Академик Аймақ Жаңғалиұлы Жаңғалиевтің туғанына 113 жыл толуына орай «Жетісу өңірі тарихи-мәдени және табиғи мұрасы контекстіндегі Сиверс алмасы: алып бірегей ағаштың тарихи, биологиялық құндылығы және «ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін берудің ғылыми негіздері» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Халықаралық ғылыми жиынды Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті, «Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі» республикалық мемлекеттік мекемесі, «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігі және «Ботаника және фитоинтродукция институты» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны жанындағы «Сиверс алма ағашын зерттеу және сақтау орталығы» бірлесіп ұйымдастырған. Конференцияның басты мақсаты Сиверс алмасының ғылыми тұрғыдан ерекше құнды табиғи популяциялары мен дара нысандарына «Ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін беру мүмкіндігін
Басқосуға орман шаруашылығы саласының мамандары, биологтар, экологтар, өлкетанушылар, зерттеушілер және қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты. Негізгі назар академик Аймақ Жаңғалиевтің ғылыми мұрасына, Жетісу өңіріндегі Сиверс алмасының ерекшеліктеріне, оны зерттеу мен қорғау жолдарына аударылды.
Ғылыми жиынның ашылуында ҚР ЭТРМ ОШЖДК «Жетісу облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы» басшысы Нурқуат Қонысбаев қатысушыларды құттықтап, табиғи мұраны сақтау ісінің маңыздылығына тоқталды. Ол сирек кездесетін өсімдік түрлерін қорғауда ғалымдар мен орман шаруашылығы мамандарының өзара бірлесіп жұмыс істеуі маңызды екенін атап өтті. «Жоңғар Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің бас директоры Марат Қабиев «Аймақ Жаңғалиевтің ғылыми мұрасы және Сиверс алмасы» тақырыбында баяндама жасады. Ол академиктің Қазақстандағы жабайы алма түрлерін зерттеуге қосқан үлесін сөз етіп, ғалым еңбектерінің бүгінгі зерттеулер үшін де мәнін жоғалтпағанын жеткізді. Аймақ Жаңғалиевтің көп жылғы ізденістері табиғи алма популяцияларын зерттеу, олардың генетикалық қорын сақтау және Сиверс алмасының ғылыми маңызын айқындау бағытындағы жұмыстарға негіз болып отыр. Конференция барысында Жоңғар Алатауы мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің Лепсі филиалына қарасты Чернов орманшылығында өсіп тұрған алып Сиверс алма ағашы туралы арнайы бейнетүсірілім көрсетілді. Табиғи ортада ұзақ уақыт бойы сақталған бұл ағаштың көлемі, қазіргі жағдайы мен өзіндік ерекшеліктері таныстырылды. Алып алма ағашы биологиялық нысан ретінде ғана емес, Жетісудың табиғи тарихымен сабақтас құнды мұра ретінде қарастырылды. Оның жасы, генетикалық ерекшелігі, экожүйедегі орны мен ғылыми зерттеулер үшін маңызы мамандардың назарын аударды.
«Сиверс алма ағашын зерттеу және сақтау орталығының» ғылыми хатшысы Мұқан Гауһар Сейсенбекқызы Сиверс алмасын зерттеу мен сақтаудың өзекті мәселелеріне тоқталды. Ол «Гигантская яблоня Сиверса как живой символ историко-культурного и природного единства Жетысу: от древних сакральных ландшафтов к статусу национального достояния» тақырыбында баяндама жасап, алып ағашты Жетісудың табиғи және тарихи-мәдени кеңістігін байланыстыратын бірегей мұра ретінде қарастыру қажеттігін айтты. Баяндамада Сиверс алмасының ежелгі табиғи ландшафттармен сабақтастығы, аймақтың табиғи келбетін қалыптастырудағы орны және ерекше ғылыми мәртебе беру мәселелері қозғалды. Мұндай ағашты жан-жақты зерттеу үшін оның жасын, биологиялық жағдайын, генетикалық қасиеттерін және қоршаған ортамен байланысын кешенді түрде зерделеу қажеттігі атап көрсетілді.
«Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігінің директоры Қажет Андас белгілі ғалымдардың мұрасын насихаттау тарихи өлкетануды өркендетудің маңызды бағыттарының бірі екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, өлкетану жұмысы тарихи деректерді жинаумен ғана шектелмейді. Өлке тарихына үлес қосқан ғалымдардың еңбектерін зерделеу, олардың зерттеу нысандарын қоғамға кеңінен таныстыру және табиғи мұралардың құндылығын көрсету де осы саланың негізгі міндеттерінің қатарында. Осы тұрғыдан алғанда, академик Аймақ Жаңғалиевтің ғылыми мұрасы Жетісу табиғатымен тікелей байланысты. Ол зерттеген Сиверс алмасы – өңірдің биологиялық байлығы ғана емес, оның табиғи-мәдени болмысының ажырамас бөлігі. Сондықтан ғалым еңбектерін кейінгі ұрпаққа жеткізу, зерттеулерін өлкетану жұмыстарымен сабақтастыра насихаттау маңызды. Басқосу аясында «Жетісу» өлкетанушылар орталығының тарихи-мәдени мұраны зерттеу, жергілікті тарих пен табиғи нысандарды таныту бағытында атқарып келе жатқан жұмыстары да көрсетілді.
Шара барысында Қ. Андас пен Ж. Нурғожанова құрастырған халықаралық конференция материаилдары және Танабекова Гүлжанат Бақытовнаның «Іле және Жетісу Алатауындағы Сиверс алмасының зиянкес жәндіктері» атты кітабтарының тұсаукесері өтті. Алматыда 2026 жылы жарық көрген 133 беттік еңбекте Сиверс алмасын мекендейтін және онымен қоректенетін зиянкес жәндіктер зерттелген. Басылым табиғи алма ормандарының экологиялық жағдайын тереңірек түсінуге мүмкіндік беретін ғылыми еңбек ретінде таныстырылды.
Танабекова Гүлжанат Бақытқызы Жетісу аумағында Сиверс алмасымен қоректенетін зиянкес жәндіктердің экологиялық топтарға бөліну ерекшеліктері туралы баяндады. Зиянкес жәндіктердің түрлік құрамын анықтау, олардың ағаштарға әсерін бағалау және таралу ерекшеліктерін жүйелеу жабайы алма ормандарын қорғау үшін қажетті ғылыми мәліметтер береді.
Игембаев Саят Байғасымұлы «Яблоневые леса Жетысуского Алатау» тақырыбында баяндама жасап, Жетісу Алатауындағы алма ормандарының ерекшеліктері мен табиғи таралу аймақтарына назар аударды. Бұл ормандар өңірдің бірегей табиғи байлығы болғандықтан, олардың қазіргі жағдайын зерттеу, табиғи ортасын қорғау және антропогендік әсерлерден сақтау ғылыми мекемелер мен табиғат қорғау ұйымдарының ортақ жұмысына айналуы қажет Жиын барысында баяндамалармен қатар, Сиверс алмасының табиғи популяцияларын сақтау, алып ағаштарды арнайы есепке алу, ғылыми паспорттау, олардың жағдайына ұзақ мерзімді бақылау жүргізу сияқты мәселелер де талқыланды.
Конференция атауында көрсетілгендей, негізгі ұсыныстардың бірі – бірегей алып Сиверс алма ағашына «ғылыми табиғи объект – ұлттық игілік» мәртебесін берудің ғылыми негіздерін қалыптастыру. Мұндай бастаманы негіздеу үшін ағаштың биологиялық ерекшелігі, жасы, көлемі, генетикалық құндылығы, экожүйедегі орны және тарихи-мәдени мәні кешенді зерттеуді қажет етеді. Осыған байланысты биологтар, экологтар, орман шаруашылығы мамандары мен өлкетанушылардың бір бағытта жұмыс істеуінің маңызы атап өтілді.
Конференцияда «Желтоқсан» ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ләззат Ермазанова сөз сөйлеп, қатысушыларға жүрекжарды тілегін білдірді. Сонымен қатар «Жетісу» өлкетанушылар орталығы қоғамдық бірлестігі мен «Желтоқсан» ардагерлері республикалық қоғамдық бірлестігі алдағы уақытта ынтымақтастықта жұмыс атқаруға уағдаласты. Тараптар тарихи жадыны сақтау, ұлттық құндылықтарды насихаттау және ғылыми-ағартушылық бағыттағы ортақ бастамаларды жүзеге асыруға ниет білдірді.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда көтерілген мәселелер бір мақсатқа тоғысты: Жетісудың табиғи байлығын ғылыми тұрғыдан зерттеп, оны келер ұрпаққа сақтау. Сиверс алмасы өңірдің таулы экожүйесімен, табиғи ландшафтымен және Қазақстан ғылымының тарихымен сабақтас бірегей мұра ретінде бағаланды. Аймақ Жаңғалиевтің көп жылғы ғылыми ізденістері де осы бағытпен үндеседі. Академиктің еңбектері Сиверс алмасын зерттеуге арналған жаңа жобаларға, табиғат қорғау бастамаларына және жабайы алма қорын сақтауға негіз бола алады. Сондықтан ғалымның туғанына 113 жыл толуына арналған басқосу тек мерейтойлық шара емес, оның ғылыми мұрасын жалғастырудың жаңа бағыттарын талқылаған мазмұнды алаң болды.
Конференцияның пәнаралық сипаты да айқын көрінді. Биология, экология, орман шаруашылығы, табиғат қорғау және өлкетану саласының өкілдері Сиверс алмасының әр қырын қарастырды. Бірі оның биологиялық жағдайын зерттесе, енді бірі табиғи ормандардың сақталуы мен зиянкес жәндіктердің ықпалын саралады. Өлкетанушылар табиғи нысандардың тарихи-мәдени маңызына назар аударды. Жиын қорытындысында Сиверс алмасын зерттеуді жалғастыру, алып ағаштардың ғылыми сипаттамасын жасау, табиғи алма ормандарын қорғауды күшейту және академик Аймақ Жаңғалиевтің мұрасын кеңінен насихаттау қажеттігі айқындалды. Жетісудың табиғи кеңістігінде сақталған Сиверс алма ормандары – ғылыми зерттеуді ғана емес, жүйелі қорғауды қажет ететін бағалы мұра. Ал Чернов орманшылығындағы алып алма ағашына ғылыми тұрғыдан ерекше мәртебе беру туралы бастама сол мұраны сақтауға бағытталған маңызды қадамдардың бірі ретінде қарастырылды.
Осылайша, академик Аймақ Жаңғалиевтің 113 жылдығына арналған халықаралық конференция ғалымның еңбегін жаңғыртып қана қоймай, оның өмір бойы зерттеген табиғи байлықтарын қорғаудың бүгінгі міндеттерін де айқындады. Ғылыми мұраны жалғастыру, Сиверс алмасының бірегей қорын зерттеу және Жетісудың табиғи құндылықтарын болашақ ұрпаққа жеткізу – жиыннан туындаған негізгі ортақ міндет болды.
Айдана Аманжолқызы
“Q-Andas” ақпарат агентігінің тілшісі.












[…] Басы: […]
[…] Basy: […]
[…] Начало: […]