Мәдениеті дамыған ел өзінің ақын-жазушыларын маңдайына біткен бақ жұлдызы есептеген. Күллі дүниедегі ұлттар мен халықтардың өнерді сыйлап, ақындарын ардақтаған.
Халқымыз ақындарын: «Сөзге сиқыр дарытқан, Тәңірдің берген өнері», – деп есептеген.
Сол себептен біз қолда барымызды баптай берудің, асылдарымызды аялап, ардақтай білу төл борышымыз. Ширек ғасырға жуық уақыттан бері қаламның қарымы қайтпаған зерттеуші, жазушы, зерделі ой-пікірлер қозғап келе жатқан, төселген айтыс ақыны, фольклорист Андас Омарақынұлы жайлы айтарымыз көп.
Андас Омарақынұлы Жансарбаев 1946 жылы қазан айының 19 жұлдызында Күнес ауданы, Кеңсу ауылында туды. Жас шағынан бастап өнер айдынында өзіндік өресін байқатып, туған еліне рухани азық беру жолында аянбай тер төкті. Атышулы мәдени төңкеріс кезінде: «Жоғары таптан шыққан элемент» деген жаламен әкесі Омарақын Жансарбайұлымен бірге шетке қағылып, күреске алынды, еңбекпен өзгертуде болды. 1974 жылы саяси құқығы қалпына келіп, қайтадан қатарға қосылды. 1974 жылы ауылда жүрген жас дарынды «Шұғыла» журналы жұмысқа шақырып, ұсыныс етілген редактор болып қызметке тұрады, артынан «Шинжияң халық баспасының» қазақ әдебиеті бөлімін басқарады. 1978 жылы ақпанда отбасылық жағдайына байланысты ауылына қайтып, Күнес аудандық 3 орта мектепке мұғаілім болып орналасады. 1991 жылы наурызда Күнес аудандық халық үкіметінің шақыртуымен аудандық мәдениет мекемесіне келіп, Күнес ауданының фолкулорын зерттеу, жинау ісімен айналысып, фольклорлық мұрасының 4 томын шығаруға атсалысты. 1992 жылы ақпанда Күнес аудандық Саяси кеңес тарихи материалдар комитетіне жөткеліп, зерттеуші, жауапты редактор болып жұмыс істеді.
Ол жоғарыдағы қызметтерді атқара жүріп, шығармашылығын да табандылықпен жалғастырды. Әртүрлі басылымда 400-ден астам өлең, арнау, толғау, баллада, поэма, дастан жазып, жариаялады. «Жылдар ізі» атты жинағы шықты. «Тарих талғарындағы тарландар», «Сары кезең самалы» қатарлы өлеңдер, зерттеулер, «Дода» атты айтыстарының жинағын баспаға ұсынды. Сондай-ақ, аудан, аймақ, облыс дәрежелі ақындар айтысына қатысып, ұйымдастырушы, бағалаушы болып, жас ақындарды тәрбиелеу ісімен айналысты. Сонымен бірге, «Күнес ауданының тарихи материалы» атты желілес тарихи зерттеу еңбектерін шығарумен бірге Таңжарық Жолдыұлының жарық көрмеген еңбектерін ел арасынан жинақтап, «Шын тілек» атты жыр жинағын жиып, баспаға ұсынды.
Бұл Андас Омарақынұлының қадау-қадау өмір белестері. Десе де, оның өмірінде қалам ұстап, шығармашылықпен айналысатын уақыты өте аз болды. Мәдени төңкеріс кезінде жоғары жіктен шыққан, бай-манаптың баласы деп шетке қағылып, жазуға мұрша бермесе, кейінгі күндерінде де аяғынан шалып, өрге бастырмай, талай өрелі жерлерден қағып, қадамын аштырмаған тұстары көп болды. Сонда да қанына біткен қайсарлығымен бет келген қиындықты, қызғанышты жеңе отырып, өзіне сай, кесікті орнын алуға тырысты. Оның ақын өлеңдерінен де аңғаруға болады.
«Кінарәттар» атты өлеңінде:
Дәуірде осы жеңіспен қүзар аттар,
Көрсетті өзін босбелбеу шыдамастар.
Жұрт жанына жақпайтын жат қылықпен,
Көбеюде қатерлі кінәраттар.
Нәпсі үшін арланбай арын сатып,
Кісілікке жасалған қиянат бар.
Улы шөпті өрбітпей отау керек,
Заредей жер қалмасын тиянақтар.
Қоғамның қас істерін кесірі бар,
Уақыт жетті арадан шын аластар, – десе,
«Абайла дос» атты өлеңінде:
Өтіміңді басқадан асырып кіл,
Қалай ғана боп алған басың үшкір.
Ұғындырған достарға мұндайыңды,
Жуас бейнең бұрынғы жасырып тұр, – дейді.
Андастың өлеңдері тілі өткір, шымшыма, бейнелі болып келеді. Адам назарына көп іліне бермейтін елеусіз нәрселерді қаламына іліндіріп, кесек тұжырым жасап, тоқ еткізіп, нысанасын дәл тауып, түйін түйдіріп отырады. Оның өлеңдерінде сықақ, сатиралық түс, ажуа тіркестер өте көп.
Ақынның «Алаяқтар» атты өлеңін оқып көрелік:
Жел ауызды желпінбей тұра алмайды,
Жымсымасын сыртқа түк шығармайды.
Төменгіні нығарлап, жоғарыға,
Бұралқы иттей қыңсылап бұраңдайды.
Қан шығармай мақтамен бауыздайды,
Су басының тұнығын ағызбайды.
Бүгін дос боп басыңа іс түссе егер,
Бір тамшы нәр аузыңа тамызбайды.
Ақын жазған өлеңді көп адам оқиды, естиді. Олар құр оқушы, естуші емес. Сөзін сынаушы, бағалаушы, төрелік айтушы. Андас өлеңдерінің оқырмандар арасында жоғары бағаланып, іздеп оқитындығы да осындай жылдам ой, жүйелі тұжырымның молдығында.
2005 жылы Күнес аудандық саяси кеңесі жағынан ақын Андас Омарақынұлының шығармашылық кеші өтіп, оның еңбектері жөнінде ғылыми талқы жиналысы оздырылды. Бұл туралы «Іле» газетінің бір бетіне арнайы материал берілді. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасындағы «Жетісу», «Алатау», «Үшқоңыр» газеттері мен республикалық «Мұқағали» журналында ақын шығармашылығы туралы мақалалар жазылып, атажұрттағы оқырмандарға жетті.
«Жігіт сарасы – сегіз қырлы, бір сырлы» деуші еді ғой. Осы сөздің өзі Андас ақынға қаратылып айтылғандай сезіледі де тұрады. Андас тек ақын, жазушы, зерттеуші болып қалмастан ұрпақ тәрбиелеу ісінде де жұртқа үлгі болған азамат. Бүгінде жерлестері: «Бала өсірсең Андастай өсір» дегенді қанатты сөзге айналдырып алды. Оның 8 бала тәрбиелеп, оларды оқытып, тоқытып, еліне, жұртына еселі еңбек етіп жатқан перзент етіп өсіргенін өнеге ретінде қабылдайтындар көп. Барлығы жоғары оқу орындарын бітіріп, өз мамандықтары бойынша, елге еселі еңбек етіп келеді. Іле педуниверситетінің қазақ тілі мен әдебиет факультетін бітіріп, Күнес аудандық №6 орта мектепте қос тіл оқытушысы болып қызмет ететін қызы Мақпал былай дейді:
«Бір отбасында сегіз бала өстік. Үлкеніміз Ардақ жоғары білімді, оқытушылықпен айналысады. Ағам Қажет әке жолын қуып, шығармашылықпен айналысып, журналистика саласында еңбек етіп жүр. Бүгінде Қазақстанда жұртқа танылған қаламгер, республикалық, халықаралық сайыстардың жеңімпазы, ғылым магистрі деген ғылыми атағы бар. Руналық жазулар туралы ғылыми зерттеу еңбегін қорғаған. Әлемдік ғылым саласында да өзіндік орын алған, бүгінде 10 кітап жазып, елге қызмет етіп жүр. Менен кейінгі сіңлім Сәбира дәрігерлікті таңдаса, інім Елжас Нанжиң университеті мен Қазақстан Республикасы бас сәулет құрылыс академиясын бітірген, ғылым магистрі, құрылыс саласының маманы, Ершат болса, Шыңжаң сауда мектебінің ағылшын тілі мамандығы мен Қазақстан Республикасы Абылайхан атындағы халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетін бітірген, ғылым магистрі, Қазақстанда Мемлекеттік қызметте, Есхат Нанкин университетін бітіріп, өз мамандығы бойынша жұмыс істеп келеді. Мен де Іле педуниверситетін және Қазақстан Республикасының І. Жансүгіров атындағы университетінің магистратурасын бітірдім. Барлығымыз қадірлі әке-шешеміздің тәрбиесімен тәрбиелі болып өсіп, жоғары оқу орындарын бітіріп, хал-қадірімізше ел, қоғам үшін еңбектенудеміз. Осындай қамқор әке-шешемізбен мақтанамыз», – деді ол.
Демек, Андас өмірінің жалғасы болған ұрпақтарын осылай тәрбиелеп, ұрпақ тәрбиесіндегі өнегесімен де өзгеше жарасым тапты.
Әрине, адам заманға сай бейімделіп, соның ізімен жүргенде ғана жақсы тірлік кешетіндігі анық. Кейінгі жылдары елдегі өзгерістерге сай отбасылық кәсіппен айналысып та өз күшіне сүйеніп, кәсіптенудің дара жолын тапқан жан. Оның зайыбы Әуесхан Мажайқызы кезінде Іле медициналық техникумының дәрігерлік мамандығын оқыған еді. Өкінішке орай, мәдени төңкеріс кезінде: «Байдың келіні жұмыс істемейді» деп қызметке алынбай қалған. Қанша жыл ауыр еңбекке жегіліп, өзгертуге алынған. 1993 жылдан бастап Күнес ауданында алғашқы болып қазақ халқының сүйікті асы тарыны саудаға салып, жаңалық ашады. Сол кәсіпті дамытып, өркендетіп, бүгінде отбасылық кәсіп ашудың өнегелі үлгісін жұртқа көрсетті. Осындай тынымсыз еңбектің арқасында Андас отбасы аудандағы алдыңғы қатарлы ауқаттанған отбасы атанып келеді. Сөйтіп Әуесхан Мажайқызың бастамасында қазір Күнес ауданында тары мәнерлеу ісі өркендеп, кәсіптенудің жаңа үлгісіне айналды.
«Әр адам өзінше бір әлем» дегендей, Андас та өз алдына бір әлем. Оның қазынасын қанша қазып, қаузасаң да таусылмайды. Оның тұтас өмірі өткегн ғасырдың кейінгі елу жылымен етене, тыныстас өткен көңіл көзі көреген, құлағы түрік әлем. «Тау алыстаған сайын асқақтайды» дегендей, бүгінде арамызда болмаса да, оның артына қалдырған мол мұрасы мен ұлағатты ұрпақтарының шығар бимігі, бағындырар асуы аласа болмайды.
Топырағың торқа, жатқан жерің жаннатта болсын!
Жәлел НҰРТӘЛІПҰЛЫ
қаламдас досы, сырлас серігі











