Аңдатпа: Мақалада Жаркент өңіріндегі петроглифтер, көне жазулар, сақ обалары және ежелгі қала орындары қарастырылады. Ілебалық, Ақкент, Түргенкент қалашықтарынан табылған археологиялық жәдігерлер арқылы өңірдің тарихи-мәдени және сауда байланыстары сипатталады. Сондай-ақ тарихи ескерткіштерді зерттеу, қорғау және келешек ұрпаққа жеткізудің маңызы көрсетіледі.
Кілт сөздер: Жетісу Алатауы, Сақ қорғандары, Музей, Канализация, Әшекейлер. Дирхемдер. Жаркент, петроглифтер, құпия жазу, Ілебалық, археология, тарихи мұра.
Кіріспе
Байырғы дәуірлер қойнауындағы Сақ заманынан бері бабаларымыз қоныс еткен Жаркент жерінің өн бойы тұнып тұрған тарих. Мәселен, Жетісу Алатауының етегінен оңтүстікке қарай Іле өзені жағалауына дейін әр аумақта көлбей орналасқан обалар мен қорғандар соның дәлелі. Үйінді топыраққа көміліп бар сырын адамзаттан жасырған, үнсіз жатқан көне елді мекендердің орны мен қорған-қоршаудың қабырға қирандылары еріксіз назарыңды өзіне аудартады.
Енді бұндай тарихи орындарды осы өлкенің ежелгі тұрғындары тыныс – тіршілікке қолайлы деп тапқан – Бурақожыр (Бөріқұзар), Үсек, Тышқан, Шежін, Қорғас өзендері маңайынан көптеп кездестіруге болады. Демек, өзен суының егіншілікке қолайлы болуы, уылжыған жеміс жидекке толы табиғаты, жанға жайлы ауа-райының және тау сағасындағы шүйгін шөпті құнарлы жайылымның болуы мал шаруашылығының да жақсы дамығандығын байқатады.

Жартас суреттері және құпия жазулар сыры
Енді өңіріміздегі көне жартас жазулары мен суреттері туралы айтар болсақ, Жаркент жеріндегі ежелгі петорглифтер аталған өзендердің айналасы мен тау сағасында көптеп кездеседі. Демек, аңшылық пен мал шаруашылығының отырықшылық мәдениеттен ертерек пайда болғандығын осындай тарихи жәдігерлер арқылы пайымдай аламыз. Мәселен, Бұрхандағы таңбалы тастың беткі қабатын кертіп салған белгісіз суретші «алаңсыз келе жатқан арқар мен оның кішкентай екі қозысының бейнесін» айнытпай бедерлепті. Және де шамамен қола дәуірге тән денесі жануар басында күн бейнеленген тастағы суреттер кімді болса да таң қалдырары сөзсіз. Сонымен қатар – арқарлар, тәутекелер, бұғы, жануарлардың төлдерін, түйеге мінген бала және атты адамдар бейнелерін көптеп кездестіруге болады.
Одан әріге Атамекен ауылының солтүстігінде тау етегіндегі «Күпкі» маңайындағы құпия жазуға тоқталар болсақ, ондағы тастың биіктігі – 1м, ені – 60-70 см, ал, қалыңдығы 25 см болады. Бір бұрышында тік мүйізді «Мәңгілік өмір ағашы» немесе «әлем ағашы» бейнеленген бұғы суреті бар. Демек, бұл сурет арқылы қайтыс болған адамның ертедегі наным-сенім бойынша «мәңгілік өмірге» аттанғандығын білдіру ишарасы болар деп топшыладық. Ал, уақыт кезеңіне шамамен Сақ дәуірі мен өтпелі қола дәуіріне сәйкес келеді. Себебі, бұндай таным-түсініктер қола дәуірі адамдары өмірінің басты мәні болған еді-деген деректер тарихи зерттеулерде бар.
Ал, төменгі жағында беймәлім құпия жазу жазылған. Әзірге бұл жазудың мен үшін ерекшелігі оның көне түркі жазуынан да бұрынғы жазуға жататындығы. Себебі, бұндай жазу таңбасын біздің өлкемізден әзірге еш жерден кездестірмедім. Сол үшін де бұл жазу таңбаны зерттеушілердің соңғы легінің жорамалы бойынша көне кхароштхи жазуынан таралған болар деген болжамға тоқтадым. Бұндағы негізгі дәлеліміз – б.з.б. VІІІ ғасырларда біздің тікелей бабаларымыз аталатын көшпенділер даласына ежелгі Үндістаннан – Брахми және Кхароштхи жазуларының келіп қарқынды түрде таралғандығы туралы тарихи мәліметтердің сақталғандығы.
Демек, осы жорамалдар бойынша бұл жазуымыз көне Түркі жазуынан (б.з. VІ-Хғ.ғ.) да арғы дәуірлерге жататын сияқты. Себебі, жазудың сыртқы орналасу түрі бір қарағанда үнді жазуларына ұқсаса ал, әріптердің таңбалану реті көне түркі руникасына да келетін сияқты. Яғни, бұл құпия жазу «көне Түркі руникасынан» бұрын қолданылып, оның қалыптасып, орнығуына ықпал еткен ежелгі жазулардың бірі болар деген-өзіндік жорамалға тоқтауымызға тура келіп тұр.
Енді өзіміздің Үсек өзенінің шығыс жағалауындағы беткейде Талдыға жетер-жетпес аралықта таза көне Түркі әліпбиімен жазылған тағы бір жазу бар. Енді оны оқып көрелік, оңнан солға қарай «қазақ» сөзі шығып тұр. Екіншіден дәл осы маңайдағы петроглифтер арасында да «басында мәңгілік өмір ағашы» бейнеленген бұғының суреті де бар.
Бұл сәйкестік пе, әлде әр дәуірде өмір сүрген, бірақ мына жарық дүниедегі наным-сенімі мен қоршаған орта туралы танымы, дәстүрі бір ұрпақтар сабақтастығының қалтырған қолтаңбалары ма..? «Басында мәңгілік өмір ағашы бар бұғы» қола дәуірге тиесілі болса ортада Сақ, Ғұн, Үйсін замандары бар. Енді бұл үрдіс одан бергі түркі руникасына жалғасады. Бұндай көне Түркі жазуының біздің Жаркент жерінен табылуы мен үшін үлкен жаңалық және де барынша тереңдете зерттеуді қажет ететін баға жетпес құнды тарихи жәдігер деп есептеймін. Жалпы үлкен дәрежедегі ғылыми орта бұл жаңалықтан мүлде хабарсыз десек қателеспейміз.
Және дәл осы бағытта жүріп отырып, Талдыдағы аспалы көпірден сәл төменіректегі шығыс беткейдің етегінде араб әрпімен жазылған тағы бір жазба бар. Оның аудармасы мен суретін өкінішке орай жоғалтып алдым. Есімде қалғаны «Үйсін» сөзіне қатысты жазулар еді…
Келесі кезектегі айтарымыз, «Ырғайлы сайдағы құпия жазулар». Қойбын аңғары бітіп, Қоңырөлеңге бұрылатын айналмадан тіке солтүстікке тауға қарай жүрер болсаңыз, тау етегінде қатарлана орналасқан – Күлдіқора, Ырғайлы сай тағы басқа жерлер бар. Міне, сол Ырғайлы сайдан бар-жоғы 300-400 м өрлесеңіз үйдей-үйдей үш жақпар тас толған ежелгі жазулар мен суреттер.
Алғаш «Егемен Қазақстан» газетінде жарияланып, Меzgil. Kz, Abai. Kz, jaraina.kz – интернет сайттары арқылы да таратылды. Және де бұл мақаланы вацап чаттарына жіберіп айтулы ғалым ағаларымыздың ортасына да салып көрдім. Өкінішке орай ешкіменен тұщымды жауап ала алмадым. Тек қана бір ғалым т.ғ.д. Сакен Нурбеков ағамыз ғана «Бұл жазулар көне Түркі жазуының кхароштхи тармағына сәйкес келуі мүмкін…» деп, өз ойы мен пікірін білдірген еді. Және де бұл біздің өлкеге сонау ерте орта ғасырдағы Түркі заманында будда дінін таратқан Тибет ламаларының да жазуы болуы мүмкін…
Иә, міне осылай құпиясын ішіне бүккен жұмбақ әлем – құпия жазулар мен таңбалар келешекте бәрі де түпкілікті зерттеліп ата-бабаларымыздың өткен дәуірлердегі айналысқан шаруашылығы, өмір сүру қағидаттары мен діни наным-сенімдері туралы көптеген мәліметтерге ие боларымыз анық.
Жаркент өңіріндегі ежелгі қала, кенттер
Ендігі кезектегі зерттеуіміз бойынша Жаркент өңіріндегі қала, кенттердің қалыптасып дамуына аз-кем тоқталып өтсек. Жалпы біздің өлкенің қалалық мәдениетінің гүлденіп дамуы Үйсін дәуірімен тұспа-тұс келеді. Неге десеңіз жоғарыда жазылғандай үйсіндер біржақты көшпелі болмаған. Олар хал-қадірінше қолөнермен айналысып, кенттер, қалалар тұрғызған жартылай отырықшы болып ғұмыр кешкен. Тағы бір ерекшелік – көне Ақкент, Жаркент, Түргенкент тағы басқа да қалалардың әйгілі шығыс пен батысты жалғастырған Ұлы Жібек жолы бойында орналасуы. Ал, жалпы қалалардың, кенттердің халықаралық сауда ықпалымен дамуы артып, гүлдену шегіне жеткен шағы б.з. VІІІ-ХІІІ ғасырлары.
Тағы бір тарихи ескерткішке жүгінер болсақ – ол ежелгі Ілебалық қаласы туралы зерттеулер. 2016 жылдан бері еліміздің бас археологы Карл Байпақов ағамыздың жетекшілігімен басталған ежелгі Ілебалық қаласының орнындағы қазба жұмыстары әлі күнге өз жалғасын табуда. Нәтижесі де жаман емес, сол әр жылдары жасалған қазба жұмыстары кезінде: көптеген қыш құмыралар, түрлі әшекей заттармен қатар, үш жерден ХІІІ-ХV ғасырлардағы теңге сарайларда соғылған жалпы саны 123 дананы құрайтын монеталар (дирхем) қоймасының табылуы.
Және табылған 37 дирхамның 36-сы Шағатай мемлекеті сарайында соғылған теңгелер болса, 1-і Абу Сайд Елханның соқтырған күміс теңгесі екендігі анықталды. Сонымен қатар ХІ-ХІІ ғасырлардағы Қарахан дәуіріне жататын 7-і дирхемның Боғра ханның Тункент қаласында соғылған теңгесі екендігі анықталып, оған қоса Қытайдың Солтүстік Сун династиясының 2-і монетасы да т.б. әшекейлі құнды заттар табылған. Бұлардың бәрі де алғашқы қазба жұмыстары кезінде табылған заттай деректер.
Және бір жаңалық осы Ілебалық қаласы орнын қазу кезінде ХІІІ ғасырға жататын моншаның табылуы. Монша құрылысына: тас, топырақ, 40х40 күйдірілген плиткалар, қызыл кірпіштер мен алебастр, су ысытатын пеш (каң) және кір суларды сыртқа шығаратын керамикалық құбырлар (қазіргі тілімізде – канализация) т.б. кеңінен қолданылған.
Зерттеу жұмысы барысында осында жерленген адамдардың зираты басына белгі ретінде қойылған көптеген кайрақтастар да табылды. Жалпы саны – 50 балбал тас. Оның 7-де түрік және сириялық тілдері әліпбимен таңбаланған түрлі мағынадағы жазулары бар. Сондай-ақ, тағы біршамасы тек қана тең бұрышты крест (Христиан дінінің несториандық бағытын білдіретін төрткүл) бейнесі бар тастардан тұрады.
Жалпы аумағы 1000 шаршы метр болатын аумақтан қазіргі кезде 150-ден астам қабірлер қазылып алынып зерттелді. Кейбір қабірлер бірнеше деңгейде орналасқан екен. Яғни, әр ғасырлар уақытын білдіретін бірінің үстіне бірі жерленген адам қаңқалары да рет-ретімен қазылып алынды.
Сөйтіп, ғылыми-сараптамалық зерттеу барысында қабірлердің жалпы орналасу тәртібі, конструкциялық құрылымы мен қабір шұңқырларының тереңдік өлшем түрлері де айқындалды. Осында жерленген қайтыс болған адамдардың жерлеу ғұрпындағы ерекшеліктеріне тоқталып өтер болсақ:
а). Қымбат және жартылай қымбат тастардан жасалған зергерлік бұйымдардың табылуы;
б). Металлдан жасалған әртүрлі заттар.
в). Некропольдің оңтүстік бөлігінде сол кезең дәстүріне жататын діни ритуалдық сипаттағы ғимараттың болғандығы да анықталды.
г). Ықтималды түрде еске алу ғимараты (поминальная) шіркеуі.
Тұрғызылған ғимарат тік төртбұрышты, ұзындық пен ендік өлшемдері 21×8,7 м. Ал, шіркеу ғимаратының салынуындағы өзгешелік батыстан шығысқа қарай бағытталған, 3 бөлмеден және оқшауланған шағын ауладан тұрады.
Сондай-ақ, қазба жұмысы кезінде табылған әшекей бұйымдары – білезіктер, жүзіктер мен сақиналардың күмістен және жартылай асыл тастардан жасалғандығы анықталды. Олар қалыптау әдісімен жасалып, кейіннен шекімелеу арқылы өрнектелген. Әшекейлері еркін мәнерде (қисық және түзу сызықтар) арқылы орындалған. Ұштары төрт жапырақты болып келген геральдикалық гүл (лилия) түрінде безендірілген. Бұндағы миндаль тәрізді розетка өрнегі Ұлы Жібек жолы бойындағы көне түркі ескерткіштерінде кең таралған және Таяу Шығыстық көркемдік дәстүрлерінің ықпалының да болғандығын көрсетеді.
Қазба кезінде табылған көгілдір ақық (бирюза) орнатылған алтын сақинаның ерекшелігі Ортағасырлық өзіміздің Отырардың зергерлік бұйымдарымен тікелей ұқсастыққа ие екендігін жоққа шығара алмаймыз.
Ілебалықтағы тарихи деректер
Жалпы халықаралық мамандар тобы жүргізген көне мекен Ілебалық қалашығындағы археологиялық зерттеулер репрезентативті заттай деректер кешенін біршама анықтауға мүмкіндік берді. Табылған материалдар қаланың XI–XIV ғасырлардағы белсенді тіршілік кезеңін, ал оның экономикалық және мәдени дамуының шарықтау шегі XIII ғ. – XIV ғ. бірінші жартысына сәйкес келетіндігін де көрсетті. Анықталған материалдар негізгі хронологиялық, типологиялық және функционалдық санаттар бойынша жеке-жеке жіктеліп жүйеленді.
Сондай-ақ, сол маңайдан табылған Үйсін дәуірінің жерлеу рәсімімен қайтыс болған адамдардың бас жағына қойылған керамикалық тостағандары бар жерлеу орындарының табылуы және бар. Екі тостағанның ішінен ас қалдықтары мен дәндердің табылуы да бұрынғы бабаларымыздың егіншілікпен айналысқандығын білдіреді. Сонымен қатар әшекей заттар мен түрлі тұрмыстық заттардың табылуы олардың қолөнермен айналысқандығын ал, екі-үш теңгелер қоймасының табылуы бұрынғы Үйсін дәуіріндегі аталарымыздың сауда-саттық ісін де кеңінен дамытқандығына нақты дәлел бола алады.
Мәселен, оған дәлел біздің өңірдегі – Түрген қорғанын алайық. Қорғанның қираған жұртынан – қыш құмыралардың, шойын, темір, шыны ыдыстар мен жармақ тиындар тізбесі (ортасы тесік мыс, қола ақшалар), көне қарулар сынықтары көптеп кездеседі. Сондай-ақ, өткен Кеңестік дәуірде көптеген ежелгі елдімекен орындарын трактормен тегістеп егістікке айналдыру кездерінде биіктігі 1м астық сақтайтын ірі қыш ыдыс (хумдар), қол диірмен тастары, сыйымдылығы 3-4 л болатын бүтін құмыралар тағы басқа да тұрмыстық, шаруашылық заттары табылған.
Жалпы алғанда ежелгі дәуірдің көзіндей болып бізге жеткен тарихи ескерткіштер мен киелі орындар әлі де болса біздің өлкеде жетерлік. Атап айтар болсақ:
1). Сарытаудағы Сақ обалары;
2). Қойтас, Үсек, Бұрхан петроглифтері;
3). Оспан сазы мен Күпкі жеріндегі ежелгі обалар, көне суреттер мен жазулар;
4). Ырғайлы сай құпия жазулары;
5). Ақкент, Түргенкент қалаларының орындары;
6). Ілебалық қаласының орны;
7). Түргенкенттің солтүстік шығысында іргелес жатқан Үйсін обалары;
8). «Орбұлақ шайқасы» болған жер;
9). Балбал тастар;
Тағы басқа біз білмейтін өткен дәуір құпиялары біздің Жаркент жерінде әлі де баршылық. Сондықтан да, туған өлке тарихын зерттеп, зерделеп келер ұрпаққа ұсыну әрқайсымыздың азаматтық парызымыз.
Құрметті, бүгінгі конференция қонақтары! Мінекей, көптеген мыңжылдықтарды артқа тастаған Қоңырөлеңнен – Қорғасқа дейінгі аумақтағы атақонысымыз болған құтты мекендегі әзірге бізге белгілі, ал бірақ, құпия-сыры әлі ашылмаған осындағы көне жазулар мен көне тарихи орындар туралы шағын өзіндік өлкетанушылық зерттеуімді сіздердің назарларыңызға ұсындық.
Қорытынды
Жалпы алғанда туған жердің өткен тарихына қатысты заттай деректер мен жазба мәліметтер ешбір баға жетпес ұлттық құндылықтар екендігі баршаңызға аян дүние. Сондықтан да ел мен жердің шынайы тарихы келешек ұрпақ үшін де баға жетпес руханияттың бірі емес бірегейі. Сол үшін де төл тарихымыз бен шежіреміз түгенделе берсін деген ізгі ниеттен ешқашан арылмайық, ағайын!
Алып-қосарларыңыз болса хабарласып, пікір алмасыңыздар. Туған жеріміздің, еліміздің тарихын, өткен дәуірге тән шежіресін келер ұрпаққа жеткізуге сіздер де өз тараптарыңыздан белсенділік танытыңыздар. Және де осы бағытта зерттеуші-өлкетанушы ретінде өзіндік үлестеріңізді қоссаңыздар тіптен тамаша болар еді – деген ұсынысым да бар. Ендеше, болашақ ұрпақ алдындағы осынау өнегелі істе баршаңызға сәттілік серік болсын, ағайын!…
Пайдаланылған әдебиеттер:
- Ежелгі Қазақстан [Мәтін] / құраст.: Т. Жұмаханов, Т. Шаңбай, Б. Жұматаева, Л.И. Тетенко. – Алматы : Аруна, 2004. – 224 б. – (Балалар энциклопедиясы).
- Қазақстанның ежелгі қалалары. «Аруна Ltd.», 2005. К. Байпақов. 3. Қазығұлова М.Я. Жазиралы Жаркент және өлкетану өрістері. – Жаркент, 2005.
- Петроглифтер: жергілікті тарих және туризм, А. Ишпекбаева, 2016ж.
- Көне жазба ескерткіштері, Р. Әміров, Ж. Әмірова. Алматы «Рауан» 1995 ж.
- A57 Қажет АНДАС, Еркін ТОҚПАНОВ, Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ
Жетісу жартас суреттері I кітап: – Талдықорған, «Travel ЖК» 2024 ж. – 163 бет. ISBN 978-601-7833-18-3 - A57 Қажет АНДАС, Еркін ТОҚПАНОВ, Қали ИБРАЙЫМЖАНОВ
Жетісудың қасиетті жерлері: – Талдықорған, «Travel ЖК» 2024 ж. – 163 бет. ISBN 978-601-7833-18-3
Ибрайымжанов Қ.
«Жетісу облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы» ММ, «Мұхамеджан Тынышбайұлы атындағы облыстық тарихи-өлкетану музейі» филиалы «Жауынгерлік Даңқ» музейі











