының үстіндегі қойнау-қойнаудағы бойлай өскен мыңжылдық қарағайларды жығып, ағызып, бұтақтарын бұтарлап, сидамдап, Іле өзенінің бойындағы өткелдің тұсына өгізбен, атпен сүйреп жеткізумен айналысқан. Ұзын қарағай бөренелерді 20-30-дан байластырып салдап, өзенге түсіріп, бергі бетке өткізген. Қарағай жығып, оларды тасу жұмыстары аяқталғаннан кейін сол маңнан өндіріліп жатқан Тұзкөл кенішіне жұмысқа кіреді. Осы маңда адамдардың күнделікті тұрмысқа, малға беруге пайдаланылатын жер астынан өндірілетін тұз кені болғандығын көп адамдар біледі. Тұз кәсіпшілігінде істеу Әмірақын қарияға таныс кәсіп болған екен. Жас кезінде туысы Мұқай батырға ілесіп Тұзкенттен ойып-ойып алған қаратікен (ірі кристалды қойбас тұзды қазақ осылай атайды) тұзды түйеге, атқа артып, керуен түзіп, шығыстағы Қытайға, мына жағы Сарқан жаққа, содан кейін Алтын-Емел асуын басып Коянкөзге, Тезек төренің ауылына дейін кіре тартқан.
Кейінгі жылдары мен көргенде Тұзкөлдің шұңқыры әлі де бар екен, текпішекпен түсіп, тұзын көрдім. Әмірақын қарияның айтуынша, сол кездерде көзімен көргені, Шолақай ауылының Іле өзеніне жақын тұста ат шаптырымдай жерді алып жатқан, сексеуіл, тораңғы, жыңғылмен қоршалған, айналасына қарулы күзет қойылған әйелдер колониясы болған. Айдалаға тұрғызылған осы барақтарда сотталып, жазасын еңбекпен өтеп жатқандардың арасында қазақ, орыс, татар, украин, тәжік ұлтының әйелдері де ұсталған. Жазалылардың дені таң қараңғысынан тұрып, қас қарайғанша өзеннің, көлдің жағалауынан жалаң қолдарымен қамыс орып, баулап, кешкілік бақылаушыларға есептеп өткізгенше тыным таппайды екен. Кей кездерде колония күзетшілері күндіз тапқан ақшаларына қаладан арақ-шарап алдырып, түнге қарай тойғанынша ішіп, мастықтан ұйықтап қалатын. Таяу арадағы тұз өндіретін жұмысшылардың барлығы ерікті азаматтар болғандықтан ішіндегі жүректілері күзетшілердің мастықтан оянбайтынын пайдаланып, байқатпай барақтарға кіріп, шала құрсақ жандарға қолдарындағы бар азық-түліктерімен, жылы киім-кешектерімен, әйтеуір қолда барымен бөлісетін болған. Түннің бір уағына дейін әйелдермен әңгіме дүкен құрып, олардың не үшін жазасын өтеп жүргенін біліп, кейде ауыр тұрмыстан қажыған жандарға ән салып беріп, көңілдендіріп қайтатын болған. Солардың арасында Әмірақынның өзі де жүріпті. Кейін басқа жаққа жұмысқа ауысқан соң ол колониядағы әйелдердің қалған тағдырының не болғандығынан хабарсыз қалған. Соғыстан кейін елдің тұрмыс жағдайы түзеліп, шаруашылықтардың іргесі нығайып, колхоз, совхоздардың құрылымы жаңаша құрылған тұста түйе бағуға ауысқан. Шаруашылық түйені Мойынқұмдағы өздеріне қарасты құмды бұйратқа жаятын болған. Әмірақын қария мал бағуға шыққанда баяғы қолдан тұрғызылған ағаш барақтардың бұзылып, орны қалғанын ғана көрген. Ол жердегі жазалы әйелдер қайда көшірілді, қамақта жүріп жұмыс істеген әйелдердің содан кейінгі тағдыры нендей болды, жазалау орнына адамдар жіберу қай жылдары тоқтатылды, бұл сұрақтардан қария хабарсыз көрінеді. Осы оқиғаның бәрін кезінде көзімен көріп, қолымен атқарғаннан соң Әмірақын қария сан өткелектен өтіп, тыныш өмірге кезіккен шағында көкейіне түйіп қалғанын айтып берді, – деп Дүйсекең баянын аяқтады.
Қазіргі таңда сол жылдардағы жазалау орындарының құпиясы біртіндеп ашылып келеді. Егер жоғарыдағы Әмірақын қариямен әкесі жайлы дерек іздеген Дүйсен жолыға қалып, әңгімесін тыңдап, Іле жағалауында әйелдер колониясы болғандығын маған жеткізбесе әлі талай уақыт ашылмай жатуы кәдік. Жаркент өңірінің қатпарлы кезеңіндегі тарихқа қатысты уақиғаларды зерттеп, зерделеп жүрген ғалымдар бар. Заманның терең қойнауына түсіп кеткен жағдаяттарды да парақтап беріп жүргенде, осыдан 100 жыл бұрынғы Кеңестік дәуірде, жазу-сызу бар кезде орын алған ақтаңдақтарды ашып, жарыққа шығару сол ғалымдардың үлесіне тиері анық.
Молот СОЛТАНАЕВ,
ақын, ҚР Білім беру ісінің озық қызметкері,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Панфилов ауданының Құрметті азаматы.
Жарияланды. – Жаркент: «Жаркент айнасы» газеті. №28. 2023. 4 б.











