Қазақстан Жазушылар және Театр қайраткерлері одақтарының мүшесі, ширек ғасырдан астам уақыт баспасөз саласында қарымды қызмет істеп келе жатқан журналист Үсен Өмірзақов – поэзия әлемінде өзіндік қолтаңбасы бар ақын. Қаламгердің «Өмір – өлең», «Халқым – қазынам», «Ақын тағдыры» атты жыр жинақтары оқырманның ықыласына бөленген туындылар. Бүгінде ауқымды дүниелерді жарыққа шығару жолында ізденіп жүрген қаламгердің өткен өміріне бір үңіліп, көрген-білгені, көкейге түйгені, зердесіне жиған рухани қазынасын бір екшеп көрсек деген ниетпен сұхбаттасқан едік. Ойлы әңгімені оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.
– Үсеке, «Ердің жасы елуден» асып, шығармашылықтың нағыз кемелденген кезеңіне де келіп жеттіңіз. Өткенге есеп беріп, болашақты бағдарлаудың сәті туып тұрған сияқты. Жастарға ғибрат болсын, балалық шақтағы арманға бір қол созып, содан кейін жастықтың жалынына қайта жылына отырып әңгіме өрбітейік.
– Сөз төркінін аңдап тұрмын. Әңгімені әріден бастағалы отырсың ғой. Ол да жөн. Адам ғұмырының жартысынан ауғанда өткенді сағынышпен жиі еске алады екен. Бабаларымыз: «Бұл жалғанның қызығы сүт пісірімдей уақытта өтіп кетеді», – деп тауып айтқан. Өткен жылы жазылған бір өлеңімнің алғашқы шумағын:
Әжесінің құшағында бал күлген,
Кеше ғана бала едім ғой тал мінген.
Кеше ғана жігіт ем ғой жалынды,
Қалай осы тез қартайып қалдым мен, – деп бастаппын. Сонымен балалық арманға оралайық. Әкеден ерте айырылып, бастауыш сыныпта «интернаттың нанын жеп» өстім. Жетінші сыныптан бастап аудандық газетте мақалаларым, республикалық «Қазақстан пионері» газеті мен «Балдырған» журналында өлеңдерім жариялана бастады. Орта мектепті тамамдаған соң ҚазМУ-дің журналистика факультетіне оқуға түсу үшін Алматыға аттануға қамданғанымды естіген анам жоспарымды қолдай қоймады. Қайта қатты қарсылық білдірді.
– Неге?
– Оның себебі, аудандық газетте тілші болып істеп жүрген аталас ағайымды фельетон жазғаны үшін «кейіпкерлері» қастандықпен жол бойында көлікпен соғып, мерт еткен болатын. Содан жүрегі шайлығып қалған еді. Бірақ алған бетімнен қайтпайтыныма көзі жеткен анам ақыры: «Бара бер, «балмұздақ жеп қайтып келесің», – деп амалсыз келісті. Алматыға ат арылтып келсем, өкінішке орай, шығармашылық конкурс белгіленген мерзімінен бір күн бұрын өтіп кетіпті. Мен үлгермей қалдым да, филология факультетіне құжатымды тапсырдым. Алғашқы емтиханның өзінен «сүрініп» кеттім. Ауылға қайтуға «бет жоқ». Ақыры туған әпкем тұратын Өзбекстанның Зарафшан қаласына жол тарттым. Алғашында мыс өндіретін шахтаға жұмысқа орналастым. Бір күні әпкем мені базарға жұмсады. Ет сатып алып тұрсам, бір апа қып-қызыл етті қазақша газетке орап жатқанын көзім шалып қалды. «Апа, анау газетіңізді маған беріңізші, мен сізге қолымдағы желім сөмкені берейін. Ет салуға осы ыңғайлы емес пе?» дедім. Ол кісі келісе кетті. Қан-қан газетті қолыма алып, жайып жіберіп оқысам, Тамды аудандық «Социалистік шаруашылық» деген газет екен. Бұхара облысының Тамды ауданы Шәмші ағамыздың табаны тиіп «Тамды аруы» деген ән туғызған киелі Тәуелібай елі ғой баяғы. Қазақтың әйгілі Әйтеке биі мен Балқы Базар жырауының сүйегі де осы өңірде жерленген. Қысқасы, Тамдыға жол тартып газетте көрсетілген мекенжай бойынша редакцияны тауып келдім. Бас редактордың орынбасары Қайыпназар Шотбасов деген жігіт мені жылы қабылдады. «Талабың бар екен. Әдебиет бөліміндегі Өмірзақ Қожамұратов деген ақын жігіт денсаулығына байланысты, облыстық диспансерге жатқызылды. Бір жыл емделетін көрінеді. Сол кісінің орнына уақытша қызметке қабылдайық. Әрі шыңдаласың?» – деді. «Іздегенге сұраған» дегендей, төбем көкке жеткендей қуанғаным-ай!
– Жолыңыз болған екен.
– Иә десейші! Осылай оқуды бітірмей-ақ бір газеттің әдеби қызметкері болып шыға келдім. Келер жылдың маусым айында Алматыға келіп ҚазМУ-дің журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Қазақ журналистикасының негізін қалаған әйгілі ғалым-ұстаз Тауман Амандосов мақалаларымды оқып көріп: «Әй, бала, саған тек диплом ғана керек екен, бара бер, өттің», – деді. Сынақты белгілі арабист ғалым Әбсаттар Дербісәлиев пен майталман әдебиетші, сыншы Рахманқұл Бердібаевқа «беске» тапсырдым. Оқу бітірерде «Очерктегі кейіпкердің мимикасы мен пантомимикасы» деген тақырыптағы дипломдық жұмысым сол кездегі Қазақстан Компартиясының идеологиялық хатшысы «Коммунист» журналының бас редакторы Кәкімжан Қазыбаевтың төрағалығында «үздік» деп бағаланды.
– Журналист маман ретіндегі алғашқы еңбек жолыңыз қалай басталды?
– Дипломды қолға алған соң елге оралдым. Ондағы мақсатым – қара шаңырақтың отын өшірмей, қартайған анама біраз қуаныш сыйлайын дедім. Содан көп өтпей Бостандық аудандық «Коммунизм үшін» газетіне аудармашы-тілші болып жұмысқа орналастым. Газет негізінде өзбек тілінде шығатын да, қазақшаға аударылатын. Бұған іштей «өкпем қара қазандай» болып жүрді.
– Жаратқан ием жүрегіңізге от жағып, қолыңызға не үшін қалам ұстатты? «Көкесін танытып», көсілтіп тұрып мақала жазбадыңыз ба?
– Өзім де солай еттім. Бір күні ойланып-толғанып отырып, Өзбекстанда өмір сүретін екі миллионға жуық қазақтың неге ана тілінде шығатын республикалық газет-журналы, кітап баспасы, ұлттық театры жоқ деген мазмұнда «Өзбекстан қазақтарының рухани мұқтаждығы», «Оң мәселеге теріс қабақ танытпайық» деген екі мақала жаздым да, Ұлы Жеңіс мерекесіне байланысты демалысты пайдаланып, Алматыға ұшып келдім. Алдымен «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы Шерхан Мұртазаның шаңырағына ат басын бұрдым. Үйде екен. Қабылдады. Әңгімемді үндемей отырып тыңдады. Бір ауыз сөз қоспады. Орнынан тұрып сөреден үш кітабын алды. Қолтаңбасын қойып, маған ұсынды да: «Қуыс үйден құр шықпа» деген мақалаңды қалдырып кет, жариялаймыз», – деп қоштасты. Сол үйде Шерхан ағадан бір қабат төменде «Жалын» журналының бас редакторы Мұхтар Шаханов тұратын. Ол кісіге де жолықтым. Әңгімемді қайта-қайта қозғалақтап отырып тыңдады. Сосын: «Қазір Кеңес одағының барлық республикаларында «Ұлтаралық қатынастар жөнінде» комитет құрылып, жұмыс істеп жатыр. Сол комитетке осы мәселелер туралы Үндеу жазып, оған өзбек елінде жасайтын Кеңес Одағының Батырлары, Социалистік Еңбек Ерлері, Жоғарғы Кеңес депутаттары, ғалымдар, жазушылар мен көрнекті қоғам қайраткерлеріне қол қойдырып, хатты қолма-қол тапсыру керек. Олар жауапсыз қалдырмайтынына сөзсіз сенемін. Мақалаңды Қайрат Әлімбековке менің атымнан апарып бер», – деді. Мен ақынның айтқанының бәрін толық орындадым. Жалғыз емес, әрине, мені қолдағандар көп болды. Көп өтпей «Қазақ әдебиеті», «Лениншіл жас» газетінде әлгі екі мақалам да жарияланды.
– Қысым жасалған жоқ па?
– Жоқ.Тек бас редакторым «арқамнан сипап» жұмыстан өз арызыма орай босатып жіберді. Көп өтпей демократиялық жолмен бәрі де өз шешімін тапты. Өзбекстан Компартиясының Қаулысына орай «Достық туы» (кейін «Нұрлы жол» деп өзгертілді) деген атпен республикалық газет жарық көріп, «Асыл мұра» кітап баспасы іске қосылды. Телевидениеде «Достық» бас редакциясы ашылып, қазақ, қырғыз, тәжік тілінде хабар тарала бастады. Мен сол «Достық» бас редакциясында бес жыл аға редактор, республикалық «Нұрлы жол» газетінде 8 жыл аға тілші, жауапты хатшы, бөлім меңгерушісі лауазымында еңбек еттім. Содан кейін біршама уақыт Оңтүстік Қазақстан облысының «Алтын қор» телерадиокомпаниясында редактор міндетін атқардым. Тағдыр айдап, кейінгі жылдары Жетісуға қоныс аудардым. Мұнда келген соң «Жетісу» телекомпаниясында редактор, облыстық Бикен Римова атындағы драма театрында әдебиет бөлімінің меңгерушісі болып қызметімді жалғастырдым. 2012 жылы күзде болшақ журналистерді тәжірибелік тұрғыдан шыңдау мақсатында І. Жансүгіров атындағы ЖМУ-ға ауыстым. Қазір университетіміздің ректоры, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі, заң ғылымдарының докторы, профессор Әбдіманап Бектұрғановтың бастамасымен ашылған «Жетісу университеті» атты қоғамдық-саяси жастар газетінің бас редакторы болып жұмыс істеп жүрмін. Қысқасы, Жетісуда бағым жанды.
Мені жетісулықтар ақын ретінде емес, журналист ретінде таниды. Поэзия әлеміндегі орнымды жоғары бағалаған бір-ақ адам болды. Ол – ақын, публицист Әміре Әрін. Мұны жақсы атану үшін айтып тұрған жоқпын. Бұдан бес жыл бұрын алғаш кездескенде-ақ өлеңдерімді оқып: «Өй, батыр, сен ақын екенсің ғой!» – деп циклді топтама жырларымды екі-үш рет газет бетінде жариялады. Әдеби ортаға келсек, облыстық тілдерді дамыту басқармасының басшысы Ахмет Кендірбекұлының бастамасымен Тіл сарайында өткізіліп жүрген «Сәрсенбінің сәтінде» атты әдеби кештен мол үміт күтуге болады.
– Университетте болашақ журналистерді іс-тәжірибеден өткізіп жүргеніңізден хабарымыз бар. Қазіргі жастардың таңдаған мамандығына деген ынта-жігері қай деңгейде?
– Білім ордамызда журналистика мамандығында оқып жатқан білімгерлер үшін жан-жақты жағдай жасалған. Білікті оқытушылар Жұмағали Есенбек (журналистика кафедрасының меңгерушісі), Мұса Бисенқұлов, Тұрлыхан Кәрім, Айбек Сейдахмет, Гүлфайруз Құтымова, Дәулеткерей Мүлік студенттерді теориялық біліммен сусындатса, оны тәжиірибемен ұштастыру үшін арнайы жабдықталған телестудияда үш телекамера, монтаждау қондырғылары бар. Білімгерлер өздері бейнефильм түсіріп, өзі монтаждап, университеттің үш корпусы мен жатақханаларда тартылған тележелі арқылы эфирге шығады. «Жетісу университееті» газеті қазақ, орыс тілдерінде 12 бет болып жарық көріп, облыс көлемінде таралады. Болашақ журналистеріміз «Білім нұры», «Сенің замандасың», «Тұрмыс тынысы», «Жан сырым», «Жемқорлыққа жол жоқ», «Ырыс-ынтымақта», «Таланттылар тұғыры», «Қауырсын қалам», «Тұлға», «Сәті түскен сұхбат», «Күлкі күймесі» сияқты айдарлармен арнайы бет дайындап, қаламдарын ұштайды. Біздің «шекпенімізден шыққан» шәкірттер деп облыстық «Жетісу» газетіндегі Еңлік Сағындықова мен Асыл Сұлтанғазыны, қалалық «Талдықорған» газетіндегі Данияр Сағындық, облыстық «Алатау» газетіндегі Гүлназ Нұрдәулетті, Жетісу телеарнасындағы Арайлым Жақсыбекова, Шынар Әуелбай, Алмат Хамитов, Айман Асылбекова, Әсем Ғабитқызы, Салтанат Спандирова, тағы басқа да жас журналистерді мақтанышпен атауға болады.
– Иә, сәби шақтан бүгінге дейін 55 жылды артқа қалдырдыңыз. Сол жылдардың есебі болатын жыр жинағыңызды дайындап отырған көрінесіз.
– Иә, «Тамылжыған тамызым» атты жыр жинағымды «толғатып» жүрмін. Алдағы уақытта оқырманға жол тартпақ.
P.S: Бұл сұхбат 2016 жылы Үсен Өмірзақовтың 55 жылдығына орай жазылып еді. Үсен аға бүгінде арамызда жоқ. Бірақ оның «Тамылжыған тамызы» санамызға жылу құйып жүр.
Уақыт осылай ғана бір-бірімізді еске түсіреді екен….
Қажет Андас
«Q-andas» ақпараттық агенттігі.











