Сусарқанның нақты есімінінің кім екенін ешкім айтып бере алмайды. Бірақ, ауылдастар оның айтқан әңгімелеріне қарап Сусарқан атап кеткен. Оған өзі де риза сияқты. Сусарқан атанған сайын жаны кіріп, өңі нұрлана түсетін. Осы күнге дейін әлде кімдердің сөзіне сенбей, пікіріне иланбасақ: «Сусарқанша желіп кеттің ғой», – деп кекетіп аламыз. Бір қарасаң аузынан бөзі түскен жуас адам. Қырсықтанса күні бойы сөйлемей қояды. Ал бір шешілсе, ел білмейтін нелер сұмдық әңгімелердің майын тамызып тұрып айтып береді. Бірақ онысының бәрі бізге өтірік сияқты сезілетін. Әр рет айтатын өтірігін түрлендіре түсетін. Өкінішке орай, ол кезде Сусарқан айтқан әңгімелерді қалпын бұзбай жазып алатын диктафон, смартфон жоқ еді. Ал біздің арамызда естігенін санасына құйып алатын бұрынғының құймақұлақтары да болмады. Сөйтіп, Сусарқанның көп өтірігі ұмытылып кетті.
Сусарқанның жүрісінен де, тұрысынан да, күлкісінен де өтіріктің иісі аңқып тұратын. Бір қызығы, ол адам жиналған жерге жоламайтын. Өйткені, ол адамдардан қорқатын. Оның тәп-тәтті өмірін де, ынтымақты отбасын да солар бүлдірген. Жүзінен күн күліп тұратын зайыбынан да, сүп-сұйкімді бала-шағасынан да айырған осы адамдар. Бір әке, бір шешеден туған 8 баладан жалғыз түйір болып, жаны аман қалды. Бір кездері Аралтөбе ауылын жалмаған оба мен алапат өрттен аман-есен қалған бауырларын саясат дауылы қынадай қырып тынды. Бірін жалған жаламен жазықсыз атты, бірін орайын тауып аспаққа асты, енді бірінің артынан түрі адам, тұрпаты айуан тектес ауылдың иттерін айтақтап жүріп елден бездіріп, құсамен өлтірді. Солардың ішінде жаны тірі қалғаны жарымес Сусарқан ғана. Егер оның есі дұрыс болса, көшедегі қаңғыбас иттермен жуындыға таласпаса, жұрттан қалған жыртық киімдерді иініне іле салып, көрінген жерге жата қалып, қор ете түсетін парықсыздығы, көше кезіп кете беретін қаңғыбастығы болмаса осыған дейін тірі жүрместе еді. Әкемнің: «Ақылды адам ақымақ болып көрінеді» деп айтып отыратын ескертпесінің астарына Сусарқан көз алдыма келген сайын көзім жете түседі.
Сусарқан өмірде болған адам. Менің ауылдастарым ол кісіні есіне түсіре алады. Оларда бала күнінен Сусарқанның өтірігін естіп өсті. Бірақ, оның айтқан өтіріктерін ұмытып кеткен шығар.
Бірде әкем: «Осы Сусарқанның өтіріктерін жазып қойшы, бір күні керегі болап қалар», – деп тапсырған соң оның біраз өтірігін хатқа түсіріп едім. Бірақ реттеп жазуға уақытым болмай жүр еді. Оның үстіне, бұл өтіріктерді осыған дейінде бір неше мәрте жазуға ұқталдым. Бірақ қаламым жүрмеді, шамам жетпеді, ойым орнықпады. Сөйтсем, өмірден көрген-білгенім мен көкейге түйгендерім Сусарқанның деңгейіне жетпей жатқан екен ғой. Содан кейін «Уақытым жоқ» деп өзімді алдаусыратып келіппін. Тағы бір жағынан, сол кезде Сусарқан айтқан әңгімелерді өтірік деп қана қабылдап, мәз болатынбыз. Сөйтсек, оның өтіріктерінің астарында жатқан ақиқаттардың бар екенін байқамаппыз. Сол жазып қойғандарымды енді сіздерге айтып берейін.
ЖОЛБАРЫС АУЛАУ
Бір жолы көрші ауылдағы Шаяхмет екеуміз Шолутының тауынан аң қарауға аттандық. Астымда Топай көктің жарап тұрған кезі, – деп бастады әңгімесін. Топай көгі де мың болғыр жануар еді. Қамшымен төпелеп жатса да аяғын кібіртіктеп әзер басатын. Бірақ Топай көктің шабандығы оған желдей есіп жүргендей сезінетін.
Шолутыға жеткен соң Шаяхмет маған:
– Сен сайды құлдап елік, тауешкіні үркітіп қу, мен жотада отырып ата беремін, – деді.
Мен мақұл болып, сайды құлдап жүре бердім. Алдымнан қалың бұта-бүрген қаптаған қалың ағашты алаңқай кездесті. Ол жерде өне-бойы шыбар ала аң ұйықтап жатыр. Шілденің шіліңгір ыстығына маужырап, балбырап ұйықтап кеткен екен. Ұйқысын бұзбайын деп бір ойладым да, көңіліме тағы бір құлық кіре қалды. Білдірмей барып, үстіне қарғып міндім. Шырт ұйқыда жатқан аң шошып оянды да, жан ұшырып жүгіре жөнелді. Жоталап қашады, қабырғалай жүгіреді. Мені үстінен түсірмек болып, барын салып көрді. Әлгі жотада тұрып ататын Шаяхметтің өзі қашып жүр. Оған да жан керек екен, қай бұрышқа тығылып қалғанын білмей қалдым. Дегенмен, көңілім жұмсақ адаммын ғой. Ататын мергенім аулақ кетіп, астымдағы аңның әбден берекесі қашқанын көрген соң жаным ашып, жолай кездескен бір ағашқа секіріп шықтым да қалып қойдым.
Қауіп сейілген соң Шаяхмет пайда бола кетті:
– Алла, Сусеке-ау, амансың ба? – деп қапсыра құшақтай алды.
- Не, жетті, ей, – деп аңтарылдым.
– Сусеке-ау, байқамадың ба? Манағы жолбарыс емес пе?, – деп жағасын ұстайды. Егер мені жолбарыс жұтып қойса сол көрінбеген күйінде қарасын батыратын түрі бар. Содан бастап, Шаяхметтің өтірігіне сенбейтін болдым. Бірақ, жұрт содан былай бұл сайды Сусарқан жолбарыс соққан сай деп атап кетті, – деп тоқтады.
Ол кезде біз Сусарқанның айтқанына имандай сенетінбіз. Өйткені, баламыз ғой. Үлкендер тек көңілі таза балаларды алдауға мықты.
Расында, өмірде аңқау, ақпейіл, құлық-сұмдықтан таза адамдарды қауіпке итеріп қойып, аман қалса, айналасынан табылатын, қатерге ұшыраса, маң қарасын көрсетпей кететін адамдар көп-ақ. Мүмкін, Сусарқан сол қисынсыз тірлікті бізге түсіндіру үшін де өтірік айтуға мәжбүр болған шығар.
Қажет АНДАС,
«Q-andas» ақпараттық агентігі.
Дереккөз: https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1727342
Жалғасы бар…











