ТҰРСЫНАЖЫ:
Жиналып Күнестің бар жыршылары,
Көңіл күйін бүркеусіз бір шығарды.
Алмалыдан келіпсің ақын болып,
Біраз өлең айтайық, Тұрсынажы.
Ұрпағымыз жалынды көркем елдің,
Біріміз ғой халық үшін тер төгердің.
Бастауында жеңістің қолға келген,
Жетістігін аулыңның шерте бергін.
Жаңа дәуір біздерге ерік берді,
Ақтарылсын аузыңнан ерке өлеңің.
АНДАС:
Үнін ашты бұл дәуір тыйылғанның,
Басымыздан айықты жиылған мұң.
Бүгін барлық дүние қолымызда,
Бұрын иесі болдық тек бұйырғанның.
Бай мен манап бүлдіріп санат елді,
Улы зәрін халқыма таратты езді.
Елдің қамын көксеген талайларды,
Тұншықтырды жауынгер талапкерді.
ТҰРСЫНАЖЫ:
Арындады күрестің дабылды үні,
Шамшырағы бақыттың жағылды ұлы.
Шетте жүрген кешегі жарлылардың,
Тың жорықтың төрінен табылды ұлы.
Көпшіліктің көңілін нұрландырды,
Мойнымыздан шақты да ажырғыны.
АНДАС:
Қадамымыз келісті бола алса нық,
Қиындарға жасқанбай қол арталық.
Мына көптің көңілін табатұғын,
Бұл жолы біраз жақсы ой айталық.
Тағы да өлең айтармыз толықтанып,
Болашаққа барамыз жорық анық.
Оңалтуға елімнің болашағын,
Бірге күрес жасайық қол ұстасып.
ТҰРСЫНАЖЫ:
Андас ақын шын жақсы мына өлеңің,
Айтуыңды тағы да тілер едім.
Қана берсін, құмарым қана берсін,
Қалқи берші жырыңның кілегейін.
Тілеймін мен құлашты сермеуіңді,
Өлеңменен асқарға өрлеуіңді.
Айтып берші еліңді өркендетер,
Кілті неде түбірлі ең негізгі.
АНДАС:
Бойымызда бар жігер еріктілік,
Жүгіміз мол отырмыз көріп, біліп.
Жақсы апару үш ұлы зор күресті,
Күресейік бір майданда берік тұрып.
Елімізге нұр құйды арайлы аспан,
Болып жатыр бір күнім талай дастан.
Жаңа дәуір міндеті Отан құру,
Осы өмір ғой менің де санамды ашқан.
ТҰРСЫНАЖЫ:
Таныстыршы тағы да дүйлеріңді (бөлімше),
Қалай қанат жайдырды үйренуді.
Сегіз тармақ белгілеме неге шықты,
Айта кетші бұл жайлы білгеніңді.
Теңізінде өмірдің талмай жүзу,
Ақын жанға керек қой самғай білу.
Неше түрлі айта кет бірден теріп,
Өлшемдерін мәдениетті аудан құру.
АНДАС:
Өзің айтқан ырысты Күнесіме,
Қарай қалсаң шаттанып күлесің де.
Аз-ақ жылда көп табыс жаратылды,
Құлдық қамытын лақтырып күресінге.
Халқым, міне, тай-тасты жайнатуда,
Күндіз-түні бел шешпей күресуде.
Кешегі қиын күндер расымен,
Меніңдағы өшпестей тұр есімде.
Жаңа заңнан жанға күш таптым бекім,
Табысыпенен тарихтың аштым бетін.
Алға қойған мақсатым осы менің,
Жалғастыру еліміздің бас міндетін.
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











