Ескелді аудандық кітапханасында журналист, өлкетанушы, «Жетісу өлкетанушылар орталығы» қоғамдық бірлестігінің директоры, Q-Andas ақпарат агенттігінің бас редакторы Қажет Андаспен кездесу өтті, деп хабарлайды Q-Andas ақпарат агенттігі.
Посмотреть эту публикацию в Instagram
2026 жылғы 6 қарашада ұйымдастырылған «Өлке шежіресін сөйлеткен қаламгер» атты кеште туған жер тарихын зерттеу, әдеби мұраны таныту және тарихи жадты сақтау мәселелері сөз болды. Жүздесу қаламгердің шығармашылық еңбегін оқырмандарға таныстырып, жас ұрпақтың өлке тарихына қызығушылығын арттыруды мақсат етті.
Кешті ұйымдастыруға Ескелді аудандық кітапханасының меңгерушісі Бақытгүл Тойлыбекова, кітапханашылар Айман Найзабеков, Меруерт Бекмырза және Роза Әбдірахманқызы атсалысты. Кітапхана ұжымы қаламгер мен оқырманның еркін пікір алмасуына жағдай жасап, мазмұнды жүздесуге ұйытқы болды.
Қажет Андас осы уақытқа дейін жеке автор, бірлескен автор және құрастырушы ретінде 64 кітаптың жарық көруіне еңбек сіңірген. Қазіргі таңда оның 37 кітабы электронды кітап каталогына енгізіліп, оқырмандарға қолжетімді болып отыр. Өлкетану және саяси қуғын-сүргін тақырыбындағы еңбектерін зерттеушілер дерек көзі ретінде пайдаланып жүр.
Қаламгердің өлкетану бағытындағы зерттеулерінде Жетісудың елді мекендері, жер-су атаулары, тарихи орындары, жартас суреттері мен мәдени мұрасы қамтылады. Ол ауыл шежіресін сол жерде өмір сүрген адамдардың тағдырымен байланыстырып, жергілікті тарихты архив құжаттары, ауызша деректер және сапар барысында жиналған материалдар арқылы зерделейді. Бұл еңбектер өңірдің өткенін танып-білуге, ел жадындағы мәліметтерді жинақтап, кейінгі ұрпаққа жеткізуге бағытталған.
Зерттеулерінің маңызды арнасы – саяси қуғын-сүргін, тәркілеу, ашаршылық және босқыншылық тарихы. Автор осы кезеңдердегі адам тағдырларын архивтік құжаттармен және халық жадында сақталған естеліктермен сабақтастыра қарастырады. Жеке адамдар мен отбасылардың тарихын жинақтау арқылы өңірдегі қасіретті оқиғалардың зардабын нақты деректер негізінде танытуға көңіл бөледі.
Кездесуде қаламгердің Ілиястану саласындағы еңбегіне де назар аударылды. Оның бұл бағыттағы ізденістері Ілияс Жансүгіровтің журналистік қызметі мен баспасөзде жарияланған мұрасын зерделеуді қамтиды. Ескі газет-журналдардағы мәтіндерді іздестіру, бүркеншік атпен шыққан туындыларды салыстырып анықтау, араб қарпіндегі жазбаларды кирилл жазуына түсіру жұмыстары ақын шығармашылығының аз зерттелген қырларын танытуға мүмкіндік береді.
Тарихи баспасөзді зерттеу мен аудармашылық қызмет те қаламгер еңбегінде өзара сабақтасады. ХХ ғасыр басындағы қазақ және өзге де Орталық Азия халықтарының мерзімді басылымдарын қарастыру арқылы ол тарихи оқиғалардың сол дәуірдегі көрінісін, қоғамдық пікір мен ұлт азаттығы идеясының таралуын зерделейді. Әдеби мұраларды жинақтау, қолжазбаларды баспаға дайындау жұмыстары арқылы көпшілікке кеңінен таныла қоймаған шығармаларды оқырманға ұсынады.
Ал көркем және публицистикалық туындыларында отбасы құндылықтары, әке өнегесі, туған жерге сүйіспеншілік, ауыл тіршілігі мен көші-қон мәселелері көрініс табады. Адамдардың күнделікті өмірі мен еңбек жолын баяндау арқылы автор өңірдің әлеуметтік өзгерістерін де көрсетеді.
Қажет Андас – Ескелді ауданының тарихы мен бүгінгі тыныс-тіршілігі туралы үзбей жазып келе жатқан қаламгер. Қоңыр, Нұра, Ақын Сара және Бақтыбай ауылдарына арналған зерттеулері мен мақалаларында елді мекендердің өткені, мәдени өмірі және әлеуметтік мәселелері қамтылған. Нұраның тарихын архивтік деректер мен ел жадындағы естеліктер арқылы зерделеп, ашаршылық құрбандарын ұлықтау қажеттігін алға тартады.
Сонымен қатар Ескелді ауданы аумағындағы Жалайыр Шора, Асан Сиық әулие сынды тарихи тұлғалар, Сырымбет қырғыны, ашаршылық пен тәркілеу зардаптары және саяси қуғын-сүргінге ұшыраған адамдардың тағдыры туралы тарихи-танымдық зерттеулер жүргізіп келеді. Ақын Сара мен Бақтыбай Жолбарысұлының мұрасын насихаттауға арналған жазбаларында олардың өнегесін жас ұрпаққа жеткізу жолдарын ұсынады. Аудан өміріндегі өзекті мәселелерді көтерумен қатар, ұсыныстарының ескерілуін қадағалап, тиісті мекемелердің жауаптарын оқырманға жеткізіп отырады.
Жүздесуге Ескелді ауданындағы мектептерде тарих және география пәндерінен сабақ беретін мұғалімдер Аят Көбехан, Арай Ахметжанова және Арай Манасқызы да қатысты. Ұстаздар әңгімеге белсене араласып, орамды ойлары мен ұтқыр ұсыныстарын ортаға салды.
Өлкетану еңбектерінің білім беру ісіндегі орны да осындай кездесулерде айқындала түседі. Ауыл тарихы, жер-су атаулары, тарихи тұлғалар мен мәдени мұра туралы деректер тарих және география сабақтарын жергілікті материалдармен толықтыруға мүмкіндік береді. Оқушыға таныс мекеннің өткені арқылы ел тарихын түсіндіру туған жерге деген қызығушылық пен жауапкершілікті қалыптастыруға көмектеседі.
Еркін сұхбат барысында оқырмандар қаламгерге көкейлеріндегі сауалдарын қойып, жауап алды. Қонақ шығармашылық ізденістері мен өмірлік тәжірибесі туралы әңгімелеп, зерттеушілік жұмысының ерекшеліктерімен бөлісті.
Кеш аясында «Туған өлке тарихы – ұрпаққа аманат» атты кітап көрмесі таныстырылды. Көрмеге жасалған шолу қатысушыларға қаламгер еңбектерінің тақырыптық ауқымын жақынырақ танып, туған жер тарихы мен әдеби мұра туралы білімін толықтыруға мүмкіндік берді.
Ескелді аудандық кітапханасындағы жүздесу қаламгер, ұстаздар және оқырмандар арасындағы мазмұнды пікір алмасуға ұласты. Туған жердің шежіресін жинақтау, тарихи жадты сақтау және зерттеу еңбектерін жас ұрпақтың игілігіне жарату мәселелері кештің негізгі арқауына айналды.
Q-Andas ақпарат агенттігі
Суреттер мен бейнефильмді түсірген
Әмина Ақылбек.
«Q-Andas» ақпарат агентігінің тілшілері.











