Батыс Хань дәуірінің алғашқы кезеңі Қытай тарихындағы мемлекеттік құрылымның түбегейлі қалыптасуымен ерекшеленеді. Осы тарихи кезеңде елдің саяси-идеялық бағытын айқындаған тұлғалардың бірі Жяй. Ол жаңа эраға дейінгі II ғасырда өмір сүрген, мемлекет қайраткері, ойшыл, әдебиетші ретінде танылған көрнекті тарихи тұлға. Өз дәуірінде сарай қызметінде болып, ел басқару ісіне тікелей араласқан Жяй мемлекеттік биліктің тұтастығы мен беріктігін қамтамасыз етуге бағытталған батыл ұсыныстарымен ерекшеленді.
Жяйдің негізгі саяси көзқарасы орталықтанған мемлекетті нығайтуға негізделді. Батыс Хань мемлекетінің алғашқы жылдарында аймақтық бектердің билігі шамадан тыс күшейіп, орталыққа қауіп төндіре бастаған еді. Осы жағдайды терең түсінген Жяй мемлекет тұтастығына төнген қатерді дер кезінде дәл бағалап, орталық билік пен жергілікті феодалдар арасындағы қатынасты реттеу қажеттігін алға тартты. Ол бұл ахуалды адам ағзасындағы дертке теңеп, уақытында ем қолданбаса, мемлекет іргесінің шайқалатынын ескертті.
Ойшылдың пайымдауынша, елдегі бытыраңқылықты жоюдың бірден-бір жолы заң арқылы басқаруды күшейту. Ол бектердің жер иеліктерін шектеу, олардың саяси ықпалын азайту, мемлекеттік басқару жүйесін орталыққа шоғырландыру жөнінде нақты ұсыныстар жасады. Бұл идеялар кейіннен Хань билігі тарапынан қолдау тауып, Қытайдағы орталықтанған мемлекеттік жүйенің нығаюына шешуші ықпал етті. Жяйдің тұжырымдары заңшылдық дәстүрдің жалғасы ретінде ел басқаруда құқықтық тәртіптің маңызын айқындап берді.
Экономикалық саясат мәселесінде де Жяйдің көзқарастары айрықша мәнге ие болды. Ол ауыл шаруашылығын мемлекеттің тірегі ретінде қарастырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлді. Астық қорын жинау, табиғи апаттарға дайын болу, қаржы жүйесін біріздендіру сияқты ұсыныстары мемлекеттің экономикалық негізін күшейтуге бағытталды. Бірыңғай ақша жүйесін енгізу арқылы ол ішкі нарықтың тұрақтылығын қамтамасыз етуді көздеді. Бұл шаралар Батыс Хань мемлекетінің экономикалық қуатын арттырып, оның ұзақ мерзімді дамуына негіз қалады.
Жяйдің сыртқы саясатқа қатысты ұстанымы да батыл әрі айқын болды. Ол солтүстік көшпелі күштердің шапқыншылығына қарсы тұруды қолдап, мемлекеттің қорғаныс қабілетін күшейту қажеттігін атап өтті. Оның пікірінше, сыртқы қауіпке төтеп беру үшін ішкі бірлік пен тәртіп ең басты шарт болып табылады. Бұл тұрғыдан алғанда, Жяй отаншыл ойшыл ретінде ел тәуелсіздігін қорғау идеясын алға шығарды.
Жяйдің тарихи көзқарастары оның «Цинь мемлекеті туралы» еңбегінде айқын көрініс табады. Ол Цинь патшалығының қысқа мерзімде күшейіп, кейін тез құлдырауын тарихи сабақ ретінде қарастырып, оның себептерін талдады. Заңшылдық реформалардың мемлекетті күшейтудегі рөлін мойындай отырып, ол биліктің шектен тыс қаталдығы мен халықтан алшақтау саясатының қауіптілігін де аңғарды. Дегенмен, кейбір тұстарда оның көзқарастарында біржақтылық байқалады, әсіресе Цинь дәуіріндегі рухани қысымға берген бағасында. Соған қарамастан, Жяйдің тұтас идеялық жүйесі мемлекеттік басқару эволюциясында маңызды орын алады.
Жяй ілімінің тарихи маңызы оның мемлекетшілдік қағидаларында жатыр. Ол орталықтанған билік, заң үстемдігі, экономикалық тұрақтылық және ұлттық қауіпсіздік секілді ұғымдарды біртұтас жүйе ретінде қарастырды. Бұл қағидалар Қытай мемлекеттігінің қалыптасуында ұзақ мерзімді стратегиялық негіз болды.
Бүгінгі қазақ–қытай қатынастары тұрғысынан қарағанда, Жяй тағылымының өзектілігі айқын сезіледі. Қазіргі халықаралық қатынастарда тұрақтылық, өзара сенім және экономикалық әріптестік басты орынға шыққан. Жяй ұсынған ішкі тұрақтылық пен орталықтанған басқару қағидалары Қытайдың қазіргі мемлекеттік саясатының негізінде сақталып отыр. Ал бұл өз кезегінде көршілес елдермен, соның ішінде Қазақстанмен жүргізілетін саясатта тұрақтылық пен болжамдылықты қамтамасыз етеді.
Қазақстан мен Қытай арасындағы ынтымақтастық экономикалық, мәдени және саяси бағытта қарқынды дамып келеді. Бұл байланыстардың табысты болуы үшін мемлекеттердің ішкі тұрақтылығы мен басқару жүйесінің тиімділігі маңызды фактор болып табылады. Осы тұрғыдан алғанда, Жяйдің мемлекетшілдік идеялары жанама түрде қазіргі өңірлік қатынастардың үйлесімді дамуына ықпал ететін тарихи-идеялық негіздердің бірі ретінде қарастырылуы мүмкін.
Жяй ілімі Қытайдың мемлекеттік ойлау жүйесінің қалыптасуына зор ықпал еткен құбылыс. Оның орталықтандыру, заң үстемдігі және экономикалық тұрақтылыққа негізделген көзқарастары тек өз дәуірінде ғана емес, бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Бұл тағылым қазіргі қазақ–қытай қатынастарының да тұрақты әрі прагматикалық сипат алуына тарихи тұрғыдан әсер ететін маңызды факторлардың бірі ретінде бағаланады.
Қажет Андас,
Q-Andas ақпарат агенттігі











