Сіздердің назарларыңызға ұсынылып отырған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция материалдарының жинағы көрнекті ғалым, ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, академик, Қазақстандағы жабайы жеміс ормандарын зерттеу ғылымының негізін қалаушылардың бірі Аймақ Жаңғалиұлы Жаңғалиевтің туғанына 113 жыл толуына арналады.

Ғалымның ғылыми мұрасының өзегі – Қазақстанның бірегей табиғи байлығы саналатын Сиверс алмасы (Malus sieversii (Ledeb.) M.Roem.) мен жабайы жеміс ормандарын зерттеу, сақтау және тиімді пайдалану мәселелері. Академик Аймақ Жаңғалиев өмірін Қазақстанның жабайы жеміс өсімдіктерінің генетикалық қорын сақтауға, олардың шығу тегі мен эволюциясын зерттеуге, селекциялық құндылығын айқындауға арнады. Оның іргелі ғылыми еңбектері Қазақстан ғылымының ғана емес, әлемдік ботаника, генетика және жеміс шаруашылығы ғылымының алтын қорына енді.
Бүгінде Жетісу өңіріндегі Сиверс алмасы дүниежүзілік деңгейдегі табиғи мұра ретінде танылып, оның генетикалық қоры азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жаңа, жоғары өнімді әрі ауруларға төзімді алма сорттарын шығару ісінде ерекше маңызға ие болып отыр. Климаттың өзгеруі мен антропогендік қысымның артуы жағдайында жабайы алма ормандарын сақтау, олардың табиғи популяцияларын қорғау және ғылыми негізделген мониторинг жүргізу мәселелері бұрынғыдан да өзекті.

Конференцияның «Жетісу өңірі тарихи-мәдени және табиғи мұрасы контекстіндегі Сиверс алмасы: алып бірегей ағаштың тарихи, биологиялық құндылығы және «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін берудің ғылыми негіздері» атты тақырыбы табиғат пен мәдениеттің өзара байланысын, ұлттық табиғи мұраны сақтаудың ғылыми және қоғамдық маңызын айқындайды. Жетісу жеріндегі Сиверс алмасы – тек мәдени алманың арғы тегі ғана емес, халқымыздың табиғатпен етене байланысын, тарихи жады мен экологиялық мәдениетін айғақтайтын бірегей табиғи құндылық.
Жинаққа Қазақстан және шетелдік ғылыми ұйымдардың, жоғары оқу орындарының, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың, музейлердің, архивтердің, қоғамдық ұйымдардың және тәуелсіз зерттеушілердің ғылыми мақалалары енгізілді. Ұсынылған еңбектерде Сиверс алмасының биологиялық ерекшеліктері, таралу аймағы, популяциялық жағдайы, генетикалық әртүрлілігі, табиғатты қорғау мәселелері, сондай-ақ Жетісу өңірінің тарихи-мәдени мұрасы, археологиясы, этнографиясы және экологиялық туризмді дамыту бағыттары жан-жақты қарастырылған.
Бұл конференция академик Аймақ Жаңғалиұлы Жаңғалиевтің ғылыми мұрасын дәріптеуге, оның идеяларын қазіргі ғылым тұрғысынан жалғастыруға, халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтуға және Сиверс алмасы мен Жетісу өңірінің табиғи мұрасын сақтау жөніндегі ғылыми бастамаларды дамытуға маңызды үлес қосады деп сенеміз.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
Жинаққа енген ғылыми мақалалар ботаника, экология, орман шаруашылығы, генетика, табиғатты қорғау, археология, тарих және мәдени мұра салаларындағы зерттеушілерге, жоғары оқу орындарының оқытушылары мен білім алушыларына, ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың мамандарына және табиғат жанашыры – оқырман қауымға пайдалы болады деп үміттенеміз.
Конференция жұмысына қатысып, өз ғылыми ізденістерінің нәтижесімен бөліскен барлық авторларға, ұйымдастырушыларға және серіктестерге шынайы алғысымызды білдіреміз. Бұл жинақ Қазақстанның табиғи және тарихи-мәдени мұрасын зерттеу мен сақтауға бағытталған ғылыми қауымдастықтың бірлескен еңбегінің нәтижесі болып табылады.
Баршаңызға жемісті ғылыми ізденістер, жаңа шығармашылық жетістіктер және халықаралық ғылыми ынтымақтастықтың одан әрі нығаюын тілейміз.

Марат Қабиев, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» РММ бас директоры











