Буыршын деген Алтай ауданынан,
Бандиттің қуғын көріп жан-жағынан.
Төрт рет қан майданға қатынасып,
Құтылдық жаудың салған қармағынан.
Соғыстық Гомендаңмен қоян-қолтық,
Жаңбырдай оқ борайды жан-жағыңнан.
Сақтады тәңір өзі сол күндерден,
Айналам Қызай ана аруағынан.
Міңгестік екі адам бір түйеге,
Айланып жыныс орман тау жағынан.
Жасырын көрінбестен елге тарттық,
Бір атты жолдас та бар қалмағымнан.
Жеріне Тарбағатай келдік жетіп,
Арада тау мен тасты басып өтіп.
Дөрбілжін ауданына келіп қондық,
Екі жолды басып түнделетіп.
Аттандық бұл арадан байыздамай,
Терең сай, неше қырқа белден өтіп.
Бет алып Бұратала жаққа келдік,
Шарасыз аялдадық амал нешік.
Тоқтадық Бұратала ортасына,
Орнатқан мұнаралы қолқасына.
Бір өзбек бәйек болып күтіп алды,
Бір байдың алып келіп қоржасына.
Сонымен сарайына кіргізді де,
Төседі кілем, торғын-торқасын да.
Ол байға тапсырды енді дүзбектері,
Тойғыз деп қойдың майлы сорпасына.
Жатырмыз зеріккен соң әнге басып,
Айғайлап өзімізше көңіл ашып.
Бір кезде қазақ әйел кіріп келді,
Естіпті сөзімізді құлақ асып.
Деді ол,
Өлеңші әскер екенсіңдер,
Көрсекші өлең айтып араласып.
Өлеңші осы өңірде бір әйел бар,
Айтысып көріңіздер жақындасып.
Сол кезде Мұқанғали сөз бастады,
Мұндайда жек көреміз қорғаштауды.
Өлеңші әйел болса келсін мұнда,
Алдымен ұғысалық жай-жапсарды.
Әйел айтты:
Айғайды қойсаңыздар,
Алдыменен ішіп, жеп тойсаңыздар.
Ол адам оңай емес ертіп келем,
Шын шыдап айтысатын болсаңыздар.
Мақсатын ол да іске асырғалы,
Әйел де барған екен мақұлдады.
Өлеңші қызай жігіт келген екен,
Бас, – депті әуеніңе жасыңдағы.
ӘЙЕЛ:
Кеш болып, келе жатыр күнде батып,
Көрейін өлеңменен жауап қатып.
Қызайды өлеңші деп естуші едім,
Жеңеше қоямысың арандатып.
Сырт жақтан осындай бір өлең айтып,
Есіктен кіріп келді өлең айтып.
МҰҚАНҒАЛИ:
Құп алдық шақырғанға келгеніңді,
Амандық, жылы жауап бергеніңді.
Келеміз соғыс шептен жаңа қайтып,
Келтірді бүгін бұйрық кездеріңді.
Танылған ақын болып бұл аумаққа,
Естідік сыртыңыздан жөндеріңді.
ӘЙЕЛ:
Айтайын айт десеңіз өлеңімді,
Алсаңыз қабыл менің дегенімді.
Қанеки баста енді қызай жігіт,
Шығаршы бір көрейін өнеріңді.
Қатардан дәм айдаса қалма деген,
Кім білген бүгін мұнда келеріңді.
Армансыз бүгін түнде айтысалық,
Байқадым шу дегеннен зерегіңді.
МҰҚАНҒАЛИ:
Естідім мұнда келіп ақыныңды,
Байқадым зерек туған ақылыңды.
Еліміз азат болды гомендаңнан,
Іледен біржолата қашырылды.
Ауылға аман-есен қайта оралып,
Мінеки, қостық сізбен басымызды.
Қызайдың Күнестегі баласымын,
Ұғып ал Мұқанғали атымызды.
ӘЙЕЛ:
Жеңіспен келесіз бе қайтып енді,
Хабарды ел қуанар айтып енді.
Жаныма жылы сөзің балдай татыр,
Шыдайды менің дәтім қайтіп енді.
Қоя бер өлеңіңді қызай жігіт,
Туыпсың өз құрбыңнан артып енді.
Жасың жас бала екенсің бізден гөрі,
Барасың өлеңіңмен тартып енді.
Қалмасын айтатының ойыңдағы,
Тастамай бәрін айтшы сарқып енді.
Өнерің өлеңшілік ұғынады,
Байқалық айтарыңның артын енді.
МҰҚАНҒАЛИ:
Жатырмыз біз бір байдың үйінде енді,
Біз үшін бәйек болып күйінді енді.
Кезіктік жол-жөнекей өзіңізбен,
Жайдары жан екенсіз білімді енді.
Ақыны Бұратала атағы бар,
Мынау көп тыңдау үшін жиылды енді.
Қат-қабат қызай, керей жұрат-жегжат,
Осы дәм ауылыңнан бұйырды енді.
Ал енді өлеңіммен көңіл көтер,
Құдаңыз әскерліктен бүгін келді.
Рахмет керей елі құрметіңе,
Көл-көсір көрдім бүгін сыйыңды енді.
ӘЙЕЛ:
Тәңірім кезіктірді таныс қылып,
Отырмыз желі сөзді жарыстырып.
Аяма ойдағыңды қызай бала,
Көрелік бар өнерді салыстырып.
Байқасам сен де өлеңші бала екенсің,
Қалайық қара өлеңді қағыстырып.
Атым бар ақын деген өз жерімде,
Төрелік айтар ел-жұрт қалыс тұрып.
Қанеки, олай болса құда бала,
Ішелік мына шайды ауыстырып.
Өлеңнен шерім шықпай жүруші едім,
Қойдың-ау көңілімді сауықтырып.
МҰҚАНҒАЛИ:
Ішейік ауыстырып біз де бердік,
Осы ғой сізден үміт үзбегендік.
Сіздер де ішіңіздер біздің шайды,
Осы бір құтты мешін үйге келіп.
ӘЙЕЛ:
Сөзімді менің айтқан ұғынар ма,
Қызайдың елден бөлек сыры бар ма?
Шыныны қағыстырып шыныларға,
Алдымен мен шай берсем ішпейсің ғой,
Сөзімнің айтқан қане міні бар ма?
МҰҚАНҒАЛЫ:
Сөзіңді ей, ақыным, бұлдаймысың,
Қонақты сарқытыңмен сыйлаймысың.
Біздікі тура шығар әріптесім,
Айтылған ақыл сөзді тыңдаймысың.
Сынатсақ осы сөзді мынау елге.
Өзің-ақ ұятты боп сынбаймысың?
ӘЙЕЛ:
Көңіліме менің дағы келмес еді,
Шай ұсыну жақындықтың бейнесі еді.
У қосып бергенім жоқ көріп тұрсың,
Бұл шайды іше салсаң нең кетеді.
Құдеке сарқытымды ішіп қойсаң,
Жіпсітіп маңдайыңды терлетеді.
Ішпесең де мейлің сыйлап берген,
Сен шөлдейсің, ал менің нем кетеді?
МҰҚАНҒАЛИ:
Ауылыңа сарқыт ішіп терлеп пе едің,
Осы ма барлық тапқан жер-көктегің.
Кім едің маған сарқыт беретұғын,
Қызайды несібеден кем деп пе едің?
ӘЙЕЛ:
Атым бар ақын деген бұрын менің,
Ешкімнен жеңілгем жоқ шыным менің.
Айтысып мына қызай жігіттермен,
Осы екен өмірімде бүгілгенім.
Ұсынып қонақтарға бір шыны шай,
Жаным да қысылды ғой қиын менің.
Бұл жағын бастабында ойламаппын,
Япырмау қайда кетті миым менің.
Әріптес, кетеріңде дәм татып кет,
Жақында, алыс емес үйім менің.
Жоғарыдағы айтысты Мұқанғали Қоңырбайұлынан жазып алып, сақтаған Андас ОМАРАҚЫНҰЛЫ
Дереккөз: Дода: (Айтыстар мен тарихи-этнографиялық жырлары) / А. Омарақын ; [құрастырған: Ә. Мажай [ж. б.] .- Талдықорған : [б. ж.]. https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657687
“Q-Andas” ақпараттық агенттігі











