ЖІГІТ
Келгенім тойға мініп тораала азбан,
Өтпейді толарсақтап қорқып саздан.
Келіп ем алыс жақтан жолаушылап,
Кез болдың қос бойжеткен бояқ қазған.
ҚЫЗ:
Болған ба балалар қысың қатты,
Мініпсің тұралаған арық атты.
Түріңнен түк қалмапты байқап көрсем,
Боп қапсың қауға сақал, буырыл шашты.
ЖІГІТ:
Қыздардың таңғаламын қасқасынан,
Неге қақсай бересің жас басыңнан.
Бүйімтайым сұрайтын толып жатыр,
Бірден сұрап өтейін бас-басынан.
ҚЫЗ:
Мінеді жолаушылар желмаясын,
Киеді тойға қыздар дүрясын.
Бұйымың біздер сұрар шешеңде бар,
Шешесі баласынан неге аясын.
ЖІГІТ:
Қыздар-ау қисынсыздан кимеледің,
Сөзіңе бағанағы үндемедім.
Сөздерің теріске алып бара жатыр,
Былай таман, өкпем бар жүр демедің.
ҚЫЗ:
Қызы едім бай ауылдың атым Қауын,
Әкемнің дәулетінде алшаңдауым.
Тісіңмен тістесең де ағытылмас,
Жоғары емес, төменгі түйме бауым.
ЖІГІТ:
Қыз едің бай ауылдың атың Қауын,
Болама сендей қыздан жатырқауым.
Қауын қыз қарғып шықсам биігіңе,
Мұнан да жақсы болар қарқылдауың.
ҚЫЗ:
Сиырың өткен жылы аусыл болған,
Саудырап ыңыршағың жұртта қалған.
Мақтанба көрмегендей екі неме,
Елдерің біздің елден сауын сауған.
ЖІГІТ:
Сиырға барлық жерде аусыл келді,
Сенің де сиырларың таусылды енді.
Бұзауың еміп кетсе жылаушы едің,
Өзің де шамалап қой шартыңды енді.
Жоғарыдағы айтысты Тілеуқабал Әбілғазыұлынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











