Бұл кез Түркі тіл системасы Алтай тіл системасынан бөлініп шыққан дәуір еді. Топография ғылымының заңдылықтарына қарағанда бұл есім жерге қойылған ат болып, «Жолбарысты» деген мағынаны ұғындырады. Қазіргі жолбарыс деген атауды ол кезде «Күнік» деп атаған. «С» әрпі болса, ол кезде сөз жасау жұрнағы болып, қазіргі тіліміздегі «Ты», «Лы» сияқты қосымша жалғауды ұғындырады.
Сонау ертеде Күнес аңғары туысып жатқан тың өңір болып, ит тұмсығы өтпейтін ну орман-тоғайлы, қалың қопа қамысты, шалғын қурайлы, түбінен түйе адасатын түңкелі ақшилы, бітік өскен бетегелі алқап. Сан түрлі жабайы аңдардың мекені болған. Онда, жолбарыс, арыстан, қабылан, ілбіс, сілеусін, жабайы шошқа сияқты жыртқыш хайуандар мен бұғы-марал, арқар, құлжа, тәуешкі, елік, бөкен қатарлы қоңыр аңдар және түлкі, қарсақ, суыр, борсық қатарлы түз тағыларының мекені болған жер. Бұлай дейтін себебміз, Күнес өңіріндегі жартас суреттерінің бәрінде осы хайуанаттардың суреті бедерленген. Тіпті, өткен ғасырдың басында Жоңғар шапқыншылығынан кейін араға екі ғасыр салып барып, атамекеніне қайта қоныстанған Қызайлардың арасында жолбарыс аулайтын атпал азаматтардан құралған топ болған.
Кейін келе бұл жерге қоныстанған қазақ тайпалары «Көнгіс» деген жер атын өз тіліне үйлестіріп, сөз әуені бойынша «Күнес» деп атап кеткен. Бұл атауды Шығыстан Батысқа жөңкіле аққан өзенге де қолданып, Күнес өзені атап кеткен. Күнестің жүйрік басы Тян-Шан тауының бір бұрымы болған Андыр тауымен ұласып, Желді кезеңмен тұйықталады да, шығыс оңтүстігі Байынғолын моңғол облысының Құтынсұмыл ауданымен шекараласады. Шығыстан батысқа қарай созылған Тянь-Шань тауының негізгі сілемдерінің бірі болған Нарат, Шолуты, Жырғалаң таулары Күнестің оңтүстігін қоршай келіп, батыс оңтүстігіндегі Амбы-жамбы тауларына жалғасады. Үлкен Жырғалаң өзені арқылы Мұқыры ауылымен көршілесе келіп, Оңтүстік батыс және Батыс жағы Текес өзені арқылы Тоғызтараумен шекараласады. Ал Шығыс солтүстік – солтүстік жағы Арасан тауы, Борбора, Өміроба, Абыралы тауларымен қоршалып, Нылқы ауданымен қанаттасып жатады.
Күнес ауданының Кеңсу ауылына қарасты Көлденең бұлақ деп аталатын елді мекеннің терістік бөктерінде Сарыкезең деп аталатын жіңішке сай бар. Сол сайдың сағасында «Жансарбайдың қарадомалағы» деген қыстауда бала шағым өтіп еді. Алыстан қарағанда жатаған, жадағай төбенің үстіне шықсаңыз атшаптырым аумақты алып жатады. Осы төбенің басында кезінде тастан қаланған бейіт, ондағы тастарда біз білмейтін неше түрлі тасқа ойылған сурет пен жазулар болатын. 1960 жылдары сол бейітті бұзып, «тастарын қыстаулықтағы қора салуға істетеміз» деп тасып кеткен еді. Бала күнімізден: «Жан қалса Жансарбайдан қалады» деп дақпыртын жиі естіп өскен Жансарбай емшінің қыстауы осы төбенің түбінде орналасқан. Әулие емші әр күні таңертең, кеш бата осы төбеге шығып қайтады екен. Сол төбеге шыққанда өзін іздеп келе жатқандардың атының демі мұрнына келіп, құлағына дыбыры естіледі екен. Сарыкезеңнің сайын өрлегендегі тау беткейіндегі таста адам басы, бет-бейнесі, бес саусақтың табы ойылған үлкен тас болушы еді. Тасқа адамның сол аяғының ізі тасқа ойылған. Бұл іздің ұзындығы 35 см, жалпақтығы 20-22см, сол маңдағы адамдар бұл ізді «Әулиенің ізі» деп атайтын. Жергілікті тұрғындар қолына, денесіне, қотыр, сүйел, бөрткен шықса сол тасқа сүйкеп, ырымын жасап жататын.


Күнес басы арасанынан бір көрініс. 1997 жыл
Аталарымыз: «Бұл алып әулиенің солтүстікке беттеп келе жатқанда түскен сол аяғының ізі, ал оң аяғының ізі бір аттағанда Қас өзенінің бойына басылыпты», – деп аңыз қылатын. Айтса айтқандай, содан 20 шақырым жердегі Қас өзенінің басындағы «Бұрылдың арасына» деп аталатын жерде үлкен-кішілігі дәл сондай тасқа басылған адамның оң аяғының ізін Арасанға барған сайын көріп қайтатынбыз. Күнестің шығысындағы Арасан тауының етегінде, арасан өзенің бойында тағы бір қасиетті арасан бар. Мұны жергілікті тұрғындар Әзіретәлі арасаны, бір де Күнес басы арасаны деп атайды. Атам да, әкем де жыл сайын осы арасанға барып апталыап тынығып қайтаты. Кейін есейген тұста біз де отбасымызбен жыл сайын барып тұрдық. Әлемде ондай жұмақ жер қайдан болсын. Тұнып тұрған табиғат, сылдыраған су, сыңсыған орман, жаның бір тояп тауып қайтатын жер.
Жалпы, Арасан табиғаттың ең бір көркем жеріне орналасқан. Екі жағы ну орманды жалданып келетін аумақтың дәл ортасынан Арасан өзенін бұрқырап біразға дейін ағып барып, Күнес өзеніне қосылады. Арасан аса бір аумақты жерге орналаспаса да, бас-аяғы 200 метрге жетпейтін қашықтықта таудан ағып шығатын 12 бұлақ көзі бар. Арасан көздері бірі-бірінен көп болса 2-3 метр, алыстауы 10 метр қашықтықта орналасқан. Бір қызығы, әр көзден ағып шығатын судың түсі, ыстық-суықтығы бір-біріне ұқсамайды. Бірі қызыл, жасыл, күрең, қанқызыл, тағы басқа болып келеді. Олардың біреуі салқын, енді бірі жылымшы, тағы бірі тым ыстық. Аралығы бір метрдей-ақ жерден екі түсті, ыстық-суықтығы да екі түрлі судың ағып шығатынын көріп, алғаш көрген адамның таңғалмайтыны жоқ. Басында бізге де солай сезілген. Жыл сайын бара бергендіктен бойымыз үйреніп, елемейтін болып кеттік. Адамдар олардың әрбірінің түсіне, сипатына, ыстық-суықтығына қарай «Әзіретәлі арасаны», «Көз арасаны», «Қан арасаны», «Ұшық арасаны», «Сынап арасаны», тағы да басқа деп ат қойып алған. Солардың ішіндегі қалыпты температурадағысы «Әзіретәлі арасаны» деп аталса, ең ыстығы «Қан арасан», ең суығы «Ұшық арасан» болатын.
Арасанды қоршап жатқан Арыстан тауының оңтүстік құзында тасқа басылған екі алақан, он саусақтың, тізе, маңдай және беті-қолды жууға арналған құманның ізі бар. Оның жанындағы алаңқыда үй орнындай ойыста тұщы көл бар. «Жарақат алған аңдардың осы көлге бір түсіп шығып, ауруынан айыққанын көрдік» деген талай адамның әңгімесін естіп едім. Бірақ өзім көрген жоқпын. Ал тасқа басылған алақанға алқанымды қойып, саусақ ізін нәзік саусақтарыммен басып, тізерлеп отырып, тәу еткенім, көл суына беті-қолымды жуынғаным әлі күнге көз алдымда тұрады.
Өзеннің шығыс жақ бетінде табиғаттың өзі тұлғалап қойғандай үлкен жартас бетінде тастан қашап салынған Шыңғыс ханның мүсіні болатын. Өкінішке орай, біз барып жүрген кезде сол мүсінді суретке түсіріп алуды ойламаппыз(Арасанда түскен бір-екі суретті ғана осында бере кеткенді жөн көрдім). Әр жылы 15 тамыз күні сол маңдағы тұрғындар жиылып келіп, сол тасқа тәу етіп, бір түн түнеп, ырымын жасап қайтатын. Бұл күн Шыңғысханның туған күні делінетін. Ол тұрғындар кезінде Шыңғыс ханмен бірге оның ұлы империясын құруға қатысқан, кейін Жошы ұлысының құрамына еніп, Бату ханмен бірге Алтын Орда мемлекетін құруға атсалысқан Еділ қалмақтары мен Орта жүз қазақтарының ұрпақтары еді. Жартас бетіндегі суреттің қашан салынғанын білмеймін. Бірақ жергілікті халықтың жыл сайын осы суретке табынатынына таңғалатынбыз.
Түсінбегенімізді үлкендерден сұрап маза бермейтінбіз. Ол кәсілерде ашылылып, жарылып көп нәрсе айтпайды. «Түстеріңе кіреді, шошисыңдар», – деп жартастың маңына көп жуытпайтын. Сонда да кейде ұрланып барып көріп қайтатынбыз. Есімде қалуынша, жартас бетіндегі суреттің биіктігі 2, ені 3 метрге таяу болатын. Басына дулыға киген, қолына қылыш ұстаған, қорамсағы мен жебесін иығына ілген алып батыр мүсінді болатын. Біз суретке қорқа-қорқа қарайтынбыз. Әсіресе,, шарадай көзінен қорқатынбыз. Шыңғыс ханның мүсіні ойылған жартастың жоғары жағындағы тау жотасына таяу жерде «Ұшық арасаны» деп аталатын тағы бір арасан көзі бар. Оның суы таудың жартасты қабатынан ағып шығады. Адамдар алдын ала шешініп, биік жартастың түбіне келіп тұрады да, судың тау арасындағы қысаңнан ағып шығуын күтеді. Бір уақытта жартастың қуысынан ағып шыққан муздай суық су шашырап келіп денеңе құйылады. Ол көп болса 1-2 минутқа жалғасады да қайта тоқтайды, содан кейін 2-3 сағаттан кейін қайталанды. «Ұшық арасанның суына ұшықталған адам ауырмайды» деген сенім қалыптасып, арасанға барған ел оған бармай кетпейді. Ұшық арасан мен Шыңғыс ханның суреті сызылған жартастың ортасында үлкен тесік қаратас бар. «Бұл тас күнәкар адамды қысып қалып, жаны жайсаң адамды өткізіп жібереді» деген сенім де болған. Сондықтан көп адамдар оның тесігінен өтуден қорқады.
Бір жолы бауырым екеуміз ұрланып шығып, ұшық арасанға түсіп алған соң сол тастың тесігінен өтіп көрдік. Ол кезде қақты-соқты көрмеген, санамыз өмірдің шытырман қайшылығына уланбаған, пендешілік дегенді үйрене қоймағандықтан шығар тесіктен ілінбей өтіп кеттік. Өткен соң алдымыздан қазан сияқты ойық тас кездесті. Оның түбіндегі үлкен талға ілінген, байланған шүберектерді көріп таңырқадық. Тесік тастан аман-есен өткендер бұл қазанға ырымдап тиын-тебен тастайды екен. Бізде қайдағы тиын-тебен болсан, есесіне, қазандағы қағаз ақшалар мен тиындарды жинап алып, қосымызға әкеліп көрсетпей тығып қойғанбыз. Бір күні шешем қосты тазалап жүріп, әлгі қазынамызды тауып алыпты. Сол күні бізге қатты ашуланғаны әлі есімде. «Садақаны алуға болмайды. Еңбексіз келген байлыққа қызықпа» деген сияқты сан түрлі ақыл-кеңестер айтылды. Сосын қайтадан өзімізге көтертіп, орнына апарып тастауды бұйырды. Қорқа, қорқа барып, қазанға тастап қайттық. Расында сол жылы ауылға қайтар жолымызда Буырдың суы деп аталатын өзеннен өтіп келе жатқанымызда ағаш көпір опырылып түсіп, ат-көлігімізбен суға құлап, басқалар көмектесіп жүріп, әзер дегенде жағаға аман шықтық. Оны үлкендер: «Садақаға қол сұққанымыздың кесірінен болды» деп күбірлесті. Мүмкін, солай шығар, әлде, кездейсоқтық па? Ол жағын білмедім. Бір білерім, сол күннен бастап еңбекпен келмеген байлыққа мүлде қол созбайтын, қызықпайтын әдет қалыптастырдық. Иә, одан кем болғанымыз жоқ.
Жыл сайын сол арасанға барып, сол маңдағы жұрттың Шыңғыс ханға деген құрметін көргенде, менің де көңілімде жаңаша сезім бүрлейтін. Содан бастап әлдекімдердің Шыңғыс хан жайлы айтатын сан түрлі әңгімесін жалықпай тыңдайтын болдым. Бірі мақтайды, бірі даттайды. Бәріне аса көңіл бөліп кетпейтінмін. Мақтайтындарға да, даттайтындарға да қосылмаймын. Бірақ әкемнің: «Әлемді жылы жүректі адамдар ғана билегенде, оның есімі тарихтан-тарихқа жатталып, ел есінен көтерілмейді» деген ақылына ған иланып, мен де сондай ұстаным қалыптасты. Расында, Шыңғыс хан өмір сүріп, өмірден өткеніне мың жыл өтсе де, бүгінгі ұрпақ оның есімі мен қадірін мүлде ұмытқан жоқ. Оны ұмыттыру үшін қаншама қитұрқы әрекеттер, қырып-жою, қудалау, оның империясын және сол империяны құрушылардың тарихын бұрмалау әлі де жалғасуда. Бірақ оның рухы әлі де өшкен жоқ. Айналамыз да, қазақ даласының кезкелген өңірін әлі де шарлап жүр.
Жалпы, Жетісу жеті өзеннің бірлігіне берілген атау. Бірақ біз осы күнге дейін Жетісу деген алаптың нақты аумағын әлі тұрақтандыра алмай келеміз. Ол тарихи оқиғаларды екшеп, өткен тарихи оқиғаларды тұрақтандыру үшін керек. Қазақ тарихында ерекше орны бар Жетісу жері бүгінде Қазақстан, Қытай, Қырғызстан сияқты үш мемлекеттің териториясында, ал еліміздегі Алматы, Жамбыл, Шығыс Қазақстан сияқты үш облыстың аумағында жатыр. Кезіндегі Ресей мен Қытайдың арасындағы теңсіз келісімдер салдарынан Іле өзенінің басы, Жетісудың шығыс бөлігі бүгінде Қытайдың картасына еніп кетті. Бұрынғылар мұны Төр Жетісу деп атаған.
Жетісудың бір бөлігі Шу мен Талас өзендерінің жоғары аңғары Ыстық көлге дейінгі атырап Қырғызстанға тиесілі. Ал тараздан Меркі дейінгі жер Жамбыл облысына тиесілі. Бұл Кер Жетісу делінетін. , Хантәңіріден Алакөлге дейінгі жер Алматы облысына, Алакөлден Тарбағатай тауларына дейінгі атырап Шығыс Қазақстан облысының еншісінеде. Бұл Бел Жетісу делінетін. Енді көршілес елдермен де, көрші облыстармен де Жетісу үшін таласа қояр себеп жоқ. Өйткені, келісіммен келісіп, заңмен бекітілді. Алайда, бабаларымыздың тарихын, ерлік күрестерін, батырлық жорықтарын, ұлы өркениетін тану үшін Жетісудың төрт бұрышында қалған ақиқаттарды іздеу кезкелген қазақ баласының парызы болуы керек. Тарихи ақиқаттарды анықтау үшін кейде шекарадан аттап өтіп, ондағы шындықтарға сапарлауға да қалам ұстаған қазақ баласының қақысы бар. Сондықтан мен де өз жазбамды Жетісудың қиыр шығысындағы Шыңғыс ханның суретінен бастап отырмын.
Ең қызығы, осы күнге дейін әлемнің талай елінде болып, еліміздің де, әсіресе, Жетісудың түкпір-түкпірін аралап жүрсе де Шыңғыс ханның алып суреті салынған бірде бір белгі кездестірген жоқпын. Бұл тарихи нысан әлі күнге дейін тізімге де түскен жоқ. Мен Кұнес басы арасанына бармағалы 28 жыл болыпты. Ол жақтың бүгінгі жағдайынан бейхабармын. Егер әлде кімдер жартас бетінен сол сүретті өшіріп тастамас, өңінен ызғар шашып әлі тұрған шығар.
Қажет Андас,
Q-Andas ақпарат.











