Басы: https://qandas.kz/%d2%9bytaj-tanu-negizderi-4695/
Жер мен көк жаралған соң адамзат пайда болған. Жұрт бұл дәуірде өзінің әкесін білмей, шешесін ғана білген. Жұрттың ұстанған принципі – туысқа тарту және жеке мүддені көздеу ғана болған. Туысқа тартудан жақындық пен алыстықтың парқы келіп шыққан; жеке мүддені көздеуден қулық-сұмдық істеу келіп шыққан. Халық көп, оның үстіне бәрі жақынымен алысын айыратын әрі қулық-сұмдыққа бейім болған соң, онан үлкен былық туған. Бұл кезге жеткенде халық өзгеден озып, өзіне мүдде алуға күш салған. Ал, өзгеден озып кетуден – төбелес; жеке мүдде алуға тырысудан – ерегіс келіп шыққан. Халық бір-бірімен ерегісіп, оның үстіне әділетті шешім таба алмаған соң, ұнамды өмір кеше алмаған. Сондықтан дана кісілер әділеттілікті дәріптеп, жеке мүддені күйттеуді қоюды жақтаған. Сонымен халық тұтас қайырымдылыққа, сүйіспеншілікке бой ұрған. Бұл дәуірге жеткенде туысқа тарту принципі күшінен қалып, дана кісілерді қастерлеу идеясы орнаған.
Қайырымдылық пен сүйіспеншілікті уағыздаған жандардың бәрі өзгелерді аялауды өз міндеті санаған; қабілетті, моральды кісілердің бәрі өзгеден үздік болуды өмірінің өлшемі еткен. Халық көп, бойсұнатын заң-тәртіп жоқ болғандықтан, әрі «үздік болуды» өлшем еткендіктен, онан айтыс-тартыс келіп шыққан. Сонымен әулиелер осы жайтқа байланысты жер мен мал-мүлікке иелік құқықты, ер мен әйелдің қоғамдық орнын белгілеген. Бірақ иелік құқық, қоғамдық орын белгіленгенімен, тұрақты тізім (жүйе) болмаған соң, кейін заң жасалған. Заң жасалғанымен, оны атқаратын адам болмаған соң – ол да болмаған; сөйтіп ұлықтар қойылған. Ұлықтар қойылғанымен біртұтас басшылық болмаған соң – тағы болмай қалған; сонымен патша қойылған. Патша шыққан соң «дана кісілерге табыну» идеясы жойылып, оның есесіне патшаның елшісіне (биліктің ресми өкіліне) және асыл заттарға (мәртебе-белгілерге) табыну идеясы орнаған.
Демек, адам баласы алғашқы ерте заманда – туысқа тартқан және жеке мүддені көздеген; орта ерте заманда – дана адамға табынған әрі қайырымдылыққа, сүйіспеншілікке бой ұрған; таяу ерте заманда – асылзаттарды көтермелеп, ұлықтарды қастерлеген. Ел тек дана кісілерге табынған соң, қабілет пен мораль жағынан бас таласқан; ал патша қойылған соң, бұл «дана кісілер» керектен қалып, өз достарын ғана жақсарып, жеке бастың қамын қарастыруды принцип қылған; ал әділеттілікті дәріптеу – «жеке бастың қамын күйттеу» принципін бөгеп тастаған. Бұл үш заманда болған істер әдейі бір-біріне қарама-қарсы жасалмаған, қайта жұрттың бойсұнатын принциптерінің өзгеруіне байланысты мән беретін нәрселері өзгерген. Жағдай өзгеруіне сәйкес заманалардың қолданған тәсілдері де басқа болған.
Сондықтан патшалық құрудың белгілі өлшемі болады дейміз. Патша болудың өзіне тән дауы (қағидасы) бар, уәзір мен бұқара болудың да өзіне тән дауы бар. Олардың негізделетін қағидалары бір-бірінен өзге бола тұра, бәрі келіп белгілі бір өлшемге бағынады.
Демек, халық надан болған заманда ақылды кісі би болған; халық зейінді болған заманда күші мығым кісі би болған. Өйткені, халық надан шақта қайрат артық, зейін кем; халық зейінді шақта айла артық, қайрат кем болған. Халық қасиет білмегенді үйренеді, дәрмені біткенде ғана тізе бүгуге мойынсал болады. Демек, Шэньнун халықты егін салуға үйреткендіктен патша болған – мұндағы себеп: олардың қарулы күші алдында жұрт тізе бүккен. Халық надан, білімсіз шақта зейінділерден үйренеді. Халықта зейін бола тұра толық қайрат болмаған соң, тізе бүгуге тура келеді. Сондықтан әлемді зейінімен билейтін кісі жазалауды жояды; бектерді қару күшімен бағындыратын кісі «мораль тәрбиесін» қажет қылмайды.
Киелі кісі ертедегіден өнеге алмайды, қазіргісіне де жабысып қалмайды. Ертедегіні өнеге алу – дәуірден қалып қою; қазіргіге жабысып қалу – даму беталысына қайшы. Жоу заманы Шан заманынан өнеге алмаған; Ся заманы – Юй мен Шуньнен өнеге алмаған. Бұл үш заманның жағдайы ұқсас болмағанымен, әрқайсысында билік болды; сондықтан патшалық құрудың белгілі өлшемі болады. Ал өлшемді қалай жүзеге асыруға келсек, оның да өзге шаралары бар: У-ван үкіметті бағындыру тәсілімен тәртіп алып, өзі керісінше патшаға бағынуды дәріптеген; әлемді күшпен алып, өзі керісінше тақтан қайту (патшалық орнын босату) ісін құрметтеген. Ол үкіметті алу үшін қару күшіне, ал үкіметті сақтап отыруда мораль мен әділеттілікке сүйенген.
Бүгінгі заманда күшті бектіктер – біреудің жерін өзіне қосып алып жатыр, әлсіз бектіктер – шамасы келгенше қорғанып жатыр. Жоғарыдағылар Уи, Ша заманындағы ғибратқа жете алмайды, төмендегілер Таң, У-ван патшалардың шарасын қолданбайды. У-ван патшалар жүрген жол бітеліп қалды; сондықтан әскери күші басым ірі бектіктердің соғысқа шықпағаны қалмады, әлсізірек, шағын бектіктердің өзін қорғамағаны болмайды. Мемлекетті күшейтіп, дүниені қару күшімен бірлікке келтіретін жолдың бітелгеніне талай болды. Ал қазіргі замандағы патшалардың ішінде бұл жолды ашатын ешкім жоқ. Сондықтан алғашқы үш дәуір өркендеп, төртінші дәуірге жете алмады; білгір патша болмаса, бұл сөздің байыбына бара алмайды. Енді осы қағиданы оның беретін саяси нәтижесімен түсіндірейін.
Ерте заманның адамдары момын әрі адал келеді, осы заманның адамдары айлалы әрі сырғақ келеді. Сондықтан ерте замандағы ұтымды шара – моральдық тәрбиені бірінші орынға қойып, «мораль арқылы басқаруды» жүргізу болған еді. Қазіргі ұтымды шара – жазаны алдыңғы орынға қойып, «заң арқылы басқаруды» жүзеге асыру болып отыр; дәл осыны алғы қара дүрсін, қораш жандар түсінбейді.
Бүгінде жұрт аузында айтылатын «әділеттілік» – халық бұқарасы ынтық нәрселерді орнату, халық бұқарасы жек көретін нәрселерді жою болып табылады. Ал олардың айтып жүрген «әділетсіздігі» – халық бұқарасы жек көретін нәрселерді орнату, халық бұқарасы ынтық нәрселерді жоғалту деп есептеледі. Бұл екі ауыз сөзді атынан затына дейін айқындап алу керек. Іс жүзінде халық бұқарасы ынтық нәрселер орнатылса, олар өздері жек көретін нәрселердің зиянына ұшырайды; ал керісінше, халық бұқарасы жек көретін нәрселер орнатылса, онда олар қалайша өздері ынтық нәрселерге қол жеткізеді? Мұны қайдан білесіз дейсіз ғой?
Халық бұқарасы қасірет шексе – ой ойлайды; ой ойласа – заңға бойсұнады. Халық бұқарасы шат-шадыман болса – бейбас болады, бейбас болса – қателеседі. Сондықтан халықты жазамен басқарса – именеді, именсе – жамандықтан тыйылады. Жамандық тыйылса – халық бұқарасы өздері ынтық нәрселеріне кенеледі. Егер халыққа «әділеттілік» арқылы (жалаң уағызбен) тәрбие берілсе, онда олар еркінсіп, беталды кетеді. Беталды кеткен соң-ақ өздері жек көретін нәрселердің зиянына ұшырайды. Сондықтан мен айтып отырған жаза – іс жүзінде жаңа мораль мен әділеттіліктің түп негізі; ал жұрт аузындағы «әділеттілік» – былықтың қайнары. Халықты басқаратын патша, халық жек көретін нәрселер арқылы басқаратын болса, халықтың қолын өздері ынтық нәрселеріне жеткізетіні сөзсіз; ал ынтық нәрселері арқылы басқарса – керісінше, халықты өздері жек көретін нәрселерге ұрындырады.
Басқарылуы жақсы елде – жаза көп, сыйлық аз болуы табиғи. Сондықтан патша тоғыз еседе – жазаны, бір еседе – сыйлықты қолданады. Кері кеткен елде – тоғыз еседе – сыйлық, бір еседе – жаза қолданылады. Қылмыстың үлкен-кішісі болғандай, жазаның да ауыр-жеңілі болады; еңбектің үлкен-кішісі болғандай, сыйлықтың да көп-азы болады. Бұл екі түрлі шара жұртқа дағдылы. Бірақ жұрт қылмыс жасағаннан кейін ғана жазаланатын болса – жамандық түбегейлі жойылмайды; жұрт «жақсылық, моральдық пен әділетке үйлесімді іс-әрекеттерге сыйлық беріледі» деп есептесе – қате іс-әрекеттер жоғалмайды.
Жаза жамандықты түбегейлі жоя алмаса, сыйлық қылмысты жоғалта алмаса – елдің былығатыны даусыз. Сондықтан патша жазаны халық қылмыс жасамай тұрғанда қолдануы керек – мұндайда үлкен жамандық болмайды; сыйлықты – халықтың бұзақыларды, жамандықты ашкерелеу әрекеттеріне жұмсауы керек – мұндайда тіпті ұсақ-түйек қылмыстар да қағыс қалмайды. Халықты басқару үлкен жамандықты болдырмайтын, ұсақ-түйекті қағыс қалдырмайтын дәрежеде болса – ел тыныш болады. Ел тыныш болса – сөзсіз күшейіп, көркейеді. Бір елде осылай істесе – сол елдің іші тынышталады; екі елде осылай істелсе – соғыс азая береді; бүкіл әлемде осылай істелсе – ардақты мораль қайта орнайды. Менің: «Өлім жазасына тарту – жаңа моральды қалыптастырады», ал «әділеттілік» (жалаң уағыз) – «аласапыранның қайнары» деуімнің жөні – міне осы.
Ерте заманда жұрт үйме-жүйме болып, араласып жасаған; тәртібі қатты былық болғандықтан жұрт бір басшының болуын тілеген. Мұнан қарағанда дүниедегі жандар тыныштық үшін бір басшының болуын көксегені көрінеді. Қазір патша болғанымен заң болмай отыр – мұның зияны патшаның болмағанымен бірдей; заң болғанымен, былықты жоя алмаса – ол да заңның болмағанымен бірдей. Дүниедегі жандар патшаның болмауын жаратпаса да, сонымен бірге заңына қарсы іс істеуге құштар болса – бұған бүкіл дүние қайран қалады.
Жұртқа пайдалы іс жөнінен алғанда, қоғам тыныштығынан өтетін ірі іс жоқ; ал қоғамның тыныш болуы үшін ең тамашасы – патша қою; патша қоюдың маңызында заңды шебер жүргізгеннен өтетін мәндісі жоқ; ал заңды шебер жүргізуде жамандықты жоюдан артығы жоқ; жамандықты жоюдың шарасында қатаң жазалауға жететіні жоқ. Сондықтан патшалық құратын патша сыйлық беру шарасымен бұзақылық істеуге тыйым салады, жазалау шарасымен жақсы іс істеуге жөн көрсетеді; халықтың айыбын қудалайды, істеген жақсы істерін ескермейді; жазалаудан пайдалана отырып, жазалауды жояды.
Қысқаша түсіндірмелер:
- Шаң Яң (б.з.д. ? – б.з.д. 338) – Жаңго дәуіріндегі заңшылдар (фа-цзя) мектебінің көрнекті өкілі. Чин (Qin) бектігінде ірі реформа жүргізіп, құлдық жүйеден феодалдық жүйеге өтудің саяси-құқықтық іргесін қалады. Ойлары «Шаң-цзюнь шу» трактатында жинақталған.
- «Бөгетті бұзу» – жинақтағы тараулардың бірі (мәні: кедергіні жою, тоқырауды бұзу). Негізгі идея: салтқа қатып қалмау, дәуір сұранысына сай «заң арқылы басқаруды» күшейту.
- Ся, Шан (Инь), Жоу – көне қытай әулеттері; Фу-ши, Шэньнун, Хуанди, Яо, Шунь – аңыздық әулие патшалар; У-ван – Жоу әулетінің негізін қалаушы.
- «Мораль арқылы басқару» (конфуцийшіл үлгі) мен «заң арқылы басқару» (заңшыл үлгі) – Жаңго дәуіріндегі басты екі парадигма. Бұл мәтін заңшыл ұстанымды жақтайды: жазаның алдын алу, сыйлықты – бұзақты әшкерелеуге ынталандыру.
- Терминдер: Иелік құқық – мүлікке, жерге билік ету құқығы. Өлшем – биліктің тұрақты қағидаттары. «Тоғыз еседе/бір еседе» – «негізінен/сирек» деген бейнелі үлестірім.
Аударып, реттеген Қажет Андас.
“Q-andas” ақпараттық агенттігі.











