Адам өмірі қызықты да өкінішті. Қызықты болатыны – осынау тіршілік дүниесінде естен кетпестей өмір ләззатын татып, жақсылармен жақын жүріп, өткен мағыналы кездерің болса, өкінішті болатыны – қимас жандарыңнан айырылып, көңілің ел көшкен сары жұрттай құлазып, жүрегің өксікке толып, беймаза күй кешіп, жалғызсыраған кездерің екен.
Шіркін, өмір-ай деші, бір де алдыңды, бір де артыңды көрсетіп, жұмыр басты пендені бір де қуандырып, бір де мұңайтып жүріп, бір күні тірлік білтесін сөндіріп әкете береді екенсің-ау.
Міне, бүгін менде санам сан-саққа жүгіріп, көңіліме сағыныштың сары ала жапырақтары түсіп, мең-зең күй кешіп, кеше ғана ағалық ақылын айтып, арамызда жүрген ардагер ұстазым, ақын, зерттеуші Андас Омарақын ағамен бірге өткен күндерімнің елесін ой елегімнен өткізіп, асыл ағаның ақжарқын бейнесін сағына еске алып, қолыма қалам алып отырмын.
Мен Андас ағамен бір ауылданмын. Яғни, екеумізде өлеңнің кеніші, өнердің өрісі болған қасиетті мекен Кеңсудың төл тумасымыз. Сондықтан да Андас ағаны бала кезден ұстаз тұтып, өлең-жырларынан өнеге алып, ақындығымның алғашқы бастауына жол көрсеткен ұстазымның бірі деп ерекше қадірлеп, құрметтеп өттім. Ол кісі де мені туған інісіндей көріп, аялап «Жақаш» деп еркелетіп, ақыл-кеңесін аямай, жайдары жүзімен жаныма шуақ шашып, әрдайым алдағы күндеріме сәттілік тілеп, жебеуші болып келген еді.

Суретте: ортадағы ақын Уәлибек Ахмет ұлы, сол жақтағы ақын, жазушы, зерттеуші Андас Омарақын ұлы.
Әлі есіңмде, 1985 жылы 6-айдың аяқ шенінде Күнес аудандық ақындар айтысы көрікті Ақөзен жайлауында 7-айдың 15-сі күні өтетін болып, әрбір ауылға, айтыс ақындарын таңдап, тізімін жолдауға арнайы шақырту жіберілген. Ол кезде Кеңсу ауылы, Аралтөбеден бөлініп шыққанына көп болмаған. Ауылдық өкіметтің алғаш құрылған кезі. Біздің ауылдық Мәдениет үйіне айтулы ақын ағамыз Уәлибек Ахметұлы жауапты еді.
Уәлибек аға мен Кеңсу шаруа мектебінде толықсыз ортада оқып жүргенде маған бір мезгіл әдебиет пәнінен сабақ берген болатын. Мен сол кезде азырақ өлең жазып, ара-тұра Уәлибек ағаға көрсетіп тұратынмын. Ал Андас аға Күнес аудандық №3 орта мектебінде оқытушы болатын. Біздің үй Кеңсу ауылы, Кеңсу шаруа қыстағында болатын. Әкеміз ертерек қайтыс болып, отбасылық жағдайымыз айтарлықтай жақсы емес еді. Сол үшін де жоғарылап оқуға отбасы жағдайы жар бермей, күнделік тіршілік күйбеңімен өндіріс гурппасында егінші болып жүрген кезім.
Бір күні түсте үйімізге Андас аға мен Уәлибек ағамыз келе қалмасы бар ма?! Айтулы халық танитын, ақын ағаларымның үйімізге келгені мені ерекше қуантты. Анам марқұмда өнер десе ішкен асын жерге қоятын ақкөңіл адам еді. Атағы алты Алашқа жайылған ағаларымның келгенін қуаныш санап ақ дастарқанына жылы-жұмсағын салып, ыстық ықыласпен қарсы алды. Ағаларымда дастарқандағы дәмнен ала отырып, шешеме келген бұйымтайын айта бастады.
– Жақында, Ақөзенде ақындар айтысы болмақшы. Соған ауыл-алаңдағы талантты балаларды таңдап, саралап жүрміз. Естісек, сіздің ұлыңыз өлең айтады, өлең жазады деп ел аузынан естиміз. Сол үшін балаңызды осы айтысқа қатыстырсақ деп келіп отырмыз, – деп жүрекжарды тілектерін айтты.
Анамда ағаларымның ақ тілегін жерге тастамай:
– Баратын болса, барсын, – деп мейірін төкті.
Қуанышымда шек болған жоқ! Ағаларым аттанып кеткен соң айтыс болатын күннің келуін тосып, тағатым таусылғаны қаншама?! Ақыры аңсаған, армандаған күнде келіп, Ақөзендегі айтысқа барып, бас жүлдені жеңіп алдым. Бұл менің бірінші рет қатысқан айтысым болып, айтыс деген қасиетті өнердің алғашқы қадамын сәтті бастым.
Міне, осылай айтысқа алғаш қатысуыма жағдай жаратып, алғаш рет сахнаға шығуыма демеуші болған Андас, Уәлибек ағаларыма алғысым мен құрметім ерекше. Бір өнер адамы үшін сенің алғаш басқан сәтті сапарың, бүтін өміріңнің мән-мағыналы сәті әрі бастамасы болып есептеледі. Сол үшін де мен ақжарқын Андас ағаны алғашқы өнер жолын көрсеткен аяулы ұстазымның бірі деп құрметтеп, қадірлеп өттім. Ол кісі де мені інісіндей аялап, ағалық ақылын айтып, өнеріме сәттілік тілеп келді.
Міне, содан бастап Андас аға екеуміз аға-інілі сырлас дос болып отыз жылды бір күндей тату-тәтті өткердік. Андас ағаның бойындағы асыл қасиеті, бәзбіреулерше қызғаншақ, атаққұмар емес. Өнерлі жастарға құшағы ашық, жәрмеңке жүрегін жайып салатын, адал, турашылдығында әрі көпшіл, кішіпейілділігінде.
1989 жылы Андас аға мен Уәлибек ағалар Күнес аудандық халық өкіметінің ұйымдастыруымен Күнес халық ауыз әдебиеті топтамаларын шығару үшін Күнес аудандық мәдениет мекемесіне келіп, кітап шығару жұмысына кірісті. Сол бір маңызды, жапалы қызметті жауапкершілікпен үстіне алған Андас аға ауыл-қыстақтарды аралап, қазыналы қарттармен әңгімелесіп, өз белсенділігін көрсетті. Сол жылдары біздің ауылға жиі-жиі келіп тұрды. Келген сайын мені шақырып, қасынан тастамай ағалық мейірін төгіп, жазған-сызғанымды көріп, шабыттандырып отырды.

Суретте: оң жақтағы ақын, жазушы, зерттеуші Андас ОМАРАҚЫН ұлы, сол жақтағы әйгілі халық ақыны Дәулетқан ҚОРАЛАСҰЛЫ.
Осындай кіршіксіз көңілді асыл аға Андас 1991 жылы Наурыз айында қызметтің талабы, ұйымның ұйғарымы бойынша Күнес аудандық саяси кеңесі, тарихи-материалдар кеңсесіне жауапты болып ауысып, «Күнес тарихи материалдарын» шығаруға белсене атсалысты. Кітапқа материал жинау үшін тау асып, тас басып, тарихи құнды материалдар жинап, Күнес тарихи материалдарының 4, 5, 6, 7, 8, 9, 10-шы томдарын шығуына ересен еңбек сіңірді. Мұнда өзі жазып, өзі редакциялап, кітаптың тарихи құндылығын арттыруға назар аударып барынша күш салды әрі көптеген көмулі жатқан тарихи оқиғалар мен тарихи тұлғаларды оқырманмен қауыштырып, қаламгерлік қуатын әйгілеп, жұрттың алғысына бөленді.
Андас ағаның өмір кешулері мен қызмет тарихына көз салсақ, мәдениет төңкерісінің боз боранына ұшырап, жоғарылап оқи алмаса да, өзінің туабітті талантымен әдебиет саласына 70-ші жылдардың ортасында қадам басып, әдеби жасампаздықпен иайналысып, жұртқа таныла бастады. Сонымен қатар, сол кездегі қоғамдық жағдайдың талабымен 1975 жылы сәуірден, 1978 жылы наурызға дейін Шыңжаң өлкелік «Шұғыла» журналында, «Шыңьжаң халық баспасында» редактор болып істеді.
Андас аға осындай қарбалас қоғамдық қызметтерді істей жүріп, шығармашылықтан қол үзбей, тартымды шығармалар жазумен қатар, халық ақынадары айтысына қатысып, өзінің айтыскерлік қуатын да әйгіледі.
Айтар болсақ, 1974 жылдан бастап аудан, аймақ, облыста өткізілген ақындар айтысында жүлделі болып, 1977 жылы 7-айда Іле қазақ автономиялы облысының Алтай аймағы, Қаба ауданы, Болбадай жайлауында өткен ақындар айтысында әйгілі халық ақыны Жамалхан Қарабатырқызы, Жұмағали Құйқабаев, Бердіқандармен айтысып, тамаша айтыс өрнегін көрсеткен. «Жамалқанмен айтысы», «Жұмағалимен айтысы» 1977 жылы шыққан «Дала дабылы» деген кітапта жарияланған. Сол жылдары жазған «Ақсұңқар» дастаны 1979 жылы «Шиңьжаң» хылақ баспасы шығарған «Жоңғар жолаушылары» деген дастандар жинағына енді.
Андас ағаның өмір жолы осындай қым-қуыт қоғамдық жағдайларда қаламгерлік қуатын шыңдап «Жылдар ізі» өлеңдер жинағы, «Тарих талғарындағы тарландар» эссе, зерттеу мақалар, «Дода» атты айтыс, «Сарыкезең сарыны» атты өлеңдер жинағы қатарлы тартымды шығармалар мен кітаптарын халыққа ұсынды. 2006 жылы күзде «Жылдар ізі» атты шығармашылық кешін өткізіп, өнерден халқына есеп берді. Кешке қаламгер достары, ақын-жазушылар қатысып, ақын еңбегін бағалап, әдебиеттегі орнын тұрақтастырып, өз лебізін білдіріп ақан еңбегіне ересен баға берді. Күнес аудандық партком, өкімет басшылары ақынға ат мінгізіп, шапан жапса, ақынның туған ауылы Кеңсу ауылдық өкімет басшылары үкілеген арғымағын мінгізіп ардақтады. Ақын қуанышына ортақ болған біз де иығына оқалы тон жауып, айтыс өнерін көрсетіп, болмашы шәкірттік көңілімізді білдірдік.
Шіркін, уақыт десеңізші?! Сондай тату, берекелі де мерекелі күндер бара-бара адам санасына сағыныш деген сарыала жапырақты тастап кете береді екен-ау.
Дүние өтер-кетер соққан желдей,
Жақсының жүрген жері рулы елдей, – демекші, қашанда халқына қалтқысыз үлес қосуды ойлайтын есіл ағалардың орны бөлек қой. 2007 жылы 6-айдың орта шенінде Кеңсу ауылы, ауданда өтетін ақындар айтысына дайындық жасау үшін жас ақындарды тәрбиелеу ісін қолға алды. Бұған ауыл басшылары, жас ақындарға тәрбие, сабақ берсін деп Андас ағаны ұсыныспен шақырған болатын. Қашанда ел тілегін екі етпейтін елгезек мінезімен бәзібіреулерше бұлданып, ақы тілемей-ақ, қасына қызы Мақпалды ертіп келіп, жас ақындарға сабақ беріп, қазақтың айтыс тарихы, Күнес тарихы жөнінде лекция оқып, балапан ақындарға ыстық ықыласын білдіріп, аталық мейір көрсетті.
Курсы аяқталып, кешінде Кеңсу Құрөзек қыстағында тұратын, өнер десе ішкен асын қоя тұратын, азамат ақын Батырғазы Мұқаметбекұлы Андас аға бастаған ақындарға, ақ сарбас айтып сойып, кең дастарқан жайды. Сол басқосуда Кеңсу ауылындағы
Авторы: Жақыпнұр Оқас
Q-Andas ақпарат агенттігі.
Қажет АНДАС












[…] Қазақшасы: […]
[…] Қазақшасы: […]